• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2011

Орман әлемінің тамыршылары

285 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері

  Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде  Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтынан фоторепортаж беріліп отыр.

ОРМАН  ӘЛЕМІНІҢ  ТАМЫРШЫЛАРЫ

Әріден басталған тәуелсіздік қадам­дарының ақылмен жасалғанына таң қал­мас­қа болмайды. Жиырма жылдың төріне озған кезде оны дәлелдеп жатудың артық­ты­ғын білеміз. Сонда да... Бәрі де терең­дікте жа­тыр. Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты 1957 жылы құрылып, ВАСХНИЛ-дің қарауында болса, екі жылдан кейін Алматыдан Бурабайға көшірілген. Сондағы гәп өз-өзінен түсінікті. «Қалың елім қазағым, қара орманымды» ойлайды екенбіз. Ал 1999 жылы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Көкше­тауға қоныс аударды. Яғни, республика­мыз­дың ғылыми әлеуеті өзінің негізгі зерттеу аумағына жақындай түсті. Жалпы, байтақ еліміздің 4 пайызын ғана орман алабы алып жатыр. Мұндай халге қалай түс­кенімізді тізбелеуден мән шықпас. Ертеңі­міз­ді ойлауымыз жөн. Сондықтан бұл  жауапты да құрметті міндет Бурабайдағы ғылыми ордаға жүктелді. «Егемен Қазақ­стан­ның» жұртты елең еткізген жаңа жо­басының шеңберінде қысқа да нұсқа сөйлесек, ұжым жауапкершілік үдесінен шыға білді деуімізге болады. Мұнда Қазақстан ормандарының бір­ыңғай негіздегі типтік классификациясы тү­зілген. Осының ішінде кәсіби тұрғыда бөл­шек­те­нетін сандаған ғылыми бағыт­тар, ұсыныс­тар бар. Үкімет қаулысымен 2006 жылы Бурабайдағы дендробақ пен арборетум мемле­кеттің айрықша қорғалатын қор тізбесіне енгізілді. Оны Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев арнайы аралап көріп, орман тамыршыларының қыз­метіне риза көңіл білдіргенін газетімізде жазған да болатынбыз. Республикамыздағы орман аумағын қам­титын бірнеше филиалдары бар институт табиғи өскіндердің гендік нұсқасын сақтау­мен қат­ар, үлкен көлемдегі селек­циялық жұ­мыс­тар атқарады. Әріге бар­май-ақ, жа­ңа Қазақ­стан жағдайындағы ерекше істің қатарына Мемлекеттік реестрге енгізілген «Сымбатты қарағайдың» екі сұрпын және «Бұ­ланды қарағайларын», «Бурабай 30», «Ұрым­қ­ай 38», «Шұбаркөл», «Ұрымқай 53», «Ар­қарағай» емен тұқым­дарының елімізде ке­ңінен пайдаланылып жат­қанын айтуымыз керек. Осы өскіндердің тұқымдары жедел ау­дан­даст­ырылып, жасыл аймағымызды жай­қал­тып тұрғаны көз қуантады. Мұнда орман тұтастығын қа­лып­тастырумен қатар, то­пы­рақ ерекшелігін айыра білу, зиянкестермен кү­рес және оның алдын алу да маңызды орын алады. Институт аяулы Астанамыздың жасыл аймағын жайнатуға, Аралды нәрлендіруге салмақты үлес қосуда. Сонымен қатар, орманды қалыптастырушы негізгі генети­ка­лық топтың құнды ақпараттық қоры қалыптасқаны үлкен жетістік ретінде ха­лықаралық ғылыми қауымдастықтың жоға­ры бағасын алып отыр. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Болат Мәжитұлы Мұқанов бас­қа­ратын ғылыми ордада өз ісіне берілген адамдар жұмыс істейді. ТМД және алыс шетелдермен байланыс­тар­дың тұрақты дамып келе жатқандығы қазақстандық әлеуеттің өсе түскендігін бай­қатады. Соңғы бес жылдың өзінде 5 ав­тор­лық куәлік, 5 патент және 1 ин­но­вациялық патент алынды. Осы бес жылдың ішінде 330 ғылыми еңбек, 4 монография, 3 талдамалы шолу, 3 оқулық, 19 өнеркәсіптік нұсқау жарық көрген. Бәрінен қымбаты, Қазақстанға қатысы жоқ оқулықтардың орнына жаңа, дербес оқу­лық­тардың еліміздегі үш деңгейлі оқу орын­дарында кеңінен қолданылып келе жат­қан­дығы дер едік. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы. Институт айтулы мерекеге және Бүкіләлемдік орман жылына байланысты халықаралық конференция ұйымдастырды. Асқақ еліміз алыс-жақынның бәрін тамсандырды. Ақмола облысы, Бурабай ауданы.

Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі Бақберген АМАЛБЕК.