Өткен жұмада Астанада «ХХІ ғасырдағы Каспий: ынтымақтастық және қауіпсіздік» тақырыбында І халықаралық конференция өтті. Жиында Каспий маңы мемлекеттерінің позицияларын біріктіру, мемлекетаралық және аймақаралық ынтымақтастықты кеңейту, инвестицияларды ынталандыру, аталған аймақтағы қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау, табиғат байлығын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.
Халықаралық шараны Атырау облысының әкімдігі мен «Астана» халықаралық ғылыми кешені ұйымдастырды. Сондай-ақ конференцияның өз деңгейінде өтуіне Маңғыстау облысының әкімдігі, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Энергетика министрлігі және Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитеті белсене атсалысты.
Халықаралық конференцияны ашқан Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының бірінші орынбасары – «Астана» ғылыми кешенінің ғылыми жетекшісі Марат Шайхутдинов осы жылдың 12 тамызында Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның қабылдануы маңызды тарихи оқиға болғанын, бұл құжат Каспий маңы елдері арасындағы әріптестікті одан əрі нығайтуға, экономикалық байланыстарды дамытуға, бұған дейін жүзеге асырылып келген жан-жақты қатынастарды тереңдете түсуге кеңінен жол ашқанын, осы орайда қатысушы мемлекеттердің ауызбіршілігі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды рөлі айқын көрінгенін айта келіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Бұдан кейін Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев сөз алып, Каспий конвенциясының маңыздылығын, оның қабылдануы өңірдің тұрақтылығы мен орнықты дамуына, Каспий маңы елдерінің өзара ынтымақтастығын арттыруға серпін беретінін атап өтті.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов өз кезегінде қатысушы мемлекеттердің көптеген келіссөздер, жан-жақты талқылаулар нәтижесінде Каспий конвенциясын қабылдауы барлық тараптарға тиімділігін көрсететінін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан осы конвенция арқылы өзінің мемлекеттік шекарасын толық нақтылап алды. Сондай-ақ ол Каспий маңы елдері осы құжат арқылы саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарын одан әрі жандандыра түсуге мол мүмкіндікке ие болғанын атап көрсетті.
Жиында Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров пен Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко сөз сөйлеп, олар өткізіліп отырған конференцияның маңыздылығына тоқтала отырып, таяуда қабылданған Каспий конвенциясы қатысушы мемлекеттердің татулығы мен өзара сенімін бүкіл әлемге паш еткенін, құжаттың бекітілуінің тарихи маңызы зор оқиға болғанын сөз етті.
Қазақстан Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы көмірсутегі шикізатының энергетикасы мен тасымалдауы, табиғатты пайдалану, қоршаған ортаны қорғау салсындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру туралы сөз қозғаса, «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің директоры Нұрлан Сәрсенбай теңіздің қазақстандық секторы мен онымен шектесіп жатқан Атырау және Маңғыстау облыстарының жағалауындағы тұрақты дамудың ғылыми-қолданбалы зерттеулерінің кешенді бағдарламасының тұжырымдамасы жөнінде айтып берді. Ал «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-тың ғарыштық жүйелер мен технологиялар жөніндегі вице-президенті, ғарышкер Айдын Айымбетов Каспий теңізінің ресурстарын басқаруға ғарыштық технологияларды пайдаланудың өзектілігіне тоқталды.
Сондай-ақ конференция барысында мемлекеттік органдардың өкілдері, жетекші сарапшылар мен ғалымдар Каспий аймағының қазіргі жағдайы мен перспективалары туралы, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, энергетикалық, экологиялық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты жандандыру жолдары мен аймақтық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі бірлескен шаралар тұрғысында баяндамалар жасады. Олар өз баяндамаларында Каспийдің құқықтық мәртебесінің айқындалуы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға қолайлы мүмкіндіктер туғызғанын, Каспий аймағы үшін энергетикалық сектордағы әріптестікті кеңейтудің, өңірдегі көмірсутегі ресурстарын әлемдік нарыққа тасымалдау үшін экологиялық қауіпсіз және экономикалық жағынан тиімді бағыттарды қамтамасыз етудің маңызды стратегиялық мәні бар екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, баяндамашылар экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, биологиялық әртүрлілікті сақтау және Каспий теңізінің бірегей табиғи байлығын қорғау, тиімді пайдалану бойынша арнайы шаралар қабылдау, осы орайда жинақталған проблемаларды зерделеуге қатысты кең ауқымды міндеттерді жүзеге асыру, ғылыми және қолданбалы зерттеулерді қаржыландыру, ғылыми-техникалық қолдау көрсету қажеттігін қозғады.
Сонымен қатар қатысушылар аталған конференцияның ғылыми платформасы экономика мен экология, қауіпсіздік салаларында өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың қосымша алаңы болатынын сөз етті.
Соңында конференцияға қатысушылар Каспийдегі көпжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттарын ұсынды. Бұл бағыттардың ішінде Каспий маңы елдері мен аймақтан тыс мемлекеттердің конвенция ережелерін қатаң сақтауын бақылау, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға белсенді көмек көрсету, тиісті нормативтік-құқықтық талаптар мен стандарттарды бірыңғай жүйеге сәйкестендіру, көмірсутек шығарындыларының төтенше жағдайларында өзара ынтымақтастықтың үдерістерін жеделдету, қауіпсіздік саласындағы құқықтық тетіктерді жетілдіру, осы конференцияны жыл сайын Астанада өткізу және басқа да мәселелер бар.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»