• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Шілде, 2018

«Электронды үкіметті» және мемлекеттік қызметтерді дамытуға арналған дөңгелек үстел өтті

463 рет
көрсетілді

Іс-шараны Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ұйымдастырды. Жиынға сонымен қатар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы да мұрындық болды.

Дөңгелек үстелге Ақпарат және коммуникациялар вице-министрлері Нұргүл Мауберлинова және Динара Щеглова, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма Төрағасы Абылайхан Оспанов, ЭЫДҰ сарапшылары қатысты.

 Іс-шараны ашқан Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Н.Мауберлинова елдегі «Ашық үкімет» саясатының қалай жүргізіліп отырғанын әңгімелеп берді. Оның айтуынша, елімізде халыққа қызмет көрсетудің түрлі жеңілдіктері қарастырылған.

«Қазақстанда «Ашық үкімет» бағытындағы жұмыс 2015 жылдан бастап іске асырылып келеді. Азаматтық қоғам өкілдері мен депутаттардың бірлескен жұмысы арқасында ақпаратты қолжетімді ету жөніндегі заң қабылданды. Бүгінде осы бағыттағы нормативтік база қалыптасқан. Әрбір тұрғын ақпаратқа еркін қол жеткізу мақсатында «Ашық үкімет» порталы ашылған. Сонымен қатар, заңның дұрыс орындалуын қадағалау және қоғамдық бақылаумен қамтамасыз ету үшін Үкімет жанынан ақпаратқа қолжетімділік жөніндегі комиссия құрылды. Комиссияның құрамында қоғамдық кеңестердің белсенділері, үкіметтік емес ұйымның мүшелері бар. Әйтсе де, «Ашық үкіметтің» жұмысын жетілдіруде шешімін таппаған бірқатар мәселелер бар», деді Н.Мауберлинова.

Вице-министр «Ашық үкімет» саясатын жүргізу Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін қажетті екенін атап өтті. Сондай-ақ осы бағытта атқарылған жұмыстар ашықтықты қамтамасыз етіп, ел дамуына әсер ететінін жеткізді.

Бұдан бөлек, жиын барысында ЭЫДҰ сарапшылары өз тәжірибелерімен бөлісті. Шетелдік мамандар елдегі «Анық үкімет» жұмысына қатысты бірқатар ұсыныстар айтты. Мәселен, олардың қатарында бірыңғай анықтама беру, «Ашық үкімет» стратегиясын жасау, ведомствоаралық байланыс, бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдардың тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, сөз еркіндігіне кедергі келтірмеу секілді ұсыныстар бар.

«Біз биылғы сәуірден бастап Астана мен Батыс Қазақстан облыстарындағы «Ашық үкімет» және «Қоғамдық кеңес» жұмыстарымен таныстық. Қазақстандағы қоғамдық кеңестердің жұмыстарын сараптай келе, өз тәжірибемізді ұсынып отырмыз. Әлемнің дамыған елдерінде саясат пен экономикадағы, жалпы қоғамдағы әрбір жағдайға қатысты әр азаматтың өзіндік ой-пікірін білдіруіне мүмкіндік жасалған. Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыс бір ізге қойылған, алайда жетілдіретін тұстар да баршылық», деді ЭЫДҰ сарапшысы Хилл Гинсберг.

Жиында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов азаматтық қоғамның жергілікті басқарушы органдардың шешім қабылдауына әсері туралы баяндама жасады. Оның пайымдауынша, қоғамдық кеңестер шешім қабылдаудағы және оны орындаудағы бүкіл кезеңдерге атсалысуы қажет.

«Мемлекеттік қызметкерлерді ең маңызды бақылаушы – қоғамдық, азаматтық бақылау. Егер азаматтық бақылауды енгізсек, көп жағдай қалыпқа түседі. Яғни, ақыр соңында тұрғындардың өздері соның жемісін жейді. Халық елдегі үдерісті бақылап, оған баға беріп отыруы тиіс. Қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы мәселелер көтеріліп отырғанына куә болып келеміз. Алайда бұл үдерісті бір ізге түсіру үшін қоғамдық кеңестердің алаңдарын қолдану қажет», деді Ғ.Оспанқұлов.

«Электрондық үкімет» пен мемлекеттік қызметтердің дамуы» тақырыбы аясында өтетін сессияда мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы жаңашылдықтар мен өзекті мәселелер талқыланды. Іс-шара барысында ЭЫДҰ сарапшылары қоғамдық саладағы цифрландыру мәселелері, Париж қаласындағы жастар кеңесінің қызметі, халыққа қызмет көрсетуді азаматтардың бақылауы секілді тақырыптарда баяндамалар жасады. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметті және «Электронды үкіметі» дамыту, «Ашық үкімет» механизмдері жөнінде талқылаулар болды.

Бүгінде Қазақстанда «Ашық үкімет» құрылып, азаматтардың қоғамдық маңызды мәселелерге қатысты өзіндік пікірі мен ойын білдіретін қоғамдық кеңестер жұмыс істеп отыр. Қоғамдық кеңестер мен қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы бүкіл республика бойынша бір ізге келтірілген.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»