• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Қыркүйек, 2018

Шекара шебіндегі түйткілдер шешімін табады

698 рет
көрсетілді

«Қаншама тәуелсіз ел болсаң да шекараң ашық-шашық жатса, ол іргедегі көршілердің тарапынан түгел мойындалмаса, ондай тәуелсіздіктен береке болмайтыны белгілі. Жалпы, жер дауы, шекара мәселесі түпкілікті шешілмесе, ел ішінде тыныштық, тұ­рақ­тылық болмайды, тұрақ­ты­лық жоқ жерде экономи­ка алға баспайды, ал бұл екеуі жоқ болса, мәдениет пен ғылымның алға жылжуы мүмкін емес», – деген еді Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев өзінің бір сұхбатында. 

Тәуелсіздік жылдарында Мем­лекет басшысының табан­ды­лы­ғының арқасында еліміз­дің ше­карасы ресми түрде шеген­деліп, іргедегі көршілердің тарапы­нан мойындалғаны белгілі. Ел­дің іргесін бекіту, нығайту жұмыс­тары әлі де тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Бұған биыл Президенттің пәрменімен бұрынғы Нарынқол ауданының қайта ашылғаны дәлел болса керек.

1920-1970 жылдары салынған заставалар да бар

Шекара туралы бекерге сөз қозғап отырғанымыз жоқ. Бүгінде елімізде шекараны қорғау, ондағы нысандарды нығайту бағытында мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар қолға алынып жатқаны мәлім. Десек те, бұл тарапта шешімі табылмай ке­ле жатқан түйінді мәселелер де жоқ емес. Осы мәселелердің бірқа­тары жақында Парла­мент Сенаты халықаралық қаты­нас­тар, қорғаныс және қауіпсіз­дік комитеті мүшелерінің және облыс әкімі Даниал Ахме­тов­тің қатысуымен Күршім ауда­нын­дағы Күршім отрядында өткен отырыста жан-жақты сөз болды.

Жиында шекаралық ай­мақ­тардағы жабылып немесе қысқартылып жатқан мектеп­тер­дің жайы да қозғалды. Қоғам қай­раткері, сенатор Мұхтар Құл-Мұ­хаммед Шығыс Қазақстан облы­сының әкімі Даниал Ахметовке шекарадағы елді мекендердің мәселесін үнемі назарда ұстау керектігін алға тартты.

«4 қыркүйекте «Егемен Қа­зақ­стан» газетінде «Марқакөл­діктердің мұңы» деген мақала шығыпты. Бұл мақалада тек Шығыс Қазақстанға ғана емес, Алматы облысына да қатысты ма­ңызды мәселе көтерілген. Ке­йінгі 5 жылда бір ғана Күршім ауданында 5 мектеп амалдың жоқтығынан жабылғаны айтылыпты. Мұндай шағын ком­плектілі мектептер еліміздің шекаралық аймақтарының бәрінде жабылып жатқаны жасырын емес. Бұған Үкіметтің №1256 қаулысы да себеп болып отырған секілді. Жазы қысқа, қысы 6-7 айға созылатын осы өңірдің тұрғындары Үкіметтің осы қаулысын өзгертіп, 11 жылдық мектептердегі оқушылар саны кем дегенде 81 емес, 60, ал 9 жылдық мектептердегі оқушылар саны 41 емес, 25-30 оқушы болса деген  ұсыныс айтады. Бұған бюджеттің көп қаржысы кетпес деп ойлаймыз. Облыс әкімінің өзі де мұндай әлеуметтік жобаларды қолдауға ниет білдіріп отыр. Сонда алыстағы, шекаралық аудандарда мал бағып отырған, қыстың көзі қырауда әрлі-берлі шыға алмайтын елді мекендердегі мектептер жабылмас еді. Биылғы оқу жылында Қазақстан бойынша 348 мектеп ашылды. Осындай жағдайда әсіресе, Қытаймен шектес аудандардағы мектептердің жабылуына жол бергеніміз дұрыс болмас», – дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сенатор көтерген мәселеге Даниал Ахметов сол жерде өз пікірін білдіріп, шекаралық аймақтардың 11 жылдық мектептеріндегі оқушылар санын 60-қа емес, 40-қа дейін түсірсе де артық болмайтынын айтып, Үкіметтің қаулысын өзгертпей-ақ бұл мәселені шешудің жолдары қарастырылатынын мәлімдеді. 

Отырыста әскерилерді толғандырған мәселелерді шешудің жолдары да тілге тиек етілді. Біз тек Шығыс Қазақстанға қатысты мәселелерге тоқталамыз. Осы отырыста шағын баяндама жасаған Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Дархан Ділмановтың айтуынша, Шығыс Қазақстан аумағындағы мемлекеттік шекара 1 мың 189 шақырымды құрайды. Шығыс бағытында 101 әскери құрылымдар (шекара заставалары мен шекара комендатуралары) бар болса, осының 51-і біздің облыста орын тепкен екен. Қазіргі уақытта өңірде үш шекара қызметі (Күршім, Зайсан және Үржар (Мақаншы) аудандары) жұмыс істейді.

«Елдің шебін қорғау қаншалықты маңызға ие екендігі айтпаса да түсінікті. Алайда соңғы 5 жыл көлемінде шекарадағы нысандарды қаржыландыруға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей отыр. Елбасы Жарлығымен бекітілген кешенді жоспар өз деңгейінде орындалмай келеді. Жоғарыда аталған Шығыс Қазақстандағы 51 шекара заставаларының көпшілігі 1920-1970-жылдары салынған. Мәселен, Күршім ауданындағы шекара жасағы 1969 жылы құрылған. Ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Шекара заставаларын сумен қамту, электр қуатымен жабдықтау тұрғысында да мәселелер бар. Шекарадағы әскери бөлімдердің материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін жобалық-сметалық құжаттарымызды әзірлеп, 2019-2020 жылдарға бюджеттік өтінім бергенбіз. Бірақ әзірге қолдау таппай отыр. Осыған Үкімет тарапынан көмек көрсетілуін сұраймыз», – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары.

Шығысқа көшіп келгендерге баспана беріледі

Бүгінде елімізде шекарада орналасқан аудандарға біртіндеп болсын көңіл бөлініп жатқанын жоғарыда айттық. Шығыс Қазақстанда да бұл тарапта алға жылжу бар екенін жоққа шығаруға болмас. Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған сенаторлардың қатысуымен өткен көшпелі отырыста өңірдің шекаралық аймақтарында орналасқан халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, оларды толғандырған мәселелерді шешуге қатысты жақсы-жақсы ұсыныстар айтылды. Облыс әкімі Даниал Ахметов өңірдің шекаралық аймақтарын дамыту үшін арнайы жоспар жасалып, Үкіметке бірқатар ұсыныс жолданғанын жеткізді.

«Біз өз ұсыныстарымызды Ресейдің шекаралық аймақтарының үлгісінде әзірледік. Атап айтар болсақ, шекаралық аймақтардағы қызметкерлердің лауазымдық жалақыларын 25-тен 75 процентке дейін көтеру, жас мамандарға берілетін көтермеақыны екі есеге ұлғайту, жас аналарға көрсетілетін ай сайынғы әлеуметтік көмек көлемін өсіру, қаладан ауылға көшіп келетін адамдарды тұрғын үймен қамту жөнінде ұсыныстар дайындадық. Қазір елімізде шекаралық аймақтарды дамытуға арналған арнайы салалық бағдарлама жоқ болғандықтан, шекарадағы тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар арқылы жәрдемдессек пе деген ойымыз бар. Облыстағы шекаралық аудандардың әкімдеріне бос жерлерді анықтап, сараптама жасау жөнінде тапсырма бердім. Біз Үкіметтің қаржысын күтпей-ақ үйлерді жөндеуден өткізіп, еліміздің әр аймағынан көшіп келетіндерді сонда орналастыратын боламыз. Мұнымен қатар жер өңдеймін, көкөніс өсіремін, мал ұстаймын деушілерге де тиісті жағдай жасаймыз», – деген өңір басшысы шекаралық аймақтардың инфрақұрылымын дамыту үшін Зайсан мен Катонқарағайдағы ескі әуежайларды қайтадан жаңартып, іске қосу жоспарланып отырғанын да жеткізді.

Жиында Дариға Назарбаева өңір басшысына Шығыс Қазақстандағы шекара заставаларының материалдық-техникалық базасын нығайтуға және ауыз су, электр қуаты мәселелерін шешуге көмек көрсетуді ұсыныс ретінде айтып, көптен бері салынады деп жоспарланып жүрген Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысының жайын сұрады. Д.Ахметов Бұқтырма су қоймасына салынатын көпірдің жобалық-сметалық құжаты әзірленгенімен, инвестор табылмай отырғанын, шетелдік инвесторлар валюта бағамының айырмашылығынан сескеніп, жобаны қолға алудан тартынып отырғанын айтты. Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы егер шетелдік инвесторлар келіспесе, бұл іске жергілікті инвесторларды тарту қажеттігін ұсынды. Дариға Назарбаева көшпелі отырыста көтерілген барлық мәселе назардан тыс қалмайтынын, Үкіметке тиісті ұсыныстар енгізілетінін атап өтті.  

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы