Астанада «Мерейлi отбасы» республикалық конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Биыл бесінші рет өткен байқауда Жамбыл облысының атынан қатысқан отбасы үздік деп танылды.
Іс-шараны ашқан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді.
«Қымбатты отандастар, құрметті конкурсқа қатысушылар! Баршаңызды «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының мәреге жетуімен шын жүректен құттықтаймын. Халқымыздың ежелден отбасылық, имандылық дәстүрлерге беріктігі қоғамдағы жоғары моральдық және рухани құндылықтарды сақтап, дамыта түсуге ықпал етіп, жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұруға мүмкіндік берді. Тәуелсіздік жылдарында отбасы институтын нығайту мемлекетіміздің әлеуметтік саясатына айналды. Бұл бағытта маңызды шешімдер қабылданды. Еліміз жыл сайын Отбасы күні мейрамын атап өтеді.
«Мерейлі отбасы» конкурсы және өнегелі отбасылық құндылықтарды насихаттайтын шаралар дәстүрге айналды. Отбасының шағын мемлекет екенін ескерсек, бүгінде жүзеге асырылып жатқан бес әлеуметтік бастама сияқты жалпыұлттық жобалар қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып, жаһандық трендтерге негізделген қамқорлық пен көмекті ұдайы жалғастыруда. Жыл сайынғы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздары – отансүйгіштік, еңбекқорлық, мейірімділік пен қайырымдылық сияқты құндылықтар мен өмірлік бағдарларды бойына сіңірген отбасылардың өкілдері. Бұл үрдіс жас ұрпақтың патриоттық сезімін қалыптастырып, олардың білімге ұмтылысын арттырумен қатар, еңбек адамын тәрбиелеу үшін аса маңызды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні де осында. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, бейбітшілік тілеймін. Мерейіміз әрдайым үстем болсын», делінген Президенттің құттықтау хатында.
Бұдан кейін Г.Әбдіқалықова қатысушыларды құттықтап, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына байланысты қосымша жүлделер тағайындалғанын да жеткізді.
Бұл арнайы марапатқа қызылордалық Ишамқұловтар мен ақтөбелік Айтбаевтар әулеті ие болды. Айта кету керек, Айтбаевтар әулеті әуелі – халықаралық аренада еліміздің атын асқақтатып жүрген әнші Димаш Құдайбергеннің отбасы.
Байқаудың бас жүлдесі жамбылдық Ниязқұловтар отбасына бұйырды. Отағасы Үмен ақсақал 40 жылдай ауыл мектебінде мұғалім, директор қызметтерін атқарған. Жұбайы Баян әжей де ұстаздық еткен. Қазіргі таңда балалары мен немерелері олардың ізгі жолын жалғап, білім саласында қызмет етеді. Отбасының педагогикалық еңбек өтілін қосқанда 198 жылға жетеді екен. Қазіргі таңда Үмен ақсақал мен Баян әжей 12 бала, 32 немере және 20 шөбере тәрбиелеп өсіріп отыр. Жүлдегер әулетке естелік сыйлық пен шағын автобус көлігі табысталды.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»