• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Қазан, 2018

Әділ Ахметов. Жаһандық тәртіп

1836 рет
көрсетілді

Әлемдік геосаясат және жаһандық дипломатия жөнінде күллі әлемге әйгілі іргелі монографиялар мен мақалалар топтамасын жарыққа шығарған ғұлама сая­саткер-ғалым Генри Киссинджер кезін­де АҚШ президенттері Ричард Никсон мен Джеральд Фордтың Ұлттық қауіпсіздік мәсе­лелері жөніндегі кеңесшісі болуымен қатар өзге де президенттердің сырт­қы сая­сат жөніндегі ақылшысы бо­лып қыз­мет атқарған. 1973 жылы ол Нобель сый­лы­ғымен марапатталған. Екін­ші дүние­жү­зілік соғыс кезінде Генри Кис­синд­жер АҚШ армиясының қатарында бол­ып, одан кейінгі дәуірде 20 жыл бойы Гар­вард уни­верситетінде «тарих» және «мемлекет» пәндері бойынша ұстаздық ет­кен. Бұл күнде айтулы ғұлама ғалым – өзі­нің атындағы халықаралық фирманың жетекшісі.

Генри Киссинджердің 2014 жылы жарық көрген «Жаһандық тәртіп» («World Order») атты монографиясын жаһандық тарих пен әлемдік стратегияның, сон­дай-ақ мемлекеттік істерді іске асыру жөнін­дегі ой-толғамдарының жиын­тығы десе де болады. Кәдімгі бір ғалам­шар­дың төбесінен айнала көз жіберіп, күллі әлемді барлап тұрғандай, автор атал­мыш туындысында тарихтың ғала­мат тек­тоникалық қатпарлары мен жер бетіндегі іргелі мемлекеттердің мүдделерімен қатар олардың қозғаушы күштерін мұқият зерттейді және Еуропада XVII ғасыр­дың ортасынан бастап бүгінгі кезеңге дейін қалыптасқан мемлекеттер мен импе­рия­лардың жер шарының өзге аймақтарына қатысты көзқарастары мен ұстанымдарын жан-жақты сараптайды. 

Монографияның кіріспе бөлімін­де Генри Киссинджер: «шын мәнінде, «жаһан­дық тәртіп» ешқашан болған емес», – дейді. Алайда ғұлама саясаткер тарихта ғалам­дық тәртіпке теңесетін төрт іргелі «тәр­тіп­тің», атап айтқанда, еуропалық, ис­лам­дық, қытайлық және америкалық тәртіп ошақтарының болғанын жоққа шығармайды. Сәйкесінше, 420 беттен тұратын ғалымның көлемді монографиясы кіріспе мен қорытындыдан бөлек аталмыш «тәртіп ошақтарына» бағышталған тараулардан тұрады.

Бүгінгі замандағы әлемдік тәртіп деген ұғымның негізі, Генри Киссинд­жер­дің пайымдауынша, Батыс Еуропа­да осыдан төрт ғасыр бұрын шамасын­да Германияның солтүстік-батысын­дағы тарихи Вестфалия облысында өзге құр­лы­қтар мен өркениеттердің қатысуын­сыз өткен бейбітшілік конференциясын­да қаланған. Ал Вестфалия конференциясынан бір ғасыр бұрын Орталық Еуропада орын алған шектеулі қақтығыстар мен сая­си шиеленістер тым асқынып,1618-1648 жылдар арасында толассыз лаулаған 30 жылдық соғыс өртіне ұласып кеткен. Саяси және діни мүдделер ушықтырған әлгі соғыстың салдары Орталық Еуропа хал­қының төрттен біріне жуығын жұқ­палы аурулар мен аштыққа да қоса ұшыратып, шалғыдай шауып, жалмап кеткен. Соғыстан әбден әлсіреп, титықтаған тараптар енді қайта бас қосып, соғыс өртін тудырмайтын жолдарды бірге іздестіруге бел байлайды. Соның нәтижесінде Еуро­падағы бүгінгі әлемдік тәртіптің ал­ғышарттары, яғни көппартиялы саяси бірліктер жүйесі, баламалы көзқарастағы тараптардың мүдделерімен қатар қалып­тасқан ұстанымдарымен есептесу, сондай-ақ шиеленістерге жол бермейтін бей­тарап шешімдер қабылдауға тырысу сияқты көкейге қонымды үрдістер қалып­тасқан. 

Өз кезегінде вестфалиялық бейбітшілік конференциясы адамзат өркениетінде теңдесі жоқ моральдық құндылықтардың қалыптасуына жол ашқан. Ол құндылықтар жүйесінің іргетасы төмендегідей: атал­мыш жүйе егемен мемлекеттерге бір-бірі­нің ішкі істеріне қол сұғуға жол бер­мей­ді әрі бір-бірінің мақсат-мүдделерін күш­пен ба­қы­лауға да тыйым салады. Бұл бірінші­ден.

Екіншіден, еуропалық пікірталас сайыстарында бір ғана шындық немесе әмбебап жалғыз ереже үстемдік ете алмайды. Мұның орнына әрбір мемлекет өз территориясында өзінің суверенді жеке билігін жүргізуге құқылы.

 Үшіншіден, әрбір мемлекет көрші мемлекеттердің ішкі құрылымдарын мойындауға және діни ұстанымдарымен есептесуге тиісті, сондай-ақ оларды жойып жіберуден бас тартады. Бүгінде әрі табиғи, әрі әр тараптың қалауынан шығатын билік тепе-теңдігі мемлекет көшбасшыларының мақсат-мүдделерін де бір-бірімен теңестіріп, теория жүзінде болсын, шиеленістер мен қақтығыстар ошағын барынша азайтады. 

Төртіншіден, Еуропа тарихындағы жоғарыдағыдай баламалы пікір сайыстары мен көппартиялық үрдістің орнығуы өзіндік айрықша философиялық ұста­нымд­ағы халықаралық жаңа тәртіп жүйе­сі­нің ерекше үлгісіне айналды. Осы тұ­р­ғы­дан келгенде, Еуропаның соғыс өртін тоқтату үшін қолға алған шаралары бүгінгі заманауи түсінікті, яғни бүкіләлемдік практикалық мәні бар әмбебап тәртіпті көпшілік пікірі мен сабырға иек арта отырып орнату керектігін алдын ала ойластырып, кесіп-пішіп қойғандай.

Солайы солай болғанмен, Генри Киссинд­жердің пікірінше, XVII ғасырдағы Вест­фалияда бейбітшілік конференциясын ұйымдастырған келіссөз жүргізуші тараптар өздерінің күллі әлемге қатысы бар жүйенің негізін қалап жатқандарынан бейхабар-тын. Сондықтан да болар, олар бұл келіссөзге көршілес Ресейді тартуға мүлде тырыспаған. Оның үстіне ол кезде патша саясатымен келіспеген боярлар ушықтырған алапат лаң мен елді жайлаған аштықтан Ресей тұралап барып, енді ғана оңала бастаған болатын. 

Генри Киссинджердің пікірінше, ол дәуірде, яғни XVII ғасырда әлемдік тәртіп деген ұғым белгілі бір географиялық ортамен ғана шектелетін, өйткені ол кездердегі қолжетімді технологияның әлеуеті күллі әлемді қамтитын ортақ тәртіп орнатуға мүмкіндік бере қоймайтын.

Аталмыш монографиясында Еуропа­дан мүлде шалғайда, дәлірек айтқанда, алпауыт еуразиялық кеңістіктің оңтүстік-шығыс қапталында жатқан Қытай өрке­ниетін де әлемдік тәртіптің бір ошағы ретін­де қарастырады. Бұлай етуге ғалым­ның толық негізі бар, өйткені Қытайдың ішкі-сыртқы саясаты мен халықаралық дип­ломатиясын, сондай-ақ мәдени құн­дылықтарын соншама терең зерттеген Киссинджердей ғалым саусақпен ғана санарлық десек, мүлде артық айтқандық емес. Мұның бұлтартпас дәлелі ретінде, ғалымның өзіміз осыған дейін тілге тиек етіп отырған монографиясынан бөлек 2011 жылы жарық көрген «Қытай туралы» («On China») атты 604 беттік іргелі туындысына сілтеме жасасақ та әбден жеткілікті. Ғұлама саясаткердің пікірінше, Қытай теориялық тұрғыдан, шын мәнінде, әлемдік тәртіпке сай келетін бірегей философиясы мен әмбебап құндылықтар жүйесінің иесі болып табылады.

Халықаралық қатынастар тұрғысынан келгенде, Генри Киссинджер Батыс әлемінде, яғни Еуропада қалыптасқан дипломатия мен Қытайдың сыртқы саясаты арасында жер мен көктей айырмашылық бар екенін де жасырмайды. Себебі импе­рия­лық Қытай о баста басқа елдермен дип­ломатиялық байланыс орнатып, шет ел­дер­де тұрақты елшіліктер ұстауға мүлде құлық­ты болмаған, өйткені әлемде өзіне тең келетін өзге өркениет пен мәдениет ошағы бар деген түсінік еш уақытта да Аспанасты елінің қаперінде болмаған әрі ол өркениет өзгелердің бәрін де варварлар деп санаған.

Өз туындысында Генри Киссиджер Еуропа мен Қытай аралығындағы алып кеңістікті алып жатқан Мұсылман әлемінің де өзіндік әлемдік тәртіп қағидасы бар екенін алға тартады. Өйткені күллі әлемді тек жалғыз Алла ғана біріктіріп, оған жалғыз Алла ғана билік жүргізеді деген монотейістік тартымды қағиданың арқасында алдымен Араб әлемінің басын біріктіргенін, сосын Парсы империясын қоса қамтып, одан соң Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканы, сондай-ақ Азияның көптеген бөлігі мен Еуропаның да біраз аймақтарына жайылғанын көлденең тарта келіп, Османлы империясы тарихындағы ең тегеуірінді билеуші Мехмет Сұлтанның «Әлемде бір ғана империя, жалғыз ғана дін және жалғыз суверенитет қана болуы керек» деген пайымына сілтеме жасайды. 

Бұдан әрмен қарай Генри Киссинджер әлемдік тәртіптің ерекше сипатты іргета­сының Атлант мұхитының батыс жағын­дағы «Жаңа Әлем» атанып кеткен Амери­када да қалана бастағанын тілге тиек етеді. XVII ғасырда Еуропада етек алған саяси-cекталық жікшілдік секілді, Ағыл­шын шіркеуін католиктерге тән құнды­лық­тардан тазартып, протестанттық құн­ды­лықтарды қайта қалпына келтіру­ді мақ­сат тұтқан Еуропадан қоныс аудар­ған пури­тандықтар о баста Еуропа­да негізі қалан­ған әлемдік тәртіп үдеріс­терін енді Аме­рикада да белсенді жалғас­тырған бола­­тын. Сөйтіп тек АҚШ қана емес, Еуропа мемлекеттерінен бастау алып, Жаңа Әлемде жаңа мелекеттер қалып­тас­тыр­ған романтілді өзге өркениет­тер де вест­­­фа­­лия­лық әлемдік тәртіп қағи­да­лары­ның тұтыну­­шысы мен қорғаушысына айнал­ған болатын. 

Генри Киссинджердің пікірінше, вест­фалия­лық тәртіп элементтерін жоға­рыда аталған әлемдік мәні бар тәртіп ошақ­тары­ның бәрі де белгілі бір мөлшерде бас­шы­лыққа алғанымен, олардың ешқай­сысы да әлгі тәртіптің табиғи қорғаушысы ретінде сезінбейді. Өйткені олардың бәрі де өздерінің ішінде орын алып отырған іргелі өзгерістерге тікелей тәуелді. 

Оның үстіне адамзат өркениеті бүгінгі таңда шиеленістерге толы дүрбелең дәуірді бастан кешіріп отыр. Кәдімгі Крыловтың аққу, шортан және шаян туралы астарлы да қисынды әңгімесіндегідей, текетіресте тұрған бүгінгі әлем алпауыттарының ортақ мәмілеге келе алмайтыны айқын көрініп тұр. Бір-бірімен ымыраға келіп, ортақ уағдаластыққа келудің орнына бұрын қол жеткізілген заманауи халықаралық шарттарды қасақана бұзып, бірін-бірі саяси-экономикалық санкциялармен сабалап, ол аз болса, қырып-жоятын тажал қаруларын да кезеніп, бірін-бірі жапырып тастауға да, тіпті жойып жіберуге де даяр отыр. Демек, мұндай аласапыран заманда таяу арада жаһандық тәртіп орнай қояды деуге мүлде негіз жоқ. Өйткені Генри Киссинджердің тағылымға толы, дәйекті де дәлелді туындысы осылай деуге жөн сілтейді.

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі