• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Шілде, 2018

Дәурен Абаев Бішкек қаласында өткен xалықаралық конференцияға қатысты

353 рет
көрсетілді

Жиында Министр «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бес бағытын қысқаша түсіндіріп берді.

Бірінші бағыт ол - инфрақұрылымды дамыту. «Қазақстанда 25 жылдың ішінде 20 мың шақырым байланыс желілері тартылды. Енді, Президент үш жылдың ішінде дәл сондай жоспар орындалсын деп отыр. Осының нәтижесінде барлық елді мекендерде сапалы байланыс болады. Демек, тағы шамамен 3 миллион адамға байланыс желілері тартылады», - деді ол.

Екінші бағыт - креативті қоғамды құру. Бұл дегеніміз, xалық цифрландырудың барлық жаңалықтары - сан алуан қосымшалар, онлайн қызметтер және тағы басқа инновацияларды кеңінен қолдануы қажет. Ол үшін креативті қоғам, яғни заман талабын түсінетін азаматтар көп болуы тиіс. «Әрине, xалық цифрландыруды түсінбесе, осы саладағы шараларды атқару қиын. Сол себепті ел азаматтарын цифрлық негіздерге жан-жақты үйрету туралы шешім қабылданды», - деді ол.

Үшінші бағытқа сәйкес, отандық экономиканы цифрландыру қажет. Сонда еңбек өнімділігі артады, барлық процестер жылдам жүреді. Бағдарламаға сәйкес, үш жылдың ішінде шамамен 120 кәсіпорын электронды басқару жүйелерін енгізеді.

«Төртінші бағыт - цифрлық мемлекет. Барлық анықтамалар электронды форматта берілуі керек.

Ал бесінші бағыт бойынша біз тың идеялар мен теxнологиялар үшін орта қалыптастыруымыз қажет», - деді министр Абаев.

Сонымен қатар, Министр Абаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда блокчейн теxнологиясы негізінде бірнеше жоба қолға алынды. Атап айтқанда, Ұлттық банк өзінің құнды қағаздарына делдалсыз қаржы құю қызметін іске қосты. Бас прокуратура әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай реестрін құруға кірісті. Ал қаржы министрлігі қосарланған құн салығын әкімшілендіру бойынша блокчейн теxнологиясын қолдануды көздейді.

«Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, сауда мен құқықты тіркеу саласында аталған теxнологияны енгізу жоспары бар. Әрине, теxнологиялық трансформация кезінде бірлесіп жұмыс істеген дұрыс. Біз оны жақсы түсінеміз. Осы орайда G20 елдерінің тәжірибесін атап өткен жөн. Олар криптовалюталарды реттеудің ортақ ережелерін әзірлеуді көздейді. Негізі, біз қырғыз әріптестерімізбен жақсы жұмыс істеп жатырмыз. Екі жақты форматта болсын, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да бірлесіп жұмыс істейміз», деді Д.Абаев. 

Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде Astana hub пен Қырғызстандағы Жоғары теxнологиялар паркі тығыз жұмыс жасауға даяр. Осы әріптестік аясында криптовалюталарды зерттеу шаралары бірлесіп атқарылады деген сенім бар.

Айта кетейік, аталған жиынға Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Беларусь пен Қазақстанның IT мамандары қатысты.