• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
24 Желтоқсан, 2011

Қоршаған ортаның тазалығы үшін

491 рет
көрсетілді

Кеше Болат Нұржанов атындағы Екібастұздың ГРЭС-1 стансасының №6 энергоблогында электр сүзгісі іске қосылды. Өндірістік  жобаның іске қосылуына және энергетиктерді төл мерекелерімен құттықтау салтанатына кәсіпорын акционері  «Қазақмыс корпорациясы»  ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огай, облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. Екібастұздағы ГРЭС-1 стан­сасының 50 пайыздық үлесіне ие «Қазақмыс» жеріміздегі мыс, алтын, мырыш, күміс, электр энергиясын өндіруде елеулі активтері бар, табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу жөніндегі жетекші халықаралық компания болып табылады. Корпорация еліміздегі ірі мыс өндіруші әрі 17 кенішке, 10 тау-кен фабри­ка­ларына және екі мыс бал­қыту­шы өндірістік кешенге ие болып отырған әлемдегі алда келе жатқан мыс өндіруші. Мырыш, күміс және алтын өндіреді. Өт­кен жылы 167 мың тонна мы­рыш концентратын өндірген. Кор­порация әлемдегі он кү­міс өндірушінің бірі боп та­бы­лады. Лондон қор биржасын­да және Гонконг қор биржа­сын­да айна­лымға қабілетті FTSE-100 компания тізіміне кіреді, сон­дай-ақ Қазақстан қор биржа­сын­да (KASE) да саудаланып келеді. Корпорация тобында 61 мың адам жұмыс істейді, көп­шілігі қазақстандықтар. Ал, энер­гети­калық қауіпсіздік – ол ел қауіпсіздігі. Бұған дейін шетелдік ин­весторлардың қолында болып келген 30 жылдық тарихы бар станса бұл күндері мемлекет иелігінде екені белгілі. Был­тыр ГРЭС-1 стансасына еліміз­дің және ТМД елдері электр энер­гетикасы саласының ардагері, кезінде кәсіпорынның аяқ­қа нық тұрып, дамуына зор үлес қосқан Болат Нұржановтың есімі берілді. Өткен жылы стан­саның мерейтойына орай №5 энергоблокта қоршаған ортаны ластанудан қорғайтын электрлі сүзгі іске қосылған болатын. Стансаның бас директоры Рыс­қан Сыбамбаевтың айтуынша, кәсіпорынның алдағы он жыл­дыққа арналған даму бағдарла­масы талқыланып, бекітілген. Жоғарыда аталған №5 электрлі сүзгі осы инвестициялық бағ­дар­ламаның алғашқы бастамасы деуге болады. Жаңа құрылғы ауаға таралатын зиянды күлдің мөлшерін жылына 17,5 мың тоннаға дейін төмендете алады. Бұған дейін экологияға залал келтіретін қалдықтардың ауаға таралу мөлшері жылына 20,5 мың тоннаны құраса, енді ол көрсеткіш 3 мың тоннаға дейін азаяды. Бұл кәсіпорынның қар­жы үнемдеуіне де әсер етеді. Мысалы, экологиялық зардаптар үшін жылына төленетін қаражат көлемі 70,6 миллион теңгеге қысқарады. Стансадағы № 2 және № 8 энер­го­блоктарды қайта қалпына келтіру жұмыс­тарына құйылатын инвестиция көлемі 53,4 млрд. теңге болады. Жобаны іске асы­ру мерзімі – 2014 жыл. Иә, эне­р­­ге­тика – ел экономикасы­ның қоз­ғаушы кү­ші. Қазіргі кезде елімізде қолға алынып жат­қан үде­мелі ин­дус­триалдық-инно­ва­ция­лық даму жобалары да энер­ге­ти­ка сала­сы­мен тығыз байла­ныс­ты. Бұл ретте, Екібас­тұз­дың ГРЭС-1 стан­са­сының алар орны ерекше. Жалпы, Екібастұздағы стансаларда жүзеге асырылып жат­қан инновациялық жобалармен, оның ішінде жаңадан іске қо­сылған электр сүзгінің маңызын Елбасы да жақсы біліп, назар аударып, жоғары бағалап отыр­ған. Өйткені, еліміз үшін көмір­лі қала, айнала өндірістері қап­таған Екібастұздың орны бөлек. Сол үшін де шетелдердегідей мұндай электрлі сүзгілерді еліміздегі барлық стансаларда ор­нату қажет екендігін айтып, қор­шаған ортаны қорғаудағы бұл құрылғылардың маңызын ескере отырып, Үкіметке осын­дай құрылғыларды елімізде жа­сауға тапсырма бергені де белгілі. Осы отыз жылда стансаның дамуына өз ісіне адал көптеген мамандар үлес қосты. Жалын­даған жастар энергетика сала­сы­ның қыр-сырын осы станса басында жүріп меңгеріп шықты. Станса тек қазақстандық маман­дардың ғана емес, кеңестік ел­дердің энергетиктерінің нағыз шыңдалу, шеберлік мекеніне айналды, дейді энергетиктер. №6 энергоблокта орнатылған электр сүзгі одан шығатын күл­дің деңгейін едәуір азайтатын болады. Жалпы, жаңа заманғы электр сүзгілерін орнату бағ­дарламасы үшін компания 12,5 миллиард теңге бөлді. 2013 жылы электр сүзгілері қол­да­ныс­тағы 6 энергоблокта толық орнатылатын болады. Жүр­гізілген жұмыстардың нәтиже­сін­де ауаға таралатын зиянды заттардың ауқымы анағұрлым кемиді. Стансада жұмыс істеп тұрған бес энергоблокты модер­ни­зациялаудың, №1, 2 және 8 – үш энергоблокты қалпына кел­тірудің және электр сүзгілерін бірте-бірте орнату есебінен қор­шаған ортаға келтірілетін зиян­ды ықпалын барынша кемітудің бірнеше кезеңдерден тұратын көп жылдық инвестициялық бағ­дарламасы осылай жүзеге асуда. Жүргізілген жұмыстар­дың құны шамамен 1 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Биыл № 8 және №2 энергоблоктарды қал­пына келтіру ісіне шамамен 19 млрд. теңге игерілді. № 8 энергоблокты іске қосу алдағы жылдың екінші жартысына белгіленіп отыр. № 2 энергоблокты қалпына келтіру жөніндегі жоба да аяқталды. Биыл жыл бойы инвестициялық бағдарламалар аясында № 6 энергоблогындағы электр сүзгілерді монтаждау және орнату жөніндегі жұмыс­тар орындалып, № 7, 4 және 5 энергоблоктардағы электр сүз­гілерді монтаждау жұмыстары басталды. № 3 және № 6 энер­го­блоктарында жаңғырту жұмыс­тары мен күрделі жөндеу жұ­мыстары аяқталды. – Екібастұз ГРЭС-1 станса­сын­дағы жаңғырту жұмыс­тары, жалпы қазақстандықтар үшін маңызды. Бұл ретте, ор­натылып жатқан электр сүз­гілердің арқа­сында қорша­ған ортаға деген зиян мөлшерін барынша төмен­детуге қол жеткізе алатын бол­дық, – деп атап өтті «Қазақмыс Корпора­ция­сы» ЖШС бас­қар­масының төр­ағасы Э.Огай. Фарида БЫҚАЙ. ПАВЛОДАР.