Қазақстан – тек қана Орталық Азияның емес, сол сияқты бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған республикалар ішінде стратегиялық, географиялық және экономикалық тұрғыдан Ресейден кейінгі маңызды мемлекет. Ресей мен Қытай арасындағы сындарлы және кең аймақта қоныс тебуі, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасына белсене атсалысуы, стратегиялық әлеуеті Түркиядан шамамен төрт есе үлкен аумаққа ие болып отырған бауырлас елдің, әсіресе логистикалық және тасымалдау саласында маңыздылығын арттыруда.
Қазақстанның тарапынан ұсынылған көптеген жобалардың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасымен сабақтасып отырғаны таңғаларлық жайт емес. Қазақстанның осы салада жақын арада маңызды рөл ойнайтыны анық. Қытайдың бұл жобасы жүзеге асырылған сайын Қазақстанның логистикалық және тасымалдау салаларындағы рөлі әлдеқайда айқындала түседі.
Қазақстанды көп жағдайда Батыс елдері, тіпті Түркияның кейбір батысшы топтары Ресейдің жақтасы ретінде қарастырады. Мәскеу мен Астана арасындағы жақын қарым-қатынастар, әскери және стратегиялық салалар бойынша ынтымақтастық, сондай-ақ көптеген халықаралық мәселелерде Қазақстанның Ресеймен ортақ ұстанымға ие болуы дәл осындай көзқарасты қалыптастыратыны белгілі. Орыс тілінің кеңінен тарағаны, қазақстандықтардың бір бөлігінің орыс тілінде сөйлеуі сынды себептер, әсіресе Түркияда Қазақстан туралы осындай пікірді туғызуға жол ашады. Алайда Кеңес Одағының құрамында болған республика ретінде Қазақстанның көпэтносты болып қалыптасуын ондаған жылдар бойы Батыс әлемінің білімі мен мәдени тіршілігіне осы тіл арқылы ғана қол жеткізгендігін ескеретін болсақ, бұл елде орыс тілінің мәдениет және білім саласында басым болуы табиғи заңдылық екені айқындалады.
Дегенмен, тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінің қолданыс ауқымы кеңейіп, жазба және сөйлесу тіліне толық айналғаны ақиқат. Сондықтан Қазақстанның қазіргі таңда латын әліпбиіне көшуі де аса маңызды факторлардың бірі. Сонымен бірге әсіресе білім мен мәдениет саласында халықаралық тіл болып саналатын ағылшын тілі мектептер мен жоғары оқу орындарында кеңінен оқытылып жатқандығын, шетелдік ұстаздар лекцияларын ағылшын тілінде ұсынатынын және бұл үрдіс Н.Назарбаевтың үш тілді меңгерген ұрпақты жетілдіру бағдарламасы аясында жүргізіліп отырғандығын естен шығармаған жөн.
Қазақстан және Елбасы Н.Назарбаев Ататүріктің жолымен елді ілгерілетіп, бейбітшілікті сақтап, мемлекетті қайта қалыптастыру жолында тарихи маңызды қадамдар жасады. Қазақ халқынан бөлек, 130-ға жуық этностық топтарды қамтыған Қазақстанның ешкімді бөліп-жармай, оларды ортақ мүддеге топтастыруы зор жетістік. Әлемдік және дәстүрлі діндерге және этностық топтарға көрсетілген құрметтің өзі Н.Назарбаев пен Қазақстанның тағы бір ерекшелігі.
Ресеймен жақын қарым-қатынас пен әскери-стратегиялық ынтымақтастық Қазақстанды Батыс елдері ойлап отырғандай «спутниктік» мемлекет жағдайына түсірмейді. Керісінше, соның барлығы Қазақстанның ұлттық мүддесіне қызмет ететін сыртқы саясатының қажеттілігі. Бір жағынан Ресей, Беларусь және Қырғыз Республикасымен бірге кедендік одақ құрып, көптеген мәселеде Ресейдің қасынан табылып жүр. Алайда сонымен қатар Батыс әлемі (АҚШ-Еуропа) және Израильмен жақын қарым-қатынас орнатып үлгерді. Ираннан Жапонияға және Африкадан Оңтүстік Америкаға дейін жалғасқан кең аумақпен қарым-қатынасты дамытып отыр. Қазақстанның Түркиямен қарым-қатынасы ерекше мәнге ие. Астанадағы ең үлкен елшілік ғимараттарының бірі Түркияға тиесілі, қаланың басым бөлігін түрік құрылыс компаниялары салған. Бұны қазақ бауырларымыз жиі-жиі айтып отырады. Осының барлығы қарым-қатынастың өзгешелігін көрсетеді. Қазақстан Түркияны жақсы біледі, үнемі бақылап отырады және қажет кезде үлгі алады.
Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті қайта қалыптастыру жолындағы жетістігі сыртқы саясат саласымен тікелей байланысты. Ресей, Қытай және АҚШ барынша ықпал етуге күш салып отырған Орталық Азия аймағында ең көлемді жерге ие болып отырған Қазақстан Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынасын оңтайландыруға қол жеткізе алмаған бірқатар елдерге үлгі болып отыр.
Қазақстан – Ресеймен достыққа және одақтастыққа мүдделі мемлекет. Бұл екі елдің қатынасына сызат түсер болса, онда кең жерге ие, халқының саны аз (18 млн) Қазақстанға халық саны көп, жері тар өзге елдердің «тәбеті ашылуы» мүмкін.
Орталық Азияның болашағына Қазақстан мен Ресейдің одақтас болуы оң ықпалын тигізеді. Сондай-ақ Қазақстан Ресеймен бірге Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүшесі. Бұл өз кезегінде әлеуетті қауіптер мен сын-қатерлердің алдын алу шараларын есепке ала отырып сыртқы саясатты жүргізуге жол ашады. Сонымен бірге Қытаймен экономикалық, сауда және мәдениет салаларында қарым-қатынастар қарқынмен дамып отыр.
АҚШ-тың, әсіресе 11 қыркүйек оқиғасынан кейін Өзбекстан мен Қырғыз Республикасында әскери база ашуы және оны аймақтағы америкалық этностық ықпалдастық саясатының жалғасы ретінде қолданатындығы жөніндегі алаңдаушылық белең алып, бұл жағдай аймақтағы елдермен қатар Қазақстанды да алаңдатқаны үшін АҚШ-тың Орталық Азияда жүргізген өзара ықпалдастық саясатын балансқа салу қажеттілігі туындап отыр. Сондықтан бұл балансты сақтаудың жолы ретінде Қазақстан бір жағынан Ресеймен достық және одақтастық қарым-қатынасын жалғастырса, екіншіден, ШЫҰ арқылы Қытаймен ынтымақтастықты күшейтіп отыр. Бұл жөнінде Қазақстан өте шебер саясат жүргізуде. АҚШ-пен де сауда-экономикалық салаларда ауқымды ынтымақтастығын жүргізіп, өзінің көпвекторлы саясатын ұстануда.
Қазақстанның және Н.Назарбаевтың Ресей алдында беделі жоғары екендігі анық және осы беделін Түркияны қолдау үшін қолданып отыратыны жасырын емес. 2015 жылы Сирия дағдарысы салдарынан Ресей әскери ұшағының Түркияда құлатып түсірілуінен кейін орын алған Түркия-Ресей дағдарысын шешу үшін Елбасы Н.Назарбаевтың қалайша мұқият және ықтиятты түрде әрекет еткендігі, Ресей көшбасшысы В.Путинді келістіру үшін алға қойған алғышарттарды сақтай отырып, оны қалайша жұмсартқандығы және Анкара-Мәскеу қарым-қатынастарының қайта қалыпқа келтірілуіне үлкен үлес қосқандығы баршаға мәлім.
Сирия дағдарысы және радикалды исламизацияның белең алуы Орталық Азияның өзге елдері сынды Қазақстанның да жіті бақылап отыратын мәселелерінің бірі. Өзге мұсылман елдерінен Сирияға барып қақтығыстарға қатысқандардың арасында қазақстандықтар да болды. Сондықтан өзге Орталық Азия елдері сынды Қазақстан да бұл мәселені қатаң бақылауға алды.
Сирия дағдарысын шешуге қатысты ынтымақтастық моделдерін дамыту мақсатында қалыптасқан және Женева процесінің техникалық жағынан бір бөлігі ретінде танылған Астана процесі Қазақстанның аталған мәселені шешуге деген үлесі – бұл да басқа бір өлшем. Түркияның Сирия дағдарысы бойынша ұстанған саясатының қандай екендігін түсініп отырған елдердің бірі Қазақстан десек қателеспейміз.
Мәдени сауда-экономикалық салаларда бірқатар келісімдерге қол жеткізіп, еліне қайтқан Түркі әлемінің лидері Н.Назарбаев 17 қыркүйек күні Сочиде Ресей мен Түркия басшыларының Идлиб мәселесі бойынша мәмілеге келіп, екі ел арасында болуы мүмкін қырғиқабақты алдын ала жойған өзара келісімге де өз ықпалын тигізді. Қазақстан Президентінің Ресей мен Сирияға қатысты Анкараның ұстанған саясатын жиі-жиі тыңдап отырып, талқыға салуы өте тиімді екені бесенеден белгілі.
Хасан ҮНАЛ,
Малтепе университеті
Саясаттану және халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры (Түркия)
«Миллиет» газеті
18-19 қыркүйек, 2018 ж