• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Шілде, 2018

Ғылыми экспедициялық топ Екідің көне ескерткішіне сапар жасады

1180 рет
көрсетілді

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педа­го­гикалық институтының ректоры Сейітбек Қуанышбаев бастаған ғылыми экспедициялық топ «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында Екідің көне ескерткішіне сапар жасап қайтты. 

Экспедиция барысында топ мүшелері Екідің тарихи ескерткішімен танысып, жергілікті тұрғындардан оның пайда болуы жайында мәліметтер жинақтады. Торғай өңіріндегі көне заманнан қалған тарихи сәулет өнерінің ескерткіші екі құрылыстан тұрады. Оны жергілікті тұрғындар дің деп атайды. Олар бір-бірінен біршама қашықтықта түрлі төбешіктердің үстінен орын тепкен. Бірінші дің Бейсен қыстауынан солтүстік-батысқа қарай 1,5 шақырым жерде тұр. Қасында Қараторғай өзені ағып жатыр. Екінші дің өткел маңындағы қырда орналасқан. Алыстан жақсы көрінеді. Киіз үй тәрізді ғимарат тақтатастан салынған. 

Оғыз, Қыпшақ, Қарлұқ қағанаттары кезінде кеңінен таралған мұндай құрылыстарды жау жолын қарап отыратын қарауыл ретінде пайдаланған дейді жергілікті тұрғындар. Экспедиция жетекшісі Сейітбек Қуанышбаевтың айтуынша, бұл ескерткішке 1959 жылы академик Әлкей Марғұлан бастаған археологтер зерттеу жүргізіп, ежелгі құрылыстың ерте темір дәуіріне тән екенін дәлелдеген. Ғалым Қазақстан аумағында сирек кездесетін «айтас» немесе «дің» деп аталатын киіз үй тәріздес бұл құрылыстар ерте кезде адамдар қасиеттеген орын болуы мүмкін екенін жазған. Екі дің де 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дарабоздары Әбдіғапар ханның, Амангелді, Кейкі батырлардың шолғыншы сарбаздарына да игі қызмет еткен деседі. 

– Торғай даласының Сары­тор­ғай, Қараторғай өңірі көне тарихи ескерткіштерге бай. Қазақстанның сакральды картасына осы аймақтағы бірнеше тарихи ескерткіш енгізілді. Екідіңнен басқа Маятас, Махат саханасы, Қызтам, Қостам сияқты көне ескерткіштер, сонымен қатар Қараторғай өзені­нің бойындағы ежелгі сақ қорымдары кейінгі кезде тарих­шы-археолог ғалымдардың қызы­ғушылықтарын оятып жүр. Соңғы жылдары сақ обалары қазылып құнды жәдігерлер табылуда, – дейді білім ордасының басшысы Сейітбек Қуанышбаев. 

Институт басшылығы алдағы уақытта мұндай танымдық экспедицияларды жалғастыруды ойластырып отыр. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»

АРҚАЛЫҚ