• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Шілде, 2018

Таулы Алтайдың ең биігін бағындырды

683 рет
көрсетілді

Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының, Азия даму банкі, Еуропа Қайта Құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк және «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының өкілдері мен жергілікті экологтардан құралған халықаралық экспедиция  23 маусым мен 1 шілде аралығында Шығыс Қазақстан облысындағы Таулы Алтайдың Белуха шыңын (4509 метр) бағындырды.

Сондай-ақ экспедицияның құрамында биіктігі сегіз мың метр­ден асатын барлық шың­дарды бағындырған Қазақ­станның атақ­ты альпинисі Василий Певцов және Өскемен қаласының жас алпинистері болды. Белуха шы­ңын бағындыруда 30 сарапшыдан тұратын команда үш шағын топқа бөлінді: Бірінші топ Тұрақты даму мақсаттарының туын шыңға ілу мен Белуха тауын бағындырумен ай­на­лысты, екіншісі – тауда жаңа турис­тік маршруттарды салумен, ал үшінші топ қазіргі маршруттарды зерт­теп, оны жақсарту үшін ұсыныс да­йындады. Бірлескен жұмыс Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы және Ка­тон­қарағай ауданы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

«Мені Катонқарағай ұлттық пар­­кінің тамаша табиғаты мен­ оның  био­алуантүрлілігі таңғалдырды. Тау шы­ңына шы­ғудың өзі оңай болған жоқ, бі­рақ біз өзіміздің бірлігіміздің ар­­қа­сында шыңға қол жеткізе ал­дық. Өйткені тау адамның төзім­ділігін тексереді. Қиын­дық­­тарға қарамастан команда болып тіл табысудың арқасында қиындықтарды жеңе білдік, алға қойған мақсатымызға қол жеткіздік», дейді Еу­ропа Қай­та Құру және даму банкі Қазақ­стандағы өкілдігі дирек­торының орынбасары Асқар Намазбаев.  

«Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының шең­берінде біз Катонқарағай ұлттық паркінің аумағында экотуризмді дамыту мақсатын көздеген едік. Бүгінде паркке жылына шамамен 3500 адам келеді екен. Бұл өте аз көрсеткіш. Сондықтан экотуризмді дамыту үшін аль­пи­низмді, атты, жаяу және ав­токөлік маршруттарын қатар қол­дануымыз қажет», деді БҰҰ ДБ биоалуантүрлілік жөніндегі менед­жері Талғат Кертешев.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы бөлімінің басшысы Ирина Горюнова Алтайдың табиғатын тамашалау барысында біраз дүниеге көз жеткізгенін айтады. Оның айтуынша, жергілікті тұр­ғын­дар бұл аймақта жаппай ту­ризмді дамытудың орнына тек табиғатты сүйетін, аялайтын туристерді тарту керек деген ұсы­ныс білдірген. Өз кезегінде Ирина Горюнова жергілікті тұр­ғындармен қоян-қолтық араласып, олардың мәселелерін шешуге көмектесетінін жеткізді. 

«Біз экспедиция барысында тұр­ғындармен кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдадық. Осы кездесуден соң күрмеуі шешілмей тұрған біраз мәселелерге көз жет­кіздік. Енді осы мәселелерді тұрғындармен бірлесе отырып шешетін боламыз. Сондай-ақ ара шаруашылығы мен жылқы тұқымын өсіру, пантокринмен емдеу және өңірдегі қонақүйлерінің жұмысы туралы ақпаратқа қанық болдық», деді ол. 

Ал «Kazakh Tourism» ұлттық ком­паниясы шілде айынан бас­тап Қазақстанның бүкіл аймақ­тары бойынша елорданың 20 жылдығына орай 20 табиғи мекенге арналған экспедиция­сын бастайтынын жариялады. Сон­­дай-ақ осы шара аясында Шы­ғыс Қазақстан аймағына қай­та келетіндерін жеткізді. «Тамыз айының өзінде-ақ «Алтай – өр­кениеттің бесігі» экс­­пе­дициясының шеңберінде біз Қазақстанның әйгілі жиһан­герлері, блогерлері және БАҚ өкілдерімен бірге Шығыс Қазақ­станға қайта оралатын бола­мыз», деп атап өтті Kazakh Tourism ҰК PR және маркетинг департаментінің директоры Ду­лат Иман.

«Уақыт бойынша Белуха тауына көтерілетін ең тиімді шақ – бұл шілденің 15-інен бастап тамыздың 15-іне дейінгі кез болатын. Бірақ біз бұл кезеңді  Аста­наның жиырма жылдық мерейтойымен құттықтау үшін әдейі таңдап алдық. Со­ны­мен қатар елорданың жалауын Алтайдың ең биік нүктесіне тіктік», деді Қазақ­стандағы Азия банкінің басшысы Джованни Капаннелли.

Жоба шеңберінде экспедиция туралы деректі фильм жасалып, жергілікті туристік маршруттар көбейтіліп, осылар жайында материалдар дайындалатын болады. 

Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан»