• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
23 Желтоқсан, 2011

Ұлағаты мол еңбек

398 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік алуымызбен бірге қазаққа қайтқан құндылықтың бірі – Наурыз мерекесі. Олай дейтініміз, ғасырлар бойы ырысы мен тынысы болған бұл мерекемізден кеңес кезе­ңі кезінде көз жазып қал­ғанымыз өзімізге белгілі. Әйт­се де ұлт жана­шыр­лары сол тота­ли­тар­лық жүйе кезінде де бұл мерекенің ұлт сана­сы­нан өшпеуі­не өзіндік үле­сін қосқаны да есте. Айталық, сонау 70-80 жылдарда «Лениншіл жас» газеті 22 наурыз күні жасыл бояумен шыға­тын. Сол газетті қолға алғанда жаңа жыл деп ашып айтпаса да көктемнің, жаңа күннің, жаңа үміттің лебі есіп қоя беретін дейді бүгінде аға ұрпақ өкілдері. Олай болса, халқымыз үшін рухани құн­ды­лығы мол осы­нау мерекені біз тәуел­сіздік тұсын­да ғана емін-еркін тойлау мүмкін­ді­гіне ие болдық. Алай­­да өмірі­міз­ге енді ғана орны­ғып, енді ғана өз биігіне діттеген бұл мереке туралы да әртүрлі алып-қашпа сөз көп. Олай болатыны, оның шығу тегі ғылыми тұрғыдан негізделмегендігінен деп білеміз. Енді, міне, сол олқылықтың орны толғандай десек, жуырда ғана баспадан шыққан «Нау мен ырыс» атты кітаптың жұрт көкейіндегі бірқатар сұраққа жауап беретіні анық. Бұл еңбектің авторы Түркітану академиясының қызметкері, мәдениет­тану­шы Серік Ерғали деген азамат. Ол бұл еңбегінде Наурыз мерекесін жан-жақты зерттей отырып, оның түркілік мереке екенін ғылыми тұрғыдан негіздеп береді. Автор өз пайы­мын осылай болуға тиіс деген өзіндік көзқарасымен ғана емес, тари­хи-мәдени мұралар, археологиялық жәдігерлерді зерттеуден туған орнықты оймен қорытындылап отырған. Сондай-ақ ол кезінде барша түркі халқын ақ тілеулер ағысымен қуантқан бұл мерекенің әлі де өз биігіне көтеріле алмай отыру себептеріне де тоқтала кетеді. Яғни, оның айтуынша, ұлттық мерекелер тыңғылықты зерттеу нысанына айнала қоймағандықтан да, «азаматтық мерекелік мазмұнға ие бола алмай отыр»...

Орайы келгенде, кітаптың алғысөзін филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлының жазғанын, Байланыс және ақпарат министрлігінің қаржыландыруымен «Қазығұрт» баспасынан 2000 данамен шыққанын да тілге тиек ете кетсек дейміз.

Қорыта айтқанда, халқымыздың рухын көтеріп, рухани қажет­ті­лігін өтеуге мол септігі бар мереке туралы бұл кітап өз оқырманын табады деген ойдамыз.

Серікқазы КӘКІБАЛАНОВ.