• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қыркүйек, 2018

«Айша бибі» шипажайына алаңдаушылар көп

1423 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда басы ауырып, балтыры сыздаған жанның барлығы дерлік медицинаның көмегіне жүгінеді. Ал қалтасы көтерген кейбір азаматтар арнайы емдеу-сауықтыру кешеніне барып ем алып жатады. Дегенмен әр адамға өзінің денсаулығы қымбат. Сондықтан да дертіне ем іздеген жандар дүниенің қай түкпіріне болса да баруға әзір. Бірақ бүгінгідей отандық медицина дамыған кезеңде шипаны шалғай жерден іздемей-ақ өзіміз тұрып жатқан өңірден де табуға болады. Мәселен, Жамбыл облысында елімізге белгілі «Меркі» шипажайы, Т.Рысқұлов санаторийі сияқты бірқатар емдеу кешендері жұмыс істейді. Жыл сайын мұнда келіп дертінен құлан-таза айыққан азаматтар да жетерлік. Сонымен қатар Жамбыл ауданында орналасқан «Айша бибі» шипажайына да келушілердің көзқарасы түзу. Тау баурайында орналасқан кешеннің емделушілерге тигізіп отырған пайдасы көп. Бұл жердегі кіші Ақкөл көліндегі қара батпақтың емдік қасиеті талай жанға шипа болған. Балшықпен емдеу тәсілі еліміздің көптеген өңірінде кездесе бермейді.

 Мәлімет бойынша, аталған кешен 1958 жылы армяндық Асепян есімді дәрі­гер­дің бастамасымен ашылған екен. Әуелі бал­шықпен емдеу емханасы бол­ған нысан 50 адамға қызмет көр­сет­кен. Кейін, яғни 1961 жылдан бастап аталған орта­лық өзі­н­ің келушілеріне то­л­ық­тай ем көр­сете бас­­таған. Алайда кейінгі кезең­дер­­д­егі түр­лі жағдайларға бай­ла­ныс­ты бұл ны­­сан­­­ның 1997 жылы жабылып қа­лып, құ­рал-жаб­­дық­тарының талан-тараж­ға түс­ке­­нін жұрт жақсы біледі. Ал былтыр бұл орталық «Айша бибі» ем­деу-сауық­­тыру кешені болып қайта ашыл­ған­да, ха­лық­тың қуанышында шек болған жоқ. Енді дертіне ем боларлық орталық қа­й­та­дан іске қосылғанда, халық қуанбай қайтсін...

 Алайда көптің қуанышы бүгінде су сепкендей басылғалы тұр. Себебі бұл нысан ағымдағы жылы жекешелендіру бағдарламасына еніпті. Яғни, емдеу емханасы 10 жыл мерзімге сенімді басқаруға өтіп кетуі мүмкін. Сенімгерлік басқарудың өзі жекешелендірудің алғашқы сатысы екені белгілі. Енді аталған нысанның «тағдыры» қыл үстінде тұрғандай. Осы уа­қытқа дейін құяң, сал, бедеулік, буын, жүйке ауруларына ем болып келген ем­хананың ендігі жағдайының не болатыны көпшілікке беймәлім. Мәселен жыл басында аталған мекеме үшін 248 миллион теңге қаржы қарастырылған болса, оның 62 миллион теңгесі республикалық бюджеттен бөлінбей қалған. Тіпті бұл қара­жаттың ішінен 48 миллион теңге қыс­қар­ты­лып та кеткен көрінеді. Жамбыл об­лыс­­тық денсаулық сақтау басқармасына қа­расты мекеменің бүгінгі жайы осы. Енді қара­жат­тың әңгімесі біткенде, кадр мәсе­ле­сінде де бірқатар қысқартулар орын алып­т­ы. 2015 жылы мұнда 151 қызметкер болса, өткен жылы 117 қызметкер қал­ған. Биылғы мамыр айына дейін осы құрам бірігіп жұмыс істегенімен, қаржы­лық қиын­дықтардың салдарынан тағы 15 аза­мат жұмыстан босатылыпты. Ал қалған азаматтарға бүгінде айлық жалақысын, еңбек демалысын төлеудің өзі мұң болып отыр екен.

 Жалпы жұрттың айтуынша, кезінде шипажай аумағында жылан көп болған деседі. Содан да кіші Ақкөл балшығының, балдырларының емделушілер үшін емдік қасиеті жоғары. Мамандар мұның бәрі, әсіресе буын ауруларына ем екенін айтады. Қазіргі кезеңде аталған шипажайда емделушілердің 80 проценті сүйек және буын ауруларына шалдыққандар екен. Сонымен қатар мұнда ерлер арасындағы бедеулік пен белсіздікті және жол апатынан жарақат алғандарды емдеуге де мүмкіндік мол. Бұдан бөлек, «Айша бибі» шипажайы ортопедиялық және жүйке жүйесі ауруларына шалдыққандарға да көмек көрсетіп келеді. Бір айта кетерлігі, ағымдағы жылдың маусым айында осында келіп ем қабылдаған 121 емделуші негізінен мемлекеттің көмегін көрген. Олардың бір күндік емделу құны 9984 теңге болған. Кейін мекеменің жағдайына байланысты 6 теңгеге жоғарылапты. Қазір емханада бір мезгілде 15 адамның 10 күн бойына ем қабылдауға мүмкіндігі бар. Егер осындай мүмкіндігі бар «Айша бибі» шипажайы жекешеленіп кетсе, оның бұл мүмкіндігі сақтала ма, жоқ па, ол жағы да беймәлім.

Қылышын сүйретіп қыс та келіп қалды. Алайда жылыту маусымына төлей­тін мекеменің қаражаты жоқ. Жаз мезгі­лінің өзінде коммуналдық төлем 1 миллион теңге көлемінде болса, қыстыгүні бұл баға 5 миллион теңгеге дейін жетеді екен. Қазіргі кезде аталған орталықта 12 адам ем алып жатқан болса, мекеме шы­ғы­­нын олардың есебінен жабуға еш­қан­­дай да мүмкіндік болмай тұр. «Айша бибі» шипажайы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Хамиди Шаухаров осы мәселе оңынан шешілсе, барлығының да дұрыс болатындығын айтады. Ең бастысы, шар­тарапқа аты жайылған шипажайды сақтап қалу­ға мүмкіндік бар. Тек әңгіменің бәрі де қа­ражат мәселесіне келіп тіреліп тұр екен.

 Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына барғанда, арнайы «Айша бибі» шипажайына атбасын бұрып, бұл ғимаратты сатуға мүлде болмайтынын, реті келсе мемлекет меншігінде қалдыру керектігін айтқан болатын. Бұл келушілер үшін игілікті болары сөзсіз. Дегенмен мұнда тиісті қаражаттың бөлінбей жатуы, оның үстіне қыс мезгілінің келіп қалғаны көңілге алаң ұялатады. Осы уақытқа дейін мыңдаған жанның дертіне шипа болған шипажай шырғалаңының қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Егер облыстық денсаулық сақтау басқармасы тиісті қаражатты бөліп берсе, кешен өзінің жұмысын әрі қарай жалғастырып, талай жанға шипа сыйлайтыны сөзсіз еді...

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы