• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2011

«Бір-бірімізді жатсынған емеспіз»

497 рет
көрсетілді

Атыраудағы этнос өкілдері осылай пайымдайды

Атырауда да өзге этнос өкілдері тұрады. Көп емес, әрине. Олардың үлесін тым аз деуге де болмайды. Алайда, өздерінің тілін, дінін, ұлттық салт-дәстүрін сақтауға мол мүмкіндік жасалғанына ризашылығын жасырмайды. Өйткені, мұнайлы өңір топырағында өркен жайған өзге ұлт өкілдері «Қазақстан – біздің Отанымыз! Біз бір шаңырақтың астында топтасқан, дос­тығы берік, ынтымағы жарасқан халықтың өкілі­міз!» дегенді риясыз көңілмен ұдайы айтып жүреді. Мұны өңірде өтіп жататын түрлі басқосуларда естіп қаламыз. Және мұны өзге ұлттың өкілдері айтып қана қоймай, өздерінің ұйымдастыруымен өткізі­ле­тін шараларға да арқау етеді. Қазір Атырауда 17 этномәдени бірлестік жұмыс жа­сайды. Бұлардың арасында орыс, корей, неміс, татар-башқұрт, әзербайжан, армян, еврей, грузин, чешен-ингуш секілді этностардың этномәдени бірлестіктері жергілікті халықпен бірлесіп, ұлтаралық тату­лықтың, достықтың буынын бекітуге лайықты үлесін қосып келеді. Араларында қазақпен төс түйіс­ті­рер құда болғандары да жетерлік. Әрине, мәселе қазақ­пен қыз алысып, қыз беріскен құда болуда емес. «Көңіл жарастырған жастар қай ұлттың өкілімен отбасын құрмай жатыр? Ең бастысы, елдің бірлігін, елдің тұрақтылығын сақтауға, халықтар арасындағы достықты бекіте түсуге үлес қосуы қажет», дейді газет тілшісімен әңгімесінде қазақ жігітіне тұрмысқа шық­қан, қазақ тілін ана тіліндей сүйетін корей Вера Шин. Ал елдің бірлігіне, ынтымағына қылау түсірмеу тек ұлттың ғана емес, бұл – қазақ жерін мекен еткен барша ұлт өкілдерінің міндеті. Осы орайда ТМД мемлекеттері арасында алғашқы болып біздің елімізде отау тіктеген Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелген жауапкер­шіліктің де, осынау қоғамдық институттың атқарар жұ­мы­сы­ның ауқымы да кең. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның ХVІІ сессиясында сөйлеген сөзінде елімізде этносаралық, конфессияаралық қаты­нас­тың барлық аспектілерін зерттейтін бірлестік құру­дың қажеттілігіне тоқталып, «Бұл – өте маңызды әрі күр­­делі ғылым» деп атап өткен болатын. Рас, бұл өте күр­делі зерттеуді қажет ететіні де даусыз. Әсіресе, өңір­лерде бұған үлес қоса алатындай тәжірибелі кімдер бар? Міне, осы сауал қозғалғанда, алдымен этномәде­ни орта­лықтардың жетекшілеріне, сол орталықтардың бел­сенді әрі аузы дуалы мүшелеріне таңдау түседі. Бәлкім, өңірлердегі ұлттар мен ұлыстарды бір ша­ңы­рақ­тың ас­т­ына біріктіріп отырған кіші Ассамблея хат­шы­лы­ғының иығына ауыр жүк түсетіні де жасырын емес. – Қазақстанды мекен ететін сан этностар Ассамблея арқылы өздерін этнос ретінде ана тілі мен мә­де­ниетін өркендетудің қажеттілігін сезіне алды, –дейді Атырау облыстық кіші Ассамблея төраға­сы­ның орын­басары Жаннат Асабаева. – Соның ішінде қазақ халқы мемлекет құраушы ұлт ретінде тәуелсіз елі­міз­дің келешегі үшін қоғамның бірлігі мен келісімін сақ­таудың жауапкершілігін терең түсінді. Жаңа дәуір­дегі дамудың ерекшеліктеріне абдырай қараған әр адамға этносаралық келісімнің, бейбіт өмір мен тұрақ­тылықты сақтаудың маңызын түсіндіруге тура келді. Бұл күндері Ассамблеяның Атыраудағы мүшелері өздерінің ұлттық салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін жұртшылыққа көрсетуге қомсынбайды. Себебі, әр этностың ұлттық ерекшелігінің үлгі тұтар тұстары да жетерлік. Тілі басқа болғанымен, тілегі бір әр ұлттың дәс­түрінде алдымен мейірім мен қайырымдылыққа, бөтеннің ала жібін аттамау мен біреудің ар-намысына тіл тигізбеуге үндейтін үрдістер өте көп. Мұны көнекөз қариялар әрдайым жастардың санасына сіңіріп оты­ра­ды. Тегінде ұлтаралық татулық пен достықтың маңы­зын аға буын, әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыстың отты күндерінен аман оралған ардагерлер мен сол кездері еңбекке буыны бекіместен ерте араласқан ұрпақ­тың өкілдері жақсы біледі. Міне, сол себептен Ассамблея тек этномәдени бірлестіктерді ғана емес, соғыс ардагерлерінен құралған «Фронтовичка» клубын да қа­натының астына алып отыр. Ал бұл клубтың мү­шелері жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуден, оларға Отанды қорғаудың азаматтық парыз екенін кеңінен насихаттаудан тартынған емес. Әсіресе, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатмолда Ризуанов, Нұр­жиян Абдолова, Абат Кенжеғалиев, Иосиф Шмаль, Сер­гей Цой, Владимир Стамов секілді аға буын өкіл­дері әр кез Ассамблея ұйымдастыратын түрлі шара­ларға ақыл-кеңесін беруден бас тартпайды. – Әр этномәдени бірлестіктің ұлттық дәстүріне сай өтетін мерекелері бар. Оған тек бір ұлттың өкілдері ғана жиналмайды. Барлық этномәдени бірлестіктің мү­ше­лері шақырылады. Бір-бірінің өнерін, мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрін тереңірек тануға мүмкіндік алады, – дейді Жаннат Асабаева. – Ассамблея мүше­лері шекаралас облыстарға, әсіресе, Ресейдің Саратов, Орын­бор, Астрахань облыстары мен Татар­стан­­ға тәжірибе алмасу сапарларына барып тұрады. Біз­дің елімізге атамекенін аңсаған қандастарымыз да ора­лып жатыр. Елге келген қандастарымыздың тезірек бейімделуіне ықпал ететін шараларды да өткізіп тұрамыз. Атырауға оралған оралмандар қала іргесіндегі Көкарна ауылында шоғырланған. Сол қандастардың басын қосып, үкіметтік емес ұйым құрған Құдабай Қаржауов Ассамблеямен тығыз байланыс орнатқа­ны­ның жемісін ауылдастары көріп отыр. Ассамблеяның ұйытқы болуымен дәл осы ауылда жыл сайын Наурыз мерекесі аталып өтіледі. Дәл осы ауылда отбасы мерекесін өткізу бастау алды. Сонан соң бұл мереке өзге де этномәдени бірлестіктердің де шын ықыласымен өт­кі­зетін мерекесіне айналып жүре берді. «Бұл – әр этнос­тың ұлттық салт-дәстүрін кеңірек танытатын тап­тыр­майтын шараға айналды», дейді Ассамблея мүшелері. Ассамблея мүшелері белсенділікпен атсалысатын шаралардың бірі – «Қымбаттым, мектепке» деп атала­ды. 2010 жылы бастау алған алғашқы шараның бас­тап­қы кейіпкері Игорь Деревянкин болатын. Онымен бірге Лида есімді апайы да қатысқан. Ол күйеуімен бірге өзінің баласына қоса Игорьді де тәрбиесіне алған екен. Тек бауыр еті – баласын тәрбиелеумен шектелмей, Игорь секілді жаутаңкөздің тағдырына бейжай қара­майтын мұндай отбасының өнегесі көпке үлгі емес пе! Ассамблея төрағасының орынбасары Жаннат Асабаева демеушілер тауып, Игорьге мектеп сөмкесі мен жазу құралдарын сыйлады. Бауырларымен бірге «Бал­дәу­рен» лагеріне жіберді. Айтқандай, осы шараға қонақ ретінде қатысқан Атыраудағы украин отбасының өкілі Людмила Беленконың сіңлісі, Мәскеуден келген Ольга Ивановна өзінің толқынысын жасыра алмапты. – Мен Мәскеуде көптен тұрамын. Бірақ туып-өскен қаламды ұмытпай, жиі келемін. Мені бұл қала, әсіресе, адамдары магнитше тартады да тұрады. Бұл қаланың тұрғындары өте көңілді, үнемі көңілді жүреді. Автобустарда жастар орын беріп, үлкенді сыйлайтын инабатты­лы­ғын көрсетіп жатады. Қайда барсаң да, досың секілді қарсы алады. Сіздердің өте тату, сыйластықта тұратын­дары­ңызға қызығамын, – деп ағынан жарылыпты сонда Ольга Ивановна. «Сырт көз –сыншы» дегендей, өзге ел­дің өкілі біздің елдегі татулықты орынды аңғара алыпты. ...Раушан гүлімен көмкерілген кілем үстімен бір жасқа енді толған Валя Юн тәй-тәй басып келеді. Сәби жолында кедергілер де жоқ емес. Ата-анасы сол кедергілерден сүрінбей өтуіне жәрдем жасады... Бұл «Тхоньил» корей этномәдени бірлестігі баланың бір жасқа толуына ұлттық дәстүрмен өткізген шарадан көрініс болатын. Енді бірде өзге отбасыларда тұсау­ке­сер, орыс халқының үйлену тойы секілді шаралар өтіп жатады. Тағы бірде «Ассамблея аруы» сайысына әр этностың арулары қатысуға құштарлық танытып тұ­рады. Шараның қай-қайсысы да көңіл жабыр­қат­пайды. Қазір бұл шаралар мемлекеттік тілде де өт­кі­зіліп жүр. Отбасы мерекесі тек қала аумағында қал­май, ауылдарға бет бұрды. Президент қолынан Ас­сам­блеяның алтын медалін алған Зураб Бобохидзе жетекшілік ететін «Иверия» этномәдени бірлестігінің мүшелері Мақат, Жылыой аудандарына барып, грузин халқының салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін көр­се­тіп жүреді. Осы Зураб Бобохидзе «Иверия» мүше­лері­нің балақайлары үшін «Әліппе» сатып алып берсе, «Былина» этномәдени бірлестігіне мүше болған орыс отбасылары балаларын балабақшаның қазақша топ­тары­на, мектептің қазақ сыныптарына беруді мақсат етіпті. Орыс этносының 30-дан астам өкілі қазақ тілі курстары мен мамандандырылған лингвистикалық орталықтарына баруды жалғастыруда. Міне, «Біз –қазақстандықтармыз!» дегенді ерекше тебіреніспен айтатын өзге этнос өкілдері елдегі бірлікті нығайтып, ынтымағы жарасқан Қазақ елінің берекесін тасытуға осылай үлес қосуды мақсат тұтады.

Тамара МАКСИМИХИНА, журналист.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.

Атырау облысы.