Атырау мен Астраханьның арасындағы 277 шақырым жол жөндеу көрмегелі біраз уақыт өткен. Әбден тозығы жеткен тас жолдың жағдайы сын көтермейді. Талай мінберде айтылып, талай мәжілісте көтерілген бұл мәселенің шешімін табуы да ұзаққа созылып кеткен еді.
Құрманғазы ауданына іссапармен келген Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов ақжолтай жаңалық жеткізді. Магистралдың 60 шақырымының құрылысы басталыпты.
Негізі жұмыс өткен жылы басталады деп жоспарланған болатын.
«Жол құрылысына 373 млн АҚШ доллары қажет болды, оның 45 млн-ы республикалық бюджеттен бөлінуі керек еді. Қалған бөлігі Ислам Даму Банкінің қаржысы. Тиісті құжаттар толық дайын болғанымен, 2017 жылы келісімшартқа қол қойылмады, сондықтан республикалық бюджеттен қаралған қаржы игерілмейтін болғасын кейін қайтарылды», – дейді сенатор. Ақыры Парламентке келісімшарт түспеген соң, Сәрсенбай Еңсегенов Үкімет басшысының бірінші орынбасары А.Маминге осы проблеманың шешімін таппай отырғанын айтып, депутаттық сауал жолдаған. Мәселені Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап, нәтижесінде арнайы жол картасы жасалды. «Қазавтожол» АҚ жариялаған конкурстың жеңімпазы болып «Сине Мидас Строй» БК» ЖШС мен «Тодини» АҚ құрамындағы консорциум анықталған.
Құрылыс басталған Котяев ауылы Ресеймен ортадағы шекарада орналасқан. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асатын жоба бойынша 60 шақырым жол салынады. 500-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Құрылыс барысымен танысуға келген Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сәтжан Әбіләлиевтің айтуынша, Атырау-Астрахань жолының 217 шақырымына Еуропа қайта құру және даму банкі 160 млн АҚШ долларын бөлуге келісім беріпті. Күре жол құрылысына қазіргі заманғы үздік технология пайдаланылады. Ені 9 метр, бір белдікке түсетін жүк салмағы 13 тоннадан асады, бұл ауыр көліктердің қозғалысына да кедергі тудырмайды.
«Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Темірхан Меңдіғалиев құрылыс кезінде 12 көпір қайта жөнделіп, 55 су өткізгіш құбыр қарастырылатынын айтады. Жол толықтай жаңартылғанда Атырау арқылы Орта Азиядан келетін көліктер 300 шақырымды үнемдейді. Алыс жолдың азабын тартатындарға бұл көп жеңілдік.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ