Журналист Жамал Хашоггидің Сауд Арабиясының Ыстанбұлдағы бас консулдығында өлтірілуі саяси дау-жанжалға ұласты.
Қазіргі уақытта Ыстанбұл прокуратурасының террор және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бюросы сауд дипломатиялық миссиясының 38 қызметкерінен жауап алып болды.
Интернеттегі ашық дереккөздерге қарағанда, Сауд Арабиясының азаматы Жамал Хашогги соңғы уақытта Американы паналап, Washington Post басылымында жеке баған жүргізіп келген. Ал оның «Твиттердегі» оқырмандарының саны 1,6 млн жазылушыдан асып кеткен.
Елде реформа өткізуді мақсат еткен «әл-Уатан» қозғалысының белсенді мүшесі Жамал Хашогги әлдебір құжаттарын рәсімдеу үшін 2 қазан күні Сауд Арабиясының бас консулдығына кіреді. Содан ізім-қайым жоғалады.
Істі тергеуге алған Түркияның ішкі істер министрлігі бейнебақылау камераларындағы жазбаларды талдай келе, журналистің консулдық ғимаратынан қайта шықпағандығын анықтаған. Осы сәттерде дипмиссияда Сауд Арабиясынан келген 15 адамдық делегация болған. Бұл адамдар Ыстанбұлға екі ұшақпен келген екен. Сол күні арасында корольдіктің ресми өкілдері бар делегация Ыстанбұлдан із жасырған.
Осынау сәйкестіктерге қарамастан, Эр-Рияд алғашқыда Хашоггидің дипломатиялық миссия ғимаратында өлтірілгендігін жоққа шығарып бақты. Істі тергей бастаған Түркияның ішкі істер министрлігі мен прокуратурасы консулдық ғимаратына кіру туралы шешім қабылдады. Ал бұл қылмыстық істі Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған өз бақылауына алды.
Іс насырға шапқаннан кейін тек 19 қазан күні ғана журналистің өлтірілгендігі туралы ақпарат жарияланды.
Бұл оқиға Түркия, АҚШ, Еуропа, жалпы халықаралық қоғамдастықтың өре түрегелуіне себепші болды. Алдымен Р.Ердоған Ыстанбұлдағы шулы оқиғаға байланысты Сауд Арабиясының басшылығынан журналистің консулдық ғимаратынан шыққандығына нақты дәлел талап етті. Істің ақ-қарасы анықтала бастаған тұста араб әмірлері бұл оқиғаны әлдебір күштер Түркия мен Сауд Арабиясының арасына от жағып, екі елдің қарым-қатынасын ушықтыра түсу үшін қолданып отыр деп айыптады. Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның бұл сөздерін Түркияның Анадолы агенттігі таратты.
SPA агенттігінің апта соңындағы хабарламасына қарағанда, Сауд Арабиясының бас прокуроры Сууд Муджебтің айтуынша, журналист Жамал Хашоггидің өліміне күдіктілердің әрекеті жоспарлы сипатта жүзеге асқан. Прокурор Түркия-Сауд Арабиясы бірлескен жұмыс тобы тергеу амалдарының алғашқы қорытындылары бойынша осындай тоқтамға келгендігін айтқан.
Ал өткен бейсенбі күні Еуропарламент журналист Жамал Хашоггидің өліміне байланысты халықаралық тергеу жүргізіліп және оның қазасына кінәлілер анықталған жағдайда сауд шенеуніктеріне қатысты санкция салуды көздейтін қарар қабылдады. Қарардың жобасын Еуропарламенттің жеті саяси тобы бірлесіп жасап шыққан. Аталған құжатты 325 депутат қолдап дауыс берген болса, бір ғана депутат қарсы болған.
Ал АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Эр-Риядтан журналист Жамал Хашоггидің өлімінің нақты себептерін анықтауды талап етті. Сондай-ақ бұл істің бетін ашуға Сауд Арабиясы қанша жауапкершілік танытқанымен, оқиғаның мән-жайы анықталмайынша АҚШ тарапы қанағаттанбайтындығын жеткізді. Оған қоса, АҚШ нақты санкциялар қолдана отырып, журналистің өліміне қатысы бар Сауд Арабиясы азаматтарының визаларын жойып, жаңа виза бермеуге бекінгендігін айтты.
Washington Post газетінің хабарламасына қарағанда, АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының директоры Джина Хаспел Анкараға арнайы барып, журналистің өліміне байланысты жазылған аудио таспалармен танысқан. Бұл деректерді болашақта Сауд Арабиясына қандай да бір қысым көрсету үшін қолданбақ.
Түркияның TRT телеарнасының хабарлауынша, Дубайда орналасқан Al Arabiya телеарнасына сұхбат берген Сауд Арабиясының әділет министрі Уалид бен Мұхаммед ас-Самани тергеудің қаншаға созылатындығын айтпаса да, корольдіктің сот орындары тәуелсіз екендігін мәлімдеген.
Ал Анадолы агенттігінің хабарлауынша, Сауд Арабиясының сұранысымен тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман телефон арқылы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен байланысқа шығып, екі ел басшылары оқиғаны жан-жақты тергеуге байланысты пікір алмасқан.
Қалай десек те, Жамал Хашоггидің өлімі қатардағы қылмыстың санатынан шығып кетті. Ол халықаралық саяси реңк алып, әлем назарын аудартып отыр.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»