• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Қараша, 2018

Құстай самғаған сағыныш

425 рет
көрсетілді

Әрбір күні қызық-думан, сауық-сайранмен өткендей көрі­нетін сту­денттік жылдар­дағы достарды са­ғынып, сона-а-ау бір қиырда қалған жастық шақты аңсайтын сәттерің болады.

Бұл әрине, күнделікті күй­бің-күйбің тіршіліктен шаршап, то­рыға бастаған көңілдің кенеттен бір серпіліп, құс секілді сам­ғап, кезең-кезеңдерді шолып, сергіп қайтатын кезі болар-ау, сірә. 

Міне, қараңызшы, бүгін де сол ескі достардың бірі есіме түсіп, бұдан қырық жыл бұрынғы оқиғалар көз алдымнан тізіліп өтіп жатыр.  ...Жас кезімізде Ғалым өте әдемі жігіт еді. Біздің курс­тың қыз­дары оны Сәкен Сейфуллинге ұқса­татын. Әрине суретіне қарап қой, әйтпесе олардың ішінде Сә­кен ақынды көрген кім бар дейсіз. 

Бір қызығы, Ғалым до­сымыз­дың жүрісі өте шап­шаң. Еті тірі. Ойы ұш­қыр. Таңертеңгілік төсект­ен ке­ріліп-созылып тұрып жат­қанын бір көр­сек, көзді ашып-жұмғанша жуы­нып-шайынып, киініп әл-Фараби даң­ғылының бойындағы аялдамада автобус күтіп тұрғанын бір-ақ көретінбіз. 

Бірде, жаңа жылдың қарса­ңында-ау деймін сірә, Ма­ңғыстау жақтан оған бір қорап «посылка» ке­ле қалды. Бақытжан үшеуміз оны пош­тадан жатақханаға дейін ке­­зектесе көтеріп келдік те, әй-шай­­ға қаратпай ашып кеп жібер­дік.

Әлгі қораптың ішінен құрт, ірімшік, сүр ет секілді азық-түлікпен бірге облыстық газетке мұқият оралған жап-жаңа қыстық бәтіңке шықты. Бәтіңке болғанда да, Ба­қытжан екеуміз киіп жүр­­­гендей анау-мынау «бақа бас» емес, шетелдік, яғни импортный! Қолыңа алып, салмақтап қарасаң жеп-жеңіл, жұп-жұмсақ. Тап-таза теріден тігілген. Бір ғана айыбы, әлгі­нің түсі біздің көзіміз үй­рен­гендей қара, иә болмаса, қоңыр да емес, бажырайған сап-сары.

Ғалым едәуір ойланып, басын шайқап отырды да, кенет біреу қолынан тартып алып қоя­тындай асығып-үсігіп, апыл-ғұпыл аяғына киіп алды. Сол сол-ақ екен біздің досымыздың бұрынғы шапшаңдығына тағы да бірнеше есе шапшаңдық қосы­лып, тікұшақ секілді «ұшып кететін» болды.

* * *

Бірде Ғалым, Бақытжан үшеуміз Алматы-ІІ теміржол вокзалынан бір ай мерзімге ауылшаруашылығы жұ­мысына аттанып бара жатқан болашақ дәрігер қыздарды шығарып салдық. Бірте-бірте алыстай түскен пойыздың соңғы вагоны көз ұшында бұлдырай бастаған кезде Ға­лым досымыздың жанарына мөлтілдеп жас үйірілді. Себебі ол пойыздың ішінде оның ақ махаббаты – болашақ жары Бибігүл кетіп бара жатқан-ды.

Кенет Ғалым күбірлеп:  Қарадым көкке елтумен, Қанатын құстың армандай. Жүрегім менің сен мінген, Вагонда кетіп қалғандай, – деді. Атқан таңдай жарқырап жаңа ғана туып келе жатқан өлең жол­да­ры біздің көңі­лімізді елең еткізді.

* * *

Содан бері де қырық жылға таяу уақыт өтіпті арада...

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»