ЕҚЫҰ ПА-ның Қысқы мәжілісінде негізгі тақырыптардың біріне айналды
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстан парламенттік делегациясының ЕҚЫҰ ПА Қысқы мәжілісіне қатысқан екінші жұмыс күні кеше таңертең Демократия, адам құқы және гуманитарлық мәселелер жөніндегі үшінші жалпы комитеттің отырысына қатысудан басталды.
Бұл отырыс та “Хофбург” сарайында өтті. Қазақстан жағынан оның жұмысына аталған комитет мүшелері Сенат депутаты Әділ Ахметов пен Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова қатысты. Делегацияның Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған қалған мүшелері бұл уақытта Бельведер сарайына экскурсия жасады.
Комитет отырысында көптеген мәселелер көтеріліп, олардың шешілуі Іс басындағы төрағаға байланысты екендігі айтылды. Соның ішінде Қырғызстан өкілі Р.Отунбаева аймақта адам саудасының әлі де орын алып отырғанын және осындай мәселені шешуге Іс басындағы төраға Ұйым беделін пайдаланар деген үмітте екенін жеткізді. Отырыста сондай-ақ, ЕҚЫҰ ПА-ның Осло қаласында болатын отырысына дайындық және онда көтерілетін мәселелер жайы да сөз етілді.
Түске жақын Нойерзаал аудиториясында Ауғанстанның жағдайына арналған арнаулы пікірталас басталды. Онда Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, ЕҚЫҰ ПА вице-президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Ауған мәселесі бүгінгі күнгі халықаралық қатынастардың күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселелердің бірі, деді өзінің сөзінде Қ.Тоқаев. Әлемнің үлкен бөлігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнығуы соған қарап тұр десек, артық айтқандай емес. Соның ішінде Орталық Азиядағы мемлекеттер үшін де ауған мәселесі барынша өзекті болып табылады. Әлемдік қоғамдастықтың ұжымдаса күш салуына қарамастан, бұл проблема әлі күнге шешімін табар емес. Керісінше, бұл ел әлемдегі аса ірі есірткі базасы болып қала беруде, сонымен қатар, ондағы тұрақсыздықтың салдарынан есірткі тасымалы, экстремизм, терроризм сияқты қатерлермен жалғасып жататын заңсыз миграция да күннен-күнге өрши түсуде.
Қасым-Жомарт Кемелұлы келесі кезекте ауған жастарының соңғы 30 жыл бойы Калашниковтың автоматынан басқа түк те ұстамай, үнемі соғыс жағдайында өсіп келе жатқанын, ал есірткі өсірумен айналысу бұл ел тұрғындарының негізгі күнкөрісі екенін айтты. Соның салдарынан Ауғанстандағы апиынның қоры бүгін 10 тоннаға жетіп отыр, бұл әлемдегі барлық апиынның 93 пайызын құрайды.
Қазақстан Ауғанстандағы халықаралық коалицияның әскери операцияларына әу бастан-ақ көмек қолын ұсынып, АҚШ-тың соғыс жүктерін тасымалдауына өзінің әуе кеңістігін ашқан болатын. Былтырғы желтоқсанда жерүсті жүктерінің транзитіне де мүмкіншілік тудырылды. Сондай-ақ, төрт офицер Кабулдағы халықаралық әскери күштердің штабына қызметке жіберілгелі отыр. Осының өзі жаһандану жағдайында түрлі қауіптердің еуропалық немесе азиялық деп бөлінбей, ортақ қатер тудыратынын, осындай проблемалардың жалпыға бірдей екенін ұққаннан жасалып отырған шаралар.
Әрине, Ауғанстан ЕҚЫҰ-ның географиялық жауапкершілігі аумағына енбейді, бірақ бұл елдің геосаяси жағдайы барлық Еуразия құрлығының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі фактор болып табылады. Сондықтан да Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткенін пайдаланып, Ауғанстан мәселесін реттеуді Ұйымның негізгі басымдықтарының бірі етіп отыр.
Одан әрі Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу туралы бастамасының өзі де осы ауған проблемасын реттеудің өзектілігінен туындап отырғанын жеткізді. Бұл проблематика үстіміздегі жылдың мамыр айында Алматыда болатын “ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі” атты трансазиялық форумының да күн тәртібіне енгізілген. Әлемдік қоғамдастық ауған проблемасын шешуде милитаристік емес бағдар ұстап, оны экономикалық тұрғыдан қолдауы тиімді болмақ. Гуманитарлық бастамалар мен ауғандықтардың бейбіт өмірге келуіне ықпал ететін экономикалық көмектерге бұл ел аса зәру. Осы ретте Лондонның қауіпсіздікті қамтамасыз ету жауапкершілігін бірте-бірте жергілікті билік органдарына беру туралы жаңа стратегиясы да қолдауға лайық.
Осы қатарда Қазақстанның Ауғанстанның бейбіт жолға бұрылуына, экономикасының қалыпқа түсуіне қосып отырған үлесі туралы да атап көрсетілді. Біздің ел, деді бұл орайда Қазақстан делегациясының басшысы, ауғандық фермерлерге тұқым, минералдық тыңайтқыштар, ауыл шаруашылығы жабдықтары және т.б. беруге әзір. Орталық Азия аймағындағы бейбітшіліктің сақталуы, сайып келгенде, Ауғанстанды қалпына келтірудегі ұмтылыстың нәтижелілігіне тікелей байланысты. Қазақстанның бұл іске көптеген елдерді тартқысы келіп отырған себебі де осы.
Қ.Тоқаев Қазақстан өзінің әріптестерімен “Орталық Азия — Ауғанстан” атты үнқатысуды жариялаудың мүмкіндігін қарастырып жатқанын да айтып өтті. Бұл елде тұрақтылыққа қол жеткізудің бір жолы – оны АӨСШК сияқты қауіпсіздікті қамтамасыз ету құрылымдарының жұмысына тарту. Соның ішінде Кабул есірткінің заңсыз айналымы мен жаңа қауіптерге қарсы күрестегі сенім шараларын іске асыру бойынша үйлестірушілердің бірі болар еді. Сондай-ақ, оны ШЫҰ мен ҰҚШҰ шеңберіндегі жұмыстарға тарту да аса қажет. Ал Лондон конференциясында ШЫҰ-ның Ауғанстандағы терроризмге, есірткінің заңсыз айналымына және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестегі іс-әрекет жоспары оң бағаланды.
Сөзінің соңында Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы ЕҚЫҰ-дағы әріптестерімен бірге Қазақстанның Ауғанстанды қалпына келтіру шараларына қатысуға дайын екенін жария етті. Сонымен қатар, Қазақстан ЕҚЫҰ шеңберінде шекаралық қауіпсіздікті сақтау, Орталық Азия елдері мен Ауғанстан арасындағы шекараны басқару деңгейін арттыру бойынша белсенді жұмыстар атқаруға әзір екенін мәлімдеді. Бүгінде ауған халқы демократиялық, өміршең қоғам құрудың тарихи сәтінде тұр. Біз тек оған көмек қолын созуымыз керек. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Қазақстан Ұйымның барлық әлеуетін осы іске жұмылдыруға тырысады. Мен беделді және ықпалды саясаткерлердің, соның ішінде ЕҚЫҰ ПА мүшелерінің қолдауымен Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың күшін осы проблеманы шешуге ұйымдастыра алады деп сенемін.
Түстен кейін Қысқы мәжілістің жабылуына арналған отырыс болды. Онда ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.де Бришамбо сөйлеп, сұрақтарға жауап берді. Одан әрі ЕҚЫҰ ПА-ның гендерлік мәселелер жөніндегі арнаулы өкілі Т.Тингсгард ханым сөйледі. Оның баяндамасына орай да көптеген сұрақтар қойылды. Келесі болып өздеріндегі отырыстар туралы, оларда көтерілген мәселелер туралы комитеттердің төрағалары кезекпен баяндап шықты. Мәжілістің жабылуында ЕҚЫҰ ПА президенті Ж.Соареш сөз сөйлеп, қатысушыларға белсенді жұмыстары үшін алғысын білдірді. Қазақстандық төрағалықтың бүгінге дейінгі әрекеттерін жоғары бағалап, оның осы бағдарда жалғасқанын қалайтынын жеткізді.
ЕҚЫҰ ПА Қысқы мәжілісі жабылғаннан кейін қазақстандық делегация Венаның дипломатиялық академиясына келді. Жылы қарсы алулар, Қазақстанның атына, оның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына тілектес пікірлер білдірілген соң сөз Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілді. Ол мұнда тыңдаушыларға арнап лекция оқыды.
Мен кәсіби дипломат ретінде әлемдегі осы бағдардағы үлкен зерттеу орталықтарының бірінің алдында сөйлеп тұрғаныма қуаныштымын, деп бастады Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің сөзін. Осындай беделді әлемдік оқу орнында менің отандастарымның да оқитыны қуанышымды еселей түседі. Одан әрі шешен тыңдаушыларға өзінің әлемдік проблемаларға деген көзқарасы мен Қазақстанның дүниежүзілік қауымдастықтағы рөлі туралы ойымен бөлісті.
Сөзін аяқтай келе шешен Қазақстан – төзімділік, конфессиялар мен этностар арасындағы татулық орныққан ел. Мұны қазір әлем халықтарына үлгі етіп ұсынуға да болады. Азия мен Еуропаның арасындағы көпэтносты және көпконфессиялы ел болып отырған Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы түсіністік пен төзімділіктің ортақ көпірі болуға дайын. Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш съезі өтті. Мұның дүниежүзілік діндер арасында түсіністік қалыптастырудағы маңызы зор, деді.
Сөзінің соңында Қ.Тоқаев әлемдік экономикалық дағдарысқа тоқталып, оның бұрынғы орнынан мәңгі қозғалмас деп саналған тұжырымдарға тигізген кері әсерін айтты және әлемдік қатерлерге бірлесіп қарсы тұру қажеттігін атады. Одан әрі дағдарыстың Қазақстан экономикасына тигізген кері ықпалын, оған еліміздің қарсы тұра алғанын қанағатпен жеткізді. Сөзінің қорытындысында Сенат Төрағасы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауының маңыздылығы және онда көрсетілген мәселелердің өзектілігі туралы айтып өтті. Жолдаудың талаптарын толық орындау Қазақстанды әлемдік қоғамдастықтың бұдан да күшті әрі беделді мүшесіне айналдырары сөзсіз, деп аяқтады ол өзінің лекциясын.
Лекция аяқталған соң спикер тыңдармандардың сұрақтарына жауап берді.
Осы күні Қасым-Жомарт Тоқаев Австрия Республикасы Ұлттық Кеңесінің басшысы Барбара Праммермен кездесті.
Кездесу барысында екіжақты, оның ішінде екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы қатынастарды белсенділендіру жолдары талқыланды.
“Австрия Қазақстанның Еуропадағы саяси және экономикалық маңызды әріптестерінің бірі болып табылады, – деді Төраға. – Қазақстан Австрияны ЕҚЫҰ-дағы негізгі әріптестерінің бірі ретінде қарастырады және біз ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы біздің ұсыныстарымызды қолдайтынына сенім артамыз”.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, қазақстандық төрағалық етудің стратегиялық мақсаты 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізу болып отыр. Саммит тақырыбы қауіпсіздіктің өзекті проблемалары, Ауғанстандағы жағдай, толеранттылық мәселелері болуы ықтимал.
Қ.Тоқаев Б.Праммерді Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы туралы хабардар етіп, бұл Жолдау тарихи құжат болып отыр, онда Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму бағыттары негізге алынған, деді.
Ол Австрия Ұлттық Кеңесінің басшысын, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясындағы австриялық делегацияның жетекшісін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Б.Праммер өз кезегінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту жайында айта келіп, 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы ұсынысты қолдайтынын білдірді.
Жақсыбай САМРАТ – Венадан.