• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
22 Желтоқсан, 2011

Конфессияаралық келісім мен үнқатысудың қазақстандық үлгісі

1628 рет
көрсетілді

АСТАНА – МӘМІЛЕГЕ ШАҚЫРАТЫН РУХАНИ ОРТАЛЫҚ

Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішіндегі ең ірі жеңісіміз бен үлкен жетісті­гіміздің бірі – елімізде діни наным-сенім бостандығының толық бекуі, соның ішінде ислам дінінің өркендеуі, дінімізбен қайта қауышуымыз десем, артық айтқандық болмас. Республиканың діндераралық тығыз қарым-қатынас тәжірибесі әлем назарына ілігіп отыр­ғаны белгілі. Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде діннің рөлі артып, оның имандылық, рухани және әлеуметтік функциялары күшейе түсуде. Кең-байтақ Қазақ елі қазіргі таңда күллі әлемге өзінің дінаралық келісіммен ұлт­аралық татулықтың алтын ордасы екендігін паш етіп отыр. Дініміздің үлкен жанашыры, әрі қамқоры Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бас­тамасымен елордасы Астанада 2003 жыл­дан бастап өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің үш съезі соның жарқын көрінісі. Съездерге қатынасқан көптеген әлем­дік және ұлттық діндердің басшылары рухани келісім мен діни төзімділікті орнатуда Қазақстаннан алар үлгінің мол екендігін атап өткен болатын. Діндер үнқатысуын (диалогын) қамтамасыз ету, діни төзімділікті нығайту – Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының шешуші басым­дықтарының бірі болып табылады. Үлкен діни форумдардың бізде өтуі – біздің елімізге деген құрмет пен зор сенім. Бүгінде сол сенімді толық ақтай аламыз деген үміт те бар. Төртінші Съезд де 2012 жылы 30-31 мамырда Ас­танада өтетін болады. Бүгінде елордамыз Астана дүние жүзіндегі барлық діндер өкілде­рінің басын қосып, ортақ мәмілеге шақыратын рухани орталыққа айналды. Президент Н.Назарбаевтың екінші Съезде жариялаған бастамаларын жүзеге асыру бой­ынша іс-шаралар жоспарына сәйкес, Үкіметтің 2008 жылғы 28 тамыздағы қаулысымен құ­рылған Мәдениеттер мен діндердің халық­аралық орталығы Бейбітшілік пен келісім сарайында өз жұмысын бастады. Орталықтың негізгі мақсаты Қазақстанның мәде­ние­т­аралық, конфессияаралық үнқатысудың және экстремизм мен терроризмнің қауіп-қа­тер­лерінің алдын алу халықаралық орталық­тарының бірі ретіндегі рөлінің жаңа деңгейге алға басуына атсалысу болып табылады. Бү­гін­де біздің Орталық Съезд хатшылығымен бір­лесе отырып алдағы төртінші Съездің күн тәртібіне Әлемдік конфессиялар басшылары­ның кеңесін құру, рухани дағдарысты жеңіп шығу, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу мақсатында Әлемдік діндердің күштерін бірік­ті­рудің маңызды мәселелерін дайындау үстінде. Қазіргі діннің ахуалы, оның даму жолын­дағы кездескен мәселелер – қоғам болып қолға алатын ортақ мүдде. Дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, ол мемлекет тіректерінің бірі болып қала бермек.

ЖАҢА ЗАҢ ЖАҢА СЕРПІН ӘКЕЛЕДІ

Қоғамның қызу талқысына түскен «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» және «Қа­зақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Парламент бекітіп ұсынған заңдарға Президент Н.Назарбаев 2011 жылғы қазанның 11-інде қол қойды. Дін туралы жаңа заңымыз – қазіргі заман мен бүгінгі уақыт талабына сай келетін заң. Заң­ның атауының өзгеруі көп нәрсені аңғар­тады. Расында да, 1992 жылы алғаш рет қабыл­данғанда дін саласындағы заңымыз «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң деп аталған болатын. Одан беріректе, яғни 2002 және 2008 жылдары заңға өзгеріс енгізілгенде де құжаттың атауы сол қалпында сақталды. Енді заң «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» деп аталады. Заңның осылай жаңаша аталуы, қазіргі жағдайға, қазіргі діни ахуал талабына сай келіп тұр деп айта аламыз.Осы заң қабылданған он тоғыз жылдан бері елімізде діни сенім бостандығы толық бекіді, орнықты. Ал ендігі басты талап, міндет – ол діни қызмет, діни сенім бостандығынан кейін діни қызмет пен діни ағарту-насихат жұмысын кеңінен жүргізу. Заңда діни бірлестіктер мен миссионерлер қызметін мемлекет тарапынан заң шеңберінде тұрақты түрде қадағалап отыруға мүмкіндік беретін пәрменді тетіктер қарастырылған. Діни бірлестіктерді құру, мемлекеттік тіркеу, қайта құру және тарату тәртіптері жүйеге келтірілген. Заңда еліміздің бай рухани дәстүрлі, тарихи, мәдени ерекшеліктері мен адам құқық­тары­на байланысты халықаралық дәрежедегі барлық нормалар толық ескерілген. Дін туралы заңнама саласындағы мемлекетіміздің және зайырлы шет мемлекеттердің тәжірибесі толығымен сарапталып, пайдаланылған. Осы­ның барлығы қоғамдық өмірдің қауіпсіздігін, рухани сананың салауаттылығын сақтауға елеу­лі үлес қосады. Заңның алғысөзінде «ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандық­тың халық мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитыны, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтіні» атап көрсетілген. Алты тарау мен 25 баптан тұратын заңда: ғибадат үйі, діни қызмет, діни қызметші, діни бірлестік, миссионерлік қызмет және уәкілетті орган сияқты бүгінгі өмірдегі негізгі діни ұғымдарға түсініктеме берілген. Діни бірлестіктер мәртебесін айқындау мә­се­лесі жаңадан енгізіліп, жергілікті діни бірлестіктерді құрушылар саны 50 адамнан кем болмауы тиіс, аймақтық діни бірлестікте 500-ден кем емес адам, ал республикалық діни бірлестікте 5000-нан кем емес Қазақстан азамат­тары құрай алады. Жаңа заңда діни бірлестіктің атауына ерекше назар аударылған. Бүгінде республикада «Сәлем, Атырау», «Махаббат», «Құтқарушы», «Арман», «Шапағат», «Құдай ассамблеясы», «Жаңа аспан» сияқты әр түрлі атауы бар 400-ден астам протестанттық діни бірлестіктер тіркелген. Заңның 14-бабында көрсетілгендей, діни бірлестіктің атауында қоғам мүшелерін адастыратын түсініксіздік болмауға, оның нақты бағыты, ұстанатын сенімі мен мәртебесі қамтылуға тиіс. Заңның 8-бабы миссионерлік қызмет ту­ра­лы. Қазіргі уақытта Қазақстанда 27 шет мемлекеттен келген 284 миссионер діни қызмет атқаруда. Олар тіркеуден өткен, көбісі Польша, Корея, АҚШ, Германия, Ресей, Италия, Швейцария және Испания өкілдері. Енді шетелдік миссионерлер Дін істері агенттігінің аумақтық бөлімше­лерінде жыл сайын қайта тіркеуден өтуге міндетті. Мемлекеттік тіркеуден өтпеген тұлғалардың миссионерлік қызметті жүзеге асыруына тыйым салынған. Заңда отбасын бұзуға бейім және соған мәж­бүрлейтін, орта мектепте мін­детті білім алуға кедергі жасайтын, азаматтардың иман­ды­лы­ғы мен денсаулығына зиян келтіретін діни бірлестіктердің, жалпы айтқанда теріс пиғыл­ды діни ағымдардың қызметіне тыйым салу қа­растырылған. Мем­лекеттік органдарда, ұйым­дар мен мекемелерде, оның ішінде білім беру және денсаулық сақтау ұйым­дарында діни бірлестіктер құрылымдарын ашуға жол берілмейді. Сонымен қатар, діни әдебиетті әкелуге, ба­сып шығару мен таратуға қатысты ережелер де көрсетілген. Соған сәйкес, діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материал­дарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға тек ғибадат үйлерінде, діни оқу орындарында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар белгілеген арнайы тұрақты үй-жайларда ғана рұқсат етіледі. Енді кездейсоқ адамдардың көше бойында тұрғындарға өз діни көзқарастарын орынсыз үгіттеуіне, не тұрғын үйлерді аралап, діни кітаптарды таратуға жол берілмейді. Жаңа заңда мемлекеттің діннен және діни бірлестіктерден бөлінгені жөніндегі конститу­ция­лық норма айқын жазылған. Ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде орнық­тырылмайды, осылайша мемлекеттің зайырлы сипаты назарда ұсталып, діни және мемлекеттік институттардың бірігуіне жол берілмейді. Мемлекеттің зайырлылығы еліміздің тұрақты­лығы мен өркендеуінің басты тірегі болып табылады. Бұл орайда «зайырлылық» ұғымын дұрыс түсіне білуміз керек. Зайырлы мемлекет ұғымын қоғамдық пікірде, тіпті билікте де атеист, құдайсыз мемлекет деп есептейтіндер бар. Атеистік мемлекет – дінге қарсы мемлекет, ал зайырлы мемлекет – дінді қолдайтын, дінге мұқ­таж мемлекет. Әлемдегі көптеген зайырлы мемле­кеттер шіркеулер мен соборларды та­ри­хи-мә­де­ни ошақтар ретінде қаржыландырады. Дін қызметкерлеріне мемлекеттен еңбекақы төле­не­ді, бірқатар елдерде шіркеу салығы енгізілген. Халықтың тарихи, рухани өмірінің негізіне ай­налған дінді зайырлы мемлекет ашық қолдайды. Өркениетті елдердің бәрі дінді құрметтейді. Әділ заңның үстемдік құруы қашан да демократияның алғышарты болып табылады. Бұл заң – діндарлық пен дінбұзарлықтың ара-жігін айқындайтын, арамза пиғылдағы діни бірлестіктерді ауыздықтайтын заң. Енді дін ту­ралы жаңа заңнамалық талаптардың дұрыс орындалуын жүйелі түрде қадағалау – уәкілет­ті органдардың, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың міндеті.

ДІН БІРЛІГІ – ҰЛТ БІРЛІГІ

Бүгінде бірінші кезекте біз діни бірлікті өте мықты ұстауымыз шарт, өйткені, діни бірлік болмайынша, ұлттық бірлік те болмайды. Діни радикализм идеяларын таратуға ұлт­тық этностар мен этномәдени бірлестіктер жетек­шілерінің беделін қарсы пайдаланған жөн. Этномәдени бірлестіктер жетекшілерінің жақсы істері арқасында елімізде ұлтаралық егес, діни текетірес бүгінде жоқ. Біз осы игі тәжірибе мен күшті әрқашанда насихаттап, белсенділікпен пайдалана білуіміз керек. Иә, біз осы тәуелсіздігіміздің арқасында дінімізбен қайта қауышып жатырмыз, дініміз бізге қайтып келді дейміз. Бірақ, осы дініміз қай­тып келді ме, әлде қайта туды ма? Меніңше, ер­тедегі ата-бабалар ұстанған дін жолы бүгін сол күйінде оралды деп айта алмаймыз. Бұлай деуге себепші болып отырған дәлелдер де аз емес. Елімізде бүгін түрлі діни рәсімдер әр облыстарда, тіпті бір облыс ішіндегі аудандарда арасы жер мен көктей айырмашылықтармен орындалып, өтіп жатады. Дегенмен, мұсылман діні – Ислам біреу, олай болса, барлық діни рәсімдер де республиканың барлық жерінде бірдей болуы тиіс емес пе? Ал бізде, керісінше, дүмше молдалар көбейген сайын діни дәс­түрлер де тоқсан түрлене бастады. Көптеген жерде мәңгілікке аттанған бауыр­лар­ды ақ жуып, арулап шығарып салу кезінде молда-имамдарымыз бастап, қажыларымыз қолдап шариғат талабын бұрмалап, ысырапқа жол берудеміз. Ауыл-ауылда, қалаларда мақ­тан­гершілікке салынып, артында қалған бала-шаға қарызға батып, жаназаны, қырқы-жылын той сияқты өткізуге тырысады. Еліміздегі бүкіл мұсылмандар қауымы сайлап бекіткен Қазақстан мұсылмандары діни басқар­ма­сының, Бас мүфтидің шығарған пәтуа, бұй­рық-талаптары көптеген жерде дұрыс орын­дал­май, тіпті, ескерілмей жатады. Сон­дық­тан, бізде Ислам діні тақырыбында геогра­фия­лық орна­ла­суымыздан тәуелсіз, біртекті ортақ діни дәс­түрлеріміздің болуын, ортақ діни тәртіп пен діни заңдылықтардың болуын талап етуіміз керек. Мысалы, бүгінде қаражат-мүмкіндігінің арқасында қа­сиетті Мекке-Мединеге барып келген көптеген азаматтары­мыз­дың Ислам дінінен бейхабар бола тұра, өздеріне «қажы» атағын меншіктеп алуды әдетке айнал­дыр­ғандарын түсіну қиын. Осын­­дай көптеген қажысы­мақ­тар намаз оқымақ түгілі, жас­тар­дың алдында дін – Ислам ту­ра­лы, не қасиетті Құран Кәрім ту­ралы екі-үш сөздің басын қосып та айта алмайды. Тіпті, кейбір азаматтар қажылық сапардан келе сала Діни басқармадан қол­дарына «қажы» деген арнайы «сертификат-диплом» беруді талап етеді. Бұл да дінді жеңілге сайып, оның қасиетін төмендетудің, діни білімсіздіктің етек алуының салдары. Мұсылманға қажылық өтеу сапары – туристік сапар емес, қасиетті бес парыздың бірі. Тіпті, бұрынғының адамдары Мекке-Мединеге жаяу бару керек демейтін бе еді, ал «қа­жы», «имам» сөздерінің мазмұнына шын сәй­кес адамдар бір ауылда, бір шағын елде са­наулы ғана бол­майтын ба еді? Енді, міне, жал­ған атақтылардың көбеюі шын атақ­тылардың құнын, дәре­же­сін тө­мен­детіп келе жатыр. Осы жағдай да мұсылман қауымын соңғы кезде біраз алаңдатады. Дәл бүгін біздің елдігімізге қауіпті дерттің бірі – дәстүрсіздік пен дінсіздік. Атқарылып жат­қан көптеген оң істерге қарамастан, дәс­түрлі Ислам дінін әр түрлі секталардан қорғау жұмысының сапа жағынан төмендігін баса айтуымыз керек. Ел ішінде күмәнді, елді біріктіретін емес, берекесін алып тоздыратын топтар, елге іштей іріткі салушы жалған діни ағымдар жетерлік. Дінді өз пайдасына қарай бұрмалап, ислами наным-танымдарды шатастырушылар көптеп кездеседі. Бүгінде мешіттер маңында өздерін «нағыз мұсылман батыр», өзгені «кәпір» санайтындар көбейді. Көптеген қалаларда бірі жақын туысының, бірі отбасы мүшесінің, енді бірі дос-жаранның теріс ағымға түсіп кетіп, өмірінің шырқы бұзылғанын айтып, психологтар мен құқық қорғау органдарынан жәрдем сұрап жүргендер қаншама. Бүгінде тек Астанада соңғы екі жылда осындай теріс пиғылды ағымдардан зардап шеккендерге көмектесетін үш ұйым ашылды. Ал, етектеріне шалынып, қара орамалмен тұм­шаланған оқушы қыздар мен студенттер, жас келіншектер қандай ағымның жетегінде жүр? Қоғамды қатты толғантатын тағы бір жағ­дай, ол – жүздеген-мыңдаған ұл-қыздары­мыз­дың ата дінін тәрк етіп, бірі – кришна, бірі – иеһова куәгері, бірі – баптист болып жат діндерге беріліп кеткендері. Ал, осыған тосқауыл берудің орнына, кейбір зиялы қауым өкілдері жастарға: «Дінің өзгерсе өзгере берсін, мәде­ниетің өзгермесін», деп, екіншілері: «Исламда тек Ахмадия діні таза», деп жар салып жүр. Енді бір Астанадағы ғалымсымақ отандасымыз ұлы Абайды, Шәкәрімді кришна құдайына туыс­тандырып ғылыми диссертация жазып әлек. Бүгінде өз әке-атасының, ру-тайпа аттарын ала бастаған мешіттер Аллатағаланың жердегі үйінен гөрі, бас-басқа, ру-руға бөлінудің ор­нына айналып бара жатқан жоқ па? Мешіт салуда осы қалталы кәсіпкерлердің бәсекелестігі кімге керек? Аға буын, ел ақсақалдары, қажы­ларымыз осыған тосқауыл қоюдың орнына, әр ауылда, елді мекенде ашылған ру, тайпа мешіттеріне «құтты болсын» айтып жүр. Мысалы, тәу­елсіздік жылдары Оңтүстік Қазақстан облы­сында 902 мешіттің жамағатқа есік ашқаны қандай жақсылық, қуаныш. Дегенмен, бір мешіт молынан жететін шағын ауылда үш мешіт­тің салынуының қандай қисыны бар. Жамбыл облысы Қордай ауданындағы шағын үш ауылда 26 мешіт бар. Қазақстанда «ислам оппозициясы» орнайды деп сәуегейсіп жүргендер де жоқ емес. Дәл бү­гінгі қым-қуыт, иманы аздау тірлікте дін ту­ра­лы жұрттың көбі білетін секілді сөйлеуге құ­мар. Соңғы кезде өздері дініміздің өркендеуіне тікелей үлес қоспаса да, сынампаздыққа салы­нып Діни басқармаға, имамдарға кінә тағу­шылар көбейді. Журналист М.Телібеков деген азамат Алма­тыда жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашып, кейіннен өзі оған «Қазақстан мұсыл­ман­дары одағы» деп ат беріп, діннен хабары жоқ болса да дін тақырыбында мәселелер көтерген болып, Қазақстан мұсылмандары діни басқар­ма­сынан бастап, мешіт пен молдалардың жұмыстарына баға беріп, сынап жүр. Ал, Семей қаласында тіркелген (діни бірлестік емес) «Сенім, Білім. Өмір» қоғамдық бір­лестігі барлық өңірде зікірші-исматул­ла­шы­лар­ды ашық насихаттап, жергілікті имам-мол­даларды ауыстыруға, сөйтіп олардың орнына өздерінің өкілдерін қоюға әрекеттеніп жүр. 2010 жылы Алматыдағы «Мамыр» шағын ауда­нының маңындағы үш қабатты үйде «зікірші-сопылардың» «қырық күндіктен» өтетін «шілхана медресесіне» полиция қызметкерлері шұғыл операция ұйымдастырып, онда қамауда отырған 60-қа жуық жастарды босатты. Қазіргі кезде Алматыда сол «зікіршілердің» көсем пірі, «тақсыр» Исматулла Мақсұм мен Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры Саят Ыбыраевтың және тағы бірнеше басшы­лары­ның үстінен қылмыстық істер қозғалып, олар сот отырысында жауап беруде. Дініміз үшін аса өзекті мәселенің бірі – отандық бұқаралық ақпарат құралдарында дін мәселесі толыққанды әрі дұрыс көтеріліп жүр ме деген мәселе. Ата-баба дінімен енді ғана қауышып жатқан біз үшін халқымыздың рухани сұраныстарын тиісінше қанағаттандыру, БАҚ-ты мейлінше тиімді пайдалану жағынан әлі де жеткіліксіздігі күн тәртібіне өткір қойы­лып отыр. БАҚ Ислам дініміздің нағыз жан­ашыр мінберіне айналсын деп талап қоюымыз әлі ертерек те шығар. Дегенмен, көпшілікке дінімізді жеткізуде БАҚ-тардың үлкен жауапкершілікті мойындарына алатын уақыты жетті. Бүгінде дін тақырыбында, діндердің көптеген пайдалы істерін көрсетіп насихаттауда БАҚ көп белсенділік танытпайды. Олар имам-молдаларды сынап-мінеп, мешіттердегі кейбір жайсыз жағдайларды көпіртіп, молырақ жазуға тырысады. Көптеген журналистер шиеленісті жағдай мен сот сергелдеңінен тайсақтап, теріс пиғылды діни ұйымдардың қызметін жазудан өздерін аулақ ұстайды. Соңғы кездері бірқатар БАҚ өкілдері ұйымдасқан қылмыстық көрініс орын ала қалса, оған қатысқандардың қай дінді ұстанатындарын сұрастырып, оқиғадан діни астар іздеп, әлек-шәлек болатынды шығарды. Дінімізге көлеңке түсіргісі келетін мұндай әрекеттер дін жауларының диірменіне су құю емес пе? Өзге сенімдегілердің қайсысы өз шіркеуі мен поптарын жерден алып, жерге салып жүр. Ондайларды орыс тілді газет беттерінен, теледидардан кездестірмейсіз. Сонымен қатар, дін секілді нәзік сала тура­лы біліп те, білмей де мақалалар жазып, дүр­да­раздықты жайып жүрген жекеменшік ислами басылымдар Шымкент, Тараз, Семей және Алматы қалаларында көбейді. Ал, Ақтаудағы «Үш қиян» газеті тек Діни басқарманың, имам, молдаларымыздың жұмыстарын сынап, мұ­қату­дан шаршайтын емес. Сол себепті еліміздегі осы сынды жекеменшік діни ақпарат құ­рал­дарын Дін істері агенттігі қатаң бақылауға алып, дінімізге, ұлтымызға қарсы қалам тербеу­леріне жол бермей, қажет болса біраз бөлігін жауып тастау керек.

ДІН – МЕМЛЕКЕТТІҢ РУХАНИ ТІРЕГІ

Бүгін бізге ұлттық қасиетімізді, дінімізді, әдет-ғұрпымыз бен дәстүрімізді қайта түлетіп, бәрін толық қалпына келтіруге тамаша мүмкіншілік туып отыр. Дінге сенушілер санының өсуі, сол сияқты дінге деген ынта-ықыластың артуы бұрынғы «дін – апиын» деп санаған кеңестік қоғам өміріне қарағанда, бүгінгі күннің өзіндік бір ерекшелігіне айналып отыр. Көптеген мамандар мұны: жоғалтып алған бұрынғы рухани құндылықтарымызға қайта оралу деп есептесе, екіншілері: бұл жағдайды қоғамдағы түрлі имансыздықтар мен әлеуметтік қиыншы­лық­тар­ды дін арқылы жеңуге ұмтылу деп түсін­діреді. Ал, мамандардың үшінші тобы: мұның бәрін уақытша құбылыс, саясат ығына қарай жығылу деп бағалайды. Қалай десек те, қазіргі Қазақстанның өмірінде діннің алатын орны мен рөлі үлкен де ерекше. Ислам дінін бүгінгі тәуелсіздігімізді айқындайтын бір белгі деп те айта аламыз. Бүгінде қазақ қоғамының дін ұстауы қалай, қазақ өз дініне берік пе? 2009 жылы Қазақстан­да өткен халық санағы бойынша, еліміздегі ха­лықтың 70,2 пайызы – ислам дінін, 26,3 пайы­зы – христиан дінін, 0,1 пайызы – буддизмді, 5281 адам иудаизмді ұстанамыз, ал халықтың 2,8 пайызы ешбір дінге сенбейміз деп жауап берген. Санақ бойынша, қазақтардың 98,3 пайызы ислам дінін ұстанамын депті, басқа діндерде жүрген қазақтардың саны – 43462 адам, ал ешбір дінге сенбейтін қазақтардың саны 1,0 пайызды құрайды. Қазақстандағы орыстардың 91,6 %-ы православие дініндеміз десе, ал 1,4%-ы, яғни 54277 адам ислам дініндеміз, 6,1%-ы ешбір дінге сенбейміз деп жауап берген. Украин халқының 90,7 %-ы православие дініндеміз, 0,9%-ы ислам дініндеміз, 7,3 %-ы дінге сенбейміз деген. Шынында да, осы дін бүгін кімге керек, дін тек имамдар мен молдаларға, болмаса, қартай­ған ата-әжелерімізге ғана қажет пе деген сұрақ та туады. Жоқ, бүгін дін біздің қоғамға, бәрімізге қажет. Дін – бүкіл ел мен жер, Отан тыныштығы мен амандығының, тіліміз бен діліміздің кепілі, бүгін дін бізге имандылық пен салауаттылықтың, зиялылық пен тектілік­тің тірегі мен құралы ретінде керек деп айта­мыз. Бір сөзбен айтқанда, ислам діні бізге халықтың рухани мұқтаждығы үшін қажет. Тарихтан белгілі, атақты Наполеон Бонапарт императорлық таққа келгенде француз халқына дінін қайтарып, дін жолына рұқсат беріп, «дінсіз халық – мұхитта компассыз жүзіп жүрген кемеге тең» деген екен. Еліміздің қуатты, рухы күшті, жан дүниесі бай, иманды мемлекет болуына біздің ұлттық зия­лы қауым өкілдерінің, жұрт соңына ереді деген зайырлы интеллигенцияның алатын орны мен рөлі ерекше. Қазіргі таңда, елімізде дін саласындағы мамандардың көбі тарих­шы­лар, филологтар мен журналистер, ал нағыз теолог-ғалымдар өте аз, жоқтың қасы. Тіпті, саусақпен санарлықтай деп айтсақ та болады. Сондықтан да, бізге дінтанушыларды, ғалым-дін мамандарын дайындау, ал Қазақстанда негізгі дін – Ислам діні болғандықтан, ислам­тану­шыларды жоғары дәрежеде дайындау – аса өзекті мәселе. Бүгінде біздің зайырлы мемлекетіміздің тұр­патына сай имандылық пен моральдық, аза­маттық нормаларды қалыптастыру үшін Қазақ­стан­дағы қоғамдық ғылымдар өкілдері: философтар мен әлеуметтанушылар, тарихшылар мен мәдениеттанушылар өз ізденістерінде заман талабына сай, діндертану ғылымының, оның ішінде Ислам дінінің елімізде өркендеп қанат жаюына атсалысып, өздерінің қомақты үлестерін қосатын кезең жетті. Бұл біздің ғалымдардың, дінтанушылардың халықтың алдындағы бүгінгі борышы деп айтсақ артық болмас. Өкінішке қарай, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан діни рәсім, салт-дәстүрін «бидғат», «ширік», «Аллаға серік қосу» деп са­наушыларға, өз уәждерін аят-хадиспен дәлел­деп тырысушы жас жаңа «діндарларға» сол дә­ре­жеде жауап қайтарып, дәстүріміз бен салты­мыз­ға қарсы болып жүрген кейбір топтардың айтқан «исламына» лайықты тойтарыс беретін біздің отандық діни ғалымдардың, ұлттық тео­лог­тарымыздың бүгінде дауыстары тіпті естілмейді. Біз бүгінгі күні тәуелсіздігіміз туралы сөз қозғағанда, осы Ислам діні қазақ халқына не берді, келешекте не бермек деген үлкен сұрақ өзінің жауабын күтеді. Ислам дінінің қазақ даласына келгеніне де он екі жарым ғасыр болды. Елімізге Ислам діні күшпен емес, бейбіт жолмен енді. Халқымыз ежелден Ислам ғұламасы, шариғаттың білгірі Әбу Ханифа Нұғман Сәбитұлы негізін қалаған ханафи мазхабын ұстанады. Қазақ халқы Ислам дінін соқыр сеніммен емес, үлкен ақыл-ой елегінен өткізіп, жан жүрегімен қабылдаған және дінді біздің халқымыз даналық, сопылық үлгісінде ұстанған. Қасиетті Құран Кәріммен бірге қазақ даласына үлкен ислам өркениеті келді. Ғылым, білім жанданып, көптеген қалалар салынып, онда медреселер мен ғылыми ошақтар жұмыс істеді. Жергілікті халық арасынан Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Бала­сағұ­ни, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыри және Тарази секілді терең ойлы, өз шығармаларында гуманизмді марапаттаған ғұ­ламалар шықты. Сол себепті де олар тек Қазақ елі немесе Орталық Азия ғана емес, бүкіл мұсылман Шығыс мәдениетінің мақтанышына айналды. Қазақ жері – әлемдік діндердің: буддизм­нің, христиандық және исламның тоғысқан жері. Біз үш өркениеттің, елеулі түрде ерекшеленетін әлемдік үш дүниетанымның тоғысқан жерінде тұрамыз. Қазақ халқы діни көзқарасы терең, діни мәдениеті өте жоғары, имани түсінігі мол ұлттардың қатарына жатады. Ежелден «Ерен дарып ер болған, Қыдыр дарып ел болған, Шілтеннің шылауы шалған» қазақ деген халықтың неше ғасыр бойы молынан қорланған рухани мұрасы кез келген жат мәдениет, теріс пиғылды дінге қарсы тұруға әбден жетеді. Тек, осы мұраны, осы дәстүрді бәріміз біртіндеп өз қалпына келтіре беруіміз керек. Себебі, дін де жоғалтуға болмайтын мол асыл қазына, үлкен байлық. Айта кететін бір жәйт, қазіргі кезде көпте­ген Ислам діни ақиқаттары да ғылыми жолдармен анықталып жатқаны баршаға аян. Ислам діні – ғылымның, білімнің діні. Қасиетті Құран Кәрім жеті жүз он тоғыз жерде ғылым, білім жайын айтса, үш жүз отыз алты жерде имандылық туралы айтады. Тарихтың қозғаушы күші – рух пен сана, рухани қуат екені белгілі. Жеке тұлғалардың, тұтас этностардың, ұлттардың тағдыры мен белсенділігі осы рухани қуатқа ие болуына және де сол рухани қуаттың қандай дәрежеде болуына тығыз байланысты. Тіпті, дінді берік ұстанған адамның бойына ерекше жігер мен күш-қуат, былайша айтқанда, шығармашылық ой-қуат даритыны белгілі. Діндар адамның сана-сезімі, дүниетанымы, тіпті азаматтық позициясы өзгеше қалыптасады. Расын айту керек, біз бүгін дін туралы шын­дықты енді ғана жақсы түсіне-біле баста­дық. Дін – мәңгілік, оның қай заманмен бол­сын үндестік табатынын, діннің бейбітшілікке, ынтымақ пен бірлікке қызмет көрсететінін түсініп келе жатырмыз. Бүгінде біздің діни сеніміміз өте тайыз. Ол түсінікті де. Енді бізге дәс­түрлі дінімізді ұлттық нышанда өзіміз дұ­рыс қабылдауымыз керек. Біздің Діни бас­қарма­ның айтатыны, Үкіметтің қолдайтыны – бізге дәстүрлі дін қажет. Сондықтан біз өзіміз­дің исламды, ислам болғанда да арабтың, не бол­маса иранның, не түріктің исламы емес, Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін, Шәкәрім­нің философиясын, ұлы Абайдың отыз сегізінші сөзіндегі исламды бойымызға сіңіруіміз керек. Құран аяттары мен Мұхаммед Пайғамбар­дың (с.ғ.с.) хадистерін, ұлы ғұламалары­мыз­дың сыр сөздері мен өлең-жырларын жаңаша сөйлетіп, рухани танымға ұмтылған халқы­мыздың сұранысын қанағаттандыруымыз – алда тұрған бүгінгі мақсат. Дәстүрлі дініміз – ол исламның сүннеттік парызы мен Әбу Ханифа мазхабына мойынсұнып, қазақтың дәстүрін, салтын сыйлайтын, елді бірлікке, татулыққа шақыратын дін. Дәстүрлі ислам діні – қазақ болмысы мен мәдениетінің негізгі күре­та­мыры және сақтаушысы. Осы тұрғыдан келгенде, әлі де алдымызда атқарылатын іс-шаралар аз емес екендігін байқауға болады. Иә, бүгін дүр сілкініп, рухани жаңғыратын уақыт келді. Мұхаммед Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) «Отанды сүю – иманнан» деп өсиет етсе, дана қазақ халқы «Иманды елді жау алмас» дейді. Олай болса, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келген дінімізге бет бұрып, имандылық пен бірлікті ту етіп көте­рейік. Аманбек МҰҚАШЕВ, дінтанушы, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының жетекші ғылыми қызметкері.