• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
25 Желтоқсан, 2011

Қазақстандықтардың қаһармандығына арналды

269 рет
көрсетілді

Қазақстан елшілігінің бастамасымен М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің (ММУ) тарих факультетінде 1941 жылғы Мәскеу түбіндегі шайқастың 70 жылдығына байланысты «Қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуы» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды. Бұған қазақстандық және ресейлік ғалымдар, саясаттанушылар, дипломаттар, журналистер қатысты. Дөңгелек үстел отырысын ашқан елшіліктің кеңесші уәкілі Самат Ордабаев өз сөзінде 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының халықтар санасында жауынгерлік қаһармандықтың, жаппай ерліктің символы болып қала беретініне, адамзат тарихында ешбір соғыс бұған теңдесе алмайтынына, соған сәйкес Жеңіс жолының да жеңіл болмағанына назар аударды. «Мәскеу түбіндегі ұрыстардың зор саяси әрі тарихи маңызы болды. Осы қантөгісті шайқастар фашистердің «жеңілмейтін армиясы» туралы аңызды жоққа шығарып, бүкіл кеңес халқының ортақ жеңісіне жол ашты. Сондықтан аталмыш соғыс өткен күндеріміздің бөлінбес бір бөлігі ретінде қастерлі. Тарихи деректер бұл соғысқа 1 миллионнан астам қазақстандықтардың қатысқанын, олардың әрбір екіншісі қаза тапқанын не хабарсыз кеткенін айғақтайды», деді ол. Аталған басқосуда Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің (РМГУ) ректоры, РҒА корреспондент-мүшесі Е.И.Пивовар, ММУ проректоры Н.В.Семин, ММУ тарих факультеті деканының ғылым жөніндегі орынбасары Л.С.Леонова, Мәскеу Бас мұрағат басқармасының ғылыми қызметкері В.А.Арцыбашев, «Тарихи зерде» қоры зерттеу бағдарламаларының жетекшісі В.В.Симиндей, РМГУ доценті И.Е.Ханова, С.Торайғыров атындағы Павлодар университетінің профессоры Р.М.Таштемханова, ММУ тарих факультеті деканының орынбасары А.В.Власов және басқалар пікір білдірді. Отандық тарихтың осынау ортақ тақырыбы төңірегінде ой бөлісіп, Мәскеу түбіндегі ұрыстарда ерлігімен танылған қазақстандықтардың қаһармандығы жайында сөз қозғаған дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстан елшілігінің отандастарының соғыс жылдарындағы ерлігін мәңгі есте қалдыру бағытында жүзеге асырған жобаларына ілтипат білдірді. Сондай-ақ Кеңес Одағын мекендеген жүздеген ұлттардың соғыс жылдарында шыңдалған достығын бүгінгі ұрпақтың санасына жеткізу, оларды осы рухта тәрбиелеу және ортақ тарихи зерде кеңістігін нығайта түсу қажеттігіне назар аударылды. Серікқали БАЙМЕНШЕ МӘСКЕУ