• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Қараша, 2018

Қалауын тапса қалдықтан да қайыр бар

360 рет
көрсетілді

Елдегі кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуінен бөлек, жаңа технологиялардың көмегіне жүгіне отырып экологиялық тиімділігін арттырудың маңызы зор. Мемлекет басшысы баса назар аударып отырған цифрландыру бағдарламасының түпкі мақсаты да осында жатыр. Сарапшылардың жыл басында жасаған зерттеуі бойынша, қазақстандықтардың жылына 5 млн тонна қоқыс шығаратыны анықталған. Бұл бір адамның үлесіне шаққанда жылына 350-400 кило қоқысты құрайды деген сөз. Ал еліміздегі қалдықтарды қайта өңдеу нарығының көлемі 40 млрд теңгеге бағаланған. Бұл істі жүйелі жолға қою ең алдымен экологиялық қиындықтардың алдын алса, екінші жағынан ел экономикасы үшін аса тиімді. 

Биыл Алматыда іске қо­сыл­ған қоқыс өңдейтін жоғары технологиялы кешен жылына 550 мың тонна тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге қау­­қар­лы. Бұған дейін жыл сайын шаһардан шығатын 500 мың тонна қалдық қала сыртын­дағы полигонға көміліп келген еді. Бұл өңір экологиясына қан­шалықты зиян әкеліп жат­қаны та­лай мәр­те сөз болып, өзек­ті мә­селе оң­тай­­лы ше­ші­­­­­мін тап­қан­дай болғаны рас. Жал­пы құны 5,4 миллиард тең­гені құрайтын бұл жоба ме­м­ле­кет-жекеменшік әріптестігі аясында салынған. 600 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған алпауыт кешен мегаполистегі тұрмыстық қалдықтарды тұтастай игере алады деп айтуға болады. Зауыт соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Мұнда көбіне-көп қатты қалдықтардың іші­нен тез ыдырамайтын, яғни қорша­ған ортаға үлкен залал келтіретін компоненттер сұрыпталады. Нақтырақ айтқанда, әйнек, пла­ст­­масса, бө­­телке, цел­лофан мен поли­­­­­­эти­лен сынды қоқыс түрлері полигон­ға көмілмейді. Мұндай қалдықтар ұзақ уақыт шірімейтіндіктен аса зиянды саналады. Қала аумағындағы 1300 нүктеден жиналған қоқыс осында әкелініп, қайта кәдеге жаратылады. Мамандардың сөзінше, қаладан шығатын тұрмыстық қатты қалдықтар барлық коммуналды қоқыстың 95 пайызын құрайды.

– Кешен нақты сызба бо­йынша жұмыс істейді. Пайдалы шикізат алу үшін қоқыс өңделер алдында сұрыпталады. Яғни, қоқыс құрамындағы ірі заттар, түрлі түсті және қара металдар, әйнек пен пластика алынып тас­талады. Қалдықтың жалпы көле­мінен 50 мың тоннаға жуық екін­ші шикізат алу жоспарланған. Со­ның ішінде ПЭТ – 31%, картон – 24%, целлофан – 8%, әйнек – 29 %, металл – 7 %. Бұл кешен қа­ла үшін аса маңызды, – дейді за­уыт ди­­­­рек­торы Дмитрий Даниль­ченко.

Расында дамыған елдерде қалдықсыз өнім өндіру ісі жүйелі жол­ға қойылған. Озық тәжіри­бе­ге сүйене отырып, Алматыда да бұл бағыттағы бастамалар қар­қынды түрде алға жылжып келеді. Бұл ретте қыркүйек айы­нан бастап қала көшелеріне қойыла бастаған электронды қалдықтарға арналған экобокс­тарды айрықша атауға болады. Қаладағы 32 нүктеге ор­на­тылған бұл жәшіктерге жарамсыз ұялы телефондар мен за­ряд­тау құрылғыларынан бө­лек, іс­­тен шық­қан ескі магнитофон, теледидар, электр­лі ойыншықтар мен үтік, планшет тәрізді заттарды тастауға болады. Эколог мамандар мұндай қалдықтардың бей-берекет тасталуы қоршаған орта мен адам баласы үшін аса зиян екенін ай­та­ды. Оның жерге сіңіп кете­ті­нін ескеруіміз керек. То­пы­рақ арқылы суға да таралады. Мәселен, титтей батареяның бір дана­сын қате пайдаланған жағдайда, 20 текше метр топырақ немесе 400 литр ауызсу уланатынын бәріміз біле бермейміз.

Кәсіпорын басшылары әлем­нің 20 қаласына барып, олардың озық тәжірибелерімен танысып қайтқан. Алғашқы кезде өндіріс көлемі 20 пайызды ғана құраса, қазір бұл көрсеткіш еселеп артып келеді. Қаланың Индустриалды аймағында орын тепкен қуатты кешен тек алматылықтар үшін емес, жалпы еліміздегі маңызды нысандардың бірі деп айтуға болады. «Әр азамат күнбе-күн тұрмыс қалдықтарын қоқыс жәшігіне тастамас бұрын оны сұрыптап, арнаулы жәшіктерге же­ке­лей бө­ліп салса талай жұмыс жеңіл­дер еді» дейді маман­дар. Ендеше бұл қарапайым істі бәріміз күнделікті өмірде қағидаға айналдырсақ, қоғам мен қоршаған ортаға жасаған аз да болса да қамқорлығымыз болар еді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ