• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Шілде, 2018

Тарландардың тұяғы немесе менің «Үш жүзім»

829 рет
көрсетілді

Тауық жылы өз басым үшін тақа жайлы бола қойған жоқ. Орысша Қызыл қораз аталатын хайуан шоқыған тұсын ойсыратып, бір сарша тамыздың ар жақ-бер жағында төрт бірдей ең жақын, ет жақын азаматымнан айырылдым. Тай-құлындай тебісіп бала күнімнен бірге өскен асық достарым, асыл достарым сан қырлы өнерпаз, қажырлы қайраткер Олжабай Нұрғалиев пен медицина докторы, вирусолог ғалым, профессор Жәмшит Темірбеков дүние салды. Қадірлі құдам, ұлағатты ұстаз, шет тілі маманы Тілеужан Сүгірәлиев қайтыс болды. Студент шағынан қанатымның астына алып тастүлектей бау­лып, тәлім-тәрбиемді аямай, қарымды қаламгер, қабырғалы басшы қылып шығарған шәкіртім Жұмабек Кенжалин ойда жоқта кенеттен көз жұмды. 

Алдыңғы екеуі жасарын жасап, асарын асап соңғы мүшелінің жілігін шағуға таяп өмірден өтті ғой, құдам да жетпістің жалына қол артып кетті деп, қамкөңілді амалсыз жұбатқан болып едім. Ал ұлтымыз бен ұрпағымызға ұжымы мен қоғамымызға әлі де берері көп, парасаты зор, шарапаты мол азамат Жұмабектің ойламаған жерден опат болуы жүректі қан жылатып, қатты күйзелтті. Таң атар-атпастан телефон құрғырдан күмілжи шыққан қайғылы хабар құлақты осқанда «қалай?» деп сылық отыра кетіп, көз жасымды тия алсамшы. Тым құрығанда пайғамбар жасына жетпей кетті-ау айналайын деп, бебеулеп отырғанда, «жылау жылау шақырады, бекін енді», – деп бәйбішем әрең басты. Бәлкім, ауыр отадан, әупіріммен аман қалып, өмір мен өлімнің арасынан қайтып, жүйке әбден жұқарып, көңіл өрмегі быт-шыт босағанының да әсері бар шығар. Не керек, сол күні хабарласқандармен көкірегіме жас кептеліп, жөндеп сөйле­сіп, жағдайды да жетік сұрай алмадым. 

Тарысы барларды төңіректеп шыр айналатын тауық шіркін талқаны таусылуға таяған шал-шауқандарға қатты шүйіле ме деймін. Тауық жылы кәдімгі қызыл қораз қоқиланып, маған да тым түйіле келді. Ынтымақшыл ұйымның ардагер ақсақалы ретінде бірде-бір беделді жиыннан қалдырмайтын Серіктестік басшыларының шақыруымен жыл тойы­на қатысып, әріптестеріме ақ батамды берген басым өзіміздің әдеттегі ұлттық мейрам – наурыз салтанатына бара алмай қалдым. Науқасым меңдеп, одан кейінгі мерекелерде де арнайы барып қаламдастарымды құттықтай алмадым. Белім бастырмай, екі аяқтан әл-дәрмен кетуге айналды, қарға адым жер мұң болып, таза ауаға шығудың өзі күшке түсті. Осылай митыңдап мамыр өтті, мамырлап маусым жетті, журналистер күні де жақын.

Бір күні «кіріп шығайық деп едік» –  деп телефон соғып жанында Марат Тоқашбаев, Самат Ибрайымов бар Жұмабек көңіл сұрай келіпті. Жалма-жан жеңгелері дастарқан жайып, ашық-жарқын әңгімеге жол ашылды. Менің де жан сарайым саңғырлап қоя берді.

– Хәлімді біліп, көңіл сұрай келген­деріңе мың да бір рахмет! Үш атаның баласы Үш жүздің өкілі болып келген екенсіңдер, менің «Үш жүзім» сендер­сіңдер деп бастап, жүректе шемен боп шер толқытқан біраз жайды ақтарып, ұзақ әңгімелестім. Cодан кейін оларды ауруханада көрдім. 

Сол кезде маған ота жасалып, қауіп-қатер де артта қалып, өң мен түстің арасынан енді шығып, жаным қалғанына шүкіршілік етіп, өзіме-өзім енді келе бергенде жан сақтау бөліміне Жұмабек, Марат, Самат үшеуі келіп, жағдайды сұрады. 

Кейін ауруханадан үйге шыққаныма апта толмай жатып ортамызды ойсыратып Жұмабек жүріп кетті деген суық ха­бар жүрегімді мұздатып, тұла бойым­ды түршіктіріп, күрделі отадан кейін есімді еркін жия алмай жүрген мені тіп­тен есеңгіретіп жіберді. Барып көңіл айту­ға жарамаған соң жақын-жуықтары мен туған-туыстарына ортақ қайғымды теле­фонмен білдіруге оқталсам да, тө­гіліп кетіп, еңіреп қоя берермін деп, тұт­­қаны көтеруге де қорықтым. Қырқы жақын­дағанда Марат пен бәйбішем сүйемелдеп марқұмның отбасына әрең кіріп шықтым. 

Түлегінен баулыған қыраннан, тайы­нан баптаған құланнан, бала күнінен тәрбиелеген ұланнан жаныңа жақын, жанарыңа ыстық не бар?! Бірде мен, бірде ол басшы болып, қы­рық жыл қанаттасып әй-шәй деспей, бірге қызмет атқарып, туған бауырымдай, тіпті тұңғыш баламдай болып кеткен Жұмабектің мен үшін орны мүлдем бөлек еді. Оны алғаш дип­лом алдындағы тәжірибеден өтуге келгенде, бұдан бір жыл бұрын келіп жұмыс істеп жүрген Жүнісбек Сұлтанмұратов әкеп таныстырған-ды. Неге екенін қай­дам, бастап әңгімелескеннен-ақ оған жү­ре­гім жылып сала берді. Жүнісбек екеуі де бір өңірдің, арасын Қызбел жоталары бөліп тұрған Торғай жағының жігіттері екен.

Екеуі де жас жағынан қатарлас. Екеуі­нің де шаштары ерте сиреп, маңдайлары жарқырап ашыла бастаған. Бұл жөнінен бір-біріне ұқсас. Бірақ екеуінің мінезі екі түрлі тәрізді. Жүнісбек еті тірі тым пысық, жалт-жұлт етіп жарқылдап, кісіні өзіне әп-сәтте тартып ала қояды. Ал Жұмабек байсалды, байыпты, маңғаз көрінді. Келісті қияқ мұртының бір шал­ғайын қолымен шиырып қойып, баппен сөйлейді. Таза киініп, галстук тағынып, мұнтаздай боп жүруі, баяғы алаш арыс­тарын еске түсіреді. Сол тарландардың тұяғы емес пе екен деп қаласың. Маған бір бастан ұнағаны осы ұқыптылығы болса керек.

Кейін кеңінен танысып, сұрастырып көрсем, түбі Торғай арғындарының Тө­лек тұқымынан екен. Аталары Абылай заманында аты әйгілі болған Жәуке батыр. Төлектер ұлы ғалым Шоқанмен аға сұлтандыққа таласып, жеңіп шыққан Ерден Сандықбаевтың нағашы жұрты. Олар жиендерінің «әй, арғын да ел болып па?» деген бірауыз әзілі үшін қарт жездесін ұрлап әкетіп, Ерден, Жүзенді екі апта іздетіп, әуре-сарсаңға салып, кешірім сұрап келген соң ғана қайтарған осы түлектер. Бұл тұқымнан бүгінгі қазақ сәулет өнерінің белді өкілі әрі қарымды қаламгер, даңғайыр дарын иесі Әбдісағит Тәтіғұлов шыққан. Жұмабек сол киелі топырақта жаралған.

Әкесі Омар мал дәрігері, шешесі Ұлме­кен он төрт бала тауып, аман өсір­ген. Ардақты ана. Үлкендері – Жұмабек. Баланың үлкені әдетте іні-қарындастарының ата-анадан кейінгі тәр­биеші тәлімгері, қара ағаштай пана қамқоры болады. Ондай жігіттің ақылды болмауға хақысы жоқ. Студенттер орта­сынан астаналық кеңестің депутаты боп сайланып, Лениндік стипен­дия иесі атанғанмен асып-таспай, кеу­де кермей, бір қалыпта жүретін, кіші­лігі мен кісілігінің астарында да осы міндет­керлігі жатқан болуы мүмкін. 

Әлқисса, өндірістік тәжірибесін ойда­ғы­дай өткізіп, өте жақсы деген мі­нез­­демемен оқуына оралған Жұма­бек университетті қызыл дипломмен бітіріп шықты. Алайда оны Алматыда қалдырмай, алыс облыстардың бірі­не жолдама беріпті. Аз уақытта ұжы­мы­мызға ұнап, аға әріптестерінің ілтипатына ие болған жас журналисті «СҚ»-ға алып қалудың амалын қа­растыруға тура келді. Орталық партия комитетінің насихат бөліміндегі жігіттерге өтініш жасай жү­ріп, жолдамасын өзгерттіріп, өзімізге ал­дық. Алғыр да алымды, қаламы қарым­ды жас үмітімізді ақтады. Қай сала­ға салсақ та, қай бөлімге апарсақ та сауат­тылығымен, шалымдылығымен көзге түсті. Жетім бұрышты жағалап баспана жалдап жүрген үйлі-баранды жігітке үлкен үйдің жолдамасымен келген жас маман деген желеумен бір жарым жылдың шенінде, қаланың қақ ортасынан жайлы пәтер алып бердік. Осылай арада үш-төрт жыл өткенін де аңғармай қалыппыз.

Көбіне басшылықтың тапсырманы тіл қайтармай лезде орындайтын елгезек, тындырымды қызметкерлерінен айырылғысы келмейтін әдеті болады. Кейде оның да аңсаған ертеңі барын, өскісі келетінін ескермей, шақырған жаққа жібермей қоятындар да табылады. Бұл жолы ол дағдыны аттап өтіп, бас редакторымыз Сапекеңмен, Сапар Байжановпен келісе отырып, алдында ғана өзімізден өсіп «Зерде» журналына басшы болып барған Ақселеу Сейдімбековке қолқа салып, Жұмабекті орынбасары етіп жібердік. Екеуі бірден тіл табысып, ғылым мен техника жа­ңа­лықтарын насихаттаумен келген жур­налдың бағытын келе-ақ өзгертті. Ел тарихына, ұлт мәселесіне, табиғат қор­ғауға, халық қазынасын қастерлеуге бет бұрып, жерін жауға бермеген батыр-бағландар, ел қамын жеген ақылман билер жайында жиі жазатын болды. Жұмабек те жұртты толғандырып жүр­ген көкейкесті мәселелер жөнінде сындарлы мақалалар, ойлы очерктер жазып көзге түсті. Қанжығалы қарт Бөгенбай, Торғай тарланы Төлек Жәуке батыр туралы тарихи эсселері дәл осы тұста туды. 

Үлкен үйдің шеттен келген шүрегей қожасы Желтоқсан көтерілісінен кейін, ұлт мәселесіне қалам тербеген басылымдарды қырына алып, үндеместер басқан ізін аңдып, Ақселеудің соңына түскенде күрделі тақырыптарға барып, толғақты мәселелер қозғап, тәжірибесі толысып қалған Ж.Кенжалинді бас басылымға кері шақырып, кеңес құрылысы бөлі­мінің меңгерушісі етіп қойдық. Ал тоқсаныншы жылы Жоғарғы Кеңес рес­публика парламентінің тұңғыш төл үнпарағы – «Халық кеңесі» газетін шығару жөнінде шешім қабылдап, бас редакторлығына мені бекіткенде еш ойланбастан орынбасарлыққа Жұмабекті қаладым. Және оны он жеті жыл орынбасар, бірінші орынбасар болып ұжымын уысымда ұстаған «СҚ»-ның басшылығынан еншібасым болсын деп аттай қалап сұрап алдым.

Сосын жасым елудің өрмек жүзінен ауғанда таяныш тірегім, мықты қол­қанаттарым күшті әрі ұшқыр болсын деп, ұжымды кілең отыздың ар жақ-бер жағындағы жас қаламгерлерден жасақ­тадым. Жастардың жаңашыл келетіні, кашанда тың өрістерге тартатыны, жат­тандылықтан қашатыны аян. Мұның өзі газеттің беташар санынан-ақ шаң беріп, оқырмандарды елең еткізді. Оның үстіне баламалы жолмен сайланған халық қалаулыларының ойлары, соны пікірлері ұдайы жарияланып, басылым шырайын аша түсті. Мұнда мықты журналистердің ұйысуына мұрындық болған Жұмабектің де еңбегі ересен еді. Қылаусыз сеніммен қанаттанған ол ұжымның күнделік тір­шілігін шырқ үйіріп, талап биігінде ұс­тап, басшы ретінде менің болашақты бағ­дарлап, алда атқарар істерді ойластыруыма өріс ашты.

Рас, алғашқы жылдар оның өз отбасына оңай болған жоқ. Әуелі анасы, араға жыл салмай әкесі қайтыс болды. Алды кәмелетке енді ғана тол­ған шиеттей іні-қарындастары панасыз қалған соң көшіріп әкелуіне тура келді. Олардың қам-қарекеті, күллі ауыртпалығы бір өзінің мойынына түсті. Әйтеуір екі сәби сый­лаған, адал сүт емген жары Әлима қабақ шытпай, қиын шақта медеу болып, ауыртпашылықты бірге көтерісті. 

Алайда басқа түскен қиыншылық зіл батпан болғанымен, қызметіне кері әсер тигізе алған жоқ. Жарқылдап жүріп, жұмысын атқарды, жайраңдап жүріп, жігіттерді басқарды. Соның арқасында газетіміздің мазмұны байып, тың мәселелер көтеруде көптеген басылымдардың алдын орап кетіп жүрді. Осыған байланысты Парламентке жеке газеттің керегі жоқ деген мәселе жиі қойылатын болды. Осы ұсынысты қолдайтын бедел иелері де табылды. Әуелі мені «Ақиқат» («Қазақстан коммунисі») журналына бас редактор етіп жіберді. Ақыры Парламенттің өзін таратып, бір жарым жылдан соң оның газетін де жауып тынды.

Заңды түрде менің орнымды басқан Жұмабек Кенжалин газет тараған соң қызметкерлері түгел жұмысқа орна­ласқанша отырып, «Ақиқатқа» келді. Әрине, басшы болып келді. Ал жасым асып, зейнеткер аталған мен бөлім редакторы болып қалдым. Сол жұмыста әрі ақылшы, әрі айғайшы болып сексенге келгенше отырдым. Жұмабекті журналға да көп құтайтпай «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор етіп жіберді. Бұл қаржы тапшылығынан басылымдардың қаламақыны былай қойып, қызметкерлерінің жалақысын да тауып бере алмай, әбден титықтаған шағы еді. Әсіресе қазақ баспасөзінің халі мүшкіл болды. Көбіне жабылып қалу қаупі төнді. Өзі қоғамдық қана ұйым болып қалған Жазушылар одағының мүшелік жарна есебінен газет-журнал ұстауға шамасы келмейді. 

Тілдің ұстыны да, ұйытқысы да баспасөз. Жөн-жосықсыз жекешелен­дірудің салдарынан оның өзі иесіз қалды. Демек, жабылғалы тұрған газет-журналдардың басын біріктіріп, бір орыннан басқаратын, бір жерден қаржыландыратын орталық керек. Осындай бас ие болатын орта­лық деп «Қазақ газеттері» атты жауап­кершілігі шектеулі серіктестік құрыл­ды. Осы ұйымға бас директор етіп Жұмабек Кенжалинді тағайындады. Жауапкершілігі, қиындығы ат-көпір осынау аса күрделі жұмыста Жұмабектің ұйымдастырушылық қабілеті, әдебиет пен мәдениетке, тілге деген қамқорлығы алмастай алуан қырынан көрінді. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, баспасөз жан­ашырларын іздеп, демеушілерін та­уып, таралымнан түскен тиын-тебенді мемлекет беретін болмашы қаржыны елеп-екшеп, бірін-біріне селбестіріп, серіктестікке қарасты «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Ұйғыр әвази» газеттерімен «Ақиқат», «Жұлдыз», «Мысль», «Прос­тор» журналдарын қилы кезең, қиын жыл­дарда мұртын қисайтпай аман сақ­тап қалды.

Араға жеті-сегіз жыл салып, Жа­зушылар одағы бір амалын тауып, өз басылымдарына өзі ие болып, өзі шы­­ғаратын жағдайға жетті. Алайда алмағайып кезеңде ауыр шақта төл басылымдарын жаптырмай, аман сақтап қалған Кенжалинге күллі жазушылар қауымы қарыздар десек, асыра сілтеп, артық айтқан болмаспыз.

Одақ басылымдары бөлініп шыққан соң да жаңадан ашылған «Үркер» журналы мен «Экономика» газетін қосып, алты басылымның басын біріктіріп, серіктестік жұмысын одан әрі де ойдағыдай жалғастырды. Бірақ қазақ баспасөзіне деген қатер әлі айыға қойған жоқ. Бұрнағы жылы жекешелендіру желеуімен «Қазақ газеттері» сатылымға қойылып, Жұмабек бармаған жері, ашпаған есігі қалмай, ұлттық намысы бар ағайындарды, ана тілінің шын жанашырларын сала жүріп, серіктестікті әрең аман алып қалды. Осының бәрі жүрекке салмақ, жүйкеге жүк емес пе?! Оның өмірден ерте кетуіне де осындай оқыс оқиғалар себепші шығар.

Иә, ерте кетті-ау өмірден. Орыстың аса дарынды сыншысы Н.Добролюбов қыршынынан қиылып, жасы жиырма беске жетпей опат болған қаралы жиында сөйлеп, ұлы демократ жазушы Николай Чернышевский «Мен де қоғамға әлі пайдасы тиетін адамның бірімін ғой, бірақ мынау өндірдей өрен кеткенше, менің барғаным жөн еді»  деген екен. Сол айтқандай, жолы да, жөні де біздікі еді, бірақ жазмыштан озмыш бар ма бұл жалғанда?!

Сарбас АҚТАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері

АЛМАТЫ