• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
31 Желтоқсан, 2011

Дүбірге толы дүние

230 рет
көрсетілді

ЕСКІ ЖАРАНЫ ТЫРНАМАС БОЛАР

Арада бір ғасырдай уақыт өтсе де жазылмайтын жаралар бар. Сонау бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Осман империясы тарапынан армяндарға геноцид болған дейді, сол ұмытылмай, қазіргі кезде де елдер арасындағы қарым-қатынасқа әсер етіп отыр. Айталық, дәл бүгін содан Франция мен Түркия арасы ушығып шыға келді. Оған себеп – Фран­ция пар­ла­менті­нің төменгі па­­латасы Түркияда ар­­мяндарға қарсы геноцид бол­ға­нын жоқ­­қа шыға­ру­шы­­лар­ға қылмыстық жауапкершілік жүк­теу жөнінде заң қа­былдады. Бұл қадамды Түрік Рес­публикасының премьер-министрі Рэджеп Ерд­о­ған нәсілшіл­діктің, кемсіту­ші­ліктің, шектен шыққан ксенофо­бия­ның көрінісі деп айыптады. Мешкей деген жақсы ат емес, қай ел болса да, адамшылықтан аттап, басқаларды қырып-жойды дегенді қаламайды. Ондай жама­нат­ты мойнына алғысы келмейді. Рас, тарихта ондай жосықсыз әрекеттер болып жатса, бір елдің екіншісінен кешірім сұрап, ақ­талып, арын тазалап алатыны да бар. Оны да парасаттылыққа сый­­ғызуға болады. Ал жаса­ма­ға­ныңды жасадың десе, ол шын­дық­қа қиянаттығы өз алдына, бір елдің абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Түрік ағайындар француз­дар­дың әрекеттерін солай қабыл­да­ды. Ресми биліктің қатаң мәлім­де­ме жасауы өз алдына, елдің саяси-рухани көзқарасын білдіретін билеуші партия мен оппози­ция­лық партиялар бірлескен мәлім­демелер жасап, француз парламенті қабылдаған заңды түрік тарихын қаралау деп бағалады, оны қатты айыптады. Түрік елшісі шақырып алынды. Екі ел ара­сындағы әскери, саяси және эконо­микалық байланыс тоқтатылды. Француздардың мұндай заң қабылдауын Түркия премьер-министрі, ақпарат құралдары да бұл елдегі президент сайлауына қа­тыс­тырады. Онда да тағы да сай­л­ауға түсіп отырған президент Николя Саркозидің әре­кеті дейді. Бұл елде армян хал­қының жар­ты миллиондай өкіл­дері өмір сүреді екен. Міне, армян­дарға геноцид жасал­ғаны ту­ралы заң сол адам­дардың дауысын Сар­козиге бергізеді-мыс. Ал бұ­ған Саркози­дің оппоненттері жай қарап отыра ма? Оның үстіне парламент пре­зиденттің қалта­сын­да тұрған нәрсе емес қой. Біз әсте де Франция парла­ментінің бұл заңын мақұлдап отырған жоқпыз. Бір нәрсені (бұл жолы армяндарға геноцидті) ашық мойындамағаны үшін жазалау (бір жылға дейін түрмеге жабу немесе 45 мың еуро айып) ақылға сыя қоймайды. Сол геноцидті мойындау-мойындамау әр­кім­нің өз ісі демегенде, бұл оның өресіне де қатысты мәселе, тіпті ары кеткенде, арына сын. Оны заңмен шектеу жөнсіздік. Сонан соң, Түркия жа­ғы­ның да оны геноцид деп атамаң­дар, солай десеңдер, өкпелейміз, кетісеміз деуін де қисынға сый­дыру қиын. Жапа шеккен, қырыл­ған халық бар. Олардың да тағ­ды­рына, ұлттық ар-намысына құр­мет­пен қараған жөн емес пе?

Жалпы, бұл мәселе көптен бері сөз болып келеді. Айтылып жүрген мәліметтерге қарағанда, 1915-1916 жылдарда Осман им­пе­риясында жаппай қуғын-сүр­гін, күштеп көшіру салдарынан жүз­де­ген мың (көбіне 1,5 миллион айты­лады) армян қаза тапқан көрінеді. Ал Түркия және біршама тарих­шы­лар бұл сол кездегі ала­сапы­ранның салдары, одан көп­те­ген мұсылмандар да қаза болды дегенді айтады.

ПРИДНЕСТРОВЬЕНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ ЖАҢАРДЫ

КСРО-ның күйреуінен кейін пайда болған Приднестровье Молдавия республикасы дейтін құрылымда президент сайлауы өтіп, онда автономияның бұрынғы парламентінің спикері Евгений Шевчук президент болып сайланды. Қай елде президент сайлауы өтпей жатыр, ол үлкен жа­ңа­лық емес. Ал әлем мемлекеттері әлі тани қоймаған осынау құры­лым­дағы сай­лау­­ға назар ауда­руы­мыздың да мәні бар. Сыртқы күш­тердің әсерімен дү­ниеге келген бұл «республика» осындай жолмен бір елді бөл­шектеуге бола­ты­ны­ның «жар­­­қын» мысалы. Соның сал­да­ры­­­нан Молдова Респуб­ли­касы тәуел­сіз­дікке қолым жетті дегенмен, оның тәуелсіздігі жарты­кеш. Жері­н­ің ең шұрайлы да өнер­кәсіптік тұр­ғыда жоғары дамыған бөлігінен айыры­лып отыр. Әр республика өздерінің егемендіктерін қалағанынша алып жатқан тұста Мәскеу Молдова­ның осы бөлігін алып қалу үшін көп күш салды. Сөз жүзінде Приднестровье Ресейге қосылған жоқ, шекарасы да біраз жерде. Ортада Украина жатыр. Бірақ онда өзінің 14-ші армиясын сепаратистерді қор­ғауға қалдырып, ұзақ уақыт әкетпей қойды. Тіпті ресейліктерден жасақталған бітімгерлік күш те Приднестровьені Мол­до­ваға қай­та қосылуынан қорғады десе болады. Жиырма жылдай сол Мол­дованың бөлін­ген аумағын Мәскеудің адамы Игорь Смирнов басқарды. «Заң­ды» жолмен, президент сайлау­ларын­да жеңіске жетіп. Ол кеше жеңілді. Оңбай же­ңілді. Алғашқы турда-ақ. Әри­не, Смир­нов Мәскеудің басты адамы еді. Бірақ жұрт оны қаламады. Күреске түскен үшеудің соңында қалды. Кейбіреулер бұл адам биліктен шаршаған шығар, қайта сай­лануға құлықты болмаған шы­ғар деуі мүмкін. Олай емес. Ұмтылып-ақ бақты. Тіпті өз же­­ңісіне сенімді де болғандай. Сайлау нәтижесі хабарланғанда, ол мүм­кін емес, бұрмалау болған, сай­лау­ды қайта өт­кізу керек, деп байбалам салды. Бі­рақ, бас­қа­лар оған көн­беді. Әрине, Мәс­кеу­дің қосымша әуе­жайы бар еді. Олар қазіргі парламент спи­кері Анатолий Каминскийге бәс тік­ті. Сол алғашқы турда бұрынғы спи­кер Евгений Шевчук айтар­лық­тай ал­да болғанмен, екінші орын­дағы Ка­минскийдің мүмкіндігі де жо­ға­ры еді. Келесі турда оған Смир­­новтың дауысы қосылса, жеңіске жетуі анықтай көрінген. Тіпті сол бірінші турдан кейін Каминский қолдау көрсеткені үшін Мәс­кеуге рахметін айтып та үлгерген. Бірақ 25 желтоқсанда өткен екінші турдың нәтижесі күтпе­ген­дей болды. Бұрынғы парламент спикері Евгений Шевчук сайлау­шы­лардың 73 пайыз дауы­сын жинап, айқын басымдықпен жеңді. Ал Каминский тіпті ал­ғаш­қы турдағы көрсеткішіне де жете алмай қалды. Евгений Шевчук кім? Мәс­кеу­дің адамы ма, жоқ оған қарсы ма? Кесіп айту қиын. Тіпті қарсы бол­ған­да да, оны айқайлап айта қой­мас. Бұл автономияда көп нәрсе Мәскеудің қол­дауымен жасалады. Оны ескер­ме­сең, ісің оңға баспасы анық. Мұны Мәскеудің өзі де ескертіп отыр. «Еди­ная Россиядан» депутат Андрей Климов оны ашық айтты: «Егер Шевчук Мәскеумен келіссе, Приднестровье шиеленісін реттеуден үміт күтуге болады. Егер бұл сая­саткер басқа жол іздесе, біраз қиындыққа кезігеді». Батыс пен Ресей арасындағы бір шиеленіс осы Приднестровьеге қа­тысты. Батыс оны Мол­дованың бір бөлшегі санайды, Ресей бұл да Косово сияқты тәуелсіз ел болуға құқығы бар, дейді. Әрине, тәуелсіз дегенде, дәл қазіргідей Мәскеудің жетегіндегі ел болуға тиіс. Басқалай емес.

Приднестровьедегі сайлау күт­пе­ген нәтиже көрсетсе де, ондағы шиеленісті бәсеңдетті деу қиын.

 Мамадияр ЖАҚЫП.