• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қыркүйек, 2018

Түркі жұртының тұғырын биіктеткен саммит

778 рет
көрсетілді

Түркі тілдес елдердің ынтымағын жарастырып, бірлігін нығайтуда көптеген ауқымды шараларды жүзеге асырып отырған Түркі кеңесінің Қырғызстанда өткен VI Саммиті талқылауға ұсынылған жобаларының және қабылданған шешімдерінің маңыздылығымен ғана емес, ұйым географиясының кеңеюімен ерекшеленді. Бұл осы ұйымға деген ынта-ықыластың артып келе жатқанын көрсетеді.  Соған орай біз отандық сарапшылардың  саммит туралы пікірлерін ұсынуды жөн көрдік.

 

Ынтымақтастық аясы кеңейіп келеді

Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың бастамасымен құрылған. Кеңестің алғашқы саммиті де елімізде, Алматы қаласында өтті. Ұйымның негізгі мақсаты – түркі елдері ара­сындағы мәдени-руxани, экономикалық байланыс­тарды дамыту. Бүгінде оның құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Түркия мен Әзербайжан кіреді. Ұйым жанында Сыртқы істер министрлерінің ке­ңесі жұмыс істейді.

Биылғы саммиттің басты ерекшелігі – жас­тар саясаты мәселесінің ұлттық спорт өнерімен байланыстырылуы. Себебі жастар кез келген қоғамның болашаққа бағдар алар күш-жігері болып саналады. Қазақта «Еліңнің болашағын болжайын, жастарыңды көрсетші» деген сөз бар. Сондықтан Елбасы келелі жиында түркі жас­тары көшбасшыларының әртүрлі бағыттағы кездесулерді үнемі ұйымдастырып тұруы болашақ үшін өте қажет екеніне баса назар аударды. Елбасы саммит қатысушыларына түркі әлемінің киелі орындарында ғылыми конференциялар мен экспедициялар ұйымдастыру арқылы да өзара ынтымақтастықты дамыту керек деген ұсыныс айтты. Бұл бастама болашақ түркі жастарының ғылым мен білім, спорт пен өнер бағытындағы әртүрлі деңгейдегі жиындарда бас қосып, өз тарихы мен мәдениетін, әдебиеті мен тілін зерттеуге және қолданысқа түсіруіне зор мүмкіндік болмақ.

VI Саммитке Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбанның қатысқаны белгілі. Еуропа төріндегі елдің Кеңеске бақылаушы ретінде қабылдануы да түркі елдерінің ынтымақтастық шекарасы кеңейгенін білдіреді. Себебі мажар қып­шақ­тары да өз жастарына түркілік тектері туралы айтып, өз тарихтарының жоғалған парақ­тарын қалпына келтіре алады.

Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі де түбі бір түркі жұрттарымен рухани байланысты ны­ғай­тып, жаңа бір белеске көтерілу мақсатынан туындайды.

Саммит қарсаңында III Дүниежүзілік көш­пенділер ойындары ресми түрде ашылды.Ұлттық ойындар арқылы түркі халықтарының ортақ мұраларын игеріп, этнографиялық-тарихи санамызды жаңғырту мүмкіндігі туып отыр.

Елбасы жиында Түркі кеңесіне арнайы жобаларды ұсынды: «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім», «Түркі әлемінің киелі жерлері». Бұл жобалар болашақ түркі жастарының ынтымақтастықта болып, түркі жұртының жаһандану үрдісінде лайықты орнын табуына септігін тигізеді.

Саммитте бірқатар маңызды құжаттар қабыл­данды. Олардың тарихи мәні зор. Бұл құжаттар Түркі кеңесінің ықпалын арттыруға жол ашады.

Жалпы, түркі әлемінің жаһандық деңгейдегі шараларды атқаруға, бейбітшілік пен тыныштықты нығайтуға өз үлесін қосуға мүмкіндігі мол.

Темірлан ЕСКЕНДІР,

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері

*****

Бауырластық байланыс арта түспек

Шолпан-Ата қаласында (Қырғызстан) өткен Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VI Саммиті аясында Өзбекстанның ұйымға мүше болу ниеті барлығы айқындалды. Егер Өзбекстан Кеңеске ресми түрде қабылданса, онда аталған ұйым одан әрі нығая түседі әрі қазақ-өзбек ынтымақтастығы қарқынды дамиды. Сондай-ақ Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбанның саммитке арнайы келіп қатысып, осы елдің ұйымға бақылаушы ретінде тіркелуі Түркі кеңесінің ықпал ету аясы кеңейіп, маңызы артқанын көрсетіп берді.

Қырғызстандағы Түркі кеңесінің жиыны барысында Нұрсұлтан Назарбаев түркі тілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған сауда-экономикалық қатынастарды тереңдету туралы нақты шешімдер ұсынды. Биыл Каспий конвенциясының қабылдануы еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін арттырып, көршілес мемлекеттерге жаңа мүмкіндіктер ашуда. Оған қоса «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы бо­йынша біріккен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру ұйымға мүше елдер арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды күшейтеді. Президент, сондай-ақ тарифтік саясатты жеңілдету қажеттігіне назар аударды.

Түркі кеңесі шеңберінде туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Мәселен, Кеңеске мүше мемлекеттердің мәдени-тарихи қалалары қамтылған «Заманауи Ұлы Жібек жолы» атты 14 күндік арнайы туристік арнайы жоба жүзеге асуда. Осы орайда, Түркі кеңесі отырысында Қазақстан Президенті «Түркі әлемінің киелі жерлері» жобасын әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Биылғы VI Саммит ұлттық спорт және жас­тар саясаты саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне арналғаны белгілі. Соңғы жылдары Түркі кеңесі аясында жастар саясаты саласындағы ынтымақтастық серпінді дамуда. Нәтижесінде Жастар фестивалі, Түркі жастарының лагері, сондай-ақ Бакуде Бірінші студенттік Түркі универсиадасы өткізілгені мәлім.

Оған қоса Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дарының тұрақты өткізілуі түркі тілдес халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Расында көшпенділердің әрбір ойынында терең тарих пен тәлімі көп тәрбие бар. Ұлттық спорт тарихи мұраны сақтауда, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызды құрал болып саналады. Шараның мақсаты – әлемдік қоғамдастықтарға көшпенділердің мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстыру. Осы орайда, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ендігі кезекте Қырғызстаннан басқа, ұйымға мүше өзге елдерде де өткізілетін болады. Мәселен, келесі ойындар 2020 жылы Түркияда өтеді деп жоспарлануда.

Осылайша, Түркі кеңесі бүгінгі таңда ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы мәдени, ғылыми, технологиялық, сауда-экономикалық байланыс­тарды нығайтуды одан әрі жалғастыра түспек.

Қазбек МАЙГЕЛЬДИНОВ,

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Геосаясат және өңірлік зерттеулер қызметі  басшысының міндетін атқарушы

*****

Түркі елдері бірігуге ынталы

Қырғызстанда үш жылғы үзілістен кейін Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VІ саммиті жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл жиынның бұрынғы саммиттерден бірқатар ерекшелігі болды. Нақтылай айтқанда, саммитке Кеңеске мүше төрт мемлекет басшысынан бөлек Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Мажарстан Үкіметінің басшысы Виктор Ор­бан­ның қатысуы, Өзбекстан тарапының Түркі кеңесіне мүшелікке кіруге ниет білдіруі, сондай-ақ Мажарстан жағына ұйымға бақылаушы мәртебесінің берілуі алқалы жиынның ерекшелігін көрсетті.

Тағы бір айта кетер жайт, 2015 жылы Астанада өткен соңғы саммиттен кейін жоспар бойынша Қырғызстанда 2016 жылы өтуі тиіс болған шара түрлі себептерге байланысты кейінге шегерілген болатын. Биыл қырғыз еліне осы олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік туды.

Жалпы, Түркі кеңесіне Өзбекстанның мүшелікке кіруге мүдделілік танытуын жағымды жаңалық ретінде қарастыруға болады. Орталық Азия мемлекеттері ішіндегі халық саны көп Өзбекстан ұйымға қабылданса, мүше мемлекеттердің сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстары одан әрі күшейе түсері анық. Бұл кездесуде «Түркі тілдес елдердің жастар сая­саты және ұлттық спорт түрлері саласындағы әріп­тестігі» тақырыбы талқыланды. Жиынның қоры­тын­ды­сы бойынша, Түркі тілдес мемлекеттердің ынты­мақ­тастық кеңесі VI саммитінің декларациясы қа­был­данды. Кеңестің жаңа Бас хатшысы тағайын­далды.

Сонымен қатар түбі бір туыс Мажарстан еліне Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңе­сін­дегі бақылаушы мәртебесінің берілуі түркі ел­дерінің төрт құбыласы түгелденіп келе жатқа­нын білдіреді. Сондай-ақ мемлекеттер басшылары Түркі тілдес мемлекеттер интеграциясының тұжы­рым­дамасы мен ұлттық спорт түрлері саласындағы ынтымақтастықты дамыту және жас­тар саясаты туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. Бұл келісімдер түркі тілдес елдердің қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығаруы тиіс.

Жұмабек САРАБЕКОВ,

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы