Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы жетекші ой – жаңғыру идеясы. Жаңғыру түрлері көп, өзге мәдениеттер негізінде жаңғыру бар, ол – адасу. Адаспау үшін тамырдан жаңғыру керек. Мақалада осылай айтылған.
Тамырымыз Алтай, ол – Атамекен. Алаш елі Алтайдан өсіп-өнген. Алаш дегеніміз – Қазақ елі, Қазақстан Республикасы. Міне, жаңғырудың негізгі мәдени-тарихи өрістері.
* * *
Қазақ поэзиясының классигі Мағжан Жұмабаев «Қорқыт» поэмасын былай бастаған.
Алтайға жер жүзінде тау жоқ
жеткен,
Алтайға бетегедей алтын біткен.
Бейіштей алтын Алтай етегінде,
Ертеде алаш елі мекен еткен.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мырзаның және Мәдениет және спорт министрлігімен бірге дәстүрге айналған «Алтай – түркі әлемінің бесігі» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда заманымызға қатысты көптеген тың және инновациялық пікірлер айтылды. Байырғы Алтай өңірінде кейінгі жылдары археолог ғалымдардың тапқан керемет артефакті тек республика жұртшылығына ғана емес, әлемге әйгілі болды. Шіліктіде табылған Алтын адам бұйымдары, Берелдегі «Патша жазығындағы» табылған аса құнды археологиялық қазбалар әлем археологтерінің қызығушылықтарын тудырды. Оның үстіне биыл Тарбағатай ауданындағы «Елеке сазында» табылған Алтын адам тек бұл өңірдің тарихи-мәдени оқиғасы ғана емес, бүкіл әлем ғалымдарын елең еткізді.
Ғылыми-практикалық конференция жыл сайын облыс әкімінің тікелей басшылығымен, шетелдік және еліміздің көрнекті ғалымдары, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өткендіктен, өңірдің келелі мәселелері үнемі сөз болуда. Осындай келелі әңгіменің бірі Зырян қаласын және ауданын Алтай деген атаумен атау болды.
Мұндай ұсыныс Зырян ауданының жұртшылығы тарапынан және Шығыс Қазақстан облысының зиялы қауымының қолдауымен облыс әкімі Даниал Ахметов мырзаға жеткізілді. Осы ұсынысты негізге ала отырып, ауданда арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы жергілікті халықпен кездесіп, «Алтай» деген атау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұқаралық ақпарат құралдарында, жергілікті телеарналарда «Алтай – біздің ортақ үйіміз» тақырыбында тың материалдар жарияланып, жарыққа шығарылды. Кенді Алтайдың кіндігі Зырян өңірі болып келетіні жөнінде ғалымдардың дәлелді материалдары алға тартылды. Алтай тау жүйесі – Азия құрлығының орта тұсындағы таулы өлке. Алтай таулары төрт мемлекеттің шекаралас аумағында орналасқан. Қазақстандағы бөлігі Кенді Алтай Шығыс Қазақстан облысының жерінде. Шығыс жері – талайды табиғатымен тамсандырған ғажайыптар мекені. Кең-байтақ Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан облыс жерінің асты да, үсті де байлыққа толы. Ел экономикасын нығайтуда Шығыс Қазақстан облысының үлесі зор. Өйткені өр Алтай елі қашанда өндірісімен өктем. Кенді Алтайдың кестелі келбетіне көз тоймайды.
Жоғарыда айтылған дәлелдерді және халықтың ұсынысын негізге ала отырып, 2018 жылдың 28 қыркүйегінде аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясының тыңдауы және жергілікті қоғамдастық жиналысы өткізіліп, халық Зырян ауданын Алтай ауданы, Зырян қаласын Алтай қаласы деп атауды бірауыздан қолдады.
* * *
Зырян ауданы мен қаласының атын Алтай деп өзгертуді жұртшылық қызу қолдауда. Басылым бетінен мұндай ақпаратпен таныс болған ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бір-бірімен сөйлесіп, қуанышты хабарды бөлісуде. Оның себебі бар, Төр Алтай, Өр Алтай деген ұғымдар тек қана Шығыс Қазақстан облысына тән атаулар. Кеңестік заманда Алтайға қатысты атаулар жойылған. Рухани жаңғыру дегеніміз – төл атауларды қалпына келтіру. Зырян ауданының Алтай аталуы осы рухани жаңғырудың нақты көрінісі.
Бізбен хабарласқан экс-депутат, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы былай деді: «Бүкіл қазақтың алтын бесігі болған Алтайда, Зырян қаласын және ауданын Алтай деп атау ұлтымыздың рухын көтеретін, алты Алаштың қуанышы», деді. Осы тектес хабарларды көптеп естіп, қабылдап ел үшін, атамекен жер үшін ризашылық сезімде жүргеніміз анық.
* * *
Алтай аталған ауданның еселі еңбеккерлеріне табыс тілеймін. Алтайлықтар, істеріңіз игілікті, несібелі болсын!
Ғарифолла ЕCІМ,
академик, жазушы