• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
24 Желтоқсан, 2011

Ақын жайлы айтылмаған сырлар

513 рет
көрсетілді

«ЖҰРТ МЕНІ ҚАТАЛ ДЕЙДІ...»

Сонау 1972 жылы арман арқа­лап, Алматыға келіп, ҚазМУ-дың филология факультетінің студенті атанған кезіміз. Өзің ұнатқан мамандығың бойын­ша білім алу дегеннің қандай ба­қыт екенін күн санап түйсіне түскен­дейміз. Факультет жанында М. Әуезов атындағы әдеби бірлестік жұмыс істейтін. Оты­рыстарына үлкен ыждаһатпен қаты­сушы едік. Бірлестік негізінен көрнекті, белгілі ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдас­ты­рады. Сонымен қатар, фа­куль­­тетіміздегі талантты жас­тардың шығармаларын да талқы­лай­тын. Кімдерді шақыратын­да­рын, дауыс­қа салып, студенттердің өздері анық­тайды. Сондай бір отырыс кезінде «бірер аптадан соң ақын апаларымыз Фариза Оңғарсынова мен Күләш Ахме­тованы шақырамыз» деп шешісті. – Қос ақын туралы екі баяндама жасалуы керек. Фариза апай жайлы баянда­маны кім жаса­ғысы келеді? –деді бірлес­тік­тің сол кездегі төрағасы боп жүрген бесінші курс студенті. Студенттер бір сәт ойланып қалды. – Фариза апайдың поэ­зия­сы жайлы баяндаманы мен жа­сасам бола ма? – деп қо­лым­ды көтеріп қана қой­май, орнымнан қалай тұрып кеткенімді білмей де қа­лыппын. Талай жырлары жү­регімде жат­тау­лы болған­дықтан сөйттім-ау деймін. Жоғарғы курс студенттері аңырып маған қарап қапты. – Қай курстансың? – Бірінші курстанмын. – Апайдың жырлары күрделі ғой. Ол кісіге ұнамай қап жүрсе... Оданда жоғарғы курс студенттеріне берейік, – десті қауіп ойлағандары. – Алса алсын, – деді төраға, – дегенмен сен бұл баяндаманың салмағы ауыр екенін, жауапкершілігін білесің бе? – Білемін, – деймін тайсалмастан. Күләш Ахметова жырлары туралы келесі бір студент баяндама әзірлейтін боп тарастық. Содан не керек, Фариза апайдың мектепте оқыған жыр жинақ­тарын қайта жастанып, небір сезім күй­лерін кешіп, ой елегімнен өткізудемін. Айтулы күн де келіп жетті. Ұмыт­пасам, 1973-тің көктемі болатын. Ат шап­ты­рым зал тола студент қауымы көзіміз жәудіреп, қос ақынды күтудеміз. Бір кезде аудиторияға ақын қыздар кіріп келе жатты. Жырлары арқылы көңіл төрімде өзім өрнектеп алған қос ақынның бейнелері олардың өмірдегі шынайы болмы­сы­мен дөп келіп жатқандай көрінген еді маған сол сәт. Әсіресе, Фариза апайдың тіктеп барып, сәл-пәл артқа қайыра тараған қайратты шаштары ақынның:

«Мен қорықпаймын

Сұсты тұлғаларыңнан асқарларым,

жанартаулардан лапылдап шашқан жалын.

Көңіл сұңқар емес пе, келеді ылғи

Асқарлардан да әрі асып, аспандағым.

Өршіп қайта жаныма от алмасам,

Мен әйтеуір құздардан  жасқанбадым,»

– деген жыр жолдарын ойыма оралт­қан­дай еді. Ұстаздарымыз бастап, студенттер қоштап, қос ақынды қарсы алу, төрге жайғастырып, кіріспе сөз сөйлеу сияқты рәсімдер өтіп жатқан тұста апа­ларыма алма кезек көз салған күйімде ол кісілердің жырларын іштей оқумен болдым.

«Мен жастықпын.

От алғам

Қараңғы түнгі найзағай жарқылдарынан,

Қасиетті даламның бал құндағынан.

Ерлік пен өрлік дегенді қатал мезгілдің

Қасіреттерімен шыңдалған халқымнан ұғам.

Қайсарлық сіңген жаныма бабаларымның

Дұшпан алдында міз бақпас салқын қанынан,» – дейді «Жастық шақ жыр­лары» ой-санамда атойлап. Сәл ғана сәттен кейін жасайтын баяндамамда да тоқталмақ жырымның бірі осы бола­тын. Қошемет­ші қауымға бас изеп, жылы ұшы­ра­ғанының өзінде керемет қайсарлық, өршіл рух тұрғандай көрінді маған. Өз сезім кешулеріммен өзім әуре болып, осылай отыра берсем керек. Бір кезде алғашқы баяндаманың тақырыбы аталып, төраға мені мінбеге шақырды. Шынын айтсам, ауада қалқып барған­дай күйде, өң мен түстің арасында мінбеге көтерілдім. Бәлкім, ол кісінің жырларын бәйшешек кезімнен бастап жаттап өспеген болсам, бұлайша толқы­мас па едім, кім білсін! Абырой болған­да баяндамамның толық мәтіні қолымда еді. Соған бір қарап алып, анда-санда мәтіннен шығып кетіп, өзімше еркін сөйлеп қоям. Содан не керек, сөзімді тәмамдап, орныма кеп жайғастым. Бетім дуылдап барады. «Бітті. Бәрі де бітті. Баяндамам сәтсіз шықты. Нем бар еді қолымнан келмейтін іске ұмтылып. Осындай дара ақын туралы пікір айтатындай батылдық қайдан пайда болды маған? Әнеу күні «баяндаманы жоғарғы курс студенттері жасасын» дегенде келісуім керек еді. Фариза апай менің шатпақтарыма қатты ренжулі шығар. Енді не де болса, кездесу бітісімен көзге түспестен кетуім керек» деген шешімге келіп қойғанмын. Айтқандай-ақ, студенттер кездесу аяқталысымен қолтаңба алмаққа қос ақынды қоршады да алды. Дәл осы оңтайлы сәтті пайдаландым да, сыртқа беттедім. Сөйткенімше болған жоқ, бір курстасым соңымнан айғай салды. – Нұрлытай, сені Фариза апай шақырып жатыр. Тез кел! Жүрегім тоқтап қала жаздады. «Ұрсатын шығар» деген ой қылаң берді. Жай басып, қасына жақындадым. «Ой, айналайын!» деп қолымды алып, жылы пікірлерін білдіріп жатты. Өз құлағыма өзім сенер емеспін. Апай сол жылдары республикалық «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы болатын. «Бізге міндетті түрде кел!» дегені есімде. Содан ай артынан ай өтіп жатты. Бір күні филология ғылымдарының докто­ры, профессор Зейнолла аға Қабдолов мені көре сала: – Ә-ә-ә, Нұрлытай, сен өзі поэзияны жақсы түсінеді дейді ғой. Кеше бір жиылыста көріп қалған едім. Фариза апаң сәлем айтты. Жұмыс жағына келсін деп жатыр. Сен жайлы едәуір жақсы пікірлер білдірді, – деді. Ыңғайсыз­данып, төмен қарадым. Оңаша ойға қалдым. «Ондай үлкен кісілердің мазасын алғаным қалай бол­мақ? Анандай жырлар жазып, жанымды байытқаны жасаған ең үлкен жақсы­лығы ғой. Сол да жетпей ме маған!? Мен сияқтылар тырпылдап бара беріп, уақытын ала берсе, не болғаны? Өлең жазатын уақытын ұрламайын. Әуреле­мейін ол кісіні». Іштей осы тоқтамыма одан әрі беки түстім. Тағы да арада ай артынан талай айлар өтті. Тағы да Зейнолла аға мені тоқтатып алып: – Қарағым-ау, сен әлі Фариза апаңа бармағансың ба? Мұның не сенің? Сондай үлкен кісі шақырғанда бәлсінгендей болғаның қалай? Енді міндетті түрде бар! – деп едәуір ренішін білдірді. Ол кезде аға бізге әдебиет теориясынан дәріс оқитын еді. Поэзиясын қатты құрметтегендіктен де ақын апама бара алмай жүруімнің сырын профессорыма ақыры айта алмадым. Содан бес жыл да сырғып өте шығып, қолыма дипломымды алдым. «Жұмыс табылып қалса жақсы. Табыл­маса, елге кетер алдында қоштасып шығайын» деген ниетпен «Қазақстан пионері» газетіне, Фариза апайға бар­дым. «Шақырғанымда неге келмедің?» деп ренжімеді. Көңіл құшағын жая қарсы алды. – «Прописка» жасат. Алматыда қалуға тырыс. Газеттерге мақала жаз. Көрін. Елге барған соң қайтып шығуың қиын боп қалады. Университетте оқып жүріп бастағаның да жөн болар еді. Әлі де көр. Кеш емес, – деп, ақыл-кеңесін айтты. Соның өзіне марқайып қалдым. «Газетіңізге жұмысқа алыңызшы» деп әуре еткім келмеді. «Онсыз да бір басында мың шаруасы бар кісі ғой» деп үндемедім. Бірақ кеңесі ойымда қалды. Қалалық «Білім» қоғамына жұмысқа тұрдым да, республикалық «Лениншіл жас» газетіне мақалалар жаза бастадым. Кезінде университетте сын жанрынан сабақ берген ұстазым, сыншы Сағат аға Әшімбаев газетте бас редактордың бірінші орынбасары еді. Мақалаларыма біраз бас-көз болды. Редколлегия мүше­лері «қалам қарымы белгілі болды» деді-ау деймін, жеті айдан кейін «Лениншіл жасқа» жұмысқа тұрдым. Содан бастап Фариза апаймен арамызда рухани бауырмалдық одан әрі беки түскен­дей көрінеді маған. Менің ойымша, рухани сыйластық деген адамдардың күнделікті, күйкі тірлікте жиі-жиі ара­ла­суы емес, сирек те болса жүздескен сәттерінде бір-біріне шуақ шашып, бірін-бірі рухани жағынан байытып, тілектестікте болулары. Өткен күндеріме шолу жасап қарасам, жалпы ешкімге де артық шаруа айтып, әурелемеуге тырыс­қан екенмін. Алланың берген нығметі ғой! Бір қызметтен екіншісіне шақыртулар, арнайы ұсыныстар арқылы ауысып отырыппын. Біраз басшылық қыз­меттерден бас тартып жүрдім дегендей... Естелік іспетті бұл дүниемде ақын­ның адами қырларына тоқталмаққа ниет етудемін. «Жұрт мені қатал дейді, найзағайдай мінезі шатырлаған...» – деп апайдың өзі айтқандай, айналасы солай қабылдар, мүмкін. Сондай сәттеріне куә болған жайларымыз да бар. Дегенмен, ақынның жайшылықта көзге ұрып тұрмайтын нәзік қырлары да жетерлік. Енді сол ойымызға дәлел ретінде жекелеген мысалдарға көшсек.

АҚИҚАТТЫҢ АУЫЛЫН ІЗДЕП...

Бірлі-жарым шығармашылық дүние­леріме байланысты пікірлерін білдіріп, Фариза апай сөз көмегін де беріп жүрді. Шығармашылық демекші, бір жағдай­дың ойыма оралып отырғаны... Басына қиын-қыстау күн туған шақта ғана адамдар болмысында шоқтығы биіктеп, айрық­ша көрінетін адамгершілік қа­сиет­тері, ерліктері жайлы кеңес дәуі­рінде жазған бір топ эсселерімді Б.Бұлқы­шев атындағы рес­публикалық жастар сыйлығына ұсынған едім. Бірнеше турдан тұратын сараптамалар барысында жазба­ларым озық шықты. Орталық комитет арқылы хабардар бол­ған­дар «сыйлық құтты болсын» деп хабар­ласып та қойған. Себебі, өзім ешкімге айта қоймаған едім. Артынша: «сыйлық биыл ешкімге берілмейтін бопты» деген хабар жетті. Ал­ғашқы боп таңғал­ғандардың, қи­нал­ған­дардың қатарында қос апам болды. Бұл жағдай жөнінде ешкімге шағынып, реніш білдірмеген едім. Фариза апай: – Нұрлаш, бұл не жағдай? Себебі айтылды ма? – деді қинала. – Айтылған жоқ. Сұрамадым да. Бұйырмаған шығар, – дедім. Жаны тыншымастан апай комсомол­дың Орталық комитетіне барып: «Бұл қалай?» – деп тиісті адамдардан сұраған ғой. Тіпті себебінің анық-қанығына да жетіпті десем, өмірде еш араласым жоқ, қолына қалам ұстаған, менен сәл ғана үлкен бір апайым шамасы жетіп, өзі кіре алатын емен есіктерді жағалап, менің жазбаларымды жамандай берген екен. «Кейіпкерлерінің тек рухани мықты­лық­тарын ғана ашқан, ал оларды емдеген дә­рігерлердің салғырттықтары, қо­ғам­да­ғы кедергілер жайлы айтпаған» деген айып­­тауларын көлденең тарта берген екен. – Бір объектіге шығармашылық жүз түрлі тұрғыдан, сан қырынан келуге болады ғой. Медицина жағынан келер болсам, ол онда мүлдем басқа мақалаға айналар еді. Адамдар болмысында жай­шылықта жасырынып жататын, тек сын сағаттарда ғана көрініс беретін рухани жанартаулар жайлы айтқым келген еді, – деймін аңырып отырған апама қарап. – Адамдар кейде осындай қатал келеді, Нұрлаш, – деп Фариза апайдың қатты күйінген сәті де есте. Әрине, осындай үлкен кісінің, халық адамы­ның, мен тіс жарып ешнәрсе демесем де, «бұлары әділетсіздік болды-ау» деп, әділ сөзді іздеп, намысымды қорғап, сөзімді сөйлегеніне іштей айрықша риза болғанымды несіне жасырайын.

АС ҮЙДЕГІ ОҢҒАРСЫНОВА

Бас редактор Оңғарсынова басқара­тын «Ақ желкен» журналы тоғыз қа­батты газет-журнал ғимаратының үшін­ші қа­батында. «Лениншіл жас» болса жетінші қабатта. Ұзақтау көр­мей, сағы­на қалсам, сәлем беріп қоя­мын. Бір күні апай үйіне түскі асқа шақырды. Бұрын­дары бір топ қонақ­тармен бірге үйінде бірді-екілі рет болғанымда дас­тар­қан мәзіріне келіндері мен қыздары жүгіріп жүрген еді. Бұл жолы үйде екеуміз ғана. Бір кезде апай алдын-ала жайылып қойылған қамырды орап алды да оны шаштай етіп кесе жөнелсін. Қолы қолы­на жұқпайды. Әп сәтте алдымда дәмі тіл үйірер қазақтың керемет кеспесі тұр­ды. «Жігіт моноло­гын» жазған Оң­ғар­сынова­дан мұндай қылық­ты күтпе­ген байғұс басым тіл- аузым байланып қатыппын да қалыппын. Ме­нің ұғы­мым­­да Фариза ақын тік жүріп, тік тұратын. Тек әзір асты ғана ішіп, үй-ішілік тірлікке аралас­пай­тын, еркек мінезді жан болатын. Түс көргендей боп, өз-өзіме әлі де келе алмай отырдым. – Нұрлаш, кеспені ыстықтай ішсең ғана дәмді болады, – деген сөзден кейін ғана қасығыма қол создым. Дәмділі­гінде сөз жоқ... – Апай, осы кеспені басынан бастап өзіңіз істедіңіз бе? – Енді кім болсын!? Жалпы мен кешке жұмыстан келе сап, қазанның құлағына жаңадан жармасатындарды түсінбеймін. Өзім таңертең ерте тұра­мын да, етті бабына келтіре пісіріп қоямын. Қамырды жайып, бүркеп кетем. Түсте келісімен басқа ұсақ-түйек мәзірлерін саламын. Балалар оқулары­нан келгенде – тамақ дайын. – Шынын айтсам, сізден мұндайды күтпеп ем. – Ол кісі күлді де қойды. Тағы бір жолы түскі асқа барға­нымызда еттің қамырын өзі салды. Нан­ның әрбір жапырағы бүктелген қағаздай еді. Бұл жолы таң қалмадым.

«ҚЫЗ ЖОЛДАСТЫҢ» КӨРІМДІГІ

Айтпақшы, Азаматтардың хал актісін тіркеу құжатында менің «қыз жол­дасым» ретінде қол қойған жан – Фариза Оңғарсынова! Мен мұны мақтаныш­пен айта аламын. Оқиға былай болған еді. Жұбайым Қалдар Оспанмен некеміз елде қиылып, сонда тойымыз болған­дықтан, сол кездің тілімен айтқанда «ЗАГС»-тен алынатын құжатқа «формальность» ретінде қарағанымыз рас. Алматы қаласының сол кездегі Совет ауданына қарасты АХАЖ-да жеңгем Тасбике Үшбайкелінінің құрбысы Ләз­зат Байдүйсенова жұмыс істейтін еді. – Неке куәлігін үйге әкеп берсеңіз жақсы болар еді. Айтпақшы, пәлен күні үйде ақын-жазушы аға-әпкелерім бола­тын еді. Сол дастарқаннан келіп дәм татыңыз, – дедім. Содан тонның ішкі бауындай сырласуға толы бір жылы отырыс жүріп жатты. Басында таныстырғаным болмаса, Ләззат Сүлейменқызының не үшін келгені де есімнен шығып кеткен екен. Бір кезде аяқ жазуға тұрған үзілісте Ләззаттың саңқ еткен үні келді құлаққа. – Маған жақынырақ жиналыңыз­даршы, – деді де ол одан әрі өзінің ресми қызметін бастады да кетті. Сөйтті де некеге тұруға ризалығымызды растау үшін әуелі бізді қол қоюға шақырды. Біртүрлі қобалжып тұрып қол қойдық. Үдеріс әп-сәтте көңіл толқытарлық салтанатты шараға айналып жүре берді. «Қуаныштың иесі өзім болғандықтан, маған осылай әсер етіп жатқан шығар» деп ойладым. – Азаматша Фариза Оңғарсынова куә ретінде қолыңызды қоюыңызды сұраймыз! – дейді «ЗАГС» өкілі. Ақын апам тілалғыш оқушы сияқты абыржи барып, толқи тұра қолын қойды. Апайдың солай қобалжығанын бұрын ешқашан көрмеген едім. – Азамат Бақытжан Момышұлы, енді сіз... – деп ағаны шақырды қол қоюға. Ол кісінің толқығаны сонша, құдды бір бозбала сияқты алабұрта, қолы дірілдей тұ­рып, тиісті журналға жігіт жолдас ретінде қол қойды. Өзіміз байқамастан бәріміз де романтикалық бір күйге түскендейміз. – Айналайын Ләззатжан, талай неке қию рәсімдеріне қатысқан сияқты ек. Бірақ мынандай ерекше үдерісті көр­меппін. Бүгін сен бізді қатты толқыт­тың. Өзі түс көргендей боп қалдық. Айна­лайын, келген қадамың құтты боп, Қа­ле­кең, Нұрлаштар бақытты болсын. Мына тапсырып отырған неке куәлі­гінің көрім­дігі болсын, қарағым! – дей келіп, Фариза апай Ләззатқа ақша ұсын­ды. Бақыт­жан аға болса, толқығанынан тіпті өзінің терлеп кеткенін де айтып жатыр. Айт­пақшы, Ләззат Сүлеймен­қызы кейін бір жолық­қаны­мызда: – Фариза апайдың сол көрімдікке берген ақшасын біразға дейін сақтап жүрдім де, кейіннен жұмсап жіберген едім. Оны естіп, менің туған әпкем: «Аштан қалып бара жатқан жоқ едің ғой. Фаризадай кісінің көрім­ді­гін рамаға салып, үйіңе іліп қоймадың ба?» – деп ренжіді, – дегені бар.

ОҚЫРМАН «ҚАРА ШАЛ»

Ақын апамыз кейде бала құсап, адамдарды оқыс қы­лықтарымен таңғалдыр­ған­ды да жақсы көруші еді. Түс­тен кейін жұмысыма үйдегілер хабарласты. Түскі автобуспен ауылдан келген әке-шешем ұлдарының үйі­не келесі күні бармақшы боп, әуелі атбасын біздің үй­ге бұрған екен. Бір-екі са­ғат ертерек сұранып, үйге қарай асығып барам. Шы­ғар есікте Фариза апай кезігіп қалды: – Иә, Нұрлаш, асығыс­сың ғой. – Жаңа ғана ауылдан әке-шешем келген екен, – деп себебін түсіндірдім. Содан отбасы мүшеле­ріміз жа­былып жүріп, үлкен кісі­лердің ба­бын жасап, қазанға сыбағаларын салып, демімізді алып отыр­ғаны­мыз сол еді. Есік шырылдады. «Көр­ші­лердің бірі болар» деп, қаперсіз барып ашып қалса-а-ам... Фариза апай тұр жы­миып. Талып қала жаздадым. Ар­найы әзірлікпен ғана шақы­рылуы тиіс осын­дай үлкен кісінің, халық адамы­ның мы­на келісі мені қайран қалдырды, әрине. – Күтпедің бе, Нұрлаш!? – деп мені састырған қылығына өзі риза күйде мәз боп тұр. – Ағаға сәлем бергелі келдім! – Төрлетіңіз, апай. Шынын айтсам, сұлата жаздадыңыз, – деп жатырмын мен де ес жия күліп. Әкем төрде демалып жатқан еді. Апай қасына барды да: – Аға, амансыз ба? – деп қолын ұсынып амандасты. Әкем жалма-жан жастықтан басын көтерді де: – Бұл қай бала? – деді ол кісінің жүзіне бажайлай қарап. – Бұл кісі Фариза Оңғарсынова деген ақын қарындасыңыз болады. Сізге сәлем бергелі келіпті, – дедім әкеме басқа анықтауыш сөздерді қоспастан. Сол-ақ екен әкем Фариза апайдың қолын қос қолдап ұстап тұрып: – Ә-ә-ә, айналайын Фариза, өркенің өссін! Сенің бір кітабыңды қойын қалтама сап, оқып жүруші ем. Мынан­дай өлеңің бар емес пе, қалқам? – деді де ауылдың қара шалы ал кеп екі шумақ өлеңді мүдірместен, оңғарсыновалық мәнермен екпіндете оқып шықсын! – Мә-ә-әһ, ал керек болса! – деді апай маған қарап. Жүзінде таңданыс пен ризалық аралас жымиыс бар. – Енді 1:1 болдық-ау деймін, апай. Жаңа сіз мені таңғалдырып тастап едіңіз. Әкем сізді «нокаутқа» жеткізіп, қарым­тамды қайтарды-ау деймін, – деп мен мәз боп жатырмын. Фариза апай тұрмақ, қара шалға өзімнің де қатты қайран қалға­нымды несіне жасырайын. Себебі, екінші дүние жүзілік соғыс ардагері ретінде ол кісінің майданда алған жарақаттары жа­нына батып, соңғы жылдары есте сақтау қабілеті күрт төмендеп кеткен болатын. Өзге түгілі, туған немерелерінің аттарын ұмытып қалушы еді. Бүгін келіп сүйікті жырын жатқа соғып отыр. Әкем Үшбай Үркімбайұлы атқа мініп жүрген кезінде өлең жазған, сөзге шешен кісі еді. Сондықтан болар, өзара жырмен жалғасқан оқырман аға мен ақын қарын­дас арасындағы қазақы болмысты, ерекше жылылыққа толы шығарма­шы­лық әң­гімеге сол кеште басқаларымыз да ор­тақтасып отырдық. Апайды қайдам, әй­теуір, әкем жарық­тық сол кеште, өз сөзі­мен айтқанда «асқар таудың басына бір шыққандай боп» ерекше серпіліп қалды. Ел ішінде өткен талай айтулы тойларда байқаға­нымыз: қарапайым оқырман Оң­ғар­сы­но­ваның жыр әлемін айрықша қа­дірлейді. Ол кісі отырған киіз үйді іздеп тауып: «Немеремнің тұсауын кесіп бері­ңізші. Сіздей ел адамы болар ма екен»,  деп қиылған әже-аналарды талай көрдік. Ел адамы болмақ әуелі бір Алладан, әрине. Бұл қылықтары – халықтың өз сүйікті­сіне деген ықылас­тарын білдіруге тырысқаны да! Ондайда апай оңғар­сынов­а­лық сұсынан айры­лып қалып, мәз болып, әлгі рәсімдерді ыждаһатпен орындап жатады. Негізі, барлық мақтау – тек бір Жа­рату­шыға ғана лайық. Біз бар болғаны ақын апамызға қатысты, көзімізбен көріп, көңілімізбен түйсінген жәйт­тердің кейбірін ғана баяндауға ты­рыс­тық. «Адам өмірі осын­дай сәт­тер арқылы ұзара түсе­тін болар-ау!» деген ойыма бекіне түскен­деймін. Нұрлытай ҮРКІМБАЙ.