• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
23 Желтоқсан, 2011

Өзекеңнің өнегесі

411 рет
көрсетілді

Көрнекті қоғам, мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков ағамен бетке-бет жүз­десіп, бір дастарқан басында ешқашан дәм­дес болған емеспін. Ол кісінің есімін ал­ғаш ұзақ жыл мектеп директоры болып істеген, тарихшы ағам Төленбайдың аузы­нан естіп, ерекше толқып, тебіренгенім бар. – Нағыз халық қамқоршысы дерлік ой­лы, іскер жігіт екен. Біздің Георгиевка қыс­­тағындағы мүгедек балалар үйіндегі адам төзгісіз ауыр жағдайды өз көзімен кө­ріп, шұғыл көмек көрсету қажеттігін Оң­түс­тік Қазақстан облыстық партия комитеті бю­ро­сында мәселе етіп көтеріпті, – деген Тө­лен­­бай ағамның сөзінен кейін Дайырбек әкем: – Мүгедек балалар үйінде үлкен өз­геріс басталыпты деген дақпыртты мен де естіп едім. Сен ондағы жағдайды нақты біл­сең, рет-ретімен түсіндіріп айтшы – деп ерекше қызығушылық танытты. Мен де елең ете қалдым. Елеңдей қал­ғаным­ның себебі, Георгиевка қыстағы (қазір Көксәйек деп аталады) біздің ауылмен іргелес қыстақ болғандықтан, ағам айтқан мүгедек балалар үйінің қасынан ары-бері жиі өте­тін­мін. Күзетшінің аула маңына ешкімді жолатпайтынына байланысты ондағы балалар тұрмысынан мүлде хабарсыз едім. Төленбай ағам бір-екі жөткірініп алып: – Облыстық комсомол комитетінің нұс­қаушысы көрші қыстақтағы мүгедек балалар үйінің жай-жапсарымен таныс­қа­лы келсе, «бұл жабық мекеме» деп директор ішке кіргізбей қайтарып жіберіпті, – деп сөзін асық­пай сабақтады. – Мұны естіген облыстық ком­сомол комитетінің бірінші хатшысы Өз­бекәлі Жәнібеков қауырт жұмысын жиыс­ты­рып қойып, мүгедек балалар үйіне өзі келеді. Келсе, адам төзгі­сіз, тіпті, адамды есінен тан­дырарлық жағ­дайға тап болады. Бір аяғына етіктің, бір аяғына бәтеңкенің сыңарын киген жарым­жан баланың әжетханаға жер бауыр­лап, әрең жылжып бара жатқанын көріп, не дерін білмей состиып тұрып қалады. Тұла бойын ашу кернеген жас жігіт сабыр сақ­тап, мүгедек балалар үйінің дирек­торына жолы­ғып, сәлемдескен соң: «Сіздің қанша бала­ңыз бар?» – деп сұрайды. Ол «төр­теу» деп жауап береді. «Егер сіздің балаларыңыз мы­нан­дай халге ұшыраса қайтер едіңіз?» – дейді. Директор жұмған аузын аша алмай, жерге қарайды. Одан жөнді жауап ала алмай тұр­ған­да балаларды мектепке апар­ға­лы арбаға тией бастаған көріністі көріп тіпті қын­жы­лады. Оларға автобус, не ары-бері жүруге арналған шағын арба да жоқ. Жас жігіт енді асхана жағдайымен та­ны­сады. Балалардың сұйық сорпаға бұ­рышты үйіп-төгіп салғанын көріп, аң-таң қалады. Өзіне балалар ішіп отырған сорпадан ал­дыр­тып, дәмін татып байқаса, сор­па дегендері сасыған мал майы қо­сыл­ған сұйық атала болып шығады. Байғұс балалардың бұ­рышты көптеп салатыны сорпаның мүңкі­ген иісін аздап болса да басудың амалы екен. – Ой, мына директор тіпті оңбағанның оң­бағаны екен ғой! Көшеде, не жиын-тойда кезд­есе қалса, екі қолын қатар созып, сонадайдан жүгіріп кеп сәлем бергенге жақсы бауырымыздың бірі ме деп жүрсем, сүме­лек­тің өзі екен, – деп әкем бейне жау жағадан ал­ғандай қатты кейіп, бұлқан-талқан ашуланды. – Ата-бабамыздың «Жетім көрсең, жебей жүр» деген өсиетін таза ұмытқан екен. Әй, Құдайдан үмітсіз, – деп анам да реніш білдірді. – Одан ары қарай не болыпты? – деп әкем дегбірсіздене сұрақ қойды. – Облыстық партия комитетінің бюро мә­жілісі балалар үйінің директорын, аудан бас­шыларын қатаң жазалап, бюджеттен қо­мақты қаржы бөліп, балаларды оқы­татын сы­ныпты жатақханаға орна­лас­ты­рып, спорт, ойын залдарын қажетті құ­рал­дармен жаб­дық­­тап, сапалы азық-түлікпен, жеміс-жидек, көкөніспен жеткілікті әрі уақтылы қам­тамасыз етуді міндеттеп, оның орындалуын қатаң бақы­лау­ға алады. Тәрбиеленушілерді тауға, таб­и­ғаттың көрікті жерлеріне алып барып, серуендетуге автобус, олардың ары-бері жыл­жуларына қолайлы болсын деп доңға­лақты арба бөлдіреді. Ерекше қуа­ныш­ты жағдай – мүгедек балаларға арнап жаңа үй салынатын болыпты. – Ой, айналайын, мынау естіген адам­ның жаны сүйсінер үлкен жаңалық екен. Анадан тусаң ту осылай! – деп әкем дауыс­тай сөйлеп, орнынан бірнеше рет қозғалып кетті. – Ол жігіттің аты кім дедің? – Өзбекәлі. – Өзбекәлі өсіп-өнетін жігіт екен. Алла алдынан жарылқасын. Жетімдерді жебегені – сауап. Оның бұл әрекеті басқаларға да ой салса ғой, шіркін... – Мен түсінбеймін, ол балалар үйіне үкімет бұрыннан қаржы бөліп келе жат­қан жоқ па? Балалардың несібесіне қалай дәті барып, қол сұғады? – деген анама: – Дүниеқоңыздарда нысап бола ма?! – деп Төленбай ағам қысқа жауап қатты. – Өзбекәлі қандай отбасынан шыққан жігіт екен? – деді әкем ағама сұраулы жүзбен көз тастап. – Тұрмыстың тауқыметін тартып өскен жетім жігіт көрінеді. – Е, бәсе, оның жалтаңкөз мүсәпір­лерге жаны ашып жүргені содан ғой. – Ауылдастарының айтуынша, ата-анасынан ерте айырылған ол адамдардың қаныпезерлігін көріп-біліп өскеннен бе, сирек езу тартатын, жылпос-жарамсақ­тар­ға, опасыз сатқындарға ымырасыз, әйтсе де ызаланып, ашуланғанымен кек сақ­та­майтын, қайтымы тез жігіт көрінеді. Отбасымызда болған осы әңгімені естіген мен кейін медицина институтын бітіріп, Алматыда қызмет істеп жүрген кездерімде Өзбекәлі Жәнібеков ағаның атақ-даңқын қанша естіп, сырттай қызықсам да, кездесіп, сөйлесуге батылым жетпеді. «Ол кісінің қабылдауына не деп барам? Жай сәлем бергелі келдім дегенім ерсі болып жүрмей ме?» деген ой мені тежей берді. Алматыға қыдырып келген әкеммен атақты дәрігер Ишанбай Қарағұлов аға әңгі­мелескенді ұнататын. Мақтанғаным емес, әкем сөзге шешен, шежірешіл кісі еді. Бірінші рет Ишанбай ағамен даста­р­қандас болып отырғанымызда, асаба әкеме сөз берді. – Дүние жүзін бір емес, бірнеше рет аралап шыққан академиктердің қасында жайлаудан көшіп, қыстауды мекен еткен менің аузыма қайбір берекелі сөз түсе қояды дейсіңдер, – дегенінде: – Біз емес, нағыз академик сізсіз, – деп қонақ боп отырған атақты кісілердің бәрі әкемді қолпаштап ала жөнелген еді. Содан бастап Ишанбай аға маған телефон соғып: – Әй, Мүсілім, Дәкең (ол кісі әкемді құр­меттеп, солай атайтын) Алматыға қы­ды­рып келген жоқ па? – деп сұрайтын. Келді десем, академик достарымен бірге, әкеммен дидарласатын. Мұны еске алу себебім, әдеттегідей Ишанбай ағамен бас қосудан кейін үйге қайтып келе жатқанымызда, әкем: – Әй, балам, сен Өзбекәлімен таныс­тың ба? – деп сұрады. – Жоқ, әке. – Саған таныс, сөйлес деп қанша рет ес­керттім. «Жақсыдан – шарапат» деп ба­ба­ларымыз бекер айтпаған, – деп әкем ренжіді. – Осы жолы мен ауылыма қайтқанша ол жігітті іздеп тауып, үйге қонаққа шақыр. – Ол кісі келе қояр ма екен? – Сексеннен асқан әкем шақырады десең, келеді. Келмеуі мүмкін емес. Ол есті, текті жігіт. – Жарайды. Бірақ Өзекеңнің басқа жұмысқа ауы­сып кеткеніне байланысты реті келмей-ақ қойды. Бұдан біраз бұрын Өзағаның екі том­дық таңдамалы шығармалар жинағы қолы­ма түсіп, бас көтермей, құныға оқып шықтым. Сырқат анасы екеуі екі керегеден құрал­ған баспанада тірлік кешкен бала Өзбе­к­әлі­нің мектепке барарда киер киімі болмай, туыс ағасы жаны ашып Абан деген баласының ескірген костюмін бергенде: «Мені өлді дедіңдер ме, оған менің костюмімді неге бересіңдер!» – деп Абанның жер тепкілеп жылағанын естіген ауру анасының: – Мен осылардың «отымен кіріп, күлі­мен шығып жүріп» таптым осы сырқатты. Қарғамаймын ешқайсысын да. Тағдыр өзі-ақ туралайды бәрін. Өмірде бәрі қай­та­ланады. Кім білсін, ертең күнің туса, сенің ескіңді ол киер. Жігіт болып қал­дың, не болса соған қорғалақтай берме, – деп жұбатқаны қандай даналық! Осы бір ғана сөйлемнен-ақ Өзағаның текті, көре­ген ананың перзенті екенін аңғару қиын емес. Тағдыр қатал, ешкімді есіркей бермейді десек те, Өзбекәлі ағаның ауыр тұрмы­сы күзгі ағаштың бұтағына ілініп, қалт-құлт етіп, әрең тұрған сарғыш жапырақты көз алдыма елестеткендей еді. Мына жол­дарды жігерің құм болып, жасымай оқу мүмкін емес. «Бірде күн батарда үйге келсем, апам терге түсіп жатыр екен. Сас­қа­нымнан аяғын ұстай алыппын. Мәдине қайтыс болғанда, адамның өлерде аяғы­ның суынатынын көр­ге­нім бар-тын. Әл үстінде жатқан апамның аяғы тізесіне дейін тастай болып, суып қалған екен. Се­кеңнің бәйбішесі Рахия шешейге барып, апам қысылып жатыр деп жылап қоя беріппін. Ол кісі сен бара тұр, мен анау тігінші атаңды ертіп келейін деді. Тігінші деп отырғаны осы өңірге белгілі еркек киімдерін тігетін Раманқұл деген кісі. Ол кісіні ел арасында «Раманқұл машинеші» деп те атайтын. Ол келіп өлім үстінде жатқан анама дем салды, маған ризашылығын сұрады. Апам болса, бұл ба­лама ризамын, мені осындай халде тастап кеткен Спандиярға риза емеспін дегенді айтты. Рахия шешей: «О, жазған, балаң өзі кеткен жоқ қой, әскерге алынды емес пе, оған несіне ренжисің?» дегенде ғана апам Спандиярға да ризашылығын білдірді. Осылайша ісін бітіріп, бұл екеуі үй­лері­не қайтпақ болды. «Сен шешеңнің қа­сында боларсың» дегенді естігенде, апам­ның сол түннен аман шықпайтынын сезгендіктен, жалғыз қалуға қорқатынымды айттым. Рахия шешей: «Ендеше, ана ба­ла­лардың аяқ жағынан көрпесіне кіріп жат. Біз осында болармыз» деген соң, басым­ды жастыққа қоя салысымен сілем қатып, ұйықтап кетіппін. Мені шығарып салып, олар да үйлеріне қайтыпты. Сөйтіп, бай­ғұс анам екі керегенің арасында жалғыз­дан жалғыз жарық дүниемен қош айты­сып­ты. Мұны қалай кешірерсің?..» Қандай ауыр, ащы шындық! Бұдан ас­қан мейірімсіздік, қатыгездік бола ма? Бұл «Жаны ашымастың қасында басы ауыр­мас­тың» ең сорақы түрі емес пе? Рахия ше­шей­дің де, Раманқұл қарттың да өлім аузында жатқан жанды жалғыз тастап кеткенін қа­лай түсінеміз? Тіпті ұл-қыз өсіріп отыр­ған ана­ның: «Сен шешеңнің қасында қал», деп оң-солын танымаған баланы ауыр сыр­қат­тың жанына жалғыз қалдырып кетпек ниеті кім кімді де қатты шошындырары анық. Осы азап­ты ойдан мені бала Өзбекәлінің сезім­талдығы, жағдайды болжап, түсіне ала­тын­ды­ғы сергітті. Оның жалғыз қалуға қорқа­ты­нын айтқанына, соған ақылының жеткеніне шүкір еттім. Егер жазатайым ынжықтық та­ны­тып, сол түні өлім аузында жатқан ана­сы­ның қасында қалғанда, қорқы­ныш­тан жүрегі жарылып о дүниелік боп кетуі де мүмкін ғой. Анасын жерлеп келгеннен кейінгі көрі­ніс мынандай. «Мұндағылар апамның киім-кешегін, көрпе-төсегін өртеп, ыдыс-аяғын жерге көміп жатыр екен. Апам мен әкеп берген қауыннан үнемі қақ тіліп, керегенің көзіне іліп кептіретін. Сол бейшараның: «Спаным келсе, тойға жаратамын», деп өріп қойған қақтарын да лақтырып жіберіпті. Ол сонша алапеспен ауырып па? Ең бол­маса, осындай «құлақ естіп, көз көрмеген» сұм­дықты маған көрсетпей-ақ істесе қайтер еді? Оның үстіне сарыппен (ревматизммен) науқастанып, жүрек ауруына шалдыққан сор­лы анамды ауруханаға салып емдетпегені былай тұрсын, әскерге кеткен баласынан қалған бес-алты қойын, бұзаулы сиырын, бас­пағын жаратып, дәстүрлі «жетісін», «қыр­қын», «жылын» да өткізбеді. Анамнан айы­рылған сол бір қаралы күнгі ағайын-туған­ның зұлымдығы мен екіжүзділігі естен кетпес қайғылы қасірет болып, жүре­гім­де мәңгілік қалып қойды». Мойындауымыз керек, мұндай дүние­қоңыз, қаныпезер, мейірімсіз ағайын-туыс әр ауылда да бар. Сөзбен «бейшараға обал болды-ау» деп аяғансып, қолға іліккенін талап, тонап алатын тойымсыздарға жол бермес үшін не істеу керек деген ащы ойға еріксіз берілесің. Қайғыға қайғының жамала түскені қан­дай ауыр. Кітапта анасына әмеңгерлік жолмен үйленген туысы Серім Өзбекәліні жетегіндегі атқа мінгізіп, мектепке алып бара жатады. Жолай кездескен адам: «Секе, бұл кімнің баласы, қайда алып бара­сың?» – деп сұрағанда, оның «жесір әйел­дің баласы, мек­тепке алып барамын» – дегені Өзбекәлі­нің жү­ре­гін мәңгіге жаралағаны сөзсіз. Серімнің өз бауырынан «Жәнібек туысым­ның бала­сы» деген бір ауыз сөзін аяғаны неткен ақы­мақтық! «Асы жоқ алтын аяқ­тың, алтынын ал да отқа жақ» демекші, ондай ағайынды бар есебіне санаудың өзі қиянат. Өзбекәлі үлгілі шәкірт атанады. Мектептегі қабырға газетіне «өте ұқыпты, сабақты жақсы үлгеріп, кластастарының алдына шықты» деген жолдарды оқыған әр оқырман еріксіз толқып, қуаныш сезіміне бөленері анық. Кітапта жан жадыратар, қайрат-жігер сый­­лап, үміт отын тұтатар ауыл ақсақал­да­ры­ның ойлы, өнегелі бейнелері де жа­сал­ған. Мысалы, өмірі жарып тамақ ішпеген, сі­ңі­рі шыққан кедей болғанмен қайы­р­ым­дылықты, адалдықты айнымас серік еткен аласа бойлы, ат жақты, бадырақ көз Құрман қарттың па­ра­саттылығына тамсана таңдай қағасың. Ол үйінің түндігін жауып, ішке кіре бергенде ерке бала Өзбек­әлі түндігін ай­қара ашып, сы­қы­лықтап күліп, зыта жөне­ле­ді. Бұл әре­кетін бір емес, әр кез қайта­лай­ды. Құрман қарт «ой, мен сені құртайын» деп жорта қуғанмен қабақ шытып, ашу­лан­байды. Кейін Өзбекәлі Алматыға оқуға аттанғанында: «Қайтейін, қарағым, саған беретін қаражат болмады. Сүтіне шәй ақтап отырған жалғыз ешкіні сатайын десем, жақын жерде базар да жоқ» – деп егіле сөйлеп, «атаңның саған ба­тасынан басқа берері болмады» деп қо­лын жайып, бата беруі елдің елдігін та­ныт­қандай. Ол кісінің: «Балам, мерейің үс­тем болсын десең, құрбы-құрдас­тарың­мен, замандастарыңмен тату-тәтті бол», деген сөзі де баршамызды ойлантып, түзу жолға бастайтындай. Жасаған ағаш кебеже, жүкаяқ, қобди­ша­лары кез келген үйден табылатын Әзім­бек деген ұста атасының үйіне барған сайын қуанып, сақтағанын алдына тосып, ән айтқызуы, ризалығын білдіріп, оны жігерлендіруі, Мүсірәлі деген атасы кемпірінің жапқан екі таба нанының біреуімен шай ішіп, «қалған таба нанды балаға бер» дегенде кемпірі келіспей, қабақ шытқанын көріп, қамшысын ала ұмтылуы, «балам, ал мына­ны. Сенің тарығып жүргеніңді білем. Келіп тұр біздікіне» деуі – шын жанашыр, мейірімді, ақылды ақсақалдардың бейнесін толықтыра түскендей. Ол кісілердей жақсы адамдар болмаса, өмір тозаққа айналар еді-ау деген ойға еріксіз берілгенім де бар. Абай атындағы педагогикалық инсти­тут­тың тарих факультетін бітіріп, ауыл мектебінде үш жыл мұғалім болғандағы ізденістері, ұстаздық жолдағы ой-толғамдары Өз­бек­әлінің еңбексүйгіш, саналы азамат болып жетіле түскенін аңдатады. Ата-ана­лар­дың, шә­кірт­терінің сүйіспеншілігіне бө­лен­гені тура­лы: «Бір жолы тұмауратып жа­тып қалдым. Ол кезде әлі үйлене қойған жоқ едім. Олар өздерін қоярға жер таппай әбігер болып, дәрігерге жүгіріп, дәріханаға барып, базардан дәм тасып, әлекке түскенін көргенде ең­бе­гімнің босқа кетпейтінін ал­ғаш рет сезінгендей болдым. Арада қанша жыл өтсе де шә­кірттерім көз алдымнан кеткен емес» – деп жазғанынан да көп сыр ұққандаймын. Егер Өзағам комсомол, партия қызметіне ауыс­пағандай күн туғанда тамаша ұстаз бо­лып, тәрбие саласынан құнды еңбектер жазуы да сөзсіз еді деп ойлаймын. Ол кісінің мектептен тыс қоғамдық жұмыс­тарға белсене араласуы, әсіресе, аудандық «Білім» қоға­мы­ның тапсыруымен далада арық қазып жатқандарға халықаралық жағ­дай туралы лекция оқып, көзге түсуі комсомол, партия жетекшісі болып жетілуіне жол ашқан мүмкіндік дер едім. Өзбекәлі ағамыздың жоғары лауа­зым­ды қызметтерді адалдықпен, іскерлікпен, үлкен жауапкершілікпен атқарғаны ұрпа­ғы­мызға мәңгілік өнеге. Бір ғана дәлелге жүгінейін. Оңтүстік Қазақстан облыстық партия коми­теті­нің бірінші хатшысы В.Макаров бюро мәжілісінде облыстық ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Т.Назарбековті жұ­мы­сынан босатып, ор­ны­на У.Горячковскийді бекітуді ұсынады. Оған облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Ө.Жәні­беков Назарбеков­тің алған бетінен қайта қоймай­тын, көп мәселелерді хатшының көмегінсіз, өзі-ақ қолма-қол шеше беретін іскер басшы екенін айтып, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.Ма­каров­тың шешіміне қарсы болады. Мына жол­дар­д­ы оқып кө­ре­лік: «Виктор Иванович, сіз кадрларды жақсы біле бермейсіз (оның әбіржіп қал­ға­ны бай­қал­ды). Өйткені, олар­дың қай-қай­сысы­ның болса да мансабы, қыз­меті­нің сәтті болуы, жеке басының есен-сау­лығы сізге байла­ныс­ты. Кебісіңізді сү­йіп, алдыңызда құрдай жорғалағанның бәрі сізге қабілетті, кішіпейіл, қызметіне жан-тә­німен берілген жандар болып көрінуі мүм­кін» – дей келіп: «Мен Горячковский сияқ­ты­ларды сізден гөрі жақсы білем. Ұйым­дастырушылық қабілеті шама­лы, хатшы­лар­ға қағаз тасығаннан басқа қо­лы­­нан еш­теме келе қоймайтын адамның Назар­беков­ті алмастыратындай оның қай қылығымен сізге жағып жүргенін түсіне алмай отыр­мын» – деуінің өзінен-ақ шын мә­нін­де тек әділдікті жақтайтын ержүрек кү­рес­кер бейнесін танитынымыз анық. Көп ұзамай Өзбекәлі Жәнібеков республика деңгейіндегі комсомол басшылы­ғы­на ауысып кетіп, В.Макаров мәселені «қай­та тексерткен» болып, Горячковскийді ауыл шаруашылық бөлімі меңгеру­ші­лі­гі­не қайта ұсынады. Бұл жолы оның ұсы­нысын бюро мүшелерінің бәрі қолдайды. Бұл қателікті облыстың партия комитеті­нің өзі жарты жыл өтпей-ақ түзеп, Горячковскийді қызметінен босатуға мәжбүр болады. Осы бір ғана мысалдан Өзбекәлі Жәнібековтің кадрларды тани білетін көреген, күрескер қасиетін аңғарамыз. Мұндай кісіні сүймеу, құрметтемеу мүм­кін бе, сірә? Өзім Түркі­станға жолым түс­кен сайын Арыстан баб әулие мен Өзбек­әлі ағамның кесенесіне тәжім ете иіліп, құран бағыштаймын. Көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері Ми­хаил Есенәлиев ағаның: «Өз басым лауа­зы­мына қарамастан, өмірде қиын да болса өз жолымен жүрген, мықты сүйеніші, қоң­ды күмәнжігі, не ықпалды туыстары мен жер­лестері сияқты тіректеріне арқа сүйе­мей­тін, ешкімге жағынбай, ешкімнің ал­дын­да жорғаламай, қателесе жүріп, талай төмпештерді көре жүріп, өз деміне піспей, көкірек кермей, шырт етпе шамшыл болмай, тұтас тұлғаға айналған адамды сый­лай­мын. Өзбекәлі Қазақстанның осындай қайраткерлері қатарында болатын» – деген бағасын қуана құптаймын. Ол кісінің екі томдық таңдамалы шығармаларын оқып, ұлттық мүддеміз, ұлттық құндылық­тары­мыз туралы тың мағлұматтар алып, рухани баий түскенімді үлкен ризалық, алғыс сезіммен атап өткім келеді. Әсер-сезімімді түйіндей айтсам, хал­қы­мыздың абыройына абырой қосқан, аза­маттық ар-намысын әрдайым ту етіп биік ұстаған, біртуар Өзбекәлі ағамызбен кезінде қарым-қатынас жасай алмаға­ны­ма, жастық­тың әсерінен «мен дәрігермін, ол кісі партия қызметкері, сөзіміз жараса қоймас» деп тар­тыншақтағаныма қазір қат­ты өкінем. Адам­н­ың жасы ұлғайған сайын халқың туралы ойларға жиі батып, өткен тари­хы­мызды білуге деген құштар­лы­ғың еселеп арта түседі екен. Жұбанышым – Өзағамның екі томдық таңдамалы шығармаларының тағылымдық, тәрбиелік мәні терең дүниелер екеніне толық көз жеткіздім. Жақында Арқалық қаласында қызмет еткен туыс інім Тұрсыннан Өзбекәлі Жә­ні­беков ағамыздың ұлттық намыс, ұлттық мүдде туралы жазғандары, сол жол­дағы ізденістері туралы арқалықтықтардың аңызға бергісіз әңгімелерін естігенімде де ол кісіні іші-бауырым елжірей жақсы көре түстім. Ендігі ниетім – Өзағам туралы жазылған естеліктерді, зерттеу еңбектерді іздеп тауып алып, оқи беру, Өзағам туралы біле беру. Мүсілім ДАЙЫРБЕКОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.