Қыркүйектің 26-28-і күндері Астана қаласының әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Руxани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Өнер алды – қызыл тіл» атты фестиваль өтті. Үш күнге созылған шара жыр-терме, ән-күй, айтыс өнерін арқау етті.
Алғашқы күні Оқушылар сарайында фестивальдың ашылуы болып, бірінші кезек жыр-термеге берілді. Жыршылар керуенін түпсіз жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Алмас Алматов бастап, кеш тізгінін өз қолына алды. Әрі қарай Маңғыстаудың мақамын Сарыарқаға арқалап келген айтулы жыршы Амандық Көмеков жалғап, Елмұра Жаңабергенова, Айгүл Елшібаева, Елікбай Иса, Бақдәулет Толыбекұлы, Еркебұлан Қайназаров, Қайыпназар Айтпенов, Қоныс Жүсіпов, Қуанбек Елбол сынды халыққа танымал жыршылар өнерлерін ортаға салды. Оқушылар сарйының концерт залына лық толған жастар тапжылмай тыңдады.
Екінші күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жалғасын тапқан фестиваль ән мен күйге ұласты. Аталған кеште Абылғазы Ахмадиев, Айтбек Нығызбаев, Жанғали Жүзбай, Клара Төленбаева, Айгүл Қосанова, Сәрсенғали Жүзбаев, Ерболат Шалдыбеков, Батырлан Әбенов, Еділ Басығараев, Жұмабек Қадырқұлов сынды өнер саңлақтары ән салып, күй тартты. Кешті шертпе күйдің шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай жүргізді.
Үшінші күнгі кезек айтысқа келді. «Айтыс – бабалар мұрасы» деп аталған бұл кештегі айтыс бұрынғыдан өзгерек болды. Фестиваль болған соң да солай жасалған шығар, айтыс кәдімгі бірі жеңіп, бірі жеңіліп жүлде алып қайтатын айтыс емес, қайта «айтыс» деген өнердің сан-салалы ерекшелігін айтатын айтыс болды. Алдымен көрерменге «Қайым айтыс», «Жұмбақ айтыс», «Өтірік өлең айтысы», «Салт айтыс», «Қыз бен жігіт айтысы» туралы бейнесюжеттер көрсетіліп, артынша Аян Ниязбек, Рай Дөңбай, Айбар Рағатов, Медет Жаманов, Мұхамеджан Мансұров, Нартай Тілеуқұл, Дәурен Ысқақ, Аруна Керімбек сынды танымал жас айтыскер ақындар көрсетілген үлгілермен айтысты.
«Бұл айтыскер ақындардың өрелі өнері, өрнекті сөздері арқылы рухани құндылықтарды және айтыстың түрлерін насихаттау, қазақтың төл өнері, құдіретті сөзі арқылы мемлекеттік тілдің мерейін арттыру, қолданыс аясын кеңейту. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын кеңінен дәріптеу және өскелең ұрпақты ұлттық өнерді қадірлеп, отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың таным-талғамын ұлт руханиятына бағыттау», дейді ұйымдастырушылар. Айтыс кешін танымал айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаров жүргізді.
Сонымен үш күнге созылған өнер керуенінің көрермені аз болған жоқ. Астанадағы зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қоғамдық бірлестіктер мен жастар ұйымдарының жетекшілері мен өкілдері, белсенді жастар және қызығушылық танытқан барша жұрт пен БАҚ өкілдері қатысты.
Осылайша фестиваль аясында қазақ халқының дәстүрлі төл өнерлеріне бағытталған әдеби-сазды танымдық кештер жоғары деңгейде өтті.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»