• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
22 Желтоқсан, 2011

Азаматтарды құжаттандыру тиімділігі

396 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлт­тық тізілімдері туралы» Заңына сәйкес 2012 жылдың 1 қаң­та­ры­нан бастап Жеке сәйкес­тен­діру нөмірі (ЖСН) енгізіледі. Мұн­­­дай «кілт» Қазақстан азамат­та­рының барлығына беріледі. Жеке сәйкес­тендіру нөмірі салық тө­­леу­­шінің тіркеу нөмірін (СТН) және әлеу­меттік жеке кодын (ӘЖК), ста­тис­тика органдары­ның кодын жә­не т.б. алмас­ты­ра­ды. Бұл амал өте ыңғайлы әрі тиімді, халықтың мемлекеттік қыз­меттерге қолже­тім­ділігін қамта­ма­сыз ету мақ­са­тында жасалып отырған шара. Қазіргі уақытта азаматтарды есепке алудың әр түрлі ақпа­рат­тық жүйесі қолданылуда: салық органдарында салық төлеуші­лер­дің тізілімі, әлеуметтік қорғау ор­гандарында – әлеуметтік жәр­дем­ақы беру тізілімі, ІІМ-де аза­мат­тардың жеке басын анық­тай­тын құжаттар туралы, тіркелген көлік құралдары және т.б. туралы деректер базасы. Әр ведомствоның ақпараттық жүйесінің бөлек болуы азамат­тар­ға және мемлекеттік орган­дар­ға қолайсыздық тудыратыны жа­сырын емес. Қазір мемлекеттік қызмет көр­сетуді оңтайландыру, әсіресе «қа­ғаз» жұмысын қысқарту үшін ай­тар­лықтай жұмыс жүргізілуде. Әр­­бір құжаттың қағаз түріндегі кө­шір­месінің орнына мемлекеттік қыз­метшілер «Жеке тұлғалар» Мем­­лекеттік дерек қорына ЖСН-ді енгізіп, азамат туралы тиісті мә­лі­мет алып, қызмет көрсете алады. Жеке сәйкестендіру нөмірі әр азаматқа бір рет, яғни дүниеге келген сәбиді АХАЖ-да тіркеу ке­зінде немесе жеке басты анық­тайтын алғашқы құжатты алу барысында беріледі. Сәйкестендіру коды жүйесі қа­зіргі кезде көп елдерде қолда­ны­ла­ды. Мәселен, Жапонияда, Финляндияда, Германияда, АҚШ-та және т.б. мемлекеттерде. Жеке сәйкестендіру нөмірі 12 саннан тұрады, оның ішінде аза­маттың туған жылы, айы, күні, жынысы және ақпараттық жүйе­­дегі реттік тіркеу нөмірі көрсетілген. ЖСН барлық салада қажет бо­ла­тын нәрсе. Ол азаматтық хал-актілерін тіркеу, жылжымалы жә­не жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу, төлемдерді жүзеге асыру және ақшаны аудару, оның ішінде міндетті зейнетақы жарна­ларын және әлеуметтік төлемдерді, сон­дай-ақ салық заңнамасын орын­дау, банктерде банк шоттарын ашу және жүргізу, рұқсат беру және тіркеу сипатындағы құжаттарды алу және тағы басқа жағдайларда қажет болады. Бұл ретте 2012 жылғы 1 қаң­тардан бастап салық төлеушінің тіркеу нөмірі (СТН), әлеуметтік же­ке коды (ӘЖК) және басқа мем­лекеттік органдар мен ведомстволар ақпараттық жүйеде қол­данатын кодтар жарамсыз болып танылады. Сонымен бірге Жеке сәйкестендіру нөмірі жоқ жеке куәліктер мен төлқұжаттар да жарамсыз болады. Жаңа жылдан бастап ЖСН-ді уақ­тылы алмаған азаматтар нотариус­тың қызмет­те­рін пайдалана ал­майды, мүлікті, автокөлікті тіркей немесе сата алмайды, салық төлей алмайды, банк операцияларын жүр­гізе және төлемдерді төлей алмайды, зейнеткерлер зейнетақы ала алмайды және т.б. Азаматтарымыздың көбінің құжаттарында ЖСН бар екенін атап кеткен жөн. Ол 1997 жылдан бастап жеке куәліктер мен төл­құ­жаттарға енгізіле бастады. Сон­дай-ақ, 2007 жылдан бастап туу туралы куәліктерге де қойылатын болды. 2010 жылдың ішінде ЖСН бар 1 млн. құжат ресімделген. Сонымен, 1995 жылдан бастап 1997 жылдың тамызына дейінгі кезең аралы­ғында берілген құжаттар ауыс­ты­руға жатады. ЖСН-нің деректер базасында бар-жоғын тексеру үшін сіз кез келген аудандық салық органына жүгіне аласыз немесе ғаламтор жүйесі арқылы салық коми­теті­нің сайтына кіре аласыз. Жеке сәйкестендіру нөмірін ал­маған азаматтар да бар. Осыған орай, біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, алмаған аза­ма­т­тарды анықтап, оларды құ­жат­тан­дыру үшін нақты шаралар қа­был­дап отырмыз. Учаскелік инс­пекторлар, көші-қон поли­ция­сы­ның қызметкерлері әр үйді аралап, сонымен бірге шалғай ор­наласқан елді мекендерде тұратын азамат­тарға ба­рып түсіндіру жұ­мыс­та­рын жүр­гізуде. Мүгедек, қа­рия адамдарды құжат­тандыру олар­дың тұрғы­лық­ты жеріне шы­ға оты­рып, жасалуда. Біздің бастамамыз бойынша ағымдағы жылғы қазан-қараша айларында 60 мың азаматқа жеке сәйкестендіру нөмірі бар жаңа жеке куәліктер берілді. Жылдың соңына дейін ЖСН жоқ азаматтар өздерінің жеке куә­л­іктерін тегін ауыстыра алады. Төлқұжаттар мен куәліктерді ре­сімдеу үшін тұрғылықты жері бой­ынша халыққа қызмет көр­сету ор­талықтарына, ал олар жоқ жерлерде көші-қон полициясына ба­рып, 2 фотосуретін, тіркеу кітабы мен жеке куәлігін тапсыру қажет. Кә­ме­лет­ке толмағандарға ЖСН ре­­сім­деу үшін туу туралы куә­лі­гіне ар­найы қосымша жа­са­лады. Ол үшін тұрғылықты орны бой­ын­ша тіркелгенін растайтын тіркеу кітабын, туу туралы куәлігін және ата-ана­сы­ның жеке куәлігін тапсыруы тиіс. Қазіргі уақыт – жаңа ақпа­раттық-технологиялар заманы, осыған орай бұл жаңашылдық әртүрлі бағыттағы қызметке деген қолжетімділікті қамтамасыз ететіні және «қағазсыз» қоғам құ­руға ықпалын тигізетіні сөзсіз. Қалмұханбет ҚАСЫМОВ, Ішкі істер министрі.