• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Шілде, 2018

Құнанбай қажы қойғызған ай белгісі табылды

862 рет
көрсетілді

1851 жылы Қарқаралыдағы қажы салғызған мешітке орнатылған қасиетті белгі бүгінгі күнге аман жетті. 

Бұл тақырыпқа мақала жазу туралы ой өңім түгілі, түсіме де кірмес еді. Бәрі Алланың қалауымен аяқ астынан болды. 

 

Үйге бейтаныс бір азамат телефон шалып: «Алтыбаев Қалибексіз бе? Зайсанға алғаш­қы мешіт салған нағашым Бек­ше­нтаев Тұхфатолла қажы (Тұқпи) туралы жазған екен­сіз, кітабыңыздан оқыдық. Сол кісінің қызы менің анам Есен­баева Фатима тоқсанға таяп қалды. «Әкем салған мешітті бір көрсем» деп армандай берген соң алып келдім. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Абай ауылдық округіндегі Абай ауы­лы­­­нан келіп тұрмын. 17 мау­сым күні сағат 14-те Зайсан қа­ла­сындағы орталық мешіттің қатымханасында ораза айттың соңғы күні ғой, аруақтарға құран оқытамыз, соған қатысыңыз», – деп өтінді. 

Жалпылай айтқанда, Тұх­фатолла қажы Зайсан өңірінде халыққа білім беру жолында көп еңбектенген адам. Ұлдарға, қыз­дарға арналған медресе ғима­раттарын салғызған. Осы кездері қыздарға арналған ғима­ратқа МАИ мекемесі қоныстанса, ұл­­дарға арналған ғимаратты «Өнер» мектебі, мешітін аудан­дық ішкі істер бөлімі пайдаланып отыр. 

Белгіленген уақытта бардым. Жиыны оншақты адам, бас­тап келген Абай мешітінің имамы, қажы Валиев Абдул­хақұлы Абдул Бари деген азамат екен. Бай­қағаным, бар­лығы Алла тағала дінімізді кү­шейту үшін жіберген атақты мазһабтардың бірі – имам Ағзам Әбу Ханифаның жолын берік ұстанғандар. Абдул Бари әңгімелесе келе, арғы аталары Құнанбай қажымен құдандалы болғанын, яғни Құнанбай оған түп нағашы екенін тілге тиек ете отырып, Алланың қалауымен 1851 жылы Қарқаралыға салғыз­ған мешітке қойылған ислам дінінің белгісі айды қолына түсі­ріп, өзі басқарып отырған Абай мешітіне қойғанын айтты. 

Ұлы Абайдың: 

«Тобықтыны ел қылып, 

Басын жиып құрапты. 

Меккеде уақып үй салып,

Пәтер қып, жаққан шырақты», – дегені («Бермеген құлға, қай­тесің») бар емес пе. Немесе Шә­кәрім Құдайбердіұлының: «Қарқаралыдағы мешіт сол кісінің салғызып, құдайы қылған мешіті. Ондағы қазақтар ноғай молдаларымен талас шығарып – бұл қазақ мешіті, қазақтан молда, имам қоямыз деп даурықты. Қазақ шын жігерлі болса, балаларын оқытып жақсы ғалым қып, сонан соң имам қойсайшы. Қажының қойған молдасы но­ғай Хасен», – дегенін алыңыз («Түркі, қырғыз, қазақ хәм хандар шежіресінен»). 

Құнанбай қажының мұсыл­ман­шылық жолды қатты ұс­тап,­ ислам дінін халық ара­сында таратуда атқарған ұлы еңбектерінен хабарым бар мені дала данышпаны Құнан­бай қажының осыдан 157 жыл бұ­рын салғызған мешітке қо­йыл­ған ай туралы әңгіме қа­лай елең еткізбесін. Абай мешітінің имамы Абдул Баридің тілімен айтқанда, 1940 жылдары ке­ңес дәуіріндегі белсенділер Қар­­­қаралыдағы аға сұлтан Құнанбай салғызған мешіттің мұнарасын құлатқанда, мешіт күмбезінің ұшар басындағы исламның белгісі – жарты ай бейнесін қасиетті дініміздің бір жанашыры бүлдірмей ұзақ жыл сақтаған.

Еліміз егемендік алғаннан кейін, 1991 жылы Құнанбай қажы мешіті қайтадан Аллаға құлшылық ететін ғибадат орны болады. Осы кезде әзірге бізге белгісіз кейіпкердің ұрпақтары жарты айды қайтадан мешітке әкеп береді. 2009 жылы Қар­қара­лыдағы мешіт үйі күрделі жөндеуден өткізіледі. Заман талабына сай жаңадан ай орнатылады. Мұны естіген Қар­қаралыдан 150 шақырым жердегі Абай мешітінің имамы Абдул Бари машина жалдап барып, айды өз мешітіне әкеп орнатады. Имамның айтуы бойынша, ай мен оның орнатылған сабы ағаштан жасалып, жезбен қапталған. Ерекше шеберлікпен жасалынған дүние екен.

Мен Қарқаралы аудандық орталық мешітінің имамы Асқар қажы Қуатұлымен сөйлесіп, Абай мешітінің имамы Валиев Абдулхақұлы Абдул Бари қа­жымен болған әңгімені баяндадым. Ол кісі де Абдул Бари қажы­ның сөзін бекітті. Яғни 1851 жылы Қарқаралыға аға сұл­тан Құнанбай салғызған мешіт­ке қойылған ай табылып, бүлін­бей бізге жетті деп санайық. Ислам діні үшін де, тарих үшін де қымбатты қазынаны көзбен көріп, қолмен ұстайтын күн де алыс емес. 

Қалибек АЛТЫБАЕВ,

абайтанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласы