• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Шілде, 2018

Ертістің ерке бұлбұлы

966 рет
көрсетілді

Ел қуанғанға, Майра бірге қуанбай тұра алмады. Халықтың жаппай қуанышы Майра жүрегінен ән болып жарып шықты. Майра шаттана жырлады. Майра шарықтай шырқады. Сол кездегі митингі, жиын, барша халық көшеге төгілген үлкен салтанаттарда сол кездің әнұранындай болған Майраның «Майра» әні Кереку аспанында қалықтап тұрды. «Майра» әні шаттыққа толы азаттық жыры еді.

Әкесі Уәли саудагерлікпен айналысып, Ертістің екі бетіне бірдей қоныстанған Бәсентин ауылдарын аралап жүргенде, Қайтира деген қызға жолығып, тұрмыс құрып, қазақ ауылында тұрып қалады. Сөйтіп, Майра балиғат жасқа келгенше қазақ тұрмысы аясында есейіп, бой жетеді. Он бес жасқа келгенде қамсыз, бейғам балалық шақты бірге өткізген көрші үйдің қызы, құрбысы Кербез ұзатылатын болғанда, өмірдің жаңа кезеңінің табалдырығын аттағалы тұрғанын көріп, ес жияды.

Қазақ тұрмысының бір қы­зығы той ғой. Оған шақырыл­ған да, шақырылмаған да келеді. Ертістің көлеңкелі көк жазық тоғайында той болып, оған қызылды-жасылды киінген бір топ өнерпаз жігіттерімен әрі палуан, әрі әнші, әрі сері Әсет келіп тойдың сәнін кіргізеді. Бәсентин ауылының ақсақалы әйгілі өнерпазға тай мінгізіп, үстіне көкзеңгір шапан жауып, бас балуанның жорасын істейді. Әсет ортаға шығып: «Бас палуанның кәдесін күресіп жығып алмасам, мына жоралғыларың бойыма сіңбес. Кәне, қайсың барсың? – деп киімін кешіп, кеудесін жалаңаштап ерсілі-қарсылы жүреді. Ешкім шыға қоймайды.Тойшы ауыл жігіттерінің назары пәс. Әсет бүркітше қомданып, ортадағы алаңға жайғасып, көзімен сілтідей тынған алқалы топты жағалай шолады. Қайрат көрсетер жан баласы шықпайды.

Сол кезде көрінгенге иіліп жас­тық, жантайып төсек, сөзін­де пәтуа жоқ Қыдырбек деген ақынсымақ болыпты. Сол Әсет­т­ің алдына жүгіне кетіп, жел сөзді қардай боратпасы бар ма? Әсетті аспанға көтеріп, оған қарсы адам шығара алмаған тойшы ауыл­ды жерлеп, аузына келгенді оттап бетіне лағады. Әсіресе «Ат мініп көрмеген, есек мінген. Жігіті қортық, қыздары мыртық, киіз үйлері жыртық» деген сөздері өңменнен өтеді. Мына қорлыққа намыстан жарылған тойшы ауылдың ақсақалы Есекең қария: ­«Ұл өсірмей, құл өсірген екенбіз ғой. Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді. Ешқайсысың қайрат көрсете алмасаң, жетпіске келген мен шығайын! – деп, алдындағы үш жасар немересін ытқытып жіберіп, Есекең қария орнынан сілкіне көтеріледі.

Осы сәт құлақ тұндырып, мидан өткен ащы шырыл жүрек­терді селт еткізеді. Сөйтсе, сырнайын құлаштай созып ортаға шыққан шүйкедей қыз бір өзі ащы айғаймен аспан астын жаң­ғырықтырып тұр еді. Бұл он бес жастағы Майра болатын. Ол бос­қа лаққан суайт Қыдырбек шаңын аспаннан қағып, тойға келген Әсет серінің де мерейін асырып, Бәсентин ауылының есесін бермей, тақылдай сөйлеп, тақпақтата әндетіп, иіні түскен елдің еңсесін бір көтеріп тас­таған. Әсет орнынан тұрып, сый­ға алған шапанын Майраның иы­ғы­на жабады. Осылай Ертіс жа­ғалауындағы тойшы ауыл намысты бермей қалған-ды.

Дарын халықтың қанасынан жаралады дегенді көп айтамыз. Ал оның жаралған, туған сәтін көрген некен-саяқ. Ал Майра болса он бестегі өрімдей жасында жиылған жұрттың намысы болып жарылып, алқалы топтың алдында найзағай отындай жарқ етті. Таланттың тап осылай намысты сәтте төбеден түскендей болуы ілуде біреу. Майра өнер есігін осындай ерекше жағдайда ашып, өзгелерге ұқсамаған ерекше өнерпаз болып қалды.

Майра өнері әдебиет-өнер майталман­дарының ауызына ерте ілікті. А.Затаевич, Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов, А.Жұбанов, Ә.Тәжібаев, С.Бегалин сынды ауыздары дуалы ілкі буын өкілдері Майра туралы қалам тербеді. Олардың алғашқы үшеуі Майраны көріп-танып, тілдесіп жазды, кейінгі үшеуі көз көргендердің ауызынан сұрап, біліп жазды. Көзімен көргендердің екеуі – Затаевич пен Мүсіреповтің, көзімен көрмей жазғандардан А.Жұбанов еңбегі композитор әрі әнші Майра Уәлиқызының шығармашылық табиғатын танудың негізін қалады.

Жиырмасыншы ғасырдың басында әнді қоңыраулы «Тальянка» сырнаймен шығарып, айту дәстүрі өмірге келді. Ол жаңа заман, жаңа формацияның қазақ тұрмысына тигізген әсері еді. Оны ешкім жатсынбады, қазақ тұрмысы мен өнеріне табиғи түрде астасты. Сырнаймен ақмолалық Ғазиз, шиелілік Нартай, ұлытаулық Тайжан ақындар музыкалық шығармаларын тудырып, ән шырқады. Ол қазақ өнерінің көкжиегін кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Сырнаймен ән шырқау қазақ өнерінің өнегелі бір арнасы болып қалыптасты.

Дала өмірінде әнді өзі шыға­рып, музыкалық аспапта өзі ойнап, өзі шырқайтын өнердің синкреттік үлгісі басты орында тұрды. Қазақтың ән өнерінің жарық жұлдыздары осы мектептен өтті. Олардың қайсыбірлері ел ішінде топтала жүріп өнер көрсетіп, сал-сері атанды.

Ол енді еуропалық бард үрдісіне жақындау еді.

Майра әнші деп аталғанмен, ішкі мағынасында осы сал-сері мектебін жал­ғастырушы еді: әнді өзі шығарып, өзі айт­ты: дауысы әдемі әрі күшті еді. Оған орын­даушылық шеберлігі мен әртістік қабілеті қосылғанда, шырқаған әнінің әсерін еселеп күшейтіп, шырайландырып жіберді. Ол өз тұсында ел арасына көп тараған «Әудем жер», «Үш дос», «Екі жирен», «Ағаш аяқ», «Қос барабан» әндерімен қатар, негізінен өз әндерін айтты. Оның өз туындылары саздық сұлулығы мен шығармашылық тұтастығы жөнінен биік деңгейде болды.

Майра – Керекудің төл сазгері, ерке Ертістің төл әншісі. Оның шығармасының барлығы дерлік шұбала аққан Ертіс толқынының сыңғыры мен сылдырынан, кең көсілген ұлы дарияның шырқау тынысынан, оның үнсіз мұңы мен тілсіз әлдиінен туғандай. Майрада Ертістің әсері тимеген бірде-бір өлеңі жоқ. Әндерінде Ертіс толқынының тербелісті сыңғыры бар. 

Майраның композитор ретінде алғашқы тырнақалдысы «Ертіс» әні. Күйеуі Зәржан Омбыға барып жасатқан екінші операцияда қайтыс болған соң, жас болыстың ағайындары мен әйелдерінен көз түрткі көрген Майра Баянауылға бармай, ебін тауып Павлодарда қалып қояды. Ғажабы сол – қалып кетті-ау деп ешкім іздемейді. Обалы нешік, Майра зорлықпен алып қашып үйленген Шорман ұрпағы Зәржаннан қорлық көрген жоқ, күйеуі оны аялап, өзгелердің қиянатынан қорғаштап бақты. Алайда арманшыл жас қыздың, әсіресе он екі де бір гүлі ашылмаған балауса жас дарынның өмір көші ауған жүктей қисайып үлгерген-ді. Майра өзінің шер-мұңын балалық қиялына серік болған Ертіске шағып, оның ағынды арнасынан көз алмай өз жанымен сырласып ұзақ отыратынды шығарды. Бұл жай адамдарда бола бермейтін, шығармашылық тұлғаларға тән мінез құбылыстары. Олар өз жан күйзелісінде айнала табиғатпен мұңдасып, көңіл демеуін сол табиғаттың әлдиінен табатын әдеті. Міне, «Ертіс» әні осындай арты соқпақ, алды жар күйзелісті сәттерінде өмірге келді. Әннің қайырмасы: «Қоя ғой, бөпем, қой бөпем. Жылама, сәулем, әлди-ау!» деп тәмамдалуы – өз-өзін жұбатқанның белгісіндей еді.

Қоғамның мүшесі болып, қоғамның қуаныш-мұңынан тыс тұру ешкімнің қолынан келмеген. Майра да бұл өмір шындығынан алыс кеткен жоқ. 1916 жылы ақ патшаның тақтан кетуі – ағарып таң атып, жарқырап күн шыққандай бүкіл қазаққа бөркін аспанға атқан қуаныш әкелді. Қол жетпей зарыққан азаттық есік қағып тұрғандай еді. Ел қуанғанға, Майра бірге қуанбай тұра алмады. Халықтың жаппай қуанышы Майра жүрегінен ән болып жарып шықты. Майра шаттана жырлады. Майра шарықтай шырқады. Сол кездегі митингі, жиын, барша халық көшеге төгілген үлкен салтанаттарда сол кездің әнұранындай болған Майраның «Майра» әні Кереку аспанында қалықтап тұрды. «Майра» әні шаттыққа толы азаттық жыры еді.

Мұндай әлеуметтік әрі музыкалық құбылыстың мәнін мәндеп, бағасын пайымдай білгеніміз жөн.

Майра 1818 жылы семейлік палуан әрі оқыған жігіт Әбілмәжінмен танысады. Дұрысы – Әбілмәжін Семейден Керекуге өз аяғымен іздеп келіп танысады. Шындығында бір кісіге қорған болғандай қайраты, орысша-қазақшаға бірдей, көкірек көкжиегі ашық жігіт Майраға ұнайды. Әбілмәжіннің кедейліктен басқа міні жоқтай көрінеді. Екеуі сөз байласады. Арада екі-үш ай өткенде, ол Майраны шешесімен бірге Жаңа Семейге көшіріп әкетеді.

Майраның жаңа өмір кезеңі басталады. Семей сауықшыл ел еді. Өнерді де бағалай білетін. Қала өмірінде де оң жаңалықтар аз емес-ті. Әсіресе Ресей мен Қытайды ет өнімдерімен бірдей қамтамасыз ететін алып ет комбинаты іске қосылып, оның айнала-төңірегіне ел қоныстанып, ол Жаңа Семей атанып дүрлеп тұрған кез еді. Жұмыс та осында, қазақ та осында, қымызханалар да осында. Жаңа Семейге топ ете қалған Майра қолдан қолға тимей кетті. Ел оны иықтарына көтеріп жүрмеді демесең, басқа құрметтің бәрі жетіп артылды. Жаңа Семей ізінен қалмай, улап-шулап қарсы алды. Майра да тартынбады, шақырған жерлерден қалмай, түнімен тарқамайтын қымызханалардың төрінен бұлбұл болып сайрады.

«Батыр болсаң – бопсаға шыда» деген бар. Майраның халық қошеметіне бөленіп, абыройының асқақтауы – күйеуінің беделіне сын болды. Майра ел көзінде жоғарылаған сайын Әбілмәжін қорыншақтанып, еңсесі төмен тартып, кішірейе түсті. Шабыттанған шақтарында Майраның оны ұмытып, естен шығарып алған кездері де аз болмады. Әбіл­мәжін жел сөзді гулеткен керауыздардың маза­ғына айналды. Сөйтсе де сыр бермей, шыдап баққан Әбілмәжін, ақыры сынып, Май­радан бөлініп шықты. «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайынның» кері болды да қойды.

Бұлай болады деп күтпеген Майра қатты абыржыды. Шешесі қайтыс болып және күйзелді. Ақыры ол Семейді тастап, Керекуге қайтып оралды. Осы кездері оның өлеңдері мен шығармаларында күйзеліс сарындары етек алды.

 «Кереку күйіп кетсін қала болып,

 Көргенім жоқ өмірі мұнда бала болып.

 Ішкенім алты ай жаздай қайғы шайы,

 Байланды көкірекке нала болып».

Сазгердің жан күйзелістеріне қарағанда, Майра Әбілмәжінді ұнатқан сияқты, онымен дәм-тұзы жараспағанынан қайғылы хәлге душар болғаны анық еді. Сазгер жанының өзгелерден айырмашылығы көңіл бұлқыныстары мен налалары алдымен әуенге айналатынында еді. Композитордың бас­ты тілі – әуен тілі. Осы кездері Майраның «Бақша» деген әні дүниеге келді.

 «Дос тұттым, болдым жақын, тіліңе ердім,

 Басқадан сені ерекше артық көрдім.

 Кіршіксіз махаббатың қойынында,

 Өзің біл, жүрегімді саған бердім».

 Өте мұңды ән, мұңды әуен. Затаевич бұл әнді «Аза әні», яки реквием деп атаған.

1924 жылы Семей облысы басшысының орынбасары қызметін атқарған М.Әуезовтің ұйымдастыруымен өнер сайысы болды. Жер-жерден өнерпаздар шақыртылғанмен, жол қатынасының қиындығынан аты дабыра әншілерден Әміре, Қали Байжанов, Майрадан басқа ешкім қатыса алмады. Байқаудың бас сыйлығы Әміре мен Қалиге бөлініп берілді де, Майраны атаусыз қалдырды. Сөйтіп Майра Семейден ренішті қайтты.

1925 жылы Қоянды жәрмеңкесінің ашылуының 40 жылдығы аталды. Әрине жәрмеңкеге келуге кім-кім де ерікті ғой. Алайда жәрмеңке ұйымдастырушылар ел сүйетін өнерпаздарды әдейілеп шақырып, жаңа туындыларымен келуді құлаққағыс ететіні жоқ емес-ті. Осы мерекеде Майра Иса ақын, Қажымұқан палуанмен бірге болды. Майра тойға «Дала әні» деген жаңа әнімен келді. Созылмалы дауыспен кең шырқалатын ән. Жаңа ән елдің көңілінен шығып, жәрмеңкеге келушілер оны қазақ топырағының төрт бұрышына таратып әкетті. «Дала әні» көпшілік арасында «Хәллу-Бәллу» деген атпен кең тарады.

1926 жылы маусым айында Семейге пароходпен жолға шыққан Майра кеме үстінде қазақ әнін жинастырушы А.Затаевичпен ойда-жоқта кез келді. Әйгілі өнер зерттеушісі сол сапар үсті және кейін Семейге келіп тоқтағанда, Майрамен ілесе жүріп, оның орындауында 13 ән жазып алды. Ол әндердің басым көпшілігі Майраның өз төл туындылары еді. А.Затаевич оларға жоғары баға берді. 1931 жылы шыққан жинағында Майра туралы кеңейте баяндаған: «Слухы, даусы жақсы, бір естігенін қағып алады, орындағанда өз жанынан интерпретация жасайды» дейді. Еңбегінің тағы бір тұсында: «Творчествоға берілген, қызу мінезді, әртістік қабілеті бар әйелдің еркін, тәуелсіз мінезі, әсіресе даңқы шығып, жеңістен жеңіске ие болып тұрған кезінде, оның істеген ісінің бәрі де шығыс халқының езіліп келген әйелдерінің салтына қарама-қайшы келетін. Сондықтан ондай әйелдерді тым еркін, бетімен кеткен, жүгенсіз деп бағалайтын» дей келіп, тағы да: «Қалай болғанда да Майраның көргенсіздік, шалпауыттығын көргем жоқ, қайта ол айна­ласындағыларға салмақты, ұстамды көрінді... өмір карьерасын уақытсыз үзген бай қабілетті адамды көрдім» деулері Майраның өнері мен адамгершілік болмысына берілген зор баға еді.

Майра өмірінің соңғы кезінде бал дәурен жастық шағын еске алып, «Қызыл гүл» деген ән шығарды.

Майра науқасқа шалдығып, ауы­рып жатқанда, А.Затаевич оны КСРО халық­тарының Мәскеуде өтетін тұңғыш кон­цертіне шақырды. Оған қатысқанда Май­раның тағдыры мен өнердегі орны басқаша бағаланар ма еді қайтар еді. Ол бақыт бұйыр­­­мады. 1927 жылы көз жұмды.

Майра есімі құрметтелуден кенде емес: оның әндері ел аузында үзбей шырқалып келеді, Майра атындағы байқаулар да ара­ға жыл салып өткізіліп тұрады.  Майра бай­қауы­ның лауреаттары, оның өнерін жал­ғастырушы ізбасарлары да жеткілікті. Май­ра­­­ның композиторлық, әншілік өнері айтылып, ресми мойындала қоймағанмен, жеке өнер мектебі ретінде қалыптаса баста­ғанының басы ашық. Елдің сазгер-әнші атына шексіз құрметінің айқын белгісі деп, өнерге жанашырлығымен танымал азамат Қуат Есімханов мырзаның бір топ дос­тарымен Майраға арнап Павлодар қаласынан ескерткіш тұрғызуы – шынайы ізгілікті іс.

Қазақта бір-жар өлең, күй шығарып, ауызға іліккен қыз-келіншектер аз емес, ал бүкіл өмірін өнерге арнап, ән шығарған, ол әндері бір ғасыр бойы үзбей шырқалып келе жатқан әйел сазгер біреу-ақ, ол – Майра Уәлиқызы. XX ғасырдың басында күй өнерін шырқатқан Дина шешем болса, ән өнерін шырқатқан атақты күйшінің өнердегі сіңлісі Майра Уәлиқызы. Екі торының бір-бірінен алыс-қалысы шамалы.

Әнес САРАЙ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты