• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
23 Желтоқсан, 2011

Ауылды қолдаудың айшықты жобасы

310 рет
көрсетілді

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ жылды жақсы жетістіктермен қорытындыламақ

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ осыдан біраз жыл бұрын ауылдық жерлерде шағын қаржыландыру және сақ­тан­дыру қызметіне қолжетімділікті қамтама­сыз ету негізінде кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жөнін­дегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мақсатында құрылған болатын. Жыл өткен сайын бұл қордың қызмет бағыттары кө­бейіп, соның нәтижесінде ол ауыл халқына тікелей қолдау көрсететін әлеуетті ұйым­дардың біріне айналып отыр. Мұның жар­қын мысалын қордың биылғы жылы жүр­гіз­ген жұмыстарынан-ақ айқын байқауға болады. «Бүгінгі күнге қор тарапынан 8,9 миллиард теңге көлемінде 5 мыңға жуық несие берілді. Осының арқасында 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Бұл осының алдындағы жылдармен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш. Қор қызметінің бір ерекшелігі оның ауылдағы несие алуға неғұрлым зәру қарапайым адамдарға қарай бағытталып отырғандығы. Былайша айтқан­да, біздің қызметтерімізді ауылдың қалың көпшілік бұқара халқы пайдаланады», дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрайымы Гүлназ Атамқұлова. Қор қызметі бірнеше бағыттар бойынша ұйымдастырылуда. Соның бірі «Ауылдық шағын несие» деп аталады. Бұл бағдарлама бойынша бөлінген несиелер көлемі 2 миллиард 768 миллион теңгені құрайды. Бұл қар­жылар мал сатып алуға, ауыл шаруашылығы жер телімдерін күтіп-баптап, одан өнім алуға жұмсалды. Осы бағдарлама бойынша бөлінген қаражатқа жалпы саны 28 138 бас мал сатып алынып, 5 767 гектарға өнім себілді. Жиыны 4 844 адам жұмыспен қамтылып, жағдайын түзетті. Тағы бір жақсылығы, бұрын бір несие бойынша берілетін қаржы көлемі 400 мың теңгені құраса, биылғы жылы ол 1 миллион теңгеге дейін жетті. Мұның өзі елімізбен бірге дамып келе жатқан ауыл адамының қаржылай әлеуетін бұрынғыға қарағанда елеулі дәрежеде арттырып, ол атқаратын қызмет көлемінің кеңейе түсуіне де ықпал ететіндігі анық. Елімізде соңғы уақыттардан бері ірі қара өсіру ісімен айналы­сатын фермер шаруа­шылықта­рын құрып, дамыту жұмыста­рының қолға алынғандығы белгілі. Осы мақсатта әзірленген арнаулы бағдарлама «Сыбаға» деп аталады. «Сыбағаны» жүзеге асыруға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ белсене үлес қосуда. Осы бағ­дарлама бойынша қор жалпы көлемі 4,1 миллиард теңге қаржыны іске қосып, 655 жобаны қаржыландырды. Осының нәти­жесінде ауыл адамдары 25 мың сиыр мен 600-ден астам бұқа сатып алу мүмкіндігіне ие болды. 2418 адамға жұмыс орны ұйым­дастырылды. Мұның сыртында қор қаржыландыратын «Жылыжай», «Табиғи орта», «БҰҰДБ-Се­мей», «Бизнес-Өңірлер», «Егінжай», «Мал Азық» атты бағдарламалар бар. Осылардың барлығы негізінен ауылдағы адамдардың тұрмыс-тіршілігін түзетіп, олардың еңбек­пен қамтылуына бағытталған. Мәселен, ауыл халқына қолдағы малдарын азықпен қамтамасыз етуге жәрдемдесетін «Мал Азық» бағдарламасы арқылы ғана 2010-2011 жылдары 500 миллион теңге шағын несие бөлінген еді. Ол қаржы түгелдей игерілді. Соңғы кездері қор Ислам даму банкі секілді бірқатар халықаралық қаржы ұйым­дарымен сәтті келісімдерге қол жеткізіп, соның нәтижесінде ауыл тұрғындары үшін жеңілдікті несие қаржыларын тарта бастады. Халықаралық TUV International RUS ком­паниясы қор қызметін ISO 9001:2008 халықаралық сапа талабына сәйкес деп тауып, тиісті сертификатпен атап өтті. 2010 жылдың желтоқсанында қор аясында Польшаның шағын қаржыландыру орталығымен бірлесе отырып, Шағын несиелендіру ұйымдарын қолдау орталығы құрыл­ған болатын. Бұл орталық аталған ұйым­дарда жұмыс істейтін қызметкерлерді оқыту арқылы жұмыстың сапасын көтеруде. «Егер мұндай орталық бұрыннан жұмыс істеген жағдайда біз көптеген пробле­малардың алдын алған болар едік. Мәселен, қазір кейбір шағын несиелендіру ұйымында несиелердің қайтарымы өте жоғары болса, кейбірінде көп төмен. Неге? Себебі шағын несиелендіру ұйымдарының бірқатары қыз­меткерлерінің білімі мен біліктілігінің төмендігінен өздерінің ішкі мәселелерін дұрыс ретке келтіре алмай отыр. Қазір біз оларды оқытып, үйрету арқылы осы істі жолға қоюдамыз», дейді «Шағын несиелендіру ұйымдарын қолдау орталығы» ЖШС директоры Мәдина Байниетова. Бүгінде «Ауыл шаруашылығын қаржы­лай қолдау қоры» АҚ-тың несиесін пайдаланып, өз тіршілігін түзетіп жатқандар елімізде мыңдап саналады. Соның бірі Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы Азаттық елді мекенінің тұрғыны Захида Кошакова 2009 жылы шағын жылыжай салуға несие алу туралы өтінішімен Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қорына келген болатын. Қор мамандарының жан-жақты сараптауынан кейін Захида қордың қарыз алушылар тізіміне қосылып, қаражатқа қолы жетісімен іске кірісті. Өз үйінің алдында 4 шағын жылыжай салып, қазір көк жуа, аскөк, салат жапырақтарын өсіріп, өнімді Сол­түстік Қазақстанға жөнелтіп отыр. Жы­лы­­жайдың арқасында отбасы табысы мо­лайып, қолғанаттары – балалары мен келіндерін де жұмыспен қамтыды. Яғни, бұл жы­лыжайлар Кошаковтардың отбасылық бизнесіне айнал­ды. Үлкен ұлы келінімен бірге Көкшетау қала­сындағы сауда орнында сол­түстікқазақ­стан­дықтарға сапалы әрі эколо­гия­­лық таза өнімді сатады. Ал кіші ұлы тауарды жөнелтіп әрі ағасына көкөністі жеткізіп беріп отрады. Көкөністің 1 кило­грамы­ның орташа бағасы – 450 теңге, ал көтерме бағамен – 420-400 теңге. Негізгі тұтыну­шы­лары Көкшетау қаласындағы кафе, мейрамхана, асханалар. Кәсіпкердің сөзіне қара­ған­да, жаз уақытында көкөніс баға­сы 350-370 теңгеден өткізілсе, қысқы мезгілде 550 тең­ге­ден 1000 теңгеге дейін шарықтайды екен. Жылыжайдан түскен пайданың арқа­сында Захида апай қор алдындағы берешегін мерзімінен бұрын өтеп, биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алып, 20 бас ірі қара мен оның қора-жайын салып жаңа белесті бағындыруға кірісті. Ол кісінің бұл істе де мол табысқа жететініне сенім зор. Сөйтіп Захида секілді көптеген еңбекқор адамдар Қазақстанда ауылда тұрып та жақсы тұрмысқа жетудің жолдары бар екендігін айқын көріп отыр. Бұл істе «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мемлекеттің қамқор қолын әрбір шаруаға, тіпті үй тұрмысындағы әйелге дейін жеткізудің сенімді құралына айналуда. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.