• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Медицина 23 Шілде, 2018

Өмір жолы шырағдан

813 рет
көрсетілді

Қарт Қаратаудың қасиетті топырағы талай тұлғаларға тұғыр болғаны анық. Сарысудың сағасын мекендеген салуалы жұрт қаншама ғасыр бойы қазаққа қалтқысыз қызмет ететін есіл ерлердің талайын туды. Біз бүгін сондай текті бабалардың ізін жалғап, ісін жалғастырған тағы бір қайраткер жанды еске алмақшымыз. Оның өмір жолын өзгеге өнеге ете отырып, өзіміз де өрелі жанның өзгеше сипатына өрнекті сөзден мүсін қашағымыз келді. Жақсының жақсылығын айтып, ғибратты ғұмырдан ғажайып тәлім үйрену қазақ халқының ежелгі ұстанымы. Өз еліне ұлтан боп, ұлға лайық еңбек еткен жанды қазақ қашанда дәрежесін арттырып, дәргейіне бас ұрмаса да дәріптеуін жеткізіп отырған. Сонымен ол жан кім еді? 

Ол – кешегі Қаратау бас­сейніндегі кеншілер аға буы­­нының өкілі, Жаңа­тас фос­­форит кенін ал­ғаш ашу­шы­лардың бірі жә­не о­сы кен орнының геоло­гия­лық картасын жасау­шы, рес­публикамызға бел­гілі инженер-геолог, қоғам қай­раткері Дәріқұл Айдын­беков болатын.

Білдей бір мектептің бі­регей өкілі, жақсының жал­ғасы, адалдықтың арнасы бола білген Дәріқұл ақсақал көзі тірі болғанда бүгін сек­сен сегіз жасқа келеді екен. Марқұмның дәм-тұзы тау­сылғанымен, оған айтылар дәмді сөздер аз болмасы анық. Себебі қаншама шә­кірт тәр­биелеп, еліміздің екпіндеп алға шығуына алғашқы қадам жасаушы жандардың бірі де осы Дәріқұл Айдын­беков десек қателеспеген болар едік.

Өнегелі жандар өмірден өткенімен, жарық жұлдыздар сияқты із тастап ағатыны белгілі. Жұмыс барысында тәр­биелеген шәкірттерінен бөлек, отбасында он балаға әке, аяулы жар бола білген Дәрі­құлдың өмір жолы шыр­ғалаң емес, шырағдан деген десек жарасар. Өзі де көп балалы отбасында дүниеге келгенін әр-кез естеліктерінде жиі айтып отырады екен.

Сарысу ауданының «Жаңа күш» ұжымшарында 1931 жылы 10 мамыр күні дүниеге келген Дәріқұл жаралы жылдар­дың жасөспірімі ретінде ең­бек жолын ерте бастаған. Ал­дымен 1939-1949 жыл­дар ара­лығында жеті сыныптық мек­тепте, кейін Жамбыл атын­дағы орта мек­тепте білімін ұш­тайды. Жастайынан бі­лімге жаны құштар жас талап аталмыш мек­тепті күміс медальға бітіріп шығады. Сұ­рапыл соғыс жылдарына тап келген балалық шағын тылдағы тынымсыз еңбекпен өткізеді.

Ағасы сол соғыста хабарсыз кеткен, әкесі жазықсыз қудаланып, репрессияға ұшыраған ол 1949-1955 жылдары Қазақ тау-кен және металлургия институтында «Тау-кен ісінің инженер-геологі» мамандығы бойынша білім алады. Өзі отбасында сегіз баланың бірі. Көбіне Дәріқұл нағашы әжесінің қолында тәрбиеленеді.

Не керек, жоғары оқуды тәмамдап, қа­зақ тау-кен және металлургия институтының жолдамасымен Қара­тау кен-химия комбинатына жұ­мыс­қа келеді. Онда 1955 жылдың 15 қыр­күйегінен 1956 жылдың 23 қаң­­тарына дейін сапалы еңбек етеді. Кейін Қа­ратау және Жаңатас өңіріндегі гео­логиялық-барлау партия­ларында, экспедицияларын­да, кеніштерде түрлі инже­нерлік және геологтік қыз­меттер атқарды, ал Қы­зыл­бастау Сайхантас, «Жам­былсамоцветы», тағы бас­қа барлау, зерттеу-жобалау ұйымдарында басшылық қызметте болады. 1997 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Геолог» ЖШС құрып, соны басқарады.

Табанды еңбек пен тұ­рақты ұста­ным қайратты жасқа талап та берді, қанат та байлады десек болады. Дәрі­құл Айдынбеков Қара­тау-Жамбыл аумақтық-өн­дірістік кешенінде еңбек қа­за­нында қайнап өскен, өзі­нің ерекше инженерлік жә­не ұйымдастырушылық қа­білетімен көзге түс­кен ұлт­тық ірі өндіріс коман­дир­лерінің бірі еді.

Ол Жаңатас фосфорит кені жөнін­де толық мағлұмат беретін есеп жасаған, көптеген жаңашылдық, рациона­лиза­торлық ұсыныстар берген өз ісінің нағыз шебері болатын. Аталмыш өнді­рісте Дәріқұл Ай­дынбеков Жаңатас, Көк­­жон, Көксу, Ақсай, Шо­лақтау, Герес өңіріндегі кен орындарының қоры, оны барлау және игеру жөнінде инженерлік және ғылыми тұрғыдан негізделген жоспарлар мен жобалар әзірлеуде аса бір таланттылығымен та­бысты жетістіктерге жете бі­леді. Жас мамандарды, әсі­ресе жергілікті кадрларды тәр­биелеуге аса мән бере біле­тін ұйымдастырушы ре­тінде де Дәріқұл ақсақалдан бүгінгі ұрпақтың үйренері көп. Шын мәнінде Жамбыл облы­сының барлық өңіріндегі қазба байлықтарын барлау жұмыстарына араласқан жанның әлі де айтары мол еді.

Байыпты болмыс иесі Дәріқұл ақса­қал өз кезегінде лайықты марапаттарға да кезең-кезеңімен қол жеткізе білді. Айталық, 1987 жылы «Қазақстандағы Жаңатас кен орнын алғаш ашушы» атағы берілді. Сондай-ақ ол «Жаңатас қаласының құр­метті азаматы», «Қазақ­стан­ның құрметті кен барлаушысы» ата­ғының иегері, көп­теген ғылыми мақа­лалар мен жобалардың авторы ретінде де елімізге есімі белгілі жан.

Олардан бөлек, Отан ал­дындағы абыройлы еңбегі үшін Ленин (1966), Еңбек Қы­зыл Ту (1976), Октябрь революциясы (1981) ордендерімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғы­сындағы қажырлы еңбегі үшін», КСРО геология және минерология ми­нистр­лігінің «Жер қойнауын барлаудағы еңбегі үшін», гео­логия саласының 100­ жылдығы құрметіне арналған ме­рей­тойлық медальдарымен, басқа да көптеген грамоталармен, белгілермен, ескерткіш сыйлықтармен марапатталған. Республика Геология министрлігінің Еңбек Даңқы кітабына аты жазылған бір адам болса, ол – Дәріқұл Айдынбеков деп білеміз.

Ол соғыстан кейінгі ауыр жылда­ры, ұлттық инженер кадрлары тапшы кезде об­лысымыздағы және рес­публикадағы маңызды кен орындарын ашуға, барлауға, игеруге, ел байлығын еселеп арттыруға бойындағы қа­жыр-қай­­ратын, инженерлік та­лантын аямай жұмсаған ірі өн­діріс командирі, об­лыстағы инженерлік-геологтік мек­теп­тің беделді ұстазы, жаны жайсаң абзал азамат бола білді.

Жоғарыда айтып өтке­німіздей, 1954 жылы отау құрып, отбасында он балаға озық білім ұстартып, аяулы жар, асыл әке ретінде есімі жақын жандардың жүрегінде мәңгілік сақталып қалған. Соңындағы жеті оғланы мен үш қызы оның есімін әлі де асқақтата түсетіні сөзсіз.Он баладан тараған немере-шөберелер де аталарының аңыз бей­несін нағыз тұлға ретінде түйсініп өсіп келе жатқаны анық. Сөзімізді тү­йіндей келе, ұлағат жолы мұрағатқа ай­налған Дәріқұл Айдынбековтің есімі жа­қын­­дары мен кеншілердің, облыс халқының жүрегінде мәңгі сақтала бермек де­мекпіз.

Бақытжан АЙДЫНБЕК