• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2011

Ел дегенде еміреніп өткен ер

655 рет
көрсетілді

Ел дегенде егіздей болып айтылатын ерен есімдер болады. Соның бірі Қаратай Тұрысов есімі. Оның өз өмірін туған елінің өсу, өркендеу, одан тәуелсіз ел ретінде қалыптасу, іргесін бекіту жолында сарп еткені тарих беттерінде сайрап жатыр. Әрине, барлық адамдар да өз деңгейінде елге қызмет етеді, жасампаздыққа жақсы үлесін қосуға тырысады. Бірақ солардың ішінде мойнындағы күнбе-күнгі міндетін ғана атқарып, ұзақ жыл қалыптың қасаң қағидасымен  қызмет атқарғандар көп те, өзіндік дара іздерін қалдырғандары сирек болады. Өйткені, мұндай іске ақыл мен қайраттан басқа жалындаған жүрек керек. Ұлы Абай осы үшеуін бірдей ұстауды өсиет етсе, Қарекең оны бүкіл өмірінде қате қылмай, алып жүрген.   Қаратай Тұрысов 1934 жылы 2 ақпанда Жамбыл облысының бір түкпіріндегі Талас өзенінің бойындағы қырғыздармен шекаралас «Жас өркен» деген кішкентай ғана ауылда дүниеге келген. Жастық шағы өмір үшін күрестің жансебілдік азабымен өтті. Бұлар бүйірі шығып ас ішіп көрмеген, иығы бүтін киім киіп көрмеген, көңілі толып, мәз-мейрам болып күліп көрмеген ұрпақ еді. Үнемі жоқшылық пен таршылық оларды төмен тұқыртып, еңселерін езіп тұратын. Қолдан жасалған аштық халықтың жартысын қырып, біраз бөлігін қаңғыртып жіберген. Бұлар дүние есігін ашқанда оның зардабы әлі тарқамаған. Әлі де ашқұрсақ жүретін халық тоя тамақ жеудің не екенін білмей, азға қанағат етіп қана жүре беретін. Аяқты апыл-тапыл басқан шақтарында халықтың еркін әбден жаншып, жігерін жасы­та­тын жаңа тәсіл табылып, «ха­лық жауы» деген пәле шығады. Әне шауып кетті, міне, тиіп кетті деп жаппай тиген үрей үлкендерді сыбырлап сөйлейтін, жас баланы дауысын көтеріп жылай да алмайтын халге жеткізді. Одан соғыс келді. Елдегі қара жұмыстың бар ауыртпалығы әйелдер мен балалардың мойнына түсті. Сен жас екенсің, бұғанаң әлі қатпаған екен деп аяған ешкім жоқ, аяқ-қолың сау болса болды, жұдырықтай қалпымен ала таңнан қара кешке дейін соқа сүйрейтін әбден қажыған арық өгіздің басына қонжитып қоя береді. Шабан өгіздің бас жібін әлсіз қолдары­мен тартқылап, күні бойы шу-шүулеу­мен дауыстары қарлығып, шыбық үйіру­мен екі қолы салдырап қалатын балалар оның үстінен түскенде, екі аяғы қалтырап, сұйық көжеге зорға жетіп, сылқ түсетін... Өмірдің барлық қиыншылығымен тайталаса туып, жағаласып өскен солар бәрібір мықты болды. Қайсысы болсын ештеңеден қайтпайтын шетінен өжет, табанды, оның үстіне алымды да, ша­лымды жігіттер еді. Өжеттігі сол емес пе, Қазақстанның бір түкпірінде туып, қазақ мектеп-интернатын бітіріп, еш­теңеден қорғалақтамай, анау-мынау емес жер түбі Мәскеуге оқу іздеп барғандары. Тараздағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектеп-интернатын 1950 жылы бітірген бір топ бала, ішінде Қаратай Тұрысовтан басқа Шерхан Мұртаза мен Шота Уәлиханов  бар,  жері суық, алыс әрі жат Мәскеуіңнің төрінен бір-ақ шығып, бәрі де оқуға түседі. Ол кездің қиыншылығы түгіл бертін, жаймашуақ жылдар болғанда да бұлай топталып барып, Мәскеудің оқуына тоғытылып түсу деген сирек оқиға болатын. Ал қайсар ұрпақ соғыстан кейінгі қиын­шылықтарды, жоқшылықты көзге  ілмей, бұрын ауылдан шығып көрмесе де астананың төрінен бір-ақ шығады. Сол жылдары Қазақстанның басқа түкпір­лерінен «Мәскеуді бағындырғандар» ара­сында қазақтың белгілі ақыны Кә­кімбек Салықов та болып, ол астананың Түсті металл және алтын институтынан бір-ақ шығыпты. Ал Қаратай Тұрысов Серго Орджоникидзе атындағы геоло­гиялық-барлау институтына түседі. Осы институт қабырғасында Қаратай Тұрысовтың болашақ өміріне көзқарасы бекем қалыптасты. Ол өз мамандығын сүйіп қана қойған жоқ, осы саланың білікті мамандарының бірі болды. Өзін оқытқан Алексей Богданов, Петр Захаров, Михаил Муратов сынды профессор-ұстаздарын ол өмір бойы ұмытпай, есімдерін ілтипатпен еске алып жүрді.  «Соғыстан кейінгі ұрпақтың геологияға бет алуы – әлемдік масштабтағы академик Қаныш Сәтбаевтың Қазақстандағы жер асты қазба байлықтарын дүние­жүзілік аренаға шығарған еңбегіне тікелей байланысты» деп өзінің бір сұх­батында Қарекең геологияға келу себебін ашумен қатар, Сәтбаевтың өлшеусіз еңбегіне де бас иетіндігін айтып кетеді. («Арай» журналы, №№3-4, 1994 жыл). Осы сұхбатында әрқашанда тура сөй­лейтін, ойын ашық та бүкпесіз айта білетін Қаракең: «Геолог болу – қияметтің қияметі. Дүниеде 3 мың түрлі минералдар бар. Әрбір тастың құрамындағы ми­нералдарды «оқып» зерттеп, жер қой­нында қандай кен жасырынып жатқанын дәл білу керек... Арқаңда дорбаң... қо­лыңда балға-қайлаң... дорбаң толы тас. Қу даланы кезіп бара жатқан геолог осындай күн кешеді. Күні бойы тастармен сөйлеседі. Қазір де тау жоталарын, тау мен тасты көрсем болды, солай қарай бұрылып кеткім келеді», дейді Қарекең. Қаратай Тұрысов Орталық Қазақ­стан­ның кенді аймақтарының геология­лық картасын жасау ісіне сегіз жыл бойы үлес қосты. Көктасжал кен орнын алғашқы ашушылардың бірі болды. Одан Қаражол, Қарағайлы, Жәйрем, Бет­пақдаланың тау-тасын кезіп, жаңа кен орындарын іздеді. Осы еңбегі ескеріліп,  «Қа­зақстанның құрметті кен барлау­шысы» ата­ғын да алды. Гео­фи­зи­калық экспе­ди­цияның партия бас­ты­ғы болған ол осы жыл­дары басқа­ру жұмы­сына икемді, халықпен тіл табыса алатын қабі­леті де зор екенін көр­сетті. Қызы­ғы мен қиы­ны көп бұл жылдарды артынан ол үнемі сағы­нышпен еске алатын. Хрущевтің тұсында партияның басқару құ­ры­лымын  өнеркәсіптік және ауыл шаруашы­лықтық деп екіге бөліп тастаған еді. Қарекең­дер­дің Ағадыр экспе­ди­циясы Ақ­шатау өнеркәсіптік ауко­мы­на қарай­тын. Ұзатпай геологты аудан­дық партия­лық бақылау комитетінің төр­ағалығына сайлады. Бірақ оның бойына сыймаған қуаты кеңседе отырып, қағаз төңкеріс­тіруге қанағаттанбай, қиын да күрделі істерге ұмтылатын. Осыны басқару сала­сын­дағы қызметкерлер де сезген болуы керек, көп кешіктірмей Қ.Тұрысов Қара­жал қалалық парткомының әуелі екінші, 3-4 айдан кейін бірінші хатшылығына сайланды. Осы қызметте алты жыл еңбек еткен Қаратай Тұрысов Қазақстанды тек шикізат базасы ретінде қалдыруды көздейтін орталықтың әрекетіне іштей қатты қын­жылатын. «Қаражал бой көтерген күн­нен бастап, өркен жайғанға дейін мен оның басы-қасында болдым. Оның кеніші шикізатты жан-жаққа жөнелтіп-ақ жатты. Бірақ қайтарым аз болды. Түп­кілікті өнім шығаруға қол жеткізбегеннен кейін, шикізат арзанға кетіп жатты» деп артынан ол қиналып еске алатын. («Алматы ақшамы», 2 ақпан 1994 жыл). Қарекеңнің геолог мамандығы партия қызметінде де өз пайдасын берді. Ол Қаражалдағы темір-марганец комби­наты­ның дамуына, Жәйрем полиметалл кен орнының ашылуына білікті үлесін қосып отырды. Сонымен бірге, қаладағы балабақшалар, мәдениет үйі, мектеп, жазғы парк, бірнеше тұрғын үйлер Қарекеңнің кезінде көтерілген құры­лыстар. Тұрысовтың кішіпейіл, көпшіл мінездерін қаражалдықтар күні бүгінге дейін еске алып отырады екен. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Камал Мусиннің айтуына қарағанда, ол кейін де Жезқазған жаққа жолы түссе Қа­ражалға соқпай кетпеген. Ал Қаражалға келсе шахтаға да түсіп, қарапайым ха­лық­пен жолығуды ешқашан ұмытпаған. 1971 жылы Қарекең Қазақстан КП Орталық комитетіне қызметке алынады. Осының өзінен оның республикалық көлемде көзге түсіп, іскерлік қабілетін, кісілік, кішілік келбетін танытқандығын тануға болады. Қалай десе де ол кездегі билік адамның қасиеті мен қабілетіне үлкен көңіл бөлетін еді ғой. 1974 жылы Қаратай Тұрысов жаңа­дан ашылған Торғай облысының партком хатшыларының бірі болады. Орта­лық комитеттің кадр мәселесіне қатты кө­ңіл бөліп, олардың қабілеттерін орын­ды пайдалана білуінің бір мысалы осы Торғай облысынан көрінді. Онда барып облысты ашқан және оның экономи­касын көтерген азаматтардың бәрі де артынан «Торғайдың топжарғандары» атанып, елімізге аты шыққан тұлғалар болды. Сол Сақан Құсайынов, Мақтай Сағдиев, Өзбекәлі Жәнібеков, Евгений Баш­маковтардың қатарында жарық жұл­дыз­дай болып Қаратай Тұрысов та жүрген еді. Торғайдың сол жылдардағы өскенін тек тәуелсіздік жылдарындағы Астананың өсуімен ғана салыстыруға болатын шығар.  1970 жылы 13 мың ғана тұрғыны бар Арқалық қаласы аздаған жылда 80 мыңға жуық тұрғыны бар ірі қалаға айналды. 1971-80 жылдардағы Торғайдағы ауыл шаруашылығының даму қарқыны республикалық орташа көрсеткіштен екі есе артық болды. Ал тау-кен өндірісінде  боксит қорының жаңа көздерін ашу, қоңыр көмірдің негізінде электр стансаларын салу, темір кендерін игеру үшін Есілде металлургия зауытын тұрғызу сияқты алып жұмыс­тардың ұйытқысы болып Қаратай Тұры­сов жүрді. Торғайдағы толымды еңбек қызу жү­ріп жатқан бір тұста, 1978 жылы Қаре­кеңді өкімет КСРО Министрлер Кеңе­сінің жанынан бұрынғы білім жетілдіру инсти­ту­тының негізінде жа­ңа­дан ашыл­ған 2 жыл­дық Халық шаруа­шы­лығы ака­демиясына оқу­ға жіберді. Бұл ша­руа­шылық басшылары­ның ең жоғарғы буыны үшін арнайы ашылған оқу орны болатын. Онда нарықтық қатынас­тар­дың негізгі қағидат­тары да таныстырылып, кә­сіпорын басшылары­ның еркіндігін кеңейту мәселелері түбегейлі қа­растырылатын еді. Са­бақтарда жоспарлы-нарықтық экономика­ның ұтымды тұстары ашып көрсетілді. Бұл артынан КСРО аума­ғын­да әлеу­меттік-эко­но­микалық үлкен дағ­дарысқа ұшыратқан сти­хиялы рынок пен мемлекеттің эко­номиканы басқарудан мүлде ығыс­тырылуына жол берген неолибералдық реформаларға қарағанда, әлдеқайда тиімді әдістер еді. Осы жолмен нарықты енгізген Қытай мен Вьетнамда ол өзінің артықшылықтарын іс жүзінде көрсетті. Академияға теориялық экономикадан есімдері бүкіл әлемге танымал болған А.Аганбегян, Н.Мельников, Н.Некрасов секілді академиктер сабақ берді. Қарекең олармен тығыз қарым-қатынасын ешқа­шан үзбеген. Осында алған білімді ол артынан, Тәуелсіз Қазақстандағы Үкімет басшысының орынбасары болғандағы қызметінде орынды пайдалана білді. Осы қызметінде жүріп елді нарыққа өт­кі­зудің жолдарын жасаған Эконо­ми­ка­лық реформалар жөніндегі республи­калық комиссияны басқарғанда мәскеу­лік ұстаздарының ақыл-кеңесін алып отырған. Академияны аяқтаған соң Қ.Тұрысов КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғы­лымдар академиясында кандидаттық диссертациясын қорғап, елге оралды. Алдын ала айта кетейік, 1993 жылы ол докторлық диссертациясын қорғағанда да академиядағы ұстаздары ғылыми жетекшілік жасаған. Академиядан соң аз уақыт тау-кен жұмыстарындағы техникалық қауіпсіз­дікті сақтау жөніндегі республикалық комитеттің төрағасы болып тағайын­далған Қ.Тұрысов 1981 жылы Қазақстан кәсіподақтары кеңесінің төрағасы қыз­метіне сайланды. Жаңа орын, жаңа қыз­мет болса да бұл сала Қарекеңе әлми­сақтан таныс еді. Өйткені, ол қарапайым еңбек адамының мүддесін қорғауға ежел­ден бейіл болатын. Бірақ партия 1984 жылы оны қайтадан өзіне тартып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төр­ағасы болып тағайындалған Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына ОК өнеркәсіп са­ласын бақылайтын хатшысы етіп сайлайды. Бұл – Горбачевтың өкімет басына келуімен КСРО қоластында туындаған ұлы өзгерістердің тууына дөп келген шақ болатын. Оның бір ерекшелігі – рес­публикалардың өзін-өзі басқаруына молырақ ерік берумен қатар, биліктің барлық орталық аппараттарына республика өкілдерін жаппай тарту қолға алынып жатқан. Осы үрдістің әсерімен Кәсіподақтардың бүкілодақтық Орталық кеңесіне (КБОК) ұлттық респуб­ли­калардың бірінен хатшы сайлау керек болғанда, таңдау Қаратай Тұрысовқа тү­седі. Сөйтіп, ол 1986 жылдың көк­темінде үшінші рет Мәскеуге оралады. Кәсіподақ қайта құрудың кезінде барлық салаға батыл араласып, бұрын­ғы­дай партияның көлеңкесінде емес, белсенді әрекет еткен қоғамдық ұйым болды. Қарекең КСРО Министрлер Ке­ңесі төралқасының Н.Рыжков өткізген барлық отырыстарына қатысып, ұлы державаның үлкен саясатының қалай жасалатынын көзіммен көрдім деп еске алады. «1989 жылы мұндай отырыстар күн­де өткізілетін, бірақ елдегі эконо­микалық жағдайды оңалту мүмкін бол­мады. Әлеуметтік кикілжіңдер барлық салада, соның ішінде көмір өнер­кәсібінде жиі бұрқ етіп тұрды. Маған елдің барлық аймақтарында болып тұратын сондай кикілжіңдерді реттеу комиссияларына қатысуға тура келді» дейді ол. Осы қызметте жүргенде ол А.Громыко, С.Шалаев, Г.Янаев, Л.Абалкин, В.Павлов, Г.Явлинский, В.Черномырдин секілді белгілі тұлғалармен тығыз араласқан. АҚШ, Йемен, Бразилия, Куба және т.б. ондаған шетелдерде болған. 1987 жылы КСРО делегациясын бастап барып, БҰҰ Бас Ассам­блея­сының 42 сессиясының  мінберіне де көтеріліп, халықаралық бейбітшілік жылының аяқ­талуына орай сөз сөйлегені де бар. 1991 жылы Қаратай Тұры­сов елге оралып, Үкімет бас­шысының орынбасары қызме­тіне тағайындалады. Мұнда ол, жоғарыда айтқанымыздай эко­но­микалық саланы бақылап, жаңа реформалар енгізудің ба­сында болды. Одан кейін Қа­ре­кең Туризм және спорт министрі, Орталық сайлау комис­сия­сының төр­аға­сы секілді қыз­мет­тер де атқарды. Қаратай Тұрысовтың Тәуел­сіз Қа­зақстанның қалыптасуы мен дамуына сіңірген зор ең­бегі – 1995 жылы сай­ланып, өмірінің соңына дейін 9 жыл бойы атқарған Мәжіліс депутаты қыз­метінде де айқын көрінді. Мұнда ол Бюджет және қаржы комитетінің үзіліссіз төр­ағасы болды. Депутаттардың ал­дында елімізді экономикалық тығы­рық­тан шығаруға және одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін заң жобаларын қабылдау міндеті тұрды. Осы жерде Қаратай Тұрысовтың биліктің барлық басқару сатыларынан өткен өмірлік мол тәжірибесі, зор білімі, сонымен қатар болашақты болжай білетін көрегендігі өзінің пайдасын көрсетті. Қарекең депутат болған тоғыз жылда Мәжіліс мыңнан астам заң қабылдаған екен, соның 60 пайыздан астамы экономика саласына қатысты болған. Бюджет экономикалық саясаттың дұрыс-бұрыстығын, орындалу тетігін қалыптастырады. «Қарекең маман әрі мемлекеттік тұрғыдан қарайтын азамат ретінде жылда қабылданатын бюджеттің мүмкіндіктерін әр саланың дамуына дұрыс пайдаланып, эконо­миканың шешуші бағыттарына жұмсалу керектігін қатаң қадағалаушы еді» деп еске алады әріптесі, артынан оның орнына комитет төрағасы болған академик Кенжеғали Сағадиев.  Үкіметтің бір қайнауы ішінде болған заң жобалары да Қ.Тұрысовтың сүзгісінен өтпей, Парламенттен талай рет қайтарылған. Сон­дықтан «Үкімет мүшелері: «басқалары аңғармаса да Қаратай Тұрысұлы аң­ғарып отыр ғой» деп қобалжитындары айқын байқалып тұратын еді» дейді тағы бір әріптесі Ә.Кекілбайұлы. Бірде Парламенттің бірлескен отырысында Қарекең: «Мы и наши дети пьем воду, лечение от последствий употребления которой ни один бюджет не выдержит» деген екен. Осы сөз қамшы болып көп ұзамай «Таза ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы қабылданады.  Мұндай, бүкіл ел үшін шешуші маңызы болған мысалдарды ондап емес, жүздеп келтіруге болады. 2004 жылы 70-тен жаңа ғана асқан шағында Қаратай Тұрысов өмірден өткенде қайғырмаған қазақ баласы жоқ шығар. «Жаман адам кетсе – дүние кеңіп қалады, жақсы адам өтсе – дүние кеміп қалады» дегендей, исі қазақтың еңсесі бір сәт түсіп, есіл ерін өлдіге қимай езіліп тұрды. Артында қалған жары Әскергүл Жамбайқызы мен балаларына бәрі де өзегі өртенген көңілмен қайғыларына ортақтастық білдірді. Қарекеңнің ел-жұрты оның есімін мәңгі есте қалдырудың шараларын да жа­сады. Тұрған үйіне мемориалдық ес­керт­кіш-тақта орнатылды. Тау-кен ғылы­ми-зерттеу институтына, Алматы­дағы тех­никалық университеттің факультетіне Тұрысов есімі берілді. «Ғибратты ғұ­мыр» айдарымен Жандар Кәрібайұлы мен Төлен Қаупынбаев «Тұлға» атты кітап шығарды. 2009 жылы марқұмның 75 жылдығына арнап Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың алғысөзімен Сауыт­бек Абдрахманов заман­дас­та­ры, әріп­­тестері, шәкірттері, туыс­та­ры­ның естеліктерінен тұратын «Аза­мат» атты жинақ құрас­ты­рып шы­ғар­ды. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өл­мей­ді» деген сол. Жақсыбай САМРАТ.