• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қазан, 2018

Риддерде «Жомарт жүрек» қайырымдылық форумы өтті

467 рет
көрсетілді

Риддер қаласында жүрегіне ізгілік ұялаған Галина Гильдерман есімді жан тұрады. Ол кісіні шағын шаһарда танымайтын кісі жоқ деуге болатын шығар. «Гильдерманның отбасы жиырма жылдан астам өңіріміздегі жоқ-жетімдерге көмек беріп, әлеуметтік жобаларға белсене қатысады.

Екі жылдан бері баспанасы жоқ, қаңғырып жүрген жандарды жинап, олардың құжаттарын қалпына келтіріп, қоғамға пайдалы азамат ретінде қайта қосылуына көп күш-жігерлерін салып жүр. Гильдерманның отбасы - интернационалды. Жолдасы Бай-Эли Саидсолимовичтің ұлты - шешен, өзі неміс қызы. Екеуінің де әке-шешесі 1957 жылы Қазақстанға қоныс аударылыпты. Осы жерде үшінші ұрпақтары дүниеге келгендіктен, Қазақстанды отанымыз деп құрмет тұтады», - дейді Риддер қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Оралқызы.

Галина Гильдерман жақында Риддерде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткен «Жомарт жүрек» қайырымдылық форумында «Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша марапатталыпты. Жүрегі жомарт кәсіпкер жыл басынан бері қаладағы қайырымдылық шараларына үш миллион теңгеден астам қаржысын жұмсапты. Өзінің «Рябинушка» деген дәмханасында мүгедек жандар мен жалғызілікті зейнеткерлерге, ұзын саны 57 адамға күн сайын бір мезгіл тегін ыстық тамақ беруді дәстүрге айналдырған екен. Осындағы жетім балаларға арналған арнайы коррекциялық мектеп-интернаттың тәрбиеленушілеріне де үнемі жәрдемдесіп тұрады. Жүйке аурулары диспансерінде жатқан 41 мұңлыққа да Галина Михайловнаның жүрегі ауырады. «Олардың барлығын туыстары ұмытып кеткен, ешкімге керектері жоқ. Мәңгілік мекеніне осы жерден аттанатындары да кездеседі. Жарымкөңіл жандарды бір уақыт қуанту үшін мерекелік іс-шаралар ұйымдастырамыз. Енді бір теледидар сыйлайық деп жүрміз», - дейді ол.

Кәсіпкердің шаңырағы әртүрлі себептермен қиын жағдайға тап болып, үй-күйсіз қалған жандардың да құтты мекеніне айналған. Олар құжаттарын жөндегенше өз үйінде тұрғызып, ішкілікке салынғандары болса, өз қаражатына емдетіп, тұрақты жұмыс тапқанша бас-көз болудан еш арланған емес. «Үш баламыз бар. Үлкеніміз де қайырымдылық шараларынан қалыспайды. Отбасымның қолдауының арқасында әртүрлі көмекке мұқтаж адамдарға жәрдемдесіп келеміз. Мүмкіндік болса, әлсізге көмектесіп, бұрыс жолға түссе, дұрыс жолға қайта түсуіне бағыт-бағдар беру саналы адамның парызы деп ойлаймын», - дейді Галина Гильдерман.

Реті келгенде айта кетейік, Риддер қаласында соңғы екі жылда 70-тен астам әртүрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, қолы ашық жандардың қолдауымен 100 миллион теңгеден астам қаражаттың әлеуметтік көмегі көрсетіліпті. «Жомарт жүрек» қайырымдылық форумында Атымтай жомарт азаматтар «Ерен еріктілік», «Жыл тұлғасы», «Жылдың үздік ұйымы», «Туған өлкем», «Жыл меценаты» аталымдары бойынша марапатталыпты. Сонымен қатар «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына үлес қосқан және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырған 22 кәсіпкерге «Нұр Отан» партиясы Риддер қалалық филиалының Алғыс хаты тапсырылыпты. «Жыл меценаты» номинациясында тұрмысы нашар отбасылар мен ата-аналарынсыз қалған балаларға үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан, «Святоч» балалар үйінің коммуналдық қызметтерін төлеуге алты миллион теңгеден астам қаражат жұмсаған «Казцинк» ЖШС (Александр Хмелев) өкілі, «Ерен еріктілік» аталымында «Сенім» ресурстық орталығының жетекшісі, жастардың репродуктивті денсаулығын сақтап, өңірде волонтерлікті дамытуға үлес қосып жүрген Надежда Меркульева, «Туған өлкем» аталымы бойынша білім мекемелері мен қоғамдық ұйымдарға қолдау көрсету мен қаланы абаттандыру жұмыстарына үш миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған «Samid» ЖШС директоры Атымкан Салимбаев, «Жылдың үздік ұйымы» ретінде «ВостокСанТехСтрой» ЖШС-інің жетекшісі, жеке кәсіпкер Болатхан Күзембаевқа құрмет көрсетіліпті. «Қайырымдылық дегеніміз бір жолғы әлеуметтік науқан емес. Бұл бүгінгі таңда әрбір адам үшін қажеттілік, қалыпты жағдай болу керек. Мен риддерліктер ата-бабаларымыздан келе жатқан осы жарқын істерді жалғастырады деп сенемін», - дейді Риддер қаласы әкімінің орынбасары Данияр Дүйсембаев.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер қаласы