• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
17 Қыркүйек, 2018

У себiлген кiтап

424 рет
көрсетілді

Екi ғалымның өлiмiне қатысты қылмысты iстi Новосібір прокуратурасының қызметкерлерi тексере келе, iстi қысқарту туралы шешiм қабылдады. Өйткенi қылмыскер табылғанымен, сот алдында жауап беретiн айыпкер болмаған... 

Улану туралы iс қозғалған

Арыз 37 жастағы тарих ғы­лы­мдарының кандидаты Олег Ель­шиннiң туыс­тарынан түскен. Ға­лым аяқ астынан ауырып, бiр-екi күннен кейiн қайтыс бол­ған. Ауыратын күнi Олег жұ­мысынан ерте келiп, өзiнiң iшi ауы­рып тұрғандығын, лоқсып құс­қысы келетiндiгiн, кеуде тұ­сы­ның күйiп, тыныс алуы ау­ыр­лап тұрғандығын айтқан. «Же­дел жәрдем» оны ауруханаға жет­кi­зедi. Диагнозы бiрден та­­­былмаған. Дәрiгерлер алды­мен ин­фаркт, одан кейiн асқазан жа­расы деген қорытынды жасай­ды. Тек келесi күнi ғана оның улан­ғандығы анықталады. Бұ­дан кейiн токсикологтар қан­ша­ма шара қолданғанымен, еш нәтиже шықпаған – бүйрек жұ­мыс iстеуiн тоқтатқан. Пато­ло­гоанатомиялық тексерулер өлiм себебiн уланудан болған деп та­бады. Оның құрамында циан (түссiз улы газ) қоспасы болған деген тұжырымға келедi.

Прокуратура қызметкерi жа­ңадан ашылған iс бойынша тергеу жұмыстарын жүргiзiп, қыл­мысты iстiң себебiн iздестiре бас­­тайды. Ғалымға кiм у бе­руi мүмкiн? Не үшiн? Олег тiр­шi­лi­гiнде ешкiммен шәй деспеген жан. Әйелi мен қызы үшеуi бi­реуден iлгерi, бiреуден кейiн де­гендей бақытты өмiр сүрiп жат­қан. Кiмнен күдiктенуге бо­лады? Тергеушi iстiң бас-ая­ғына жете алмай дал болады. Ақы­ры iстi жапқалы отырған сәтiнде қаланың екiншi бiр ауда­нынан таныс тергеушi телефон ша­лып, тарих факультетi ас­пирантының уланып қайтыс бол­ғанын хабарлайды.

 

Абайсыздық құрбаны

Тексеру сараптамасы ас­пи­­рант Николай Величко мен Олег Ельшиннiң бiрдей умен уланғанын анықтайды. Айыр­машылығы Николай оны көп мөл­шерде қабылдаған. Оның да уланғанын дәрiгерлер өте кеш анықтайды. Бiр қызығы, Величко мен Ельшин бiр-бiрiн танымайды, бiр-бiрiмен кездес­пеген. Тек екеуiнiң зерттеп жүр­­ген тақырыбы бiр – Бiрiншi Петр тұсындағы Ресей елiнiң тұр­мыс тiршiлiгi. Сонда олардың көз­қарасында бiр ортақтық болғаны ғой.

Бәлкiм, қылмысты осы ара­­дан iздестiрген жөн болар. Тер­геушiлер қаладағы барлық ау­руханаларға телефон шалады. Нәтижесiнде облыстық ауруханадан жуырда бiр адамның цианид қоспасынан уланып, одан жазылып шыққандығын анықтайды. Бi­рақ ол ғылыми қызметкер ем­ес, қалалық кiтапхананың қыз­меткерi екен.

Тергеушiлер iстiң iзiне түс­кендiгiне қуанады.

Құпия қолжазба

Кiтапхананың оқу залында арнаулы қордағы кiтаптарға тап­сырыс берiлген формулярлар сақталған. Олардың iшiнде Величко мен Ельшиннiң аты-жөнi кездескен. Екеуi де Бiрiншi Петр дәуiрi туралы Яков Брюстiң қол­жазбасына тапсырыс берiптi. Кiтап криминалистика зертханасына жеткiзiлдi. Сараптама қол­жазба парақтарына циан қос­пасы сiңiрiлгенiн анықтайды. Кi­тапқа тапсырыс берген ғалым мен аспирант бiр-бiрiне жабысып қалған парақтарды ажырату үшiн саусақтарын тiлiмен жалап, беттердi ашып отырған. Соның сал­дарынан екеуi де уланған. Уни­верситеттен шақырылған ла­тын тiлiнiң маманы қолына ар­найы қолғап киiп, аузы-басын респиратормен тұмшалап, кiтаптың алғы сөзiн оқып бередi. Онда «Кiтапты түс ауа, сыртта, қар үстiне қойып, бетiңдi желге берiп оқы» деген ескертпе нұс­қау берiлген. Кiтап ұзақ уақыт бойы арнайы қорда сақталып, ға­лымдарға кейiнгi кезде ғана оны оқуға рұқсат етiлген. Бi­рақ ол кiтапты керек қылған еш­­кiм болмаған. Тек Ельшин мен Величко ғана бiрнеше са­ғатқа алып, көз сүзiп шыққан. Кi­тапханашы оны оқырманнан қайтарып алып тұрып, қызыға парақтап шыққан. Сонда латын тiлiн бiлмейтiндiгiне өкiнген. Бi­рақ iле-шала әрiптесi туған кү­нiне орай дастарқан жайып, ол тортпен шайды тоя iшедi.Торт­тың құрамындағы қант циан қос­пасын ыдыратып жiберген.

Сонда Яков Брюс қол­жаз­басын нелiктен улады екен? Бұл жұмбақ!

Кiтаппен улану фактiсi орта ғасырларда жиi болып тұрған. Та­рихқа жүгiнсек, француз ханшасы Екатерина Медичи король Генрих Наваррскийдi осы тәсiлмен өл­тiрмек болған. Сондықтан ескi қол­жазбаны оқығанда абайлау керек. Парақтарды аударыс­тыру үшiн саусақты түкiрiктеу де дұрыс емес. Бiрiншiден, ондай жағдайда гигиеналық сақтық шаралары бұзылады, екiншiден қолжазба белгiлi бiр мөлшерде зақымдалып, бiрте-бiрте тозады.