• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2011

Интеграциялық үдерістердің жаңа кезеңі

1076 рет
көрсетілді

Дүйсенбі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің жұмысына қатысты. Сонымен бірге, осында өткен ЕурАзЭҚ-тың Мемлекетаралық кеңесінің отырысы да өтті.

Мәскеу аспанын жапқан сұр бұлт дүйсенбі күні күндізгі қаланың өзін бұлыңғырлатып, түйіліп тұр екен. Ауа райы жылымық, аяқ астындағы жыл­быс­қы қар еріп жатыр. 1941 жылдың жел­тоқсанындағы неміс-фашистерін бүр­сеңдеткен аязды күндер енді мұнда қайталанбайтын секілді...

Ресей астанасына жұмыс сапарымен келген Елбасы Н.Назарбаевтың мұнда жоғарыда аталған екі саммиттен басқа ҰҚШҰ-ның және ТМД Мемлекет бас­шы­ларының бейресми отырысына қаты­суы көзделген.

Осыдан бір ай бұрын, 18 қарашада Мәскеуде Кеден одағын құрған үш мемлекет басшылары Еуразиялық экономи­калық комиссия құру туралы келісімге қол қойғаны белгілі. Сол келісім бой­ынша Кеден одағын басқарудың жаңа жоғары органы – Еуразиялық эконо­ми­калық комиссияның құрамы бекітілді. Еуроодақтың атқарушы органы да комиссия деп аталатын еді, біздегі инте­гра­циялық құрылымның да жұмысын реттеуші тұрақты орган енді комиссия деп аталды. Бұл орган туралы алғаш рет 2007 жылғы қазанда Қазақстан, Беларусь және Ресей Мемлекет басшыла­ры­ның Душанбеде қол қойған Кеден ода­ғы­ның комиссиясы туралы келісімде ай­тылған. Енді сол іс жүзіне асты. Оның құрамына әр елден өкілдер енгізілетін болды. Комиссияның ұйымдық және тех­никалық қамтамасыз ету міндетін хатшылық атқарған. Оны хатшылықтың жауапты хатшысы басқарды. 2009 жыл­дың 3 ақпанынан Кеден одағы комис­сия­сының шешімімен оның міндетін ат­қаруға Ресей Федерациясының өкілі Сергей Глазьев белгіленген еді.

Былтыр мен биыл Президент Нұр­сұл­тан Назарбаевтың Еуразиялық одақ құру туралы 1994 жылы айтқан идеясы шұғыл іске асырыла бастағаны белгілі. Елбасының ерекше интуициясы арқылы ұзақ жылдар бұрын қажеттілігі алдын ала сезілген интеграциялық құрылым­ның керектігін әлемдік қаржылық дағ­да­рыстар қаупі өмірлік тәжірибемен дә­лел­деп берді. Сөйтіп, 2010 жылдың 1 шіл­десінен Қазақстан мен Ресей ара­сында Кеден одағы жұмыс істей бас­тады. Оған алты күннен кейін Беларусь қосылды. 2011 жылдың 1 сәуірінен бастап Беларусь пен Ресей Федерациясы арасындағы көлік бақылауы Кеден одағының сыртына шығарылды. Ал 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап Қа­зақ­стан, Беларусь және Ресей ара­сын­дағы кеден бақылауы алынып тасталып, ол да Одақ кеңістігінің сыртына шы­ғарылды.

Үстіміздегі жылдың 18 қазанында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына ене­тін Қазақстан, Армения, Беларусь, Қыр­ғызстан, Молдова, Ресей, Тәжік­стан, Украина сияқты сегіз мемлекет ТМД шеңберінде еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қойды. Ал 19 қазанда Қырғызстанның Кеден одағына енетіндігі жарияланды. Көптеген са­рап­шылар мұны жаңа интеграциялық құ­ры­лымға қадам немесе бұрыннан бар бір­лестікке жаңа мүшелер енуінің басы деп бағалады. Ал 18 қарашада Мәскеуде Кеден одағын құрған Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің басшы­ла­ры интеграциялық құрылымды одан әрі тереңдете түсу мақсатында, жоғары­да айтқанымыздай, Еуразиялық эконо­ми­калық комиссия туралы келісімге келіп, осы комиссия жұмысының регламентін бекітті. Сонымен қатар, Еуразия­лық экономикалық интеграция туралы декларация қабылданды. Онда 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап интегра­циялық құрылым келесі кезеңге, яғни Бүкіләлемдік сауда ұйымының нормала­ры мен қағидаттарының негізінде жұ­мыс істейтін Біртұтас экономикалық кеңістікке (БЭК) өтетіндігі жарияланды. Және бұл құрылым өзінің қатарына басқалардың енуіне ашық екендігі ай­тылды. Ал құрылымның түпкі мақсаты 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақ құру болып табылады.

БЭК құру жолындағы жұмыстар жоспары биыл толығымен іске асты. Күнтізбелік жоспарға сәйкес, биыл оның 25 құжатына, соның ішінде 8 халықаралық келісімге және 17 басқа құжаттарға қол қою белгіленген. Соның 6-ын Қазақстан, 6-ын Беларусь және 5-ін Ресей жағы әзірледі. Бұлар БЭК-тің келісімдік-құқықтық арқауының негізін қалаған құжаттар болды.

Дүйсенбі күні Қазақстан Респуб­лика­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь Республикасының Пре­зиденті Александр Лукашенко және Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев соның соңғы үшеуі­не қол қойды. Олар Кеден транзиті ар­қы­лы тасымалданатын тауарларға кеден салығын төлеудің кейбір мәселелері жө­ніндегі келісімге өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы хаттама, Заңсыз жолмен табылған табысты заңдастыру және қолма-қол ақшаның айналысы ар­қылы болатын лаңкестікті қаржыланды­ру­ға қарсы іс-әрекет туралы келісім, со­ны­мен қатар, Күн тәртібінің кейбір тар­мақтары жөніндегі шешім болатын. Соң­ғысына Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа төрағасын тағайын­дау және оның мүшелерінің міндеттерін айқындау мәселелері енгізілді. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия департаменттерінің саны туралы мәселе қаралды.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Мемлекет басшылары ғана қа­тысқан шағын құрамдағы да, кеңей­тіл­ген құрамдағы да отырыстары жабық есік жағдайында өтіп, баспасөз өкілдері енгізілмеді. Тек қабылданған шешімдер ту­ралы Д.Медведевтің қысқа хабарлама­ла­ры ғана беріліп тұрды. Соның ішінде ол Еуразиялық экономикалық комиссия төралқасының төрағасы болып Виктор Христенконың тағайындалғанын жария­ла­ды. Ал Қазақстан жағынан төралқа мүшесі болып Даниал Ахметов тағай­ын­далғаны белгілі болды. Сөйтіп, жаңа жылдың бірінші күнінен өзара ин­те­грацияны тереңдету мақсатын көздеген тағы бір ұлтүстілік орган жұмысын бас­тайтын болды.

БЭК жұмыс істеуінің негізгі қағи­да­лары – тауарлар мен қызметтердің, адам ресурстары мен қаржы капиталының қатысушы мемлекеттер аумағы шеңбе­рін­де ешқандай кедергісіз, еркін ай­на­луын қамтамасыз ету. Соның ішінде кеден тарифтерін біріздендіру, тарифтік емес реттеулер бойынша келісім жасау, т.б. ықпал ету тәсілдері бар.

Сөйтіп, Президент Нұрсұлтан На­зарбаевтың интеграция туралы идеясы сатылап тереңдеп келеді. Ол әуелі 2001 жылы құрылған ЕурАзЭҚ түрінде көрі­ніс берді. Бұл құрылым ТМД аума­ғын­дағы ең үздік интеграциялық құрылым екендігін дәлелдеді. 2010 жылы оның шеңберінде Кеден одағы құрылды. Оның қатысушы мемлекеттер экономи­ка­сының көтерілуіне айтарлықтай ықпал еткенін білеміз. Енді, 2012 жыл­дың бірінші күнінен Біртұтас экономи­ка­лық кеңістік өз жұмысын бастайтын болады.

Бірлескен құжаттарға қол қойыл­ғаннан кейін Мемлекет басшылары өз жұмыстарын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңе­сі­нің отырысында жалғастырды. Кремльдің «Көгілдір» залында өткізіл­ген бұл отырысқа ЕурАзЭҚ-тың басқа мүшелері – Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон да келді. Сондай-ақ, байқаушы мәртебесіне ие Армения Президенті Серж Саргсян да қатысты. Олардан басқа ЕурАзЭҚ-тың Бас хатшысы Тайыр Мансұров болды.

Осы уақытқа дейін ТМД шеңберінде ең тиімді жұмыс атқарып келе жатқан бұл интеграциялық құрылым 2000 жыл­ғы қазан айында Астанада қол қойылған мемлекетаралық құжаттың негізінде жұ­мысын бастаған еді. Оның қарапайым адамдарды әл-ауқат жағынан қолдауға арналған он қадам атты бастамасы кезінде жақсы әсер қалдырған. Қазір оның құрамына Қазақстан мен Ресейден басқа Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан енеді. Өзбекстан 2008 жылдың желтоқсан айынан бастап ЕурАзЭҚ органдарына қатысуын тоқтатты. Ал Армения (2003 жылдан), Молдова (2002 жылдан) және Украина (2002 жылдан) байқаушы болып табылады.

2009 жылдың 19-20 желтоқсанында Алматыда ЕурАзЭҚ-қа мүше және байқаушы ретінде қатысатын Мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуі болып, оның барысында Қазақстан Рес­пуб­ликасы, Беларусь Республикасы және Ресей Федерациясы арасында 2010-2011 жылдары Біртұтас экономикалық кеңіс­тік құрудың Іс-қимыл жоспары бекітілген еді. Оның шеңберінде 20 мемлекеттер аралық құжаттар дайындауға келісілген. Соның бәрі орындалып, енді 2012 жылдың 1 қаңтарынан аталған құ­рылым өз жұмысын бастайтынын жо­ға­рыда айттық. Сондай-ақ ЕурАзЭҚ шең­берінде үш мемлекет арасында Кеден одағы да құрылып, тиімді жұмыс істеп жатыр. Міне, сондықтан да ЕурАзЭҚ-ты ин­теграциялық нақты құрылымдарға бас­тайтын аралық ұйым деп атауға болады.

Дүйсенбідегі кездесуде ЕурАзЭҚ-тың Минск қаласында 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске кірісетін жаңа органы – ЕурАзЭҚ Соты туралы шешімге де қол қойылды және судьялар кан­ди­датуралары бекітілді. Жалпы, ұзын саны 17 осындай құжатқа қол қойылды.

ЕурАзЭҚ мәселелеріне арналған кездесудің шағын және кеңейтілген құ­рам­дағы отырыстары да жабық есік жағдайында өткізілді. Кездесу бары­сын­да Еуразиялық экономикалық қоғам­дас­тықтың артықшылықтары мен иммунитеттері туралы 2001 жылдың 31 мамы­рында қабылданған конвенцияның жаңа редакциясына қол қойылды.

Отырыстар аяқталған соң Ресей Фе­де­рациясының Президенті Дмитрий Мед­ведевтің қатысуымен баспасөз мәс­лихаты өткізілді. Ол келіссөздердің жо­ға­ры деңгейдегі түсіністік жағдайында өткенін айта келіп, тіпті оның тарихи сәт екенін атап көрсетті. Кездесу бары­сын­да барлығы 17 құжатқа қол қой­ыл­ды, деді ол. Интеграциялық жаңа құ­ры­лым біздердің елдеріміздің ортақ ры­нок­тарын үлкейте отырып, осы ба­ғыт­тағы үдерістердің үйлестірушісі болады. Бұл біздің барлығымыздың мүддемізге сай келеді. Ал ол жаңа жұмыс орын­дары, капитал мен еңбек ресурсы, тауар мен қызметтің айналыс аумағын үлкей­тіп, экономиканың жандануына оң әсер етеді. Бұл, сайып келгенде, біздің ха­лық­тарымыздың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

Ал Еуразиялық экономикалық комиссия туралы айтқанда, Ресей Президенті оның құрамына білікті адамдар енгенін жеткізді. Ол сөзін аяқтағанда оған бірнеше сұрақ қойылды. Соның ішінде интеграциялық құрылымның кесірінен көршілеріміздің мәселелерін шешу біздің даму мүмкіншілігімізді шектемей ме деген де сұрақ болды. Оған Дмитрий Анатольевич барлық интеграция­ның өзіндік келеңсіздіктері болатынын, бірақ ортақ жетістіктің одан да көп бо­латынын айтты. Оны Еуропа елдерінің тәжірибесінен көруге болады, деді ол.

Ал бұл уақытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының жаңадан сайланған Президенті Алмазбек Атамбаевпен екіжақты кездесу өткі­зіп, өзара қарым-қатынастардың өзекті мәсе­лелері бойынша пікір алмасты. Нұр­сұлтан Назарбаев Алмазбек Атам­баев­ты Қыр­ғызстан Президенті қыз­ме­тіне сай­лануымен және лауазымына кірісуімен құт­тықтады. Елбасы Қазақстан Қырғыз­станның өркендеген және эко­но­микасы күшті болуына мүдделі екенін атап өтті.

Алмазбек Атамбаев Қырғызстан ық­пал­дастық үдерістерді жан-жақты дамы­туға ұмтылатынын және Қазақстанмен екіжақты қатынастарын одан әрі те­реңдете түсетінін атап көрсетті.

Содан кейін Елбасы Н.Назарбаев қазақстандық журналистермен брифинг өткізді. Бүгінгі қаралған негізгі мәселе Біртұтас экономикалық кеңістік құруға арналды, деді Елбасымыз. Бүгін өте ауыр күн бол­ды, 18 қарашада мақұлданған бар­лық құжаттарға қол қойылды. Оларды талқылау барысында түрлі пікірлер айтылды. Бірақ бәрібір ортақ шешімге қол жеткізіп, 1 қаңтардан бастап БЭК-тің құрылатынын бекіттік, деді Қа­зақ­стан Президенті. Біз екі жыл бойы Кеден одағы құрылымында жұмыс істеп келеміз. Оның өте тиімді екенін өз кө­зімізбен көрдік. Ресей Федерациясымен арадағы сауда айналымының көлемі 20 млрд. долларға жақындап қалды. Бұл – 40 пайыздық өсім деген сөз. Белоруссиямен екі арадағы тауар айналымы да еселеп өсті. Осының бәрі Қазақстан эко­но­микасының биыл 7 пайызға дейін өсуі­не игі ықпалын тигізді. Бір сөзбен айтқанда, интеграциялық құрылымның тиімді екеніне іс жүзінде көзіміз жетіп отыр. БЭК те сондай боларына сенімдіміз. Ол Қазақстанға жаңа инвестор­лар­дың келуіне мүмкіндік береді. Ортақ рыногымыз 170 млн. адамға дейін арта­тын болады.

Келесі әңгіме ЕурАзЭҚ-тың бола­ша­ғы туралы болды. Еуразиялық эконо­ми­калық комиссия құрылған соң ол артық құрылым болғалы тұр. Сон­дық­тан мен екі аппаратты ұстаудың артық екендігін ай­тып, соңғыны ғана қал­ды­ру­ды ұсындым. Ол үшін, әрине, ЕурАзЭҚ-тың Қырғыз­стан, Тәжікстан сияқты мүшелері және Армения сияқты байқау­шы­лары да Кеден одағына енулері керек. Бүгінгі күні Қыр­ғызстан бұл қадам­ға дайын екенін айтты. Басқалар да қар­сы емес, біз олардың ойлануына уақыт бердік. Сонымен бірге, ЕурАзЭҚ БҰҰ-ның байқаушысы ретінде тіркелген, өте маңызды құрылым. Оны жабу оңай бол­майды, бірақ біз дұрыс шешім қабыл­да­дық қой деп ойлаймын, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Осы күннің кешінде Ресей Федера­циясының Президенті Д.Медведевтің атынан ТМД-ның құрылғанына 20 жыл то­луына байланысты мәртебелі қонақ­тар­ға арналған қабылдау болды. Ал оның соңынан Қазақстан Респуб­ли­к­а­сының Президенті Н.Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Д.Медведевпен аймақтық және өзара ынты­мақ­тастық мәселелерін талқылаған екіжақ­ты кездесу өткізді. Нұрсұлтан Назарбаев Дмитрий Медведевті Ресейдің Бүкіл­әлем­дік сауда ұйымына кіруі туралы келіссөздердің табысты аяқталуымен және Мемлекеттік Дума депутаттары сай­лауының өтуімен құттықтады.

– Құрметті Дмитрий Анатольевич, жоғары деңгейдегі біздің кездесуіміз өте табысты өтуде. Ресей мен Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі ықпалдастық­ты біріктірудің локомотиві болып табылады. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде біз алғаш рет өзара тиімді тауар айна­лымын 20 миллиард долларға жақын­дат­тық. Сонымен қатар, Охот теңізінде адамдардың қайтыс болуына байланыс­ты көңіл айтқым келеді. Мен Сізге және Ресейге амандық, тыныштық, осындай күрделі уақытта бейбітшілік тілеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, біз Сізбен бірге бүгін біздің Жоғары Еур­а­зиялық экономикалық қоғамдастықтың «үштігі» пішінінде және ЕурАзЭҚ пішінінде бірқатар маңызды мемлекет­ара­лық шаралар өткіздік. Біздің екіжақты қатынастарымыз өте жақсы дамып келе жатқанын атап өткім келеді, – деді Дмитрий Медведев.

Кеше Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың Мәскеуге сапары одан әрі жалғасты. Алдымен Елбасы Қазақ­стан­ның Ресейдегі елшілігінде бір топ ресейлік көрнекті саяси және қоғам қай­раткерлеріне Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай мемлекеттік наградалар тапсырды.

Марапатталғандар арасында Қазақ­стан мен Ресей арасындағы экономика­лық ынтымақтастықтың, мәдени-гума­ни­тар­лық әріптестіктің көптеген қырла­ры бой­ынша айрықша белсенділік көр­се­тіп жүр­ген бір топ ресейлік азаматтар болды. Со­ның ішінде М.Ломоносов атындағы ММУ ректоры В.Садовничий ІІІ дәрежелі «Ба­рыс» орденімен,  ІV және V шақы­ры­лым­дағы Ресей Федера­циясы  Федералдық Жи­налысы Мемлекеттік Думасының төрағасы Б.Грызлов І дәрежелі «Достық» орденімен, Интерна­ционалист-жауын­гер­лер ісі жөніндегі комитеттің төрағасы Р.Аушев, Халық­аралық және ресейлік инженерлік акаде­мияның президенті Б.Гусев, Ресей Фе­дерациясы Жоғарғы соты­ның төрағасы В.Лебедев, Ресей Федера­циясының ха­лық әртісі Л.Лещенко, «Газ­пром-Медиа-холдинг» ААҚ бас дирек­то­ры Н.Сенкевич, Еуразия Даму банкі бас­қар­масының төрағасы И.Финогенов, «Ресей темір жолдары» ААҚ президенті В.Якунин ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапат­талды.

Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федера­ция­сының марапатталған азаматтары Қа­зақстан-Ресей достығы мен ынтымақ­тас­тығын нығайтуға үлкен үлес қосқа­нын атап өтті. Өткен жиырма жыл ішінде Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық өзара іс-қимылы едәуір нығайды. Ын­ты­мақтастықтың 20 жылы ішінде дәйекті және үдемелі шешімдер мен әрекеттер алма-кезек көрініс тапты. Кеден одағы құрылды, Біртұтас экономикалық кеңіс­тік қалыптасуда. Осы күндері ЕурАзЭҚ пен ҰҚШҰ-ны дамыту туралы маңызды шешімдер қабылданды, деді Елбасы.

Мемлекет басшысы марапатталған­дарға Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілестік және одақтастық қаты­настарды нығайту жолындағы ұдайы еңбектері үшін ризашылығын білдірсе, ресейлік марапатталған азаматтар Қа­зақстан Президентіне көрсеткен жоғары құрметі үшін алғыстарын айтып, өздерінің Қазақстан-Ресей достығы мен ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға атсалыса беретіндіктеріне сендірді.

Марапаттау аяқталған соң, Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев ҰҚШҰ-ға мүше Мемлекеттер басшы­лары­ның саммитіне қатысу үшін Кремльге келді. Осындағы Әулие Екатерина залында ҰҚШҰ саммиті басталды.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы – аймақтағы қауіпсіздікті сақтауға ұжым­дық атсалысуды көздейтін айрықша әс­ке­ри ұйым. Қазір оның құрамында Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан бар. Кешегі саммитке аталған мемле­кет­тердің басшылары мен Ұйымның Бас хатшысы Николай Бордюжа қатысты. Оның күн тәртібіне 30-дан астам мәселе енгізілген. Олардың бәрі де Ұйым жұ­мысын одан әрі жетілдіріп, оны Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктері мықты  құрылымға ай­нал­дыруды көздейді.

Соның ішінде мемлекет басшылары  Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің (ҰҚК) 2010 жылғы желтоқсанда қабылданған шешімдерінің орындалу қорытын­ды­ларын қарастырды. Бұл туралы президенттерге Қорғаныс министрлері кеңе­сінің төрағасы баяндап берді. Ұйымның әлеуеті мен одан әрі ұжымдасуын арт­тыру мәселесі де күн тәртібінде болған еді. Осы мәселелер бойынша Мемлекет басшыларының үстіміздегі жылғы та­мыз айында Астана мен Бурабайда бол­ған бейресми кездесуінде бірталай уа­ғ­да­ластықтарға қол жеткізілген. Отырыс­та сол мәселелердің орындалу барысы қаралып, талқыланды. Сондай-ақ, кездесу барысында әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты жетілдіріп, төтенше жағдайларға қарсы бірлескен іс-қимылды, ақпараттық қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету, есірткі трафигі мен лаңкестікке қарсы күрестерді ұштай түсу мәселелері сөз болды.

Келер жылдың мамыр айында ҰҚШҰ-ның құрылғанына 10 жыл толады.  Ол ТМД-ға мүше елдер Мемлекет басшы­ларының 2002 жылғы Кишиневтегі кездесуінде 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың негізінде құрылған еді. Қазір ҰҚШҰ әскери  қауіптен басқа да қауіпсіз­діктерді қамтамасыз ету бойынша тиімді ұйым болып отыр. Соның ішінде заңсыз миграция, ақпараттық саладағы қауіптер мен киберқылмыстарға қарсы күрес, гуманитарлық апаттарға тойтарыс беру сияқты қауіпсіздіктің осы заманғы көкейкесті проблемалары да бар. Ұйым қатысушы мемлекеттердің аумақтық-экономикалық қауіпсіздігін сырттан келетін әскери-саяси агрессия мен халық­аралық терроризмнен қорғау міндетін де атқарады. Оның құрылымында жоғары­да аталған Мемлекет басшыларының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі мен Қорға­ныс министрлерінің кеңесінен басқа Сыртқы істер министрлерінің кеңесі және  Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының кеңесі бар. Ұйымның Бас хатшысы хат­шылықтың жұмысын басқаратын әкім­гер лауазымды тұлға. Ал хатшылық – тұрақты жұмыс істейтін орган. ҰҚШҰ-ның әскери мәселелері негізінен Ұйым­ның тұрақты жұмыс істейтін Бірлескен штабында шешіледі.

ҰҚШҰ-ның Мәскеуде болған саммитінде ұйымның алдағы жылғы бюджеті, ҰҚК келесі сессиясының қайда және қашан болатындығы анықталды. Сон­дай-ақ осы саммитте ҰҚШҰ-ның бар­лық жарғылық органдарындағы төраға­лық Белоруссиядан Қазақстанға өтті.

Шағын құрамдағы кездесу аяқталған соң, кеңейтілген отырысты ашарда Ресей Федерациясының Президенті Д.Медведев қысқаша сөз сөйлеп, отырыс қорытындысынан хабардар етті. Біз көптеген мәселелер бойынша келісімге келдік, бірақ келісе алмаған дүниелері­міз де жоқ емес. Олардың болуы заңды, дей келіп, ол төрағалық міндетті мойнына алған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сөз берді.

Нұрсұлтан Әбішұлы кездесуде қазақ­стандық төрағалықтың басымдық­тары таныстырылғанын атап өтті. Сонымен қатар, ол саммитте қол жеткізілген ең маңызды мәселені жария етті. Ол ал­дағы уақытта ҰҚШҰ-ға мүше мемле­кет­тердің аумағына Ұйымға мүше емес үшінші жақтың тек барлық мүшелердің келісімімен ғана енгізілетіндігі туралы еді. Мұ­ның аймақтық қауіпсіздік үшін маңызы зор екенін сөз кезегі келгенде Д.Медведев те атап көрсетті. Осыдан кейін ешқандай талқылау болмай, шағын құрамда келісілген құжаттарға қол қою рәсімі өтті.

Қол қою рәсімі аяқталған соң жаңа төраға, Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге саммиттің қорытындысы бой­ынша мәлімдеме жасады. Онда Ұй­ым­ның негізгі міндеттерін, соның ішінде, әсіресе, оның әскери қызметін одан әрі жетілдіре беру туралы келісім бол­ға­нын атап өтті. Одан әрі жоғарыда атал­ған маңызды келісім туралы айтты. Бас­қа да уағдаластықтарға қол жеткізілгенін атады. Ал келесі саммитті 2012 жылы Мәскеуде өткізу келісілді, деді Қазақстан басшысы.

Осыдан кейін бұрыннан жиналған Мемлекет басшыларының қатарына Әзер­байжан, Молдова және Украина президенттері қосылып, ТМД Мемлекет бас­шыларының бейресми отырысы өткізілді.

2011 жылдың 3 қыркүйегінде Душанбеде болған Мемлекет басшы­ла­ры­ның кеңесінде келесі бейресми саммитті осында өткізу туралы келісім болған еді. Биыл Ұйымның құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде ТМД әрбір мүшесінің мүдделеріне сай келетін өзара тиімді іскерлік байла­ныс­тар­дың бастауы болып келді. Оның барлық жарғылық органдары табысты жұмыс істеп, құқықтық-келісімдік арқауы жыл­дан жылға нығая түсуде. Осы күні ұй­ым­ның 39 салалық, мемлекетаралық ор­ган­дары жұмыс істейді. Оның аясында ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, Кеден одағы сияқты интеграциялық құрылымдар дүниеге келді. Соның ең соңғысы Біртұтас эко­но­микалық кеңістік жаңа жылдың бірінші күнінен бастап өз жұмысын бас­тайды.

Саммитті ашқан Д.Медведев ағым­да­ғы отырыстың төрағасы ретінде ал­ғаш­қы сөзді Тәжікстан Президенті Эмо­ма­ли Рахмонға берді. Айта кететін жәйт, отырыс бейресми сипатта болған­дық­тан, ол БАҚ арқылы жария түрде өтті. Э.Рахмон ТМД-ның өткен мерзімдегі жұмыстарына қысқаша шолу жасап, ынтымақтаса жұмыс істегені үшін әріптестеріне алғысын айтып, келесі төраға – Түркіменстан тарабына тиімді қызмет тілеп, сөзін аяқтады.

Сөз кезегін алған Украина Президенті Виктор Янукович ТМД туралы жақсы пікірлер айта келіп, оның жарқын бо­лашағы Ресей Федерациясының эконо­микалық келіссөздердегі ымыраға келу құлшынысына байланысты, өйткені, қалай десек те, Ресей біздің негізгі тірегіміз, деді. Осы сөзді іліп әкеткен Өзбек­стан Президенті Ислам Каримов отырыс ТМД-ның 20 жылдығына арналған саммит екенін пайдалана отырып, оның тарихына лирикалық шегініспен шолу жа­сады. Сөзінің қорытындысында ол ТМД-ның  КСРО-ның бейбіт жолмен та­раудағы маңызы аса зор болғанын атап өтті. Сонымен бірге, Ресей Федерация­сының икемді саясаты оның дамуына ықпал етерін айтты.

Осыдан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөйлеп, ТМД-ның КСРО-ны бейбіт жолмен таратудағы маңызына нақты мысалдармен тоқталып өтті. Меніңше, ТМД бізге әлі де керек, оны қолдап, жетілдіре түсу қажет. Бүгінгі күні тиімді жұмыс істеп тұрған барлық интеграциялық құрылымдар ТМД-ның ауқымынан шықты, деді Қазақстан басшысы. Сонымен бірге, ол демократиялық үдерістерде де ын­ты­мақтастықты тереңдете түсу қажеттігін атап өтті. Соның ішінде ТМД елдерінің аумағында болатын сайлауларға бай­қау­шылар ретінде қатысуды тиімді үдеріске айналдыру қажеттігін атай келіп, ЕҚЫҰ шеңберіндегі байқаушылар миссиясына да белсене қатысып, 10 пайыздық үлес­ке қол жеткізіп, олардың санын қырық адамға жеткізу керектігіне тоқталды. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды да жандандыра түсу қажеттілігі айтыл­ды. Осыдан кейін басқалар да сөйледі.

Саммитте ұйымның 20 жылдығына арналған мәлімдеме жасалып, 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы қабыл­дан­ды. Сонымен бірге, ТМД-ға мүше Мемлекеттер басшыларының мәлімдемесі, 2012 жылғы экономикалық ынтымақ­тас­тықтың негізгі мәселесі – байланыс пен ақпараттандыру саласы екені, ТМД байқаушылар миссиясының сайлаулар­да­ғы рөлін арттыру және 2012 жылғы «Достастықтың мәдени аста­налары» мемлекетаралық бағдарламаны іске асы­ру Қазақстан мен Түркі­мен­станда бола­тын­дығы туралы шешімдерге қол қой­ыл­ды. Осылардың ішіндегі 2-ші және 3-ші шешімдер Қазақстан Президенті Н.На­зар­баевтың ұсыны­сы­мен қабылданды.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.

-----------------------------------------

Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.