Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы халыққа арнаған Жолдауында «Экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі элементі болуы тиіс», деп ерекше атап көрсетті. Бұл емес. Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс ахуалында экономиканы дамытатын қозғаушы күш – жаһандық бәсекеге қабілетті экспорттық өнім шығаратын өндіріс екендігін Елбасы бұдан бұрын да талдап көрсеткен, міне тағы «тайға таңба басқандай» тап басып отыр.
Жаһандық дағдарыс жылдарында тиімді реформалар жасау арқылы өзгелермен салыстырғанда оқ бойы озық шыққан Қазақстан экономикасы соңғы жылдары дамудың жаңа баспалдақтарын бағындырды. Елімізде ерекше басымдық берілген ҮИИД бағдарламасы шеңберінде отандық тауар өндірушілердің өнімдерін шетелдерге шығару мақсатында жүргізілген кешенді шаралар өзінің тиімді нәтижелерін беруде. Еліміздің экспорттық әлеуеті жылдан-жылға өсіп келеді.
Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек министрліктің жақында өткен алқа мәжілісінде Қазақстан әлемнің 117 еліне 960-тан астам тауар түрін экспорттайтынын атап көрсетті. Жаһандық нарыққа уран, ұн және бидай экспорттауда Қазақстан көшбасшы болып отыр. Қазақстанда өндірген тауарларды импорттаушы елдердің алдыңғы қатарында Ресей, Қытай, Түркия және Еуроодақ елдері бар. Еліміздің экспорттық әлеуетінің қаншалықты өскендігін өткен жылдың нақты деректеріне қарап айқын аңғаруға болады. Мәселен, 2017 жылы еліміздің экспорт көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 24,3 пайызға артып, 48,5 млрд АҚШ долларын құраған екен. Экспортқа шығарылатын тауарлар құрылымында минералдық шикізат көлемі әлі де басымдық танытқанымен (экспорт көлемінің 68,5 пайызы) шикізатқа жатпайтын тауарлар экспорттау көлемі де айтарлықтай өскенін атап көрсеткен жөн. Шикізаттық емес экспорт тауарларының ішінде бидай ұны көш бастап тұр. Атап айтқанда, 2017 жылы Қазақстан жалпы құны 459,5 млн АҚШ доллары көлемінде ұн экспорттады. Көкөніс және дәнді дақылдар майын экспорттау көлемі айтарлықтай артса, өткен жылы шетелдерге жалпы құны 44,02 млн долларды құрайтын темекі, 41,41 млн доллардың зергерлік бұйымдары шығарылған.
Еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатындағы игі бастамалар биыл да қарқынын үдете түсті. Мәселен, Ұлттық банктің соңғы деректері бойынша, биылғы жылдың өткен 9 айында еліміздегі тауар экспорттау көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 28,2 пайызға немесе 10,0 млрд АҚШ долларына артып, 45,3 млрд долларды құрап отыр. Өткен жылмен салыстырғанда қара металл экспорттау көлемі 2 пайызға, бидай экспорттау көлемі 1,6 есе артқан көрінеді.
Былтыр Үкімет жанынан Экспорт жөніндегі ұлттық кеңес құрылып, жұмыс істей бастады. Сонымен бірге «КазЭкспортГарант» компаниясының базасында – «KAZAKH EXPORT» мамандандырылған ұлттық компаниясы құрылды. Осы уақыттың ішінде біршама жұмыс жүзеге асырылды. Елімізде шикізаттық емес сектордың экспорттық мүмкіндіктерін арттыруға қолдау көрсету мақсатында арнайы бағдарлама қабылданды. Жыл сайын шикізаттық емес тауарларын экспорттаушы 300-ден астам қазақстандық кәсіпорын осы бағдарламаға қатысады. Шетелдік нарыққа енді ғана шыққан экспорттық компанияларды қолдау мақсатында әртүрлі оқу-әдістемелік іс-шаралары өткізіледі. Жыл сайын 20-дан астам шет мемлекеттерде қазақстандық экспорттаушы компаниялардың тауарларын насихаттау мақсатында жүзден астам кешенді жарнамалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Әрине, бұл экспорттық тауарларды таныстыруға елеулі ықпал жасағанымен, тауарларын экспортқа шығаратын компаниялардың әлеуетін арттыра алмайды. Сондықтан биылдан бастап бәсекеге қабілетті сапалы тауар өндіретін компаниялардың инновациялық және технологиялық мүмкіндіктерін арттыруға барынша басымдық берілуде.
Міне, осындай игі іс-шаралардың нәтижесінде үстіміздегі жылы қайта өңделген тауар экспортының көлемі айтарлықтай өсті. Атап айтқанда, электротехникалық тауарлар экспорты 38,8 пайызға, дайын металл бұйымдары 11,4, резеңке және пластмасса бұйымдары 14,5, құрылыс материалдарын экспорттау 43,6 пайызға артты. Дамыған экономиканың айнасы – экспорт. Ел өндірісінің қайта өңдеу саласы экспортталатын шикізаттық емес тауарлар көлемін жылдан-жылға арттыру арқылы жаһандық бәсекеде Қазақстан экономикасының лайықты орнын алуға қомақты үлесін қосып отыр.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»