• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Қазан, 2018

Табысқа бастар жол

651 рет
көрсетілді

Президент Жолдауының негiзгi арқауы – елдiң дамуы мен халықтың тұрмыс тiршiлiгiнiң жақсаруына арналатыны белгiлi. Сондықтан ел әрбiр Жолдауды асыға күтедi.

Осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын Президент Н. Назарбаев 1997 жылғы 1 қазандағы Жолдауында халық жүрегіне сенiм ұялатып, жол көрсеткен едi. Тарихи маңызы ерекше осы Жолдауда Елбасы «Сенiм ұялататын стратегияны ұсынғым келеді» деген болатын және «Қазақстан-2030» Стратегиясы жарияланған еді.

Ширек ғасырға жуық уақытта осы сенiм стратегиясы Қазақстанды тұрақтандыру кезеңiнен қалыптасқан мемлекет деңгейiне жеткiздi. Төрт құбыласы түгел дамып, төрткүл дүниемен тең тұруға тура жол болған «Қазақстан-2050» Стратегиясы да Президент Жолдауы арқылы халықпен қауышты. Арада өткен бес жылдағы Жолдаулар да қиын халықаралық жағдай мен әлем құрсаулаған экономикалық дағдарыс қамытынан құтыла алмай тұрған тұста елдi алға жетелер игi iстерге бастама болды. 

Президентiмiздiң биылғы Жолдауы жұрттың жанына жақын болып, жүректерiне жылылық ұялатып, болашағының баянды боларына нық сенiм мен алдағы icтерiне жiгер бердi. Алыста жатқан ағайындармен кездесу, ауылдағы еңбек адамдарымен пiкiрлесу осы жайды аңғартты. Ең бас­тысы тұрғындар табыс пен тұрмыстың жақсаруы өз қолдарында екенін, мемлекет тарапынан қолдау мен көмек көлемiн нақты түсiндi. Сұранысқа ие өнiм шығарушы мен қажеттi қызмет көрсетушiнiң қарымды болатыны адамдардың санасында бекiді, өз кәсiбiн жете меңгерiп, жеке iciн ашып жүргiзуге деген талаптары оянды. Бұл Президенттiң Жолдауындағы әр адамның еңбекқор болу, өз кәсiбiн жақсы меңгеру, жеке кәсiбiн ашуға байланысты айтқан ойларымен астасып жатыр. Осы жерде шалғайда орналасқан ауылда нан пiсiрiп, құрт қайнатып, ауыл ғана емес, ауданға танымал бола бастаған шебердiң аз уақытта үйiн салып, тұрмысын түзеп, жасы келген әкесi мен анасының жағдайын жасап отырғаны туралы қаладағы ағайынының  таңданысқа толы әңгiмесi көп нәрсенi аңғартса керек. Иә, қай уақытта болса да еңбек өрге сүйрейдi, төрге шығарады. Елбасымыз Н. Назарбаев та осы туралы үнемi айтып, еңбек адамына, нәсiбiн кәсiбiнен тауып жүрген кәсiпкерлерге жан-жақты қолдау жасауды тапсыруда. 

Президент Жолдауында «бизнес­тi өркендетудiң тұрақты көздерiн қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркiндiгiн қолдау керек» деп атап көрсеттi. Бұл өте дұрыс әрi маңызды. Себебi кең байтақ жерiмiздiң кез келген жерiнде кәсiптiң тұрақты көзiн ашып, оны табысқа айналдыруға болады. Бұған мемлекет тұрғысынан қарау керек. Егер тереңiрек үңiлсек, бұның артында үлкен әлеуметтiк, экономикалық, тiптi саяси салмақ жатыр. Себебi тұрақты  бизнес – тұрақты жұмыс орындары, тұрақты еңбекақы, тұрақты салық базасы, тұрақты қоғам. 

Тұрақтылық – ел болашағының кепiлi. Сондықтан бұл жұмысқа жергiлiктi әкiмдiктер белсене араласып, көп жағдайларда бастамашыл болулары қажет деп ойлаймын. 

Жақында Атырау облысының Құр­манғазы ауданында icсапарда бол­дым. Ресеймен шекаралас жатқан өңiр­де туризмдi дамытуға мол мүмкiндiк бар. Оған бiрге барған «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-тың қызметкерлерi де куә болды. Қиғаш өзенi мен одан тарайтын өзендердiң табиғи сұлулығы, балық пен су құстарының сан алуан түрлерi, әлемде өте сирек кездесетiн, ал бiзде тек қана осы жерде өсетiн лотос гүлiнiң тұтастай алқаптары, су жаңғағы мен сан жүздеген аққулар ел тұрғындарынан бұрын шетелдiктердi ерекше қызықтыруда. Еуропа, оның iшiнде Франция, Германия, Балтық елдерiнен, көршiлес Ресейден келетiн туристер легiн айналдырған екi-үш база қамти алмайды. Ал бұларға деген сұраныс жыл санап өсуде. Кейбiр шетелдiктер кезегiн екi-үш жыл күтетiндiктерiн де жасырмады. Бұл саланы жандандыру үшiн су бойындағы жерлердi зерделеп, орындарын нақтылап, жыл сайынғы төлейтiн жалға алу төлемiн анықтап, басқа да керек ақпаратты кәсiбiн ашамын деушiлерге, не осы салада тәжiрибесi бар кәсiпкерлерге ұсыну қажет. Осындай бiрлескен жұмыс нәтижесiнде Президент тапсырмасын тезiрек icке асырып, жұмыс орындарын ашып, адамдардың табысы мен тұрмысын жақсартуға болады. Сөз етiп отырған базалардың әрқайсысында кем дегенде 10-15 адам  жұмыс істейді, олардың орташа жалақылары жетпiс мың теңге шамасында. 

«Қалауын тапса қар жанар» деген сөз бар, өзi сұранып тұрған салаға салғырттық танытпай қолға алса, мемлекет үшiн табыс көзi болары анық. АҚШ аңшылық және балық аулау туризмiнен 2017 жылы 156 млрд АҚШ доллары көлемiнде кiрic түсiрiптi, осы салада 700 мың жұмыс орындары ашылған. 

Саланы дамытып, жақсы көрсет­кiштерге жету үшiн кәсiпкерлерге жеңіл пайыздық үстемемен ұзақ мерзiмдi несие беру, кейбiр заңнамалық актiлерге өзгерicтер мен толықтырулар енгiзу қажет. Бұның барлығы Елбасының тапсырмасына сәйкес дайындалатын туризмдi дамыту бағдарламасында ескерiлгенi жөн. 

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, 

Парламент Сенатының депутаты