• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
23 Желтоқсан, 2011

Құмкөл мұнайы Керекуге жетті

669 рет
көрсетілді

Осыдан үш жыл бұрын  «ҚазМұнайГаз» АҚ құрамына енген  «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ енді өз жеріміздің  мұнайын  өңдейтін болады. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы мұндай жағымды жаңалықты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізген  «Мұнай-химия зауыты» АҚ бас директорының орынбасары Евгений Двуреков мәлімдеді. Ел Үкіметінің тапсырмасына сәйкес зауыттың өндіріс технологиясын біртіндеп қазақ жерінің мұнайын өңдеу үшін бейімдеуге көше бастағаны да сондықтан.

Павлодар облысында, кенге бай Керекуде де «өз жеріміздің мұнайын қашан өңдеп, пайдаға жаратамыз деген» арман-мақ­сатқа біртабан жақындап қал­ған­даймыз. Зауыттың соңғы кездері қазақстандық мұнайды өңдеуді қолға ала бастағаны  да белгілі. Бірақ, оның үлесі 30 пайызды ғана құрады. Ал биылғы жыл соңына қарай бұл көрсеткішті 70 пайыз­ға дейін ұлғайтудың бір сыры сырттан тасымалданатын мұ­най­­дың жетіспеушілігінде жат­қан сияқты. Ресейліктерден квотамен алынған жылдық шикізат қоры таусылғаны себепті амал­сыздық шарасы да болар. Екіншіден, бұл мәжбүрлік отандық мұнайды өңдеуге  мүмкіндік те беріп отыр. Бұл күндері зауыт Құмкөл мен Ақтөбеден құбыр арқылы жеткізілген қазақ мұ­найын өңдеп көруді сынақ ретінде қолға алды. Бұған дейін «Павлодар зауытында қазақ же­рінің мұнайын өңдеу қиын» деген пікір қалыптасты. Кеңестік кезде Павлодар зауыты Батыс Сібірдің мұнайын өңдеуге ғана құрылды. Ал, енді өндірістік-техникалық жағдайлар сәтімен іске асып, желтоқсан айында «Павлодар мұнай-хи­мия» АҚ-та  өңделетін мұнай­дың 70 пайызы өз жеріміздікі, яғни қа­зақстандық шикізатты құрайтын болады. Бұл күндері осы мақсат­ты қолға алған зауыт мамандары зауытта отандық мұ­найды өң­деудің технология­лық көрсеткіш­терін сынақтан өткізіп алуға дайындық жүргізуде. Сынақ ба­рысында, қазір Құмкөл мен Ақ­төбенің мұнайы қосып өңделуде. Әрине, зауыт толықтай өз жерінің мұнайын өңдеуге дайын емес. Өйткені, Кеңес өкіметі кезінен жабдықталған кәсіпорын­ның дәл қазіргі мұнай өңдеу технологиясы бұған мүмкіндік бермейді. Өз жеріміздің мұнайын өңдеу  Сібір мұнайынан қымбат болмайтыны түсінікті де. Бірақ, Құмкөлдің мұнайы +18 градус жылылықта-ақ қата бастайтын көрінеді, ал Ресейдің мұнайы  20 градус суыққа да төтеп береді екен. Зауыт мамандары жеріміз­дің  мұнайының құрамы таза, Батыс Сібір мұнайымен салыс­тыр­ғанда күкірт 4 есе аз. Бірақ парафин 5 есе көп, сондықтан кейбір  техникалық мәселелер бо­луы мүмкін деп отыр. Сонымен қатар, зауыт  тек қана қазақ жері­нің мұнайын өңдеуге көшсе, сұ­ра­нысы жоғары битум мен авиа­циялық жанар-жағармай өндіру жұмысы тоқтап қалуы мүмкін. Дегенмен де, бұдан ресейлік әріп­тестер шығын көрмейтін сияқты. Себебі,  Батыс Сібір жерінен  жылынан 480 миллион тонна мұнай алынатынын есептейтін болсақ,  оның 8 миллион тоннасы ғана Павлодар мұнай-химия зауы­тында өңделеді. Евгений Двуре­ков­тің айтуы бойынша, павло­дарлық  кәсіпорынның техноло­гиясы түгелімен негізінен Ресей мұнайын өңдеуге арналған. Ал енді қазақ жерінің мұнайының құрамында парафин көп. Бұдан битум жасау да  қиын.  Отандық мұнай бензин бағасына да әсер етпейді. Жоспарға сәйкес, «Еуро-4» стандарты бойынша жұмыс жасауға кәсіпорын 2016 жылы көшеді. Алайда, Ресей, Қазақ­стан, Беларусь арасындағы келісілген техникалық мөлшерлеме­лерге  сәйкес кәсіпорын «Еуро-3» стандартының өзіне екі жылдан кейін ауыса алады. Осыған бай­ланысты алдағы жылы зауытты модернизациялау бағдарламасы­ның шеңберінде бірқатар маңыз­ды қондырғылар орнату жоспар­ланып отыр. Евгений Двуреков­тің айтуынша,. Құмкөл мұнайын төмен температурада тасымалдау қиын. Сол себепті, қазіргі кезде зауытқа Құмкөлдің мұнайы ақтө­белік мұнаймен қосылып жеткізілуде. Зауыттың техникалық жүйе­лерін жақсартуға 6 млрд. теңге бағытталыпты. Өткен жылы зауыт­та бензин құрамындағы ок­танды көтеретін N-метиланилин қоспа құрылғысы іске қосылды. Бензин сапасын жақсарту үшін жылына 9 мың тонна N-метила­ни­лин қоспасы қажет етіледі. Жоғары сапалы отынды пайдала­нуға көшу ісі төмен октанды бензин өндірісін азайтуда. 2008 жы­лы АИ-80 маркалы бензин  үлесі өн­дірістің 33 пайызын алса, 2010 жылы 23 пайызға дейін азайған. Биыл көрсеткішті тағы үш пайыз­ға төмендету жоспарлануда. Жалпы, биыл  зауытта 4,6 миллион тонна мұнай өңдеу жоспарланған. Фарида БЫҚАЙ. ПАВЛОДАР.