Алматыда Ұлттық кітапханада мүсінші, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Бақытжан Әбішевті еске алу кеші өтті.
Қазақтың мүсін өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған әрі ерекше туындыларымен еліміз ғана емес, шетелдерге де мәлім болған Бақытжан Әбішев есімі көптеген ескерткіш-мүсіндермен байланысты.
Жасыбай батыр, Мұхтар Әуезов, әл-Фараби, Шығанақ Берсиев бейнелерімен қатар Алматыдағы Тоқаш Бокин, Махамбет, Күләш Бәйсейітоваға қойылған мүсіндер, Жаңақорғандағы «Ұлы Отан соғысының құрбандары», Атырау қаласындағы Исатай-Махамбет мүсіні тікелей автор есімімен тығыз байланысты. Ал «Олимпиец» туындысы Швейцариядағы Лозанна қаласындағы Олимпиадалық комитеттің штаб-пәтерінде орналастырылса, «Күйші» мүсіні Германияда, «Томирисі» Мәскеуде салтанат құрып тұр.
Естелік кешті белгілі сыншы Әлия Бөпежанова жүргізді. Мүсіншінің жұбайы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шәмшәгүл Мендиярова естелігімен бөлісіп, жеке шығармашылық жұмыстары, атқарылмай қалған жобалары топтастырылған «Әбішев әлемі» кітабын таныстырды. Қазақстанның халық әртісі Нүкетай Мышбаева ол туа біткен талант, ардақты азамат еді, деп «Шынайы шығармашылық талантты оқытпайды, ол адамға туа бітеді. Міне, осы бір ерекше таланат Бақытжанның бойына бітті. Ісіне мығым, аса көңілді жүретін азамат еді» деген жүрекжарды пікірін білдірді. Ал Болат Әбішев бауырына деген сағынышы шексіз екенін білдіріп, шаңырақтың шамшырағы Шәмшәгүл жеңгесіне алғысын білдірді. Мүсінші Тілеуберді Бинашев Бақытжан Әбішев мүсін өнерінің шыңында тұрған Құлагері деген пікірімен бөлісті.
Шығармашылығы тілекей Құлагермен сипаталатын ғажайып талант иесі өмірден озғанымен артында құнды мұрасын қалдырды. Ерен еңбегінің арқасында Жамбыл Жабаев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанды.
Еске алу іс-шарасына белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, БАҚ өкілдері мен студенттер қатысты.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ