• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Өнер 27 Шілде, 2018

«Скифтің соңғы тұяғы» (Суретші Табиғат Қожанбаевтың туындылары туралы)

1212 рет
көрсетілді

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Табиғат Қожанбаев бүгінде Астана қаласында тұрады. 

Орал қаласында туып-өс­кен Табиғат Төлемісұлы кішкентайынан қолөнерге құ­мар болып­ты. Балқия апай ұлы­ның ваннадағы сабын атау­лыны қоймай, қырнап-жо­­нып, неше түрлі мүсін жа­­сап тастайтынын жыр қы­лып айтады. Бірде Табиғат плас­­тилиннен адамның басын жасап, тоңазытқышқа са­­лып қойған екен. Ашып қал­­ған анасы қорыққаннан шалқасынан түсе жаздаған. Осындай «қызықтарына» қа­ра­май, бала бойынан өрелі өнер­дің ұшығын көрген ана оны әрдайым қолдап, көр­ке­мөнер мектебінде оқы­тып­ты. Кейін Табиғаттың өзі өнердің соңына шындап түсіп, әуелі Алматы көр­кем­­өнер училищесін, одан соң Абай атындағы Алматы мем­­лекеттік университетін бі­тір­ді.

– Мен «жалқау» сурет­ші­мін, – дейді Табиғат әзілдеп. – Табиғаттың өзі жасаған ға­жай­ып нәрселерді сәл ғана өң­дей саламын.

Табиғат Төлемісұлы ағаш­тан, сүйектен, мүйізден, тері­ден, тіпті металдан да талай ту­ындыларды жасады. Бі­рақ оның ең сүйікті кәсібі – кә­дім­гі теріні айналдыру.

Шындығында қазақ қол­өнерінде тері өте жиі қол­да­нылатын материалға жата­ды. Ат әбзелдері, торсық, кү­бі, саба секілді күнделікті тұр­мыс бұйымдары, жарғақ шал­бар, былғары тон – осы­ның бәрі де мал баққан қа­зақ­тың күнде көріп жүрген бұй­ымы ғой. Сақталуы қиын бол­ған­дықтан талай-талай тері жә­ді­гер ұмытылып, халық жады­нан жоқ болып та кетті. Әй­гілі Бұ­қар жыраудың «Сен – бұзау те­рісі шөншіксің, Мен – өгіз те­рісі талыспын!» деп ша­мы­рқанатыны есіңізде ме? Дәл осы талыстың не нәрсе екенін ізденіп жүріп тауып, қалпына келтіріп жасаған да – Табиғат.

– Көне хикаялардың бірі­нен талыс туралы мына­дай аңыз естіп едім, – дейді Та­би­ғат. – Бір кісінің бүкіл ма­л­­ы жұтқа ұшырап, таяғын ұс­тап қалыпты. Бірақ байдың қолы шебер екен, өлген жыл­қы­ла­ры­ның бас терісінен талыс де­ген ыдыс жасап, соны сатып, кейін қайта мал жиып, ша­­руасын түзеген. Ұста-ше­бер­лердің аспап-сайманын са­луға лайық сөмке – талыс қа­зір Табиғаттың үйінде күн­де­лікті қолданылатын бұй­ым­ның біріне арналған.

Табиғат кішкентайынан қа­ла­да өсіп, орыс мектебінде оқы­са да малсақтығынан ажы­рамаған нағыз қазақтың өзі. Оның әр туындысынан неше түрлі хайуанның, жан-жануардың бір элементін көр­мей қоймайсың. Тіпті кей­де оны әйгілі «аң стилін» қал­ып­тастырған сақ-скиф ше­бер­лерінің соңғы тұяғы емес пе екен деген ой да келіп қа­ла­ды. «Көк өгіз», «Доңыз», «Көнек», «Талыс», «Аққу», т.б. көптеген жұмыстар Таби­ғат­тың осы бір «аң стилін» ш­е­бер меңгергенін, әрбір жа­нуардың өзіне тән мінез-құл­қын бір ғана штрихпен бере алатынын дәлелдейді.

Қыс келіп, ел-жұрт соғым союға кіріскенде Табиғат бір жа­сап қалады. Бұл оның қой­ма­сын шикізатқа толтыратын уақыты. Таныс достары, көрші-көлемі суретшінің осы «осалдығын» жақсы біледі. Неше түрлі мүйіз-тұяқ, бас-си­рақ, сүйек-саяқ, терінің пұш­пағы, түйенің мойыны, жыл­қының қылқұйрығы, т.б. зат­тар келіп жатады. Бір көр­ген­де қажетсіз секілді осы нәр­селер Табиғаттың қолынан өткенде адам танығысыз өзгеріп, өнер туындысына айналатынына олардың көзі сан рет жеткен ғой. Тері өңдеудің ма­шақаты көп, иіс-қоңысы та­ғы бар, соның бәріне шыдап қана қоймай, отағасына дем беріп отыратын Мейрамгүл Жайдарқызының орны бір бөлек.

...Мен Табиғатты көптен көр­меп едім. Жақында жо­лық­тық. Астанаға көшкелі көр­мелерден көрінбей, аты-жө­ні естілмей кетіп еді. Үй са­лып­ты. Қызын ұзатып, ке­лін түсіріпті. «ЮНЕСКО клу­бы» балалар көркемсурет мек­тебінде сабақ береді екен. Қатты қуанғаным, Та­би­ғат шығармашылығын да ұмыт­папты. Кішігірім музей­ге ұқсайтын үйін аралатып, соңғы кезде жасаған жұмыс­та­рын көрсетті. Байқағаным – су­ретші соңғы кезде ағаш­ты көбірек пайдала­нып­­ты. Алып кесіртке, құ­май та­зы, мүйізтұмсық, қар­­ға­лар... Бұл жерде де Та­би­ғат Тө­ле­міс­ұлының «жал­қау­лы­ғы» көз­ге ұрып тұр: шым-шы­ты­рық ағаш бұтақтарының ара­сынан өзі­не керек қимыл-қоз­ға­лыс­ты дәл тауып, сәл-пәл «өңдей» салғанда, тың туынды өзіндік мінезімен тіріліп са­ла берген.

– Көптен көрмеге қатыс­қа­ным жоқ. Бірақ соңғы кезде жасаған жұмыстарымның бә­рі бір серияға кіреді. Осы жұ­мыстарым арқылы қор­ша­ған ортаның экологиясына, адам жанының экологиясына кө­рермен назарын аударғым келе­ді. Астанада жеке көр­мем­ді ұйымдастырсам деп ар­ман­даймын, – дейді Табиғат Қожанбаев.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»