• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Әдебиет 20 Тамыз, 2018

Аялдамадағы  үш  азамат (әңгіме)

370 рет
көрсетілді

Ол үшеуі үнемі аялдаманың жа­нын­да қоғамдық көліктен түсіп жатқан жұртқа жалтақтап қарап, таныс біреу көріне қалса жалбақтап, күнделікті айтатын сөздерін тағы да қайталап, алақандарына бірдеме түссе құн­жыңдап, қайта-қайта басын иіп, түспей қалса тұнжы­рап, төмен қарап кететін-ді.

Әуелде біз де оларға бейіл таны­тып, қалтамыздағы түскі тамақ­тан артылып қалған азын-аулақ тиын-тебенімізді тастап кетіп жүрдік. Себебі, үшеуі де біл­дей азамат. Үшеуі де осы маң­да, бір-біріне жақын үйлер­де, жап-жақсы пәтерлерде тұрады. Кей уақыттарда әйел­дері­мен бірге қол­тықтасып, әл­де­қайда қонақ­қа асығып бара жат­қандарын көреміз.

Әйтсе де олардың осындай бір әлсіздігі бар еді. Менің білуімше, бірі – математик, екін­шісі – физик, ал үшіншісі және біздің шын көңілден сыйлап, құрметтеп жүретін кісіміз – ақын болатын.

Күн сайын, кей кездері күнара кездесіп қалғанымызда, ол ыл­ғи да: «Амансың ба, інішек, − деп жылы жымиып, қуанып тұратын. – Жұмыстан келе жатыр­сың ба?» «Иә», «Қалай, жұмы­сың жақсы ма?..» Мен аздап ыңғайсызданып, иығымды қозғап: «Жаман емес, – деймін. – Бірқалыпты». «Иә-ә, соның өзі де жақсы ғой айналайын. Біз міне, бүгін мына ағаларыңмен бірге аздап сыралатып қайтсақ па деп тұрмыз. Соған аздап… тиын-тебеніміздің жетпей тұр­ғаны». «Ой, − деймін мен өзім­нен өзім ұялғандай қалтама қолымды сүңгітіп, – мендегі бар қалғаны… міне… қырық-елу-ақ теңге». «Болады, – дейді ақын ағамыз езу тартып, басын изеп. – Өстіп-өстіп жиналады ғой».

Бірақ қанша сыйласаңыз да, құрметтесеңіз де, сұрамсақ­тың аты – сұрамсақ емес пе. Сон­дық­тан да болар, өз басым одан еш­қа­шан: «Аға, қалы­ңыз қалай? Үй-іші­ңізде не боп жатыр? Неге бүй­тіп жүрсіз? Зейнетақыңыз қайда? Шығармашылығыңыз ше…» деп сұрап көр­ген емеспін. Және сұрай қалған күннің өзінде, оған жа­уап беруге ақын ағамның уақыты да болмас еді-ау деймін. Өйткені әлгі математик пен физик достары бізге алыстан көзін сүзіп, бақылап тұратын-ды.

Әне, сөйтіп, уақыт зымырап өтіп жатты. Ол үшеуі ескі әдет­терінен жаңылмай, аялдамадағы жұртқа қарап телміріп жүре бер­ді. Әрине, бұл кезде ел өмі­рінде ешқандай өзгеріс болған жоқ десек, көпе-көрінеу өтірік болар еді.

Шындығына келсек, тоқ­саныншы жылдардың тоңы жібіп, біздің қалтамызда түскі тамақтан баяғыдай қырық-елу ғана емес, жүз-екі жүз теңгеге дейін артылып қалатын күн туып келе жатты.

Олар да, әрине, бұрынғыдай емес. Менің алғашқы байқаға­ным, бойларынан ет қашып, арықтап, жүздері күннен-күнге қарауыта бастады. Көздеріндегі баяғы ұшқын сөніп, қолдары қалтырап, иықтары селкілдеп, қанша теңге берсең де телміріп, жаутаңдай береді.

Уақыт шіркін, жер бетіндегі барлық тіршілікті өзі екшеп, өзі текшелеп, өзі реттеп, өз-өз орнына қойып отырады емес пе. Сондықтан, күндердің бір күнінде олардың да кезегі келіп жеткен болуы керек…

Тап қазір қайсысының қай жылы, қай күні қайтпас сапарға аттанғанын нақты айтып бере алмаймын. Тек әлгі, ақын ағамыздың ғана суреті мен оған жазылған қазанаманы, қоштасу сөздерін бір әдеби газеттен көзім шалып қалғаны бар.

Уақыт дегеніңіз, әлі де аққан судай зымырап өтіп жатыр. Алайда олар тұратын аялдама сол баяғы орнында. Тек аздап қана өзгерген. Жауын-шашынды күндері қалқалайтын бастырмасы бар. Және ұсақ-түйек сататын кішкентай дүңгіршік қосылған.

Алайда әлгі үш азамат бұл дүниеде мүлде болмағандай ізім-ғайым. Көзі тірісінде олардың қандай арман-мақсаттары болды? Қандай жетістіктерге жетті? Неге ішіп кетті? Неден түңілді?.. Ол жағы бізге беймәлім.

Ең өкініштісі, қазір аялдама­дан түскен кезде күтіп тұратын, аз-кем болса да хал-жағдайымызды сұрайтын ешкім жоқ…

 

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»