Бұл күндері барша жанкүйер назары тағы да Лас-Вегасқа ауып отыр. 6 қазан күні дәл сол «Ти-Мобайл-аренада» ережесіз жекпе-жектің хас шеберлері ресейлік Хабиб Нұрмагомедов пен ирландиялық Конор Макгрегор айқасады.
UFC-229 жарысы аясында өтетін айтулы бәсекеге күллі әлем жұртшылығының айрықша назар аударуы бекер емес. Себебі, қазіргі кезде жеңіл салмақта күш сынасып жүргендер арасындағы ең алымдылары да, ең қарулылары да дәп осы жігіттер.
Қос саңлақты жеке-жеке таныстыратын болсақ, 20 қыркүйекте ғана орда бұзар 30 жасқа толған Хабиб Нұрмагомедов Дағыстанның тумасы. Ұлты – авар. Соңғы алты жылда UFC-де өнер көрсетуде. Осы өнерді серік еткелі бері 26 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 16 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Бүгінгі таңда Хабиб сол ұйымның чемпиондық белбеуін иеленуде.
Конор Макгрегор өз қарсыласынан екі ай ғана үлкен. Ол Ирландияның астанасы – Дублинде туған. Макгрегор әуелде футболмен айналысты. Кейіннен ережесіз жекпе-жекке ден қойды. 10 жыл аралығында ирландиялық өрен 24 рет айқас алаңына шығып, 21 рет жеңіске жетті. 19 кездесуде айқын басымдық танытты. Былтыр ол АҚШ-тың даңқты боксшысы Флойд Мейвезермен жұдырықтасып, соның арқасында 80 миллион доллар көлемінде табыс тапты. Міне, кезінде сантехник болып нәпақасын тауып жүрген жігіт осылайша спорт әлеміндегі бай-бағландардың қатарына қосылды.
Жақында екеуі бірінше рет бетпе-бет кездесті. Нью-Йоркте өткен баспасөз мәслихатына Хабиб қарапайым ғана спорттық киіммен келсе, Конор қымбат қою қызыл костюм киіп шыққан екен. Иығына өзінің бұрынғы екі чемпиондық белбеуін іліп алған. Қолында өзі шығаратын «Proper 12» деп аталатын вискиі бар. Екеуінің жанары түйіске бетте ескі әдетіне басқан Макгрегор Ресей спортшысын сөзбен сыбады. Ұзақ уақыт бойы тоқтамай сөйледі. Қарсыласының жеке басына да, бапкерлеріне де, басқаларға да тиісті. Хабиб те қарап қалып жатқан жоқ. Ол да біраз оталып барып тоқтады.
Хабиб Нұрмагомедов пен Конор Макгрегор арасындағы жекпе-жекке деген қызығушылықтың айрықша екенін мына жайттан-ақ аңғаруға болады: 17 тамызда сатылымға түскен билеттер бас-аяғы үш минуттың ішінде түгелдей сатылып кеткен екен. Ең арзан билеттің құны 205 доллар болса, қымбаты – 2505 доллар.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»