Таяуда еліміздің бас басылымында Ботагөз Амалбек қарындасымыздың «Бізге қарттар үйі қажет пе?» («ЕҚ» 12 қыркүйек, 2018 жыл) деген мақаласы жарияланды. Оқып болып, ойға берілдім. Мақалада келтірілгендей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Егде жастағы 7 мыңнан астам адам қарттар үйін пана қылуда. Олардың көбінің дені сау, балалары бар. Қартайған ата-анасын тастап кету қазағымызға жат қылық, ата салтымызда болмаған. Бүгінгі қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді қатыгездіктің ең жоғары деңгейі деп бағалауы тиіс» деген болатын.
Сондай-ақ қазіргі қоғамда қарттар үйінің көбеюімен қатар адамзатты толғандырып жүрген әлеуметтік проблемалардың бірі – ол жасы келген адамның жалғыздығы болып отыр. Бұл туралы Америка психологтар қауымдастығының жыл сайын өтетін 125-ші сессиясында ғалымдар мәлімдеме жасаған. Сарапшылардың айтуынша, адам адамдармен қатар жүріп, пікір алмаспаса психикасы өзгеруі әбден мүмкін. Солтүстік Америка, Еуропа, Азия және Аустралияның 3,4 миллион тұрғынын зерттеуден өткізген 70 ғылыми-зерттеу тобының мәліметіне сенсек, бұл күндері жалғыздық адам өміріне ең қауіпті факторлар қатарына еніп, тіпті семіздіктен де қауіпті болып тұр екен.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек 2018 жылды «Қарттар жылы» деп жариялап, қарияларға барынша көңіл бөлуде. Қалада бұл күндері зейнеткерлер саны 222 мыңға жетіп, қала тұрғындарының 12,5 процентін қарттар құрауда. Қала әкімшілігінің қолдауымен «Жол картасына» сәйкес «Белсенді ұзақ өмір» бағдарламасы жасалып, көптеген игілікті шаралар іске асырылып отыр. Зейнеткерлер үшін қарттар үйінде кітапхана, фитнес клуб, кино көрсететін зал, қол шеберлігін арттыратын үйірмелер мен әртүрлі спорт ойындарының бөлмелері қызмет етуде. Тіпті мүмкіншілігі бар қариялар үшін экотуризм клубы ұйымдастырылып, белсенді зейнеткерлерге табиғат аясына мезгіл-мезгіл серуенге шығуына жағдай жасалған. Су бассейндеріне барып, жүзумен айналысатындары да жоқ емес. Бірақ барлық өңір ардагерлеріне Алматы қаласындағыдай жағдай жасалып қоймағаны белгілі.
Ауыл қарттарына келсек, сөз тіпті басқа. «Тәйірі, зейнеткердің қолынан не келеді?» дейтіндер көп. Алайда олардың басым көпшілігі қолынан келгенше шаруашылыққа араласып, мал өсіріп, егін салып, әлі де аттан түспей, балаларына адал еңбектерімен қолғабыс көрсетіп жүрген абзал азаматтар бар. Арасында денсаулығын күтіп-баптап, кәрілікке дес бермей тұрғандары қаншама? «Қартайдым, біттім» деп үгіліп, мойындарынан су кетіп отырған олар жоқ. Дегенмен қатары сиреп, қалжыңдасар, қауқылдасар ортасы жоқтығы қария көңілін құлазытатыны анық.
Бұл мәселеге қатысты еңбек ардагері Күләш Назарбекова белсенділік танытып, қызған еңбек ортасында жүрген азамат, зейнеткерлік жасқа жетіп депрессияға түсетіндігін өзінің қаншама жылдық іс-тәжірибесі арқылы айтып берді. Ұзақ жыл Тараз қаласындағы №1 қарттар мен мүгедектер үйінің директоры қызметін атқарған Күләш Айтбайқызының айтуынша, тіпті олардың арасынан өмірге түңіліп, өзін өзі «мүжіп» дертке шалдығатындары, сөйтіп өмірмен ерте қоштасатындар да ұшырасады. «Азаннан кешке дейін үй бағып, немерелері мен келініне сыймай, бала әкесін, әке баласын түсінбейтін қасірет күйге тап болатын жағдайлар сирек болса да кездеседі. Сол қарттар үшін қалада арнайы ақылы пансионаттар ұйымдастырса артық болмас еді», дейді Күләш Айтбайқызы.
Бәзбір мемлекеттерде ондай тәжірибе бар. Таңертең барып, кешке қайтатын, бір мезгіл болса да қарттарға көңіл аулайтын орта бар екенін сезіндіретін ол пансионат мемлекеттің қаржысынан емес, мүмкіншілігі бар жеке кәсіпкерлердің қаржылық көмектері арқылы салынып жатса жөн. Тіпті саналы бір кәсіпкер бұл істі «тәуекел» деп батыл қолға алып, қарттардың ақылы жеке пансионатын ұйымдастырса білгендік болар еді. Жеке балабақшалар ұйымдастырып жатқан оларға бұл аса салмақ бола қоймас. Әрине қазіргі кезеңде бар ауыртпалықты мемлекеттің мойнына арта беру дұрыс емес.
Жоғарыда айтқанымыздай, бүгіндері біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріліп, үкімет тарапынан жан-жақты қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың еңбегі зор.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Тараз