• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Шілде, 2018

Адами капиталды дамытуды мақсат еткен

916 рет
көрсетілді

Елінің болашағына, ұрпақтың келешегіне назар аудару –адам капиталын дамыту арқылы жүзеге асатындығы белгілі. Білім – бүгінгі күннің басты қажеттілігі екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Біз осы орайда, еліміз тәуелсіздігін алған 1991 жылы жоғары білікті мамандар даярлау үшін өзін-өзі қаржыландыратын жаңа типті жоғары оқу орны – «ҚАЙНАР» университетін құрған Еренғайып Сәліпұлы Омаровтың еңбегін атап өткенді жөн көрдік. 

Республикада жекеменшік оқу жүйесінің негізін қалаған бірден-бір университет ретінде алғашқы жылдары Мәскеу халықаралық қатынастар уни­верситетімен (МГИМО) бірлесе жұмыс атқару нәти­жесінде Қазақстанда тұңғыш рет халықаралық қатынас, халықаралық экономика және халықаралық құқық маман­дықтарын ашуға мүмкіндік туды. Лицензия ұғымы ен­гізілген кезде алғашқы жо­ғары оқу орны ретінде мем­лекеттік сынақтан өтіп, №1 лицензияға ие болды. Бү­гінгі күні «ҚАЙНАР» уни­верситеті Білім және ғылым министрлігі тарапы­нан қо­йылатын талаптарға сай жұмыс жасап келеді. Алғашқы жаңа типті университет бол­ғандықтан көптеген басқа университеттердің құрылуына себепші де, үлгі де бола ал­ғанын айтқанымыз абзал. Яғни «Қайнар» университеті жаңа құрылымдағы, тәуелсіз Қазақстандағы коммерциялық негіздегі алғашқы жоғары оқу орны болды. Университет қалыптасу және даму кезең­дерінде өсіп-жетілудің барлық сатыларынан өтті, және қа­шанд­а білім беру саласының инновациялық ұсыныстарын жетілдіріп келеді.

Университет алғашқы­лардың бірі болып мектептен университетке дейін үздіксіз білім беру идеясын жүзеге асырды. Осыған орай университет жанынан күні бүгінге дейін табысты жүмыс жасап, өз түлектерімен сатылай бі­лім алу деңгейін толықтырып отырған «Бакалавриат» орта мектебі мен «Қайнар» колледжі кұрылды. Университеттің бірнеше жылдан бері білім беру үрдісінің кредиттік технологиясын және студенттің білімін бағалаудың рейтингілік жүйесін енгізген, білім берудің сапалық менеджменті жұмыс жасайтын алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының қатарынан көрінуіне профессор Еренғайып Сәліпұлының қосып отырған үлесі қомақты.  Оқу орны ашылғаннан бері оның қабырғасынан Қазақ­станның мәдениеті мен ғы­лымы, басқару ұйымдары, халықтық шаруашылық тәрізді көптеген салаларда жоғары деңгейдегі мамандар қатарын толықтырған 22 мыңнан аса түлек түлеп ұшты. Олардың бә­рі де әртүрлі мемлекеттік мекемелерде және құқық қорғау органдарында, дипломатиялық қызметтерде, оқу орындарында ұстаздық етуде. Отандық және шетелдік банктерде ком­мерциялық қызметтерде, фирмалар мен компанияларда қыз­меттер атқарып отыр. 

Қайнар университеті 2010 жылдан бері әлемдік білім беру қауымдастығына енуге және қазақстандық түлектердің дип­ломының шетелдерде мойын­далуына мүмкіндік беретін интеграциялық бағыттағы Болон процесінің мүшелігіне сай­ланған.  

Президенттің ғылым мен инновацияны екінші орынға қойған ел ешқашан ешбір салада бірінші орынға көтеріле алмайтындығы туралы пікірі де әлемдік бәсекелестікке бастар жол – білім мен ғылымға байланысты екенін жіті түсінген көрнекті ғалым Е. Омаров Ресей жара­тылыстану ғылымдары және Еуропа жаратылыстану ғылымдары академиясымен тығыз шығармашылық бай­ланыс орнату негізінде осы тұрғыдағы академияны елімізде ашуды мақсат етті. Нәтижесінде Қазақстан жара­тылыстану ғылымдары ака­демиясын құрып, оның Пре­зиденті болып сайланды. Өз шеңберін ТМД-дан тыс жерлерге де кеңейте түскен осы ғылыми академияны 14 жыл басқарды. Академия осы уақыт ішінде дүние жүзі ғалымдары мойындайтын дәрежеге жетті. Академия мен оның мүшелері халықаралық деңгейдегі сый­лықтармен марапатталды. 

Е.Омаров 2008 жылы Акаде­мияның ұлттық деңгейдегі академияға айналуына зор ықпал  етті. 2009 жылы Ұлттық мәртебе алған Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті болып көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор Нұртай Әбіқайұлы тағайындалса, Ерен­ғайып Сәліпұлы қазіргі таңда вице-президенті  қызметін атқарып келеді.

«Ұлттық салт-дәстүр­ле­ріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс... Біз жиырма бірінші ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұксамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек»,  деген Елбасының ойы мен межелеген міндеттері ұлттық мәдениетімізді әлемдік деңгейде насихаттауға жаңа серпін берері анық. Осындай мақсатта Еренғайып Сәліпұлы Қазақстанның көне тарихы мен қазақ еркениетін ғылыми тұрғыда зерттеуге де ерекше көңіл бөліп жүр. Оның бас­шылығымен елімізде 1997 жылы Қазақ өркениеті мен тарихы институты құрылды.  Институт қызметінің мақсаты қазақ өркениетінің өзіндік ерекшеліктері мен оның көш­пенділер, Қытай, ислам, Еуропа сиякты басқа әлемдік өркениеттермен диалогының ерекшеліктерін анықтау болып табылады. Институт міндеті – қазақ өркениетінің қалыптасу мәселелері, оның көнедегі, орта замандағы, жаңа замандағы даму процестері мен қазіргі кез­дегі ахуалын айқындау болатын. Мұнда Қазақстан жеріндегі этностардың, әсіре­се қазақтардың тарихы, фи­ло­со­фиясы, филологиясы, мәдениеті, діні, олардың өрке­ниеттік аспектілері жүйе­лі түрде зерттеледі. Қазақ мен­талитеті, қазақ этнопси­хо­логиясының қалыптасуы мен генезисі сынды маңызды мәселелерге аса көңіл бөлінеді. Осы тақырыптағы бірқатар пікірталастық жұмыстарды  «Қазақ өркениеті» журналы арқылы жұртшылыққа ұсыну әдетке айналған. 

Е.Омаров Аттиланың – Еділ патшаның портретін тауып, оның өмірбаянын кешенді түрде қарастырған ғалым ре­тінде де белгілі. Франция жерінде Ла-Чеппе қаласында са­лынған Аттила музейіне экс­понаттар жинауға, оның іске қосылуына үлес қосты. Сондай-ақ Аттила туралы екі кітабы жарық көрді. Атти­ла атындағы халықаралық ас­­социяцианың мүшесі болып қабылданды. Сондықтан көп­теген ғалымдар Еренғайып Сәліп­ұлын «аттилатанушы» деп те бағалайды. 

Өмірінің мерейлі шағы 70 жас белесіне шығып отырған, көрнекті ғалым, белгілі профессор ұзақ жылдар саналы ғұмырын республиканың білім беру мен ғылым жүйесіне арнап келеді. Қай қызметте болмасын, ел аманатын ар­қалап, абырой биігінен көрі­ніп келе жатқан ғылым қайраткері. Қатардағы аспиранттан Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигіне дейінгі аралықта елімізде адам капиталын дамыту туралы жарияланған оннан астам монографиялық еңбектері мен жүзден астам ғылыми зерттеулері ғылымда жеткен жетістіктерін көрсетсе керек.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,  ҰҒА корреспондент- мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор