Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында «Еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор» деп атап өткен болатын. Бұл ретте еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды сараптап, тұрақты жұмысқа орналастыру өзекті мәселе. Ресми дерек бойынша елордадағы еңбек нарығында тұрғындардың жұмыссыздық деңгейі 4,6 процентті құрайды екен. Осы орайда бас қаладағы жұмыспен қамту шараларына назар аударған едік.
Жасыратыны жоқ, жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандардың бәрі дерлік жұмысқа бірден орналаса алмайды. Жұмыс берушілердің басым бөлігі еңбек өтілі жоқ маманды қабылдауға құлықсыз. Еңбекке араласпаған жастың меселін қайтармауда мемлекет қарастырған мүмкіндіктің бірі – «Жұмыспен қамту –2020» жобасы шеңберіндегі «Жастар практикасы» бағдарламасы. Бұл бағдарлама жұмыс іздеген талаптының тауын шақпай, тәжірибе жинап, қабілет-қарымын көрсетуге жол ашады. Жұмыс берушінің сенімін ақтап, талабын қанағаттандырса жас маман тұрақты жұмысқа орналасады. Қазіргі кезде Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығында осы тарапта біршама жұмыс жүзеге асырылуда. Яғни орталық жұмыс берушімен шарт жасасып, мамандардың жастар практикасынан өтуі үшін арнайы бос жұмыс орындарын құрады. Орталық талабы бойынша бос жұмыс орны түлектің алған мамандығымен сай келуі керек.
– Биылғы жартыжылдықта 174 жұмыс берушімен келісімшарт жасалып, 1 048 бос жұмыс орны ұсынылды. Бүгінге дейін 330 түлек жұмысқа орналасты, – дейді бұл турасында қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омаров. Аталған орталықтың септесуімен 7 жылдың ішінде 5 068 түлек жастар практикасынан өткен екен. Қазіргі таңда заң, қаржы, әлеуметтік сала бойынша мамандық алғанымен, жұмыс таппай сенделіп жүрген жастар қатары қалың. Сондықтан орталықта мамандық таңдауға қол ұшын созатын арнайы бөлім құрылған. Бұл ретте жоғары оқу орнына құжат тапсыруға ниеттілер арасында арнайы тест жүргізіліп, бағыт-бағдар беріліп келеді. Мәселен, 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 9 және 11 сынып оқушыларына кәсіптік бағдар беру бойынша тестілеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл – оқушыны мектеп қабырғасында жүргенінде-ақ бір кәсіби бағдарды таңдауына мүмкіндік береді. Айталық, орталық мамандары 2017 жылдың алғашқы бес айында 84 мектепте 9 және 11 сынып оқушылары арасында, нақтырақ айтсақ, 11 626 оқушыға тестілеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 332 оқушы медицинаға бейімділігін көрсетсе, сауда және өнеркәсіп саласына сұраныс айтарлықтай болмаған. Сондай-ақ жұмыссыз жүрген азаматтарды кәсіптік тұрғыдан оқытып, қайта даярлау және біліктілігін арттыру мақсатында тегін оқыту курстары жүргізілуде. Былтыр 546 адам тегін курсқа тіркеліп, 478-і бітіріп шықты. Ал биылғы жартыжылдықта 330 адам оқыды. Жұмыссыз жүрген азаматтар үш ай оқып, арнайы шәкіртақы алады. Бұл – кәсіптік дағдыларына сай келетін жұмыстың болмауына байланысты қызметін өзгерткісі келетін жандарға таптырмас мүмкіндік. Олжас Омаровтың айтуынша, тұрғындар арасында тігінші, аспаз, шаштараз, ағылшын тілі, бағдарламашы, тәрбиеші мамандығына қызығушылық жоғары. Алдағы уақытта «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын нәтижелі жүзеге асыру барысында IT маманы, мобильді қосымша дайындайтын, анимация және бейнеграфика жасайтын мамандар да оқытылмақ. 2019-2023 жылдарды қамтыған елорданың еңбек нарығындағы қажетті мамандықтарға жасалған болжам бойынша, білім мен медицина саласындағы мамандықтарға сұраныс төмендемейді. Бұл тізімде әлеуметтік қызмет пен ауыл шаруашылығы саласына мамандар тапшылығы күтілуде. Орталықта тегін курстан өткеннен кейін жұмыссыз азаматтар жұмыс берушілермен байланыстыратын бөлімге жіберіледі. Уақытша жұмыссыз ретінде тіркелген оларға арнайы төлемақы тағайындалады. Ал бөлім мамандары қала бойынша бос жұмыс орындарын іздеп табады.
– Біз қолдан келгенше жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға тырысамыз. Тек курстан өткендер емес, мамандығына сай келетін жұмысты таппай жүрген кез келген астаналық тұрғын орталықтың көмегіне жүгіне алады. Электронды еңбек биржасы (www.enbek.kz) барлық жұмыс беруші мен жұмыс іздеушіге қолжетімді. Порталда электронды түйіндеме жасауға болады. ХЖҚО 10 жұмыс күні ішінде жұмыссызға лайықты жұмыс іздеп, тұрақты жұмысқа орналасуға көмектеседі. Бүгінде порталда 2 562 жұмыс беруші тіркелген, 5 740 бос жұмыс орны бар. Аталған орталыққа күнделікті 300-ден аса адам келеді. Оның ішінде орташа есеппен 30-дан аса адам жұмысқа орналасады. Жалпы осы уақытқа дейін, яғни 2011 жылдан бері 43 781 адамды жұмыспен қамтуға көмектесті, – дейді О.Омаров.
Сонымен бірге халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастыратын, кәсіптік дайындықты талап етпейтін қоғамдық жұмыстар бар. Бұл орайда биыл 1 045 азамат уақытша қоғамдық жұмысқа орналасты. 2011-2015 жылдары қоғамдық жұмысқа жұмылдырылғандар саны 2 мыңнан аспағанын ескерсек, 2016-2017 жылдарда бұл тараптағы көрсеткіштің жоғарылағаны байқалады. Яғни 2016 жылы – 2 169, 2017 жылы – 2 224 адам қоғамдық жұмысқа орналасты. Бұл жобаға жоғары сынып оқушылары мен студенттер де қатыса алады. Жазғы демалыс кезінде оқудан босаған оқушылар мен студенттер орталық ұсынған жұмыстарға барады. Мәселен, былтыр 40-тан аса оқушы осы бағытпен жұмысқа жіберілді.
Сондай-ақ ай сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Биыл жеті мәрте ұйымдастырылған жәрмеңкеде 500-ден аса жұмыс беруші 8 мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Олардың ішінде 900-ге жуық жұмыссыз жұмыспен қамтылды. Ал 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша арнайы әлеуметтік орын жобасы аясында мүгедектерді жұмысқа орналастыру мақсатындағы жұмыс берушімен келісімге сәйкес орталық еңбекақының 35 процентін төлеп береді. Арнайы жұмыс орны бойынша жеті жыл ішінде барлығы 1 937 адам жұмыспен қамтылды.
– Жалпы орталықтың жылдық жоспары бекітілген, мақсат айқын. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту, оларға жұмыс орнында жағдай жасалуы және өзге де мәселелерді шешу үшін жұмыс берушілермен ашық сөйлесеміз. Әлсіз топ өкілдері қоғамнан теперіш көрмеуі керек. Жұмыс берушілерді психологиялық тұрғыда дайындауға да жағдай жасалады. Биылғы алты айда 310 жұмыссыз тіркеліп, оның 101-і тұрақты жұмысқа орналасып, 167 адам қоғамдық жұмысқа, 8-і жастар практикасына жіберілді. 17 адамға арнайы әлеуметтік орын тағайындалса, 17-сі тегін курс оқып жатыр, дейді орталық жетекшісі.
Жұмыспен қамту орталығы бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп келген азаматтардың жұмыспен қамтылуын да қадағалайды. Оларға қалалық ІІД-мен бірлесіп бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылады, жұмыс берушілермен әңгімелесу арқылы әлеуметтік жағдайын бір ізге салуына, тіпті жеке кәсібін ашуына да жәрдем беріледі. Жасыратыны жоқ, тіршілікте таршылық көріп, заман ағымына ілесе алмай келе жатқан отбасылар да баршылық. Мекеме басшысының айтуынша, орталық мамандары әр отбасын аралап, ішкі мәселелеріне үңіледі. «Олар отбасында кірістен көрі шығыстың көптігін айтады. Көпшілігі арнаулы білімі жоқ болғандықтан жұмыссыз жүреді. Біз әлеуметтік көмек көрсетіп, төлемақы тағайындаймыз және мүмкіндігінше отбасы құрамындағы еңбекке қабілетті адамды жұмыспен қамтимыз. Жұмысқа орналастырған соң жалақысын уақтылы алуын қадағалаймыз. Ал көмек мөлшері отбасының әр мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50 процентке төмен болмауы тиіс. Төлем мерзімі – 6 айдан 12 айға дейін. Тіпті 3 айға төлемді алып, өз ісін ашуға да мүмкіндік бар. Бұл жаңа форматтағы жобаның берері мол. Атап айтсам, балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою, тұрғын үй көмегін алу, мүгедектерді әлеуметтік оңалту бойынша көмек алуға болады. Егер отбасында еңбекке қабілетсіз адам болса, жәрдемақыны алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу міндеттелмейді. Бұл шартсыз ақшалай көмек. Ал шартты ақшалай көмекке отбасында жұмысқа қабілетті кем дегенде бір адам болуы керек және жұмыспен қамту шараларына қатысуға міндетті. Жалпы әлеуметтік жеңілдік барлық мәселесін шешпейтінін ескерген жөн. Мемлекет тарапынан берілген көмек кедейшіліктің алдын алып, ұлттың әл-ауқатының жақсаруына сеп болмақ. Жыл басынан бері жаңа форматтағы жобаны жүзеге асыру үшін тұрғындарды ақпараттандырдық. Бір-бірінен естіп-білгендер кейін орталыққа өздері келіп жатты. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, шартсыз ақшалай көмек бойынша 588 отбасына, оның ішінде 2 610 адамға жәрдемақы тағайындалған. Шартты ақшалай көмек 510 отбасындағы 3 056 адамға берілген», дейді О.Омаров.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»