• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
24 Желтоқсан, 2011

Қазаққа көптің бірі емес, көп күтетін журнал керек

730 рет
көрсетілді

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ, «Астана» журналының директор-бас редакторы:

ҚАЗАҚҚА КӨПТІҢ БІРІ ЕМЕС, КӨП КҮТЕТІН ЖУРНАЛ КЕРЕК

Осыдан он жыл бұрын тұсауы кесіл­ген «Астана» журналының дирек­тор-бас ре­дак­торы Мақсат Тәж-Мұрат басылым­ның бү­гін­гі және ертеңгі ізде­ніс­тері хақында әңгімелейді.

– Мақсат Әнесұлы, өзіңіз басқаратын «Астана» журналын шығару не үшін қажет болды?

– «Астана» журналы жобасы Елба­сы­ның елдің жаңа астанасын Қазақстан дамуының серпініне айналдыру жөніндегі стратегиялық тұжырымдамасы негізінде, сол кездегі вице-премьер Иманғали Тас­ма­ғамбетовтің бастамасымен, елорданың сол тұстағы әкімі Әділбек Жақсыбековтің ұйымдастыруымен дүниеге келді. Жур­нал­дың алғашқы нөмірі 2001 жылғы жел­тоқ­санда, яғни Тәуелсіздігімізге он жыл тол­ған уақытта жарық көрді.

Әу бастағы жоба бойынша «Астана» жур­налы жаңа астананың көзайымына, яғни «визит карточкасына» айналуы тиіс болған. Ол міндет бүгінде қаншалықты орын­далды, ол жағын оқырман қауым айта жатар. Ал осы жерде айта кететін бір жәйт, журналды он жылда екі-ақ адам басқарған екен. Оның бірі белгілі журналист Жұма­гүл Саухат және өзіңіз сұхбаттасып отыр­ған мен.

– Қай басылым болсын басшысы­ның талғам-тұшымы, дүниетанымы мен дүниетүйсігіне орайлас шығады ғой. Журналды басқарған соңғы үш жыл­да басылымға нендей өзгеріс әкел­дім деп ойлайсыз?

– Мен журналға газеттен келдім ғой. Жұмагүл Берденқызы да сөйткен. Ре­дак­циядағы журналистердің көпшілігінің де өткен мектебі – газет. Бұл жағдай таза кә­сіби журнал шығару ісінде біраз қиындық келтірді және келтіріп те отыр. Қазақ­станда журнализм, яғни журнал шығару са­ласы әлемдік үрдістен артта қалып қой­ғандығын осы мысалдан да аңғаруға болар еді. Біздегі журналистика факультеттерінде журнализм оқытылмайды, болашақ журнал қызметкерлері арнайы даярланбайды, тіпті жалпыұлттық журналымыз да жоқ, міне, осының бәрі журнал саласын дамыту ұлттық идеологияның басымдықтары қата­ры­на енгізілмегендігінің көрінісі. Сон­дық­тан редакторлық түйсігіме ғана сүйеніп, бәрін басынан бастауыма тура келді.

Соған орай, ең алдымен «Астананы» екі тілдегі қойыртпақ қалпынан арылттық – базалық, қазақша бөлігі мен орыс тіліндегі жаңа «Астана-плюс» қосымшасын бір мұқа­ба­ның ішінде жеке-жеке орналас­тыр­дық. Одан басқа орыс тілінде айына екі рет шы­ғып тұратын «Астана-ньюс» қосым­ша­сының тұсауы кесілді. Ол әлемдік медиа-кеңістік­тегі Newsweek, Time, Chine news, «Огонёк», «Итоги» сияқты Қазақстанда тұң­ғыш шық­қан түрлі-түсті жедеғабыл жа­ңалықтар жур­налы болды. Сөйтіп, біз жа­ңа пішіндегі жур­налды promotion (на­рық­қа енгізу) ке­зеңін бір брендтік атаудың аясына топтасқан үш басылыммен бас­та­дық. «Журналдың мем­лекеттік тілдегі сегменті неге азайып кетті?» дейтін ықтимал сұраққа осы жерде жауап бере кетейін: «Астана-плюс» және қа­зір­де веб-порталға айналып жатқан «Ас­тана-ньюс» қо­сым­­ша­сының тілі орысша орғып тұр­­ғанымен, кон­тентінің рухы – ұлттық, құнды­лығы – ислами. Мұндай қадамға әу баста, ба­сы­лымды реформалау барысында таң­дап алын­ған мақсат­ты аудиторияға – қоғам­ның орта тарап жігі­нің, соның ішінде орыс­тілді қа­зақ қауы­мы­ның қажеттіліктерін ескере оты­рып бардық. Өз қазанымызда өзі­міз бұр­қыл­дап қайнай бер­мей, кейбір өткір пробле­ма­ларды, тол­ғақ­ты ойларымызды орыс тілінде де ортаға салып отыру керек деген ойға бекіндік.

– Бүгінде әрқандай ақпараттық өнім­нің өміршеңдігінің кепілі сапалық параметрлерді жақсарту, яғни «мазмұн – сапа – безендіру – жарнама» дейтін төрт нәрсенің басын тең ұстау ғой...

– Бұл айтқан төрт мүшелі анықтамаңыз ақпараттық өнімдердің ішінде әсіресе жур­налға көбірек келіңкірейді екен. Әл­бет­те, «Астана» журналының жұрттың бәріне ұнай­тын доллар болуы шарт емес. Қоғамға әртүрлі ақпарат өнімін ұсыну – демократия талабы, сонымен бірге демократиялық қоғамда журналыңды кісінің кеудесіне автомат тіреп тұрып та оқыта алмайсың. Дегенмен, осы өркениеттік демократияны өмір­ге келтірген уақыттың тағы бір құн­ды­лығы – әркімнің сәнді де салтанатты тұ­руы­на жағдай жасауы. Жақсы қағазға сапалы етіп басылған, көркем безендірілген журналдар бүгінде айтылмыш сәнді, салтанатты тұрмыстың ажырамас бөлігіне айнала бастады. Сондықтан заманауи журнал кімді болсын сырт келбетімен, ішкі бе­зендірілуімен бірден баурап алуы, нақ­ты­рақ айтқанда алыстан «арбауы» керек.

Сонымен бірге мына бір жәйтті ескерген жөн. Әдетте газет өмірдің өзін көрсете­ді, қоғамда болып жатқанды сипаттап береді. Ал журналда оны жасаушылардың дүниені қалай көретіндігі, сонымен бірге қоғамның қай сатысында тұрса да бәрібір арман-аңсары, қайғы-күйініші қара қабыр­ғасы­ның астындағы қарапайым пенде боп қа­латын адамдардың өмірлік қажеттілік­тері, айнала дүниені қалай көретіндігі жә­не қалай көргісі келетіндігі көрініс табады. Сондықтан журналда безендіру ісіне, со­ның ішінде мазмұнды (контентті) графика­лық-көркемдеу құралдарымен «әңгімелеп беру», «оқыту» әдісіне айырықша мән беріледі. Батыста журналдар негізінен осы принциппен шығады. Оларда бірнеше ға­сыр­лық тарихы бар басылымдар журнал нарығын әлдеқашан бөлісіп алған ғой. Бірақ қай журнал болсын ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір жабылады. Нарыққа соң келген басылымдар әлгі үйреншікті сүрлеумен жүр­гісі келмейді, сол үшін де дәстүрлі емес, жаңа әлеуметтік жіктерді тауып, өзі­нің мақсатты аудиториясына айналдырады. Қазірде әлемдік журнал кеңістігіне өң беріп, үрдіс қалыптастырып отырғандар да контр-мәдениетке негізделген әлгіндей фэйшн басылымдар. Оқырманын нақ көз­деп барып шығатындықтан аудиторияны бір­ден аруанадай жетелеп, еліктіріп әке­тетін оларда басылымның негізгі новел­ласын, бағыттаушы концепциясын жоба иелері бергенімен, журналды кәнігі шеберлер – «дизайн корольдері» және олар бас­қаратын дизайн-бюролар жасайды. Бізде дизайн жасау ісі шығармашылық үдерістің құрам бөліктері деп қаралса, оларда дизайнерлер өз саласын, басу процесін жетік білумен қатар түпкі тұтынушының психоло­гия­сын да терең игерген. Соған сай әр нөмірді шахмат партиясы сияқты әбден ой­ластырып, нақпа-нақ жобалап, иллюс­т­ра­циялық қатарды басылым концепциясына орайластыра отырып шығарады. Графи­ка­лық элементтер (фото, слайд, иллюстрация және сурет) жалаң безендіру үшін емес, мақаладағы негізгі мағыналық жүк­те­мені алып жүру мақсатында қолда­ны­лады. Бізде дизайнер журналистің бағын бай­ласа, Ба­тыс­та «дизайн королі» жур­налистің бағын ашады. Ол ол ма, маркетингтік міндеттерді шешуге, басылымның мәдениет көркей­ту­шілік рөл атқаруына, сондай-ақ табыс та­буы­на тікелей қолғабыс жасайды.

– Мақсат Әнесұлы, әңгімеңізге қа­рағанда, біздің елдегі журналдар айы­рық жолдың үстінде тұрған сияқты. Бір жол бар – жақын: үйреншікті сүрлеу, яғни бір саланы аудиторияға айнал­дырып, сол салаға қатысы бар мемлекеттік органның, яки компанияның, не бизнес құрылымның көмегімен шыға беру, екінші жол бар – алыс: кәмелеттен озған елдердің үлгісімен соны сипат­та­ғы, жаңа тұрпаттағы журналға айналу. Қазақстандағы журнализм осы екі жол­дың қайсысына түседі деп ойлайсыз?

– Мен біздегі журнал саласы бойынша жауап бере алмаймын. Менің құзыретім өзіме тапсырылған басылыммен шектеледі. Бірақ осы саланың төңірегінде арқан сүйретіп жүргеннен кейін жан-жағыңды шолып отыруға мәжбүрсің, сондай бірер ойыммен бөлісейін.

Өзімізге белгілі әлемде көптеген ірі бас­па компаниялары журналды рухани азық бол­ған­дықтан жақсы көретін адам­дар­дың көме­гі­мен емес, журналдардан пайда көргісі келе­тін­дердің арқасында өмір сүріп отыр. 2010 жылғы ең бақуатты адам канадалық медиамагнат Карлос Слим деп танылуы тегін болмаса керек. Мұндай ірі коммерциялық журнал жобаларына қаржы салған инвесторлар жарнамадан, сатудан түсетін пайдаға есеп жасамайды, бұл инвестициялар жоба­ның капиталдануының артып, акция түрінде сатылуынан түсетін пайданы көздейді. БАҚ космополиттік сала ғой: Ресей Батыстан алады, біз ресейліктерден көшіреміз дегендей. Дәл сол батыстық үлгідегі халықаралық «Сноб» жобасына орыс олигархы Михаил Прохоров бастапқы кезеңде 50 млн. доллар құйған, жоба өзін-өзі ақтайтын «нөлдік» кезеңіне бірнеше жылдан соң, таяуда ғана аяқ басты. Соған қарамастан жобаны жа­сау­шыларға, соның ішінде тұрақты дизайн-бюро мен аутсорсинг арқылы тартыл­ған маман­дарға төленетін жалақы мен сый­ақының мөл­шері АҚШ-тың айлық журналдарының деңгейін негізінен сақтап келеді. Ал қазірде америкалық журналдарды шығару тапсырыл­ған кәнігі мамандарға төленетін сыйақы біз­дің үш ұйықтасақ түсімізге де кірмейді. Ондай журналдар бір-біріне мүлде ұқсамайды, әрқайсысы оқыр­мандары шығуын күтіп жү­ре­тін өзінше бір әлем. Оларда қоғамдағы жаңа құнды­лық­тар өзгеше тәсілдермен наси­хат­талады, бизнес-жоба ретінде пайда әкелу­мен қатар «ел біреу, ұлыс ортақ» дейтін идеология мультинәсілдік ортаның санасына білдірмей сіңіріледі, интернетпен миы айна­лып қалған қоғамға бір кезек тасқа басылған сөзді еріксіз оқытып, ойлау жүйесін ұштап, таным көкжиектерін кеңейтіп те жатады. Содан да болуы керек, қазір Батыста жур­нал­дарға мемлекет тарапынан қолдау көр­сету газеттерге қарағанда артып келеді. Па­радокс сияқты: журналдар түгелдейін жеке меншік­тің қолында, сөйте тұра өкі­мет жекенің жур­налын жазылым бойынша тарату ісіне нақты көмек беріп отыр. Мұн­дағы логика мынада: жеке меншік жур­налдар «нөлдік» кезеңде пайданы жарнамадан түсіретіні белгілі, ал жарнама берушілер журналдың тұтыну­шы­ның қолына уақтылы тиюіне ерекше мән береді. Сол себепті баспагер тұрақты оқырман­дар қа­тарын көбейтіп отыруға мүдделі, осы мақ­сат­та шетелде журналға жазылу бағасын арзандатып, керісінше бөлшек саудадағы бағасын қымбаттатып отырады. АҚШ-та журналдардың 85%-ы жазылым бойынша тарайды, бөлшек саудаға 15%-ы ғана түсе­ді. Басылымды жеткізу шығынын шыға­ру­шы төлегенімен, үкімет пошта тарифтерін қатаң бақылауға алған. Мәселен, жеткізу ісі пошта үшін шығын екендігіне қара­мас­тан, АҚШ Конгресі пошта тарифтерін қымбаттатуды заңмен шектеген. Ал Франция өкіметі пошта қызметіне жеке меншік журналдарды тарат­қаны үшін субсидия береді. Германияда пош­таға осындай қызметі үшін қосылған құн салығы салынбайды.

Батыста журнал таратудың басқа балама түрлері де кеңінен қолданылады. Ай­та­лық, пошта қызметі қымбат, тарату ісі мем­лекет тарапынан реттелмейтін елдерде курьерлік қызмет көмегімен жеткізу, ад­рес­тік табыс­тау, тикетинг сияқты тәсілдер пайдал­а­ны­лады. Австралияда журналды Coca-Сola-ның шөлмегіне орап сататын да әдіс бар.

Жалпы, Батыста нарық заңдары бәрін де реттейді, соның ішінде жеке меншік ақ­па­рат құралдары таза өз қоңын өзі көтереді дейтін пікір – бекер сөз. Оларда баспасөзді таратуға жанама қолдау жасаудан басқа кәмелетке толған жастарды газет-жур­нал­дарға тегін жаздыратын арнайы бағдар­ламалар бар. Шығынның жартысын өкімет көтереді, қалғанын баспа компаниясы тө­лей­ді. Францияда мәдениет және бұқара­лық коммуникация министрлігі тарапынан 2009 жылдан бері «Маған сыйлаған газет» деген атпен осындай акция жүйелі түрде өткізіліп келеді. Акцияның бірінші ке­зеңін­де ғана жастардан 300 мыңдай тап­сы­рыс түскен, оның 200 мыңы тегін абонементке ие болған. Былтыр осындай акция­ға 62 француз газеті қатысқан, өкімет ак­цияны қаржыландыру үшін 3 жылға арнап 15 млн. евро бөлген. Ал біздегі биліктің БАҚ-қа қолдау көрсетуі жылма жыл тендер не тікелей қаржыландыру арқылы беретін қаржымен шектеліп отыр.

Жалпы тираж-басылым үшін негізгі көр­сеткіш деп кесіп-пішіп айтуға да бол­май­ды. Батыста таралымы аз, ықпалы күш­ті журналдар бар. Олар баспасөзге жа­зылу мәселесінде біз сияқты науқан ту­ғы­зып жатпайды, оқырманды басылымға көз­ге көрінбейтін нәзік тетіктерді нәзік бұ­рап алып келеді. Дей тұрсақта біз былтыр жазылым бойынша дүниежүзілік медиа-тәжірибенің кейбіреуін өзімізде сынап көр­дік. Журналға жазылым бағасын арзандату арқылы тұрақты оқырман санын алдыңғы жылдардағы межеден асырдық. Бүгінде жур­налды жаздыртып алатындар жалпы таралымның 30%-ын құрап отыр. Дүние жүзі бойынша мерзімді баспасөз әр жылы тиражының 2%-ын жоғалтып келе жатқан қазіргідей кезде мұның өзі тәп-тәуір көр­сеткіш. Тираждың қалған бөлігі Астана мен Алматыда адрестік табыстау жолымен таралады, презентациялық негізде Астана-Алматы бағытындағы «Тұлпар» пойызына және халықаралық Астана әуежайының тер­миналдарына қойылады. Нарық жағ­дайында, әрине, ысырап, бірақ бұл қадамға нақты қажеттіліктен – жаңа форматқа көшкен басылымды кеңірек таныстыру үшін және жарнама берушілердің талап-тілегін ескере отырып барып отырмыз.

Енді қазақ журнализмінің алдында тұр­ған екі тарау жолға келсек, оның алыс та болса жақыны, қиыннан табар қымбаты, меніңше, жоғарыда өзіміз аз-кем айтып өт­к­ен пішін. Ізденсек, көп болып жұмыл­сақ, дәстүрлі журнализм мен әлемдік ын­саният піскен астай даярлап қойған тә­жірибенің арасынан ұнасымды ұлттық үлгі пішуге болады. Айтты-айтпады, эконо­ми­ка­да Ресейді аттап өтіп, көп нәрсені Батыс­тың өзінен алып отырмыз ғой (мысалы, «бір терезе» принципімен халыққа қызмет көр­сету орталықтары немесе құрылыс стан­дарттарын белгілейтін «еврокодтар»).

Осы тұрғыда тұрып айтсақ, «Астана» журналы неоконсервативтік бағыттағы, па­фос­тық емес, концептуальдық ыңғай­да­ғы, маз­мұны ұлттық, концепт-дизайны батыстық жалпыұлттық журналға айналуы тиіс. Әрине, бұл мақсатқа жету көп тер төгу­ді қажет етеді.

– Сөзіңізге қарағанда, жаңа тұрпат­та­ғы журнал шығаруға қолбайлау болатын жәйттер аз емес сияқты.

– Оның бәрін бірер ауыз сөзбен бір ма­қаланың аясында айтып беру мүмкін емес десем, жаңа тұрпатты журнал жобасын өз басым билікпен тікелей байланыс­тыр­май­мын. «Астана» журналы қазіргі қалпында шыға берсе, оған толық мүмкіндік бар. Соң­ғы кезде құрылтайшымыз – Астана қаласы әкімдігі журналға бюджеттен бө­ле­тін қаржыны екі есеге жуық көбейтті, ре­дакцияның материалдық-техникалық база­сы жақсартылды. Біздің қазақтың ішер ас, киер киімнен кейін көп тартқан зары – баспана ғой. Иманғали Тасмағамбетов әкім боп келгелі төрт қызметкеріміз баспаналы болды. Осының бәрі журналға бедел әпе­ретін нәрсе әрі мемлекеттің тікелей қол­дауы басылымның экономикалық тәуелсіз­ді­гін қам­тамасыз етіп, қалталыларға жә­реу­келену­ден сақтайды. Дегенмен, әрқан­дай ірі жур­налдық жоба қомақты қаржы, өте қомақты қаржы салуды қажет етеді. Мысалы, «Сноб» жобасымен 113 адам ай­налысады. Біздің жур­налдың және «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газет­тері­нің редакциялық құра­мын қосып есептесек те бұл санға жетпейді.

Жалпы, Қазақстан жағдайында дәл қазір ауқаттылар журнал жобасына пайда табам деп қаржы салатындай ахуал қалыптаса қойған жоқ. Біріншіден, журнал – ұзақ мерзімдік жоба, екіншіден, ол пайданы капиталдану кезеңінен соң акция түрінде әкеле­тін­діктен елде толыққанды құнды қағаздар на­рығы болуы шарт. Ондай ахуал қашан ор­най­тыны мәлімсіз. Халқымыздың әл-ауқаты, тұрмыс деңгейі өркениет деңгейіне жеткенде ондай мүмкіндікпен де қауышармыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 Әңгімелескен Зарина АСАНОВА.