• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
06 Желтоқсан, 2018

Сайрамбай салған сара соқпақ

867 рет
көрсетілді

Бүгінде маңдайына біткен байлықты өзіне ғана емес, өзгеге де болсын деген ниетпен еңбектеніп жүрген азаматтар баршылық. Байлықтың өзін дүниенің көптігі ғана емес, пейілдің кеңдігі деп түсіну де адамшылықтың ісі. 

Ежелден бабаларымыз ерге сын болар, кісінің келбетіне кө­леңке түсірер әрекеттерден аулақ болуды насихаттаған. Керісінше, қолда бар нәрсені бөлісуге, өзгеге қуаныш сыйлауға шақырған. Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев та «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласында «Туған жерге туыңды тік!» дегенде, ғасырлар бойы қазақтың қанында, рухында атойлап келе жатқан алмас сынды асыл қасиетті жоғалтып алмауды айтқан.

Әулиеата жұртшылығы ғана емес, барша қазақ «Шәушен» ша­руа қожалығының басшысы Сай­рамбай Дөненбаевты жомарт жүректі жан ретінде жақсы тани­ды. Оның жомарттығы тура­лы әңгіме ел арасында жиі ай­ты­лады. Әсіресе ауыл тұрғын­дары «Сайрамбайдың сансыз жыл­қысы», «Сайрамбайдың саумалы», «Сайрамбайдың сабантойы» деп те әсірелеп әңгіме айтады. Мұның бәрі де еңбегімен еленіп, табандылығымен тұлғаланып келе жатқан азаматтың, ел ішінде жиі айтылатын «Сайрамбай сал­ған соқпақтың саралығында» болса керек. Құланның қоңыр да­ласын малға толтырған ол өзінің еңбек жолын қарапайым шопанның көмекшісі болып бас­тады. Яғни, 1982 жылдан бас­тап Алғабас қой кеңшарында жұ­мыс істеді. Содан бергі 40 жыл­ға та­қау уақытта еңбегі­мен өр­леп, сол тынымсыз еңбегі­нің же­місін көріп келеді. Ал 1986-1996 жылдары Алғабас қой кең­шар­­ында аға шопан, бөлімше мең­ге­ру­шісі, зоотехник болды. 1996 жылдан бастап «Шәушен» ша­руа қожалығын басқарып келеді.

Ештеңе де бір күнде бола салмайды. Сол сияқты адам ең­бегінің де бір күнде жеміс беруі мүмкін емес. Сай­­рамбай Дөненбаевтың өзі осы күн­ге оңайлықпен жетпегенін айтады. Шаруашылығын тіктеп, біраз жос­пар­ларды жүзеге асыруды бастаған «Шәушен» шаруа қожалығына 2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысына жұмыс сапары кезінде арнайы атбасын бұрып, қожалық жұмысымен танысады. Президент сонда Сайрамбай Әліқұлұлының жұмысына табыс тілеп, батасын беріп, үлкен аманат жүктеген екен. «Бұйырса, ал­дағы уақыттарда шаруа қожалығың бұдан да өр­кендеп, атағың шығады. Сол кезде елге, жұртқа кө­мек­тесуді ұмытпа. Елдің ал­ғысын алған адам жаман бол­майды», деді маған. Сол сөз бүгінге дейін өмірлік ұстанымым болып келеді», дейді Сайрамбай Дөненбаев. 

Содан бері де бір мүшел уа­қыт өтті. Шынында да аз уа­қыт­тың ішінде ша­­руаның тір­шілігі тіктеліп, табысының өрі­сі де кеңейе түсті. Алайда ол­ өзінен ар­­тылғанды елмен­ бө­лісуді, туған елге, туған жер­ге жақсылық жасауды аза­маттық борышым деп ұқ­ты. Сондықтан да өзі дү­ние­ге келген Т.Рысқұлов ауда­­ны­ның Жарлысу ауылын­да өзі басқарып отырған шаруа қожалығының жас от­ба­­сы­ қызметкерлеріне 37 тұр­ғын үй­дің кілтін табыстады.­

Бұл баспанасыз жүрген көп­теген жастың көкейіне үміт сәу­лесін ұялатып, болашаққа деген сенім шырағын жақты. Со­нымен қатар өзінде жұмыс істейтін малшылардың балаларына арнап 50 орындық интернат кешенін салуы да үлкен азаматтық. 

Туған жерге ту тіккен адам ешқашан адаспайды. Бұл ретте Сайрамбай Дөнен­баевтың ту­ған топырағынан ая­нып­ қа­лары жоқ. Ауыл тұрғын­дарының игілігі үшін 300 орын­дық асхана, тұрғын үй­ ке­шендері, зәулім мешіт жә­не медресе са­лып берді. Бү­гінде жарлысулықтар жақ­­­сы істің куәсі болып, із­гіл­ік­тің игі­лігін көріп отыр. «Ашар­шылық құрбан­дары мен­­ Ұлы Отан соғысының ар­дагер­леріне» арналған арнайы ескерткіш аллея­сын да­ ашты. Өткенге құрмет көр­­сете білген азаматтың бола­шақ ұр­пақ­тың тәрбиесін ой­­ламай тұруы мүм­кін емес.­­ Бұл ретте өткен жы­лы Жарлысу ауылында 92 орын­дық «Тәттім-бүбі» балабақшасын ашып, сол аймақтағы «Тау-қымыз» емдеу-сауық­тыру орта­лығын пайдалануға берді. Сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданы, Юбилейное ауылына 60 орын­дық балабақша мен Жар­лысу ауылына мұражай са­лып беруі де кісіліктің көрі­нісі болса керек.

Тек қана мал басын кө­бей­туді ойлап, одан ке­йін жиған-тергенін өзге тү­гі­лі өзіне де қимайтын бай­лық­ иелері көп. Алайда ел­дің атын шығаратын ер­лердің болатыны да заңды құ­былыс. «Өз басым «Ата­дан мал қалғанша, тал қал­сын» деген ұстанымды ұс­та­намын. Бүгінгі жасап отыр­ған тіршілік ертең болашақ ұрпақтарымызға өне­ге өр­не­гі болмақ», дейді Сай­рам­бай Дөненбаев. Бұл рет­те қо­жа­лық жетекшісі көп­шілікті ел­ дегенде егіліп, жұрт де­ген­де жұмылып қызмет ету­ге шақырады. Әрине Сай­­рамбай Әліқұлұлының жақ­сылығы туралы әң­гіме көп. Үш жыл бұрын Елбасының қатысуымен көне Тараз тө­рінде дүбірлеп өткен «Қа­зақ хандығының 550 жыл­ды­ғы» мәдени іс-шарасына да кең көлемде демеушілік жасап, ұлы тойдың жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. 

Бүгінде «Шәушен» шаруа­ қожа­лығында 44308 бас қой мен 2164 бас жылқы бар. Мұн­да барлығы 280 адам ең­бек етеді. Оның ішінде 150 адам тұрақты қызметкер болса, 130 адам маусымдық жұ­мысшы болып есептеледі. Қожалық мүшелерінің орташа жалақысы 130 мың 650 теңгені құрайды. Аталған шаруа қожалығында жұмыс атқарып отырған шаруалар да дән риза. Мұн­дағы әрбір азамат та Сайрамбай Дө­нен­­баевтың үнемі көрсетіп жүретін қайы­рымдылығын, азаматтығын мақтан тұ­та­ды екен.

«Шәушен» шаруа қожа­­лы­ғы ағым­дағы жылы тек егіс­тік жер көлемін 19756 гектарға, ал жайылымдық жер­ді 19668 гектарға кө­бей­тіп, өңірдің ауыл ша­руа­шылығы саласында ай­тар­лықтай жетістікке қол жеткізіп отыр. Қара жердің қойнауынан құт өргізіп, елге ырыс сыйлап келеді. Осы ретте «Шәушен» ша­руа­ қожалығында мал ша­руашылығы саласында «Еділ­­­бай» асыл тұқымды қой­ мен «Шәушен» ет ба­ғы­тындағы асыл тұқымды жылқы өсіруші мәртебесі бар екенін айта кеткен жөн. Осынау тынымсыз еңбектің нәтижесінде Сайрамбай Дөненбаевқа 2003 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалі мен 2012 жылы «Құрмет» ордені берілді. 

«Мен байлық жинап жатқан жоқпын. Қайта мен шаруашылықтағылардың қыз­­меткерімін» деп, қара­па­йым қал­пынан танбай­ жү­ретін Сайрамбай Дө­нен­баев бес жасынан бастап осы кә­сіптің құпиясына араласқан адам. «Әкем Әліқұл он үш­­ аға­йын­ды болған екен. Ашар­­шылықта жалғыз әкем ға­­на аман қалған. Әкемнің әке­сі Жылқыбай бақуатты кі­сі болыпты. Ол кісінің жо­­­март­­­­­тығы соншалық, оты­зыншы жыл­дардағы нәу­­­бет­те астындағы жалғыз аты­­на дейін халыққа сойып бер­ген екен. Аштық он екі ұлын бірдей алып тынған соң, бабамыз ұрпағын аман сақ­тап қалу үшін әжем мен әкемді алып, Алатау асып, қырғыздың Таласын паналап, туған жерге төрт-бес жыл­дан кейін оралыпты. Сон­да аштықтан бұратылған әке­міздің әлсіз, шәушиген түрін көрген ел «Шәушен» атап ке­тіпті», дейді өзі өткеннен сыр шертіп. Енді міне, бүгінде сол «Шәушен» атын иелен­ген шаруа қожалығының шық­қан биігі, бағындырған бе­лесі аз емес. 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы