• RUB:
    5.31
  • USD:
    479.03
  • EUR:
    523.39
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Тамыз, 2018

Әл-ауқат қорының әлеуеті артты

365 рет
көрсетілді

Биылғы алғашқы жарты жылдықтың қорытындысында «Самұрық-Қазына» холдингінің негізгі қызметінен түскен кіріс 3,339 трлн теңгені құрады, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27 процентке артық. Сонымен қатар операциялық қызмет бойынша жоспар 78 процентке орындалып, табыс көлемі 428 млрд теңгеге жеткен. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Баспасөз жиынында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың 2018 жыл­дың бірінші жарты­жыл­ды­ғын­дағы қоры­тын­ды нәтижелері жа­рия­ланды. Мәлім болғандай, «Самұ­рық-Қазына» қорында барлық негіз­гі қаржылық көр­сет­кіштер бойын­ша өсім тір­кел­ген. «Самұрық-Қазына» АҚ Эконо­ми­ка және қаржы жөнін­дегі тең бас­қа­рушы директоры Е.Жанәділдің мә­лім­деуінше, оған бірнеше фактор ар­қа­сында қол жеткізілген. Мысалы, атал­ған кезеңде мұнай өңдеу көлемі 13 про­центке, электр энергиясының өнді­рісі 28 процентке, темір жол жүк тасы­малының көлемі 9 процент­ке арт­ты, сонымен қатар көмір­су­тек­тер бағасы көтерілді.

Қор мен оның жетекші портфель­дік компанияларының қаржылық тұ­рақ­тылығын нығайту бағытындағы жұ­мыс нәтижелері де сөз болды. Айта­лық, 2018 жылдың І жарты жыл­ды­ғын­да қор сыртқы қарыз көле­мін 900 млн долларға азайтты, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың 1,6 млрд доллар халықаралық облигациялары өтелген, «Самұрық-Энерго» АҚ 39 млрд теңгеге жуық қарызын мерзі­мі­­нен бұрын төлеген. Е.Жанәділ со­ны­мен қатар қор бұған дейін «Қаз­ком­мерцбанкте» жатқан көлемі 117 млрд теңгені құрайтын бұғат­талған депозиттегі қаржысын мер­зімінен бұрын алғанын, сондай-ақ кезекті екінші деңгейлі банкпен 220 млрд теңге көлеміндегі депо­зит­ті қайтару туралы келісімге қол қойылғанын атап өтті.

«Босатылған қаражат нарықтағы көрсеткіштерден төмен мөлшермен «Самұрық-Қазына» қорының порт­фельдік компанияларына қарызға беріледі. Атап айтқанда, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ – 75 млрд теңге, «Қазақтелеком» АҚ – 75 млрд теңге және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – 200 млн доллар алады. Орташа мерзімде бұл шара 50 млрд теңге кө­ле­­мінде қорға оң нәтижесін береді», деді Е. Жанәділ.

Сонымен қатар баспасөз мәсли­ха­­тында «Самұрық-Қазына» АҚ Стра­­те­гиялық даму жөніндегі бас­қа­рушы директоры Балжит Гревал бірінші жартыжылдықта атал­ған нәтижелерге жаңа даму стратегиясының аясында қорда жү­зеге асырылған құрылымдық өзге­рістердің арқасында қол жеткі­зіл­генін атап өтті. Нақтырақ айтқан­да, холдингтің еншілес компа­ния­ла­ры­ның саны 359-дан 312-ге дейін қыс­қар­тылған. Құны 28,5 млрд теңге бола­тын 15 актив сатылған. Бұл бағытта «Самұрық-Қазына» қоры тағы 51 активті сатып, 102 стра­те­ги­я­­лық маңызы жоқ активтен шы­ғу­­ды жоспарлауда. Аталған жұ­мыс жекешелендіру бағдарламасы аясын­­­да жүзеге асырылмақ.

Сонымен қатар Б. Гревал жаңа стратегия аясында құру жоспар­лан­ған келешек буын қорының тұжы­рымдамасын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, егер бұған дейін қордың ман­даты тек әл-ауқатты жасау болса, жаңа стратегия аясында ол қос рөл атқарады. «Бұл – келер ұрпақ үшін Қазақстанның әл-ауқатын ны­ғайту және сақтау. Біз теңгерімді әр­та­раптандырамыз, одан кейін Қазақстанға қаржы ресу­рст­арының ағынын қамтамасыз ете­міз. Бұдан өзге, компанияның акцио­не­рлеріне төле­нетін дивидендтер көлемін ұл­ғай­­туды, келер ұрпақтың әл-ауқа­­тын сақтауды көздейміз. Келер ұр­пақ қо­рының бұл мандаты бас­қа да әлем­дік ұлттық әл-ауқат қорла­ры­ның мандаттарына ұқсас», деді Б. Гревал.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»